28 Тамыз 2014, 14:19
АККУМУЛЯТОР (лат. accumulator — жинақтауыш) — энергия жинауға арналған құрылғы. Ол жиналатын энергия түріне сәйкес электр А-ы, гидравликалық А., пневматикалық А., жылу А-ы, бу А-ы және инерциялық А. болып бөлінеді.
Э л е к т р А-ы — электр энергиясын жинап (хим. энергияға айналдыру арқылы), қажет болғанда сыртқы тізбекке бере алатын хим. ток көзі. Ол ішінде электролит (қышқыл не сілті) және электродтары бар оқшаулағыш материалдан (эбонит, шыны, пластмасса) жасалған ыдыстан тұрады. Электр А-ы тұрғылықты және тасымалды болып бөлінеді. Тұрғылықты А. электр, радио, телефон және телеграф ст-ларында тұрақты ток көзі ретінде, тасымал А. көшпелі қондырғыларда (көшпелі радиоаппаратураларда, автомобильдерде, ұшақтарда, электркарларда т.б.) қолданылады.
Г и д р а в л и к а л ы қ А. гидравликалық қондырғылардағы сұйық заттың шығыны мен қысымын реттеп отыруға арналады. Құрылымы цилиндр мен плунжерден тұрады. Ол сорғылардан (компрессорлардан) келетін артық сұйық затты (газды) өз қысымымен жинап, шығын көбейгенде оны жұмыс машиналарына беріп отырады. Мұндай А. гидравликалық және пневматикалық қондырғылардағы сұйық заттың қысымы мен шығынын реттеп отыруға пайдаланылады.
П н е в м а т и к а л ы қ А. пневматикалық қондырғылардағы ауа шығыны мен қысымын реттеу мақсатында сығылған ауа энергиясын жинауға арналады. Ол ауа құбырына жалғанған резервуардан тұрады. Артық ауа резервуарда жиналады да, шығын көбейгенде ауа таратқыш жүйеге беріліп отырылады. Пневматикалық А. ірі пневматикалық желілерде, жел электр ст-ларында т.б. қолданылады.
Б у А-ымен көбінесе пайдаланылған буды жинау үшін қуаты аз бу қозғалтқыштары жабдықталады. Одан бу әр түрлі технол. мақсаттарға (мыс., кептіру камералары), сондай-ақ сантех. қондырғылар қажетіне жұмсалады.
Ж ы л у А-ы жылу қондырғыларында жылу жинауға арналған. Олар айнымалы қысымды және тұрақты қысымды болып бөлінеді. Көбінесе бу-сулы А. деп аталатын айнымалы қысымды жылу А-ы қолданылады. Онымен бу шығыны тұтынуға байланысты күрт өзгеріп отыратын кішігірім және орташа қуатты жылу электр ст-лары жабдықталады. Тұтыну кеміген кезде бу қазанынан жылу А-ына жіберілген артық бу ондағы суға өзінің жылуын береді. Бу шығыны көбейгенде, жылу жүйесіндегі бу қысымының төмендеуі салдарынан қызған су буға айналады. Соның негізінде тұтынушылар буды жалғыз бу қазанынан емес, жылу А-ынан да алады. Тұрақты қысымды жылу А-ы резервуарындағы суды тікелей бу қазанының өзінде де және артылған бумен де қыздыра алады. Жылу А-ы қазандағы бу қысымынан төмен қысымды бумен де жұмыс істей береді. Жылу А-ы жылу қондырғыларының пайдалы әсер коэффициентін көбейтеді, өндіріс цехтарын бумен үзіліссіз бірқалыпты қамтамасыз етеді, ондағы еңбек өнімділігін арттыруға жағдай жасайды.
И н е р ц и я л ы қ А. қызметін айналып тұратын маховик атқарады Маховик салмағы мен оның айналу жылдамдығы неғұрлым көп болса, онда жиналатын энергия мөлшері де соғұрлым мол келеді. Инерциялық А. жел электр ст-ларында генератордың, сондай-ақ штамптау станогы, мех. балға, поршеньді сорғы т.б. жұмыс қалпын тұрақтандыру мақсатында қолданылады.
Қазақстанда 1970 жылдан Талдықорған қ-нда сілтілі және қорғасынды А. шығарылып келеді. 1975-85 ж. Талдықорған аккумулятор з-ты қайта жабдықталды. Бүгінде А-лар з-тта жартылай автоматты желімен құрастырылады.
М.Тамадаев
"Қазақстан энциклопедиясы"