Акушер – сәби мен ананың арасындағы алтын көпір, жаңа өмірдің есігін ашатын маман. Бұл мамандық тек медициналық білім емес, үлкен жауапкершілік пен мейірімділікті талап етеді. Қаншама ана мен нәрестенің өмірі осы мамандардың қолында. El.kz тілшісі 35 жылдан бері акушер болып қызмет етіп келе жатқан Жанат Базарбайқызы Ахметовамен сұхбаттасып, оның кәсіби тәжірибесі мен толғақты сәттердің қыр-сырын сұрап білді.
El.kz: Алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз. Акушер мамандығын таңдауыңызға не түрткі болды?
Жанат Базарбайқызы: Мен 1972 жылы 18 ақпанда Жамбыл облысында дүниеге келгенмін. Кейін отбасылық жағдайымызға байланысты ата-анамыз қазіргі Түркістан облысы Келес ауданына көшіп келді. Өзім сол ауданда өстім. Мектеп бітіріп, мамандық таңдайтын сәтте анамның кеңесіне құлақ астым. Ол кісі менің медицина маманы болуымды қалады. Медицина саласы өзімнің де жаныма жақын болатын. Алғашында мен хирург дәрігері болғым келген. Жоғары сыныпты оқып жүрген кезімде кәдімгідей іштей дайындалып, сол сала бойынша оқуға түсемін деп бекініп жүрдім. Алайда анам «Қызым, ойланып көр. Хирург болу - әйел азаматтары үшін ауыр, себебі бұл салаға ер адамдар бейім. Хирургия саласын таңдасаң, үйде көп бола бермейсің. Әйел адамы үйдің шырағын жағып, айналасына жылу шашып отыру керек. Нәзік жандыларға акушер-гинекология бағыты сай келеді» деп кеңесін берген болатын.
Өздеріңіз білесіздер, Кеңес Үкіметі тұсында алдымен институтқа құжат тапсырасың. Егер түсе алмасаң, колледжге тапсыруға болатын еді ғой. Мен де өзге қатарластарым секілді алдымен институтқа дәрігерлік мамандық бойынша құжатымды тапсырып, бағымды сынап көрдім. Бірақ жолым болмады, оқуға түсе алмадым. Содан сынақтан құлаған соң 1989 жылы Леңгір қаласындағы колледжге құжатымды тапсырып, оқуға қабылдандым. Кейін Тараз қаласындағы медициналық училищеге ауысып, сол оқу ордасын 1991 жылы бітіріп шықтым.
El.kz: Анаңыз медицина маманы ма еді?
Жанат Базарбайқызы: Жоқ, анам агрометереология саласының маманы. Біздің отбасымызда медицина маманы жоқ. Өзім үйдің үлкенімін. Төрт ағайындымыз. Бір сіңлім мен екі інім бар. Ата-анам бір үйге бір медицина маманы қажет деген ұсынысын айтқан болып тұр ғой (күліп).
El.kz: Алғашқы еңбек жолыңыз қайдан басталды? Кім боп жұмысқа кірдіңіз?
Жанат Базарбайқызы: Мен негізі мектепке ерте барғанмын, яғни 5 жасымда білім ұясының табалдырығын аттағанмын. 16 жасымда мектепті бітіріп, 19-ымда қолыма диплом алдым. Соңғы курсты оқып жүргенімде-ақ жұмысқа орналасып, денсаулық сақтау саласының қазаны қайнаған ортаға түссім десем де болады. Ол кезде сол Тараз қаласындағы перзентханаға акушер маманы болып жұмысқа қабылдандым, әрі оқимын. Кейін өзімнің өскен жерім Келес ауданы Абай ауылындағы перзентханада 20 жылдай еңбек еттім. Қазіргі таңда Шымкент қаласы «Нұрсәт» шағынауданындағы қалалық перинаталдық орталықтың босану бөлімшесінің аға акушері болып жұмыс жасаймын. Биыл медицина саласында жүргеніме 35 жыл толып отыр екен.
El.kz: Акушерия – үлкен жауапкершілікті талап ететін сала ғой. Негізгі делінген қиындықтар туралы айтып беріңізші... Осы салада жүрген көп маман қазір жүкті әйелдер табиғи босану кезінде қиындықтарға тап болатынын, қиналып жататынын жиі айтып жүр. Расымен солай ма?
Жанат Базарбайқызы: Иә, ол әріптестерімнің айтқанымен толықтай келісемін. Себебі мен еңбек жолымды сонау Кеңес Үкіметі кезінен бастадым ғой. Сол заманмен қазіргі кезді салыстырсам, арасы жер мен көктей. Ол кезде әйелдердің денсаулықтары мықты еді. Оның үстіне күнделікті тұтынатын тағамы бар, экологиясы бар барлығы табиғи таза еді. Бәлкім осымен де байланысты шығар. Асқынумен келетін жүкті әйелдер сирек кездесетін. Соның ішінде жүктілік мерзімінен асып кетіп немесе ерте босанып қою жайттары кемде-кем болатын. Мен ол кезде Абай ауылында жұмыс істедім. Ол жылдары жүкті әйелдердің босану процесіне қазіргідей дәрігерлер жиі қатыспайтын. Акушер маманына тапсырады, солар босандырып алады. Себебі әйелдердің толғағы да, босануы да жеңіл өтетін. Тек жүкті келіншектер белгілі бір асқынулармен перзентханаға түссе, сол кезде дәрігерді үйінен шақыртып алатынбыз. Ал қазір жағдай мүлдем басқаша. Бәлкім бұған экологияның себебі де бар шығар, дұрыс тамақтанбаумен байланысты да болуы мүмкін. Мерзімінен кеш бала дүниеге әкелетіндер көп, сондай-ақ ерте босанып қалатындар да жиі кездеседі. Қазіргі әйелдер өте әлсіз, мүмкін нәзік боп кеткен бе?... Табиғи жолмен босану үшін толғаққа шыдай алмайтындары көп. Жаңағы ауырсынуды басатын дәрі сұрап жатады. Тіпті кейбірі жаны қиналғаны соншалықты кесарь тілігімен босануды құп көреді.
El.kz: Кесарь тілігі демекші, бұған дейін акушер маманының бір сұхбатын оқығаным бар еді. Айтуынша, табиғи жолмен босанатындардан гөрі операциямен бала дүниеге әкелетіндер көбейіп барады екен. Келісесіз бе?
Жанат Базарбайқызы: Иә, өкінішке қарай кесарь тілігін таңдайтындар көбейіп барады. Енді оның да өзіндік себептері бар. Мәселен, кейбір әйелде жатыр мойнының дұрыс ашылмауымен байланысты болады. Ал енді бірінде құрсақтағы баланың салмағы көп болуы мүмкін. Мұндай жағдайда көбіне алғашқы жүктіліктегі әйелдер кесарь тілігімен босанып жатады. Одан кейін ауыр дәрежелі преэклампсиямен түсетін әйелдерге көбіне кесарь тілігімен босануға тура келеді. Диагноздың бұл түрі – жүктілік кезінде пайда болатын ауыр асқынулардың бірі. Ол артериялық қысымның жоғарылауымен (гипертония) сипатталады. Ауыр дәрежелі жағдайда преэклампсия өмірге қауіпті болуы мүмкін және шұғыл медициналық көмекті талап етеді. Одан бөлек дені сау болып тұрса да өз қалауымен кесарь тілігін қалайтындар бар. Олар бәлкім жанын қинағысы келмейтін шығар. Бірақ біз ондай келіншектерге табиғи жолмен босанудың қажеттілігін барынша түсіндіреміз. Психологиялық қолдау көрсетеміз. Арасында райынан қайтып, табиғи жолмен бала өмірге әкелетіндері де бар. Ал жаны қатты қиналып, шыдай алмай жататын жүкті әйелдерге кесарь тілігін қолданамыз. Негізі кез келген перзентханада жүкті әйелге таңдау беріледі. Бірақ біз осы саланың ішінде жүрендіктен және тәжірибелі маман болғандықтан егер әйелдің денсаулығына қауіп төнбесе, табиғи жолмен босануға үгіттейміз.
El.kz: Акушер мамандары әйелдің босану процесінде тағы қандай қиын сәттермен бетпе-бет келеді?
Жанат Базарбайқызы: Перзентханаға түскен келіншектерде қан кету көп болады. Ол әйел үшінде, құрсақтағы бала үшін де қауіпті. Жаңа жоғарыда айтып өткенімдей, қан қысымы бар келіншектер бұған аса мұқият болуы қажет, күтінуі керек. Қан кетуімен бізге түскен жүкті әйелдерден бір қадам алыстамай, қан қысымын бақылауда ұстаймыз. Себебі қан көп кетіп қалса, өте қауіпті. Өзім перинаталдық орталықта еңбек етіп жүргендіктен бізге көбіне мерзімінен ерте босанатын әйелдер түседі. Ондай әйелдерді де жіті бақылауға аламыз. Негізі кез келген саланың өзіндік қиын тұстары бар ғой. Бірақ соның ішінде акушерия саласы ауырлау. Себебі бұл жерде бір емес, екі адамның өміріне жауап бергеннен кейін жауапкершілік те екі есе көп жүктеледі. Біздің мамандығымыздың оңай емес екенін жылдар өте түсінесің ғой. Жас кезде қызуқандылықпен аса сезіле бермейтін. Тіпті қазірдің өзінде қолына сәбиін алған әйелдердің өздері таң қалысып, «Біз ғой, бір-екі күн толғатып қиналып, аман-есен босанып алдық. Ал сіздер осындай жағдаймен күн сайын бетпе-бет келесіздер. Жұмыстарыңыз қиын екен» деп алғыстарын білдіріп жатады.
El.kz: Қан кету деп қалдыңыз ғой, сондай сәттерде шұғыл шешім қабылдаудың аса қажеттілігі белгілі. Мәселен, егер әйел табиғи жолмен босанамын деп келіп, бірақ кенеттен денсаулығы сыр беріп, қан қысымы жоғарылап кетті делік. Ондай кезде шешім қабылдаудың жалғыз жолы – кесарь тілігі. Операция жасау үшін жүкті әйелдің туыстарының рұқсатын міндетті түрде алу керек бола ма?
Жанат Базарбайқызы: Егер жүкті әйелдің жағдайы ауыр болса және кесарь тілігінен басқа жолы жоқ болса, ешкімнің рұқсатын күтпейміз. Өйткені біз осы салада талай жылдан бері жүргендіктен қандай жағдайда әйелдің, оның құрсағындағы баланың өміріне қауіп төнетінін жақсы білеміз. Қатты қан кетіп жатса, бірден шешім қабылдап, әйелдің, іштегі баланың өмірі үшін күресеміз. Себебі туыстарының рұқсатын күтіп отырсақ, уақыт жоғалтып алуымыз мүмкін. Сондықтан ойланып отыратын уақыт жоқ. Мұндай жағдайда әр секунд - үлкен маңызға ие.
El.kz: Мерзімінен бұрын босанған әйел мен шала туған нәрестелерге перзентханада қандай күтім жасалынады? Ол қаншалықты күрделі?
Жанат Базарбайқызы: Мерзімінен бұрын туған баланың өкпесі әлі дамымағандықтан «Дексаметазон» деген дәрі салынады. Бұл дәрі нәрестенің өкпесі жарық дүниеге келгеннен кейін әрі қарай жұмыс істеп кетуі үшін оң әсерін тигізеді. Біз бірінші кезекте жаңа туған балаға аса қатты көңіл бөлеміз. Әрине, әйелге де көңіл бөлінеді. Бірақ шала туған баланың ішкі құрылысы әлі дамымағандықтан барлық назарды сонда аударамыз. Бірінші жәрдем көрсететін және ары қарай дәрілік жәрдем көрсеткенге дейінгі қажеттіліктерді дайындаймыз. Себебі бізге мерзімінен бұрын келіп жататындықтан біз алдын ала дайындап қоямыз. Өйткені кейбір жүкті әйелдің суы кетіп түседі. Ондай келіншектерге босану залында алдын ала бір бөлме бөлінеді. Онда мерзімінен бұрын босанатын әйелдер мен оның құрсағындағы баласына арнайылап барлық керек құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектер болады. Өйткені шала туған бала дүниеге келгенде анасының құрсағында жатқандай жылылықта ұстап, ары қарай салмағын қосу үшін жағдай жасалады. Ауыр жағдайда мерзімінен бұрын босанған әйелдер де назардан тыс қалмайды. Олар да жіті бақылауда болады. Босанған әйел уақыт өте өзіне келген соң нәрестелердің жансақтау бөлмесіне барып, баласына көңіл бөлуіне, сүтін сауып беруіне жағдай жасалады. Себебі ананың сүті сәби үшін – маңызды. Ана сүтінің баланың салмақ қосуына, қалыпты өмірге түсуіне үлкен септігі тиеді.
El.kz: Бұрындары анасының құрсағында жатқан бала жеті айға толмаса, аман алып қалу қиын деп есептелетін. Ал бүгінде медицина қарқынды дамып, жаңа технологиялар қолданысқа енгізілуде. Қазіргі таңда қанша айлық болып туылған сәбиді аман алып қалу мүмкіндігі жоғары?
Жанат Базарбайқызы: Қазіргі медициналық хаттамалар мен жаңа технологиялардың көмегімен салмағы 500 грамнан басталатын сәбилерді аман алып қалуға тырысамыз. Негізі маман ретінде айтатын болсам, жалпы сәбидің аман қалуы тек аймен өлшенбейді. Дегенмен біздің перинаталдық орталыққа түсетін әйелдердің көпшілігінің мерзімі – 22 аптадан асқандар. Әрине, 22 апталық шарананы құтқарып қалу өте қиын, ал 24-28 аптадан бастап өмір сүру мүмкіндігі арта түседі. Осындай шала туған сәбилерді толық жетілгенше күтіп, қажетті медициналық көмек көрсетеміз. Біздің тәжірибемізде 500 грамнан жоғары салмақтағы балалардың өмірін сақтап қалу көрсеткіші жылдан жылға жақсарып келеді.
El.kz: Кеңес дәуірінде де қызмет еткен маман ретінде сол кезең мен қазіргі уақытты салыстыра аласыз ба? Қазір артық салмақпен дүниеге келетін сәбилер көп пе, әлде әлжуаз, салмағы аз балалардың саны артып келе ме?
Жанат Базарбайқызы: Кеңес заманында ірі салмақты сәбилер де, мерзімінен бұрын туылған әлжуаз балалар да аз болатын. Ал бүгінде жағдай өзгерді. Ірі салмақты нәрестелер де көп, салмағы төмен шала туған балалардың да саны артқан. Менің ойымша, бұған қазіргі өмір салты әсер етуде. Қазіргі жастардың қимылы аз, қозғалыс жетіспейді. Физикалық белсенділік төмендеген. Оған қоса, дұрыс тамақтанбау да өз әсерін тигізеді. Тәтті газдалған сусындар, фаст-фуд тағамдарын жиі тұтыну, денсаулыққа зиянды әдеттер – бәрі нәрестенің салмағына әсер етеді.
Салмағы ірі сәбилерді табиғи жолмен босануда қиындықтар көп. Бұл – ана үшін де, бала үшін де ауыр процесс. Дегенмен мерзімінен бұрын, салмағы аз болып туылатын сәбилер де азайған жоқ. Салыстырмалы түрде алғанда, ірі салмақты және әлжуаз балалардың саны шамалас деуге болады. Сондықтан жүкті әйелдер дұрыс тамақтанып, салмағын қадағалап отыруы қажет. Қысқасы қазіргі медицина жүкті әйелдерге де, жаңа туған нәрестелерге де жоғары деңгейде көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Ең бастысы – болашақ аналар өз денсаулығына мұқият қарап, босануға дұрыс дайындалуы қажет.
El.kz: Алғаш рет ана болатын әйелдер босану алдында қатты қобалжитыны белгілі. Кейбіреулер тіпті күйзеліске түседі. Осындай сәттерде сіздер тараптарыңыздан қандай психологиялық және медициналық қолдау көрсетіледі?
Жанат Базарбайқызы: Иә, бұл – өте өзекті мәселе. Алғаш рет ана атанғалы отырған әйелдерде қорқыныш пен уайымның болуы – табиғи құбылыс. Өйткені олар өздерін не күтіп тұрғанын, босану процесі қалай өтетінін, ауырсынудың қандай болатынын білмейді. Бұл әсіресе алғашқы жүктілігінде медициналық дайындықтан өтпеген, босануға психологиялық тұрғыда дайын емес әйелдерге тән.
Мен өзімнің тәжірибемде бірінші рет босанғалы отырған әрбір келіншекті өз қызымдай көремін. Себебі менің де қыздарым бар, олар бүгінде тұрмысқа шығып, ана атанған, бала тәрбиелеп отыр. Мен олардың жүктілік кезеңін бақылап, босануына дейінгі уақытта жан-жақты кеңес беріп, қолдау көрсеттім. Тіпті босанған кезінде де қасында болдым. Сондықтан мен бұл жағдайды жақсы түсінемін.
El.kz: Демек, қыздарыңызды өзіңіз босандырдыңыз ба?
Жанат Базарбайқызы: Жоқ, әрине. Дәрігерлер өз баласын босандыруға қатыспайды. Мен серіктес ретінде қыздарымның қасында болдым, медициналық кеңестерімді бердім. Жалпы, бірінші рет ана атанғалы отырған келіншектерді қабылдағанда, еріксіз өз қыздарым есіме түсіп кетеді. Сондықтан оларға да анасы секілді қамқорлықпен қарап, барынша түсіндіруге тырысамын.
Көп жағдайда әйелдер босанудан гөрі, ауырсынудан қатты қорқады. Бұл қорқыныш толғақ кезінде одан сайын күшейіп, бұлшық еттердің жиырылып қалуына әкеледі, нәтижесінде босану процесі қиындайды. Сондықтан да біз "Сіз қорықпаңыз, бұл – табиғи процесс. Жаратушы әйел затына ерекше төзімділік берген. Сіздің қолыңыздан келеді!" – деп оларға рухани қолдау көрсетеміз. Кейде болашақ аналар босанудан қатты қорқады. Осындай сәттерде өз басым: "Қаншама адам сәби сүюді армандап жүр, бірақ оған мүмкіндік болмай жатыр. Ал сізге осындай ерекше бақыт бұйырды. Сондықтан қорықпаңыз, сіз жалғыз емессіз! Біз әрдайым қасыңыздамыз, жан-жақты көмектесеміз", – деп сенім беруге тырысамын. Жалпы біз перзентханада бірінші рет ана атанғалы отырған әйелдерге ерекше көңіл бөлеміз. Оларға моральдық қолдау көрсетіп, медициналық процестерді түсіндіреміз. Біздің мамандар босану процесін жеңілдету үшін арнайы психологиялық дайындық жүргізеді. Оған терең тыныс алу әдістері, денені бос ұстау жаттығулары, босану кезіндегі дұрыс әрекеттерді үйрету кіреді. Кейбір әйелдер босану кезіндегі ауырсынуды жеңілдету үшін эпидуральды анестезияны сұрайды. Бірақ біз алдымен табиғи жолмен босануға кеңес береміз. Себебі әйел өзін сабырға шақырып, дұрыс тыныс алу әдістерін қолданса, босану әлдеқайда жеңіл өтеді.
Ана мен баланың психоэмоционалдық байланысы өте жоғары. Егер ана қорықса, бала да уайымды сезінеді. Сондықтан әйел өзін сабырға шақырып, бойындағы үрейді жеңе алса, босану процесі оңай өтеді. Дұрыс бағыт-бағдар бергеннен кейін болашақ аналардың бойындағы үрей сейіліп, сабыр сақтай бастайды. Әрине, әр әйел әртүрлі. Бірі босану процесі туралы алдын ала оқып-біліп келеді, енді бірі қатты қорқады. Осындай сәттерде біз барынша қолдау көрсетуге тырысамыз. Кейде толғаққа мүлдем шыдай алмай, жаны қиналып, өзін қоярға жер таппай кететін әйелдерге амалсыздан ауырсынуды басатын дәрілерді салуды ұсынамыз. Кейбір келіншектер босанғаннан кейінгі жағдайларға да қатты алаңдайды. "Мен ана болуға дайынмын ба?", "Балаға дұрыс күтім жасай алам ба?", "Қалай еміземін?" деген сұрақтар мазалайды. Сондықтан біз оларға босанғаннан кейін де жан-жақты қолдау көрсетеміз. Дұрыс тамақтану, емізу, жаңа туған нәрестеге күтім жасау туралы кеңестер береміз.
Бүгінде босану шарттары бұрынғыдан әлдеқайда жақсарды. Қазіргі хаттамалар бойынша перзентханадағы жағдай үй жағдайына жақын болуы керек. Әйел өзін барынша жайлы сезінуі қажет. Сондықтан біз босану процесін әйел үшін мүмкіндігінше жеңіл әрі қауіпсіз етуге тырысамыз.
El.kz: Қазір босану процесі кезінде ауырсынуды басатын эпидуральды анестезия кеңінен қолданылып жүргені айтылуда. Алайда көпшілік оның кері әсері бар деп ойлайды. Бұл қаншалықты рас?
Жанат Базарбайқызы: Эпидуральды анестезия – босану кезіндегі ауырсынуды жеңілдетудің бір әдісі. Ол бел аймағына енгізіледі және ауырсынуды уақытша басады. Онда жатырды қамтитын жамбас мүшелерінің жүйке ұштарының жұлын тамырлары бар. Бұл процедураны қолданбас бұрын әйелге толық ақпарат беріледі. Бұл әдісті 100% қауіпсіз деп айта алмаймын. Себебі әрбір медициналық процедураның өзіндік тәуекелдері болады. Кейбір әйелдер босанғаннан кейін "Эпидуральдан кейін белім ауырады" деп жатады. Бұл – әр адамның ағзасына байланысты. Мен өзім бұл анестезияны ешқашан қолданған емеспін және қыздарыма да оны ұсынған жоқпын. Барынша табиғи босануға кеңес беремін. Дегенмен кей жағдайларда эпидуральды анестезия қажет болады. Мысалы, қан қысымы жоғары әйелдерге немесе босану процесі тым ауыр өтіп жатқан әйел азаматтарына ұсынылады. Бұл әдіс жатыр мойнын жұмсартып, босану процесін жеңілдетуге көмектеседі. Сонымен қатар, өте ауыр жағдайда тұрған әйелдерге жасанды босану кезінде де қолданылады.
Эпидуральды анестезияның кері әсеріне келсек, кейбір әйелдерде бел аймағында ауырсыну байқалуы мүмкін. Бұл көбіне ауа райының өзгеруіне байланысты күшейеді. Бірақ тәжірибелі анестезиолог дұрыс енгізсе, ешқандай асқыну болмайды. Дегенмен, өте сирек жағдайларда дұрыс салынбаған анестезия жүйке жүйесіне әсер етіп, әйелдің қозғалысына уақытша қиындық тудыруы мүмкін дегенді естігенім бар. Сондықтан бұл процедураны білікті маман жасауы керек.
El.kz: Акушер мамандарының жұмыс жүктемесі қандай? Кадр жеткілікті ме?
Жанат Базарбайқызы: Шыны керек, қазіргі таңда акушерлердің жұмысы ауыр. Көп маман бұл салада ұзақ тұрақтамайды, бір айлыққа қарағысы келмейді. Себебі еңбек жүктемесі жоғары. Кейбірі басқа салаға, әсіресе саудаға ауысып кетіп жатады. Маман тапшылығы бар. Оның үстіне акушерлердің көбі – жас қыздар. Олар да декреттік демалысқа кетеді, басқа жағдайларға байланысты жұмыстан шығып кететіндер де болады. Сондықтан кадр мәселесі әрдайым өзекті.
Бізде жұмыс кестесі стандартқа сай жасалады: акушерлер екі күнде бір рет түнгі кезекшілікке түседі. Босану бөлімінде тәуліктік ауысымға түспейміз, себебі ол өте қиын. Көбіне әйелдер толғақты түнде бастан өткереді, сондықтан түнгі кезекшіліктің жүгі ауыр. Ал күндіз бөлек акушер мамандары жұмыс істейді. Бір түнгі кезекшіліктен кейін екі күн демалу керек деген қағида бар. Сондай кезде маман жетіспегенде бұл кесте бұзылады. Амал жоқ, кейде бір күн демалып, қайта жұмысқа шығуға тура келеді.
El.kz: Мұндай ауыр жұмыс режимінде физикалық шаршауды қалай жеңесіздер?
Жанат Базарбайқызы: Иә, акушерлер қатты шаршайды. Себебі бұл – тек физикалық емес, психологиялық тұрғыдан да ауыр жұмыс. Мен қазір босану бөлімшесінің аға акушерімін, сондықтан қарамағымдағы мамандардың жағдайын жақсы түсінемін. Қолымнан келгенше әріптестерімді қолдап, оларға мотивация беруге тырысамын. "Қыздар, шыдаңдар, мен қосымша адам сұрап жатырмын" деп дем беріп отырамын. Егер біреу белгілі бір жағдайға байланысты сұранып жатса, барынша көмектесуге тырысамын. Өйткені менің өзім де бұған дейін дәл осындай ауыр режимде жұмыс істедім, оның қандай қиын екенін білемін. Жұмыс жүктемесі тым ауыр болған кезде, әрине, денсаулыққа кері әсер етеді. Өзім де осы себептен денсаулығым сыр беріп, біраз уақыт ем алуға мәжбүр болдым.
El.kz: Ол қашан болған еді?
Жанат Базарбайқызы: Бұл 2021 жылы болды. Сол кезде мен қалалық перзентханалардың бірінде жұмыс істедім. Ол жерде босанушылар саны өте көп еді – тәулігіне 45-50 әйел босанатын. Әсіресе жаз айларында демалысқа шыққандардың орнын ешкім алмастырмайды, сондықтан жұмыс күші жетіспей, жүктеме артады. Сол кезде мен күн ара жұмыс істедім: бір түнгі кезекшілікке түсіп, таңертең үйге келемін, ұйықтаймын. Ал келесі күні қайтадан жұмысқа барамын. Осылай бір ай бойы тынымсыз жұмыс істеген соң жүрегіме күш түсіп, ауа жетпей, жұмыс барысында қиналдым. Ақыры ауруханаға жатып, ем алуға тура келді. Осы оқиғадан кейін денсаулығыма көбірек көңіл бөлуге тырысамын. Қазір негізінен күндізгі ауысымда жұмыс істеймін, түнгі кезекшілікке сирек түсемін. Өйткені жас келген сайын ағза мұндай ауыртпалыққа төтеп беруі қиын. Оның үстіне акушерлік тек физикалық емес, эмоционалдық жауапкершілігі де жоғары мамандық қой.
El.kz: Бала жоғалту сияқты ауыр жағдайлар орын алған кезде аналарға қандай көмек көрсетіледі?
Жанат Базарбайқызы: Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар болып тұрады. Ондай сәттерде біз әйелдерге психологиялық қолдау көрсетуге тырысамыз. Перзентханада арнайы психолог маманы бар, ол мұндай оқиғалар кезінде әйелдермен жеке жұмыс істейді. Ана баласын жоғалтқан кезде оны жұбату өте қиын, бірақ біз барынша қолдау көрсетеміз. Жай ғана жылы сөздің өзі көп нәрсе шешеді. Әйел мұндай жағдайды жалғыз өткеріп жатқан жоқ екенін сезінуі керек.
El.kz: Ал өздеріңіз үшін бұл эмоционалдық ауыртпалықты жеңу қаншалықты қиын? Жұмыстағы стресс сіздерге қалай әсер етеді?
Жанат Базарбайқызы: Иә, біз де адамбыз, біз де кейде қатты күйзеліске түсіп, бәрін жүрегімізге жақын қабылдаймыз. Бірақ көп жыл жұмыс істегеннен кейін белгілі бір деңгейде үйреніп кетесің.
Перзентханада бізбен де психологтар жұмыс істейді, бірақ көп жағдайда тәжірибелі акушерлер өзара қолдау көрсетеді. Біз осы салада жүргенімізге біраз жыл болған соң эмоциямызды басқара білеміз. Мысалы, толғақ кезінде әйел қатты қиналып жатқанда жанындағы серігі: "Бұл қатты қиналып кетті ғой, неге ешкім көмектеспейді?" – деп алаңдап жатады. Ал бізге бұл – күнделікті процесс. Біздің міндетіміз – әйелге босанудың табиғи процесс екенін түсіндіру, оны сабырға шақыру. Бірақ сырт көзге біз тым салқынқанды көрінуіміз мүмкін. Кейбіреулер: "Сіздер тасжүрексіздер ме?" – деп сұрайды. Ал шын мәнінде, біз бәрін жүрегімізбен сезінеміз. Тек көп жылдық тәжірибе бізді эмоцияны басқаруға үйретті. Егер әр жағдайды жүрекке жақын қабылдай берсек, бұл жұмысты жалғастыру мүмкін емес болар еді. Бірақ тіпті жылдар өтсе де, кейбір оқиғалар ұмытылмайды. Әсіресе анасы мен баласының өміріне қауіп төнген сәттерде біз қатты уайымдаймыз. Жұмыстан кейін де ойың сол жерде қалады: "Ана әйелдің жағдайы қалай болды? Нәрестесі аман ба?" – деп келесі кезекшілікке түскенге дейін алаңдап жүресің. Бұл мамандықты таңдаған соң оған жүрекпен берілу керек. Өйткені акушерлік – жай ғана жұмыс емес, бұл үлкен жауапкершілік, бұл – өмірге сәби әкелуге көмектесетін қасиетті қызмет.
El.kz: Алғаш рет босандырған сәтіңіз есіңізде ме?
Жанат Базарбайқызы: Әрине, есімде, Таразда жұмыс істеп жүрген кезім еді. Училищені енді ғана бітірген жас маманмын. Сол кезде толқып, тіпті өзім жылап жібердім. Өйткені бұл – үлкен жауапкершілік қой. Алғашқыда кез келген нәрсені жүрекке жақын қабылдап, үйге келген соң ұзақ ойланатын едім. Бірақ уақыт өте келе тәжірибе жинақтаған соң үйреніп кетеді екенсің.
El.kz: Сонда неше жаста едіңіз?
Жанат Базарбайқызы: 19 жаста едім. Әрине, тәжірибем аз болғандықтан, қасымда міндетті түрде тәжірибелі акушер болды. Ол маған не істеу керектігін айтып, бағыт-бағдар беріп отырды.
El.kz: Еңбек жолыңызда қанша баланың кіндігін кестіңіз?
Жанат Базарбайқызы: Шамамен есептесем, 11 500 баланың кіндік шешесі болыппын.
El.kz: Осы жылдар ішінде ерекше есте қалған оқиғаңыз бар ма?
Жанат Базарбайқызы: Иә, бір оқиға ешқашан есімнен кетпейді. Бірде осы Шымкенттегі қалалық перзентханада бесінші рет босанып жатқан әйел өте ірі сәбиді дүниеге әкелді. Өзі де ірі әйел, баласы да өте ірі болды. Бала туа алмай, қиналды. Басы шыққанымен, денесі шықпай қалды. Мұндай жағдайда барлық дәрігерлер шұғыл шақыртылады. Біз бәріміз жанталасып, баланы аман алып қалу үшін барымызды салдық. Ақыры зорға дегенде дүниеге келді. Бірақ бала өте әлсіз, дәрігерлер оның тірі қалатынына күмәнданды. "Бұл бала тірі емес, реанимация жасаудың қажеті жоқ" дегенде мен: "Жоқ, мүмкіндігі бар, әрекет етуіміз керек!" деп табандылық таныттым. Жүрекке массаж жасап, қажетті көмек көрсеттік. Соның арқасында сәби тіріліп, аман қалды. Сол бала кейін дені сау болып, перзентханадан шығарылды. Бұл - мен үшін ең ұмытылмас оқиға. Бала жоғалту деген кез келген маман үшін өте ауыр соққы, көңілге қатты аласың.
El.kz: Сіздің тәжірибеңізде салмағы ең үлкен бала қанша келі болып дүниеге келді?
Жанат Базарбайқызы: Сол бала болса керек, салмағы 6 келіге жуық еді.
El.kz: Жүкті әйелдер жиі жіберетін қателіктер қандай?
Жанат Базарбайқызы: Қазір жүкті әйелдердің көпшілігі сабырсыз. Тоғыз айдың толғанын күтпей, дәрі арқылы толғақты шақыруды сұрайды. Бұл – үлкен қателік. Өйткені бала толық жетілмей, әлсіз болып туылады. Оған қоса, жасанды толғақ анаға да, балаға да қауіп төндіреді. Бұрын біздің ата-бабаларымыз табиғи жолмен босанған.
Тағы бір қателік – дұрыс тамақтанбау. Жеті айдан кейін нәресте тез өсетіндіктен, тәтті сусындар мен ұн өнімдерін шектеу керек. Бірақ жүкті әйелдер оны ескере бермейді. Содан кейін ірі баланың дүниеге келуі ана мен балаға қиындық тудырады.
El.kz: Босануға келген әйелдермен қалай жұмыс жасайсыз?
Жанат Базарбайқызы: Бірінші рет босанатын әйелдер қатты қорқады. Сондықтан олармен міндетті түрде алдын ала әңгімелесемін. Босану қалай өтеді, қандай кезеңдер болады, не істеу керек – бәрін егжей-тегжейлі түсіндіремін. "Қорықпаңыз, қасыңызда мен боламын, сізге көмектесемін" деп сенімділік беремін. Әйел өзін психологиялық тұрғыдан дайындаса, босану процесі де жеңілірек өтеді.
Біздің жұмысымыз – тек акушерлік қызмет емес, сонымен қатар үлкен психологиялық қолдау көрсету. Жүкті әйелге сенім ұялату – оның өзіне де, бізге де үлкен көмек. Сондықтан әр әйел өзінің табиғи мүмкіндігіне сеніп, босануға дайын болуы керек.
El.kz: Бізде әйел толғатып, перзентханаға кеткен кезде үйіндегілер түрлі ырымдап жасап жатады. Бірі үйдегі есік- терезе, сөрелердің аузын айқара ашық қалдырады екен. Осы туралы не айтасыз?
Жанат Базарбайқызы: Бұл - халық арасында тараған ырымдар. Бізге кейде жүкті әйел жеткізілгенде үйіндегілер адыраспанмен аластатып жібереді. Ал кейде босануға қатысқан серігі телефон арқылы келіншектің туыстарымен сөйлесіп, «Үйдегі сандықтың аузын аштың ба? Шкафтардың есіктерін аштың ба?» деген кеңестер беріледі. Тіпті кейбірі толғағы қысқан әйел шашын жайса, босану жеңіл өтеді деген сенім бар. Бірақ бұлардың ешбірі босануға тікелей әсер етпейді. Мен әрдайым жүкті әйелдерге түсіндіріп, жүйкесіне салмақ салмауын айтамын. Шашты жайып қою ыңғайсыздық туғызуы мүмкін. Сондықтан мен «Бұл – ырым, негізгі әсер ететін нәрсе – сіздің психологиялық дайындығыңыз» деп түсіндіремін. Кейбіреулер тауық жұмыртқасының суын ішкізіп, «жылдам босанасың» дейді. Бірақ босану процесіне ең бастысы – әйелдің ішкі дайындығы мен психологиялық тұрақтылығы әсер етеді.
El.kz: Әр сәби дүние есігін ашқанда қандай сезімде боласыз?
Жанат Базарбайқызы: Қанша жылдық тәжірибем болса да, бұл сезім ешқашан өзгерген емес. Жаңа өмірдің басталуы, ананың қуанышы – бұл сөзбен жеткізе алмайтын ерекше сәттер. Жақында осы туралы ойланғанымда, өзімнің әлі де бала туылған сәтте ерекше толқитынымды түсіндім. Адамнан адам пайда болуы – табиғаттың керемет құбылысы. Кейде баланың жарық дүниеге келгенін көріп, денем түршігіп, ерекше әсерге бөленемін. Бұл – Құдайдың кереметі. Бұрын мен нәрестелердің жансақтау бөлімінде де жұмыс істедім. Онда мерзімінен бұрын дүниеге келген, өздігінен тыныс ала алмайтын сәбилер жататын. Ол жерде жұмыс ауырырақ болатын. Кезекшіліктен шыққан соң іштей қатты шаршап, ауыр сезімде жүретінмін. Себебі күні-түні әлсіз нәрестелердің жағдайын бақылап, оларға күтім жасауға тырысатынбыз. Ал босану бөлімінде керісінше – қуаныш басым. Әр жаңа өмірмен бірге ана да, дәрігерлер де қуанады. Кейбір ерекше жағдайларда өзім де көз жасымды тия алмай қаламын. Әсіресе, көп қыздан кейін ұл туған немесе керісінше, көп ұлдан соң қыз көрген ата-ананың шаттығын көргенде, ерекше сезімге бөленемін.
El.kz: Қазіргі қоғамда ұл мен қызға қатысты көзқарас қандай? Бұрын «Ұл керек» деген түсінік басым болатын. Қазір бұл көзқарас өзгерді ме?
Жанат Базарбайқызы: Бұл адамның санасына байланысты. Қазір бұрынғыдай қатты мән бермейтіндер көп, бірақ ер адамдар арасында әлі де «Ұл керек» деген түсінік кездеседі. Әйелдерге босану кезінде психологиялық тұрғыда қолдау көрсету - маңызды. Мысалы, төрт қыздан кейін тағы да қыз босанғанда әйелдер кейде іштей қынжылады. Сол кезде мен оларға өз тәжірибемді айтып, жұбатып жатамын. Менің де төрт қызым бар, бесінші балам – ұл. Осыны айтып, оларды уайымнан арылтуға тырысамын. Ең бастысы – дені сау бала дүниеге келуі. Алланың бергенін қабылдап, әр баланың өмірге келуіне шүкір ету керек. Әйтпесе, әйелдің көңіл күйі бұзылып, артық қан кету қаупі де болуы мүмкін.
El.kz: Сіз бұл салада 35 жылдан бері еңбек етіп келесіз. Кейбір мамандар шыдамай, басқа кәсіпке ауысып кетеді. Ал сізді осы салада ұстап тұрған не нәрсе?
Жанат Базарбайқызы: Мен ешқашан басқа салаға қызыққан емеспін. Себебі өз мамандығымды жүрек қалауымен таңдадым. Маған әйелдерге көмектесу, жаңа өмірдің басталуына куә болу ұнайды. Бұл жұмыстың қиындығы көп, бірақ мен үшін ең бастысы – адамдарға пайда тигізу. Кейбіреулер сауданы немесе басқа кәсіпті таңдайды, ал мен өз мамандығымды сүйемін. Мамандық ауыстыру туралы тіпті ойыма да кіріп шықпапты.
El.kz: Осындай жауапкершілігі мол жұмыстан кейін қалай демаласыз, өзіңізді қалай сертігесіз?
Жанат Базарбайқызы: Менің ең үлкен қуанышым – отбасым. Үйге келіп, балаларыммен, немерелеріммен уақыт өткізгенде барлық шаршауым басылады. Сонымен қатар әріптестеріммен табиғатқа шығып, сергіп қайтамыз. Жұмыстың ауырлығына қарамастан, көңілді көтеріп, демалу керек. Коллектив болып жиі жиналып, әртүрлі іс-шараларға қатысамыз. Бірақ мен үшін ең бастысы – отбасымның жанында болу.
El.kz: Болашақ аналарға қандай кеңес берер едіңіз? Жүктілікті жоспарлау қаншалықты маңызды?
Жанат Базарбайқызы: Мен жүктілікті жоспарлау қажет деп санаймын. Өйткені әйел ағзасына демалыс керек. Егер бір баладан кейін екіншісін бірден көтерсе, әйелдің ағзасы әлі қалпына келмегендіктен, екі балаға толықтай көңіл бөле алмайды. Одан бөлек, денсаулығына зиян келеді. Дұрыс қалпына келу үшін кемінде үш жыл уақыт қажет. Әйтпесе, бала әлсіз болып тууы мүмкін, ал ананың денсаулығына да зиын. Сондықтан әр әйел өз денсаулығына мән беруі керек.
El.kz: Ал болашақ акушер мамандарына не айтар едіңіз?
Жанат Базарбайқызы: Бұл мамандықты жүрек қалауымен таңдау керек. Егер біреу тек айлығы жақсы деп келсе, ол ұзаққа бармайды. Адам өз мамандығын шын жүрекпен жақсы көрсе, жұмысқа әр күні қуана келеді. Мен студенттермен жиі кездесіп, олардың осы мамандыққа қаншалықты бейім екенін байқаймын. Бұл салада мейірім мен жауапкершілік өте маңызды. Бастысы, мамандықты жан-тәнімен сүю керек.
El.kz: Ал енді мынау соңғы сұрақ. Егер сізге мамандық таңдаудың тағы бір мүмкіндігі берілсе, осы саланы таңдар ма едіңіз?
Жанат Базарбайқызы: Сөзсіз медицина саласын таңдар едім. Себебі ақ халатты абзал жан атану – менің болмысына тән мамандық. Егер уақытта кері шегеру мүмкіндігі берілсе, дәрігер болуға тырысатын едім. Яғни, колледжді бітіріп, жоғары оқу орнында қалай да білім алуға талпынар едім.
El.kz: Сұхбатыңызға көп рахмет! Тағы да мереке құтты болсын!