Ақкөл-Жайылма қалашығы

26 Маусым 2018, 10:05 10693

Кие тұнған Қазақстан

Ақкөл-Жайылма – қазақ даласының орталығынан орын алған керемет жер. Ақкөлге кей зерттеушілер Әулиекөл деген атау да берген екен. Бұл өңір турасында ортағасырдан бізге жеткен деректерде көбірек айтылады. Ол жазбаларды ақтара отырып, Ақкөл-Жайылманың Баянауыл, Ұлытау секілді тарихи маңызы жоғары жер болғанын түсіну қиын емес.

Тарихшылар Ақкөл-Жайылма туралы жазылған көптеген деректердің басын біріктіре отырып, қалашық туралы мынандай тұжырымдар жасайды: Ақкөл-Жайылма қазақ жерінің шұрайлы екендігін көрсетеді; сондай-ақ, күн көріске, мал шаруашылығына өте ыңғайлы болған өңір, осыннан табылған тарихи жәдігерлер өлкенің тамыры тым тереңде жатқандығынан хабардар етеді. Сол себепті де, Ақкөл-Жайылма қалашығында тас дәуірінде де тіршілік болғандығын сенімді түрде айтуға болады. 

Тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев қалашықта біраз уақыт зерттеу жүргізіп, тың деректер жазған. Қалашық Өлеңті мен Шідерті атты қос өзеннің төменгі ағысындағы ұлкен аумақта жатыр. Ол жерлер қазіргі Екібастұз бен Ақтоғай аудандарының құрамына кіреді. Сулы аймақта орналасқандықтан да Ақкөл-Жайылма жері шаруашылыққа ыңғайлы болған. Төрт түлік малмен күнелткен көшпелі қазақ үшін бұл өңірдің үлкен маңызға ие болғандығын аңғарамыз. Ал Ақкөл мен Жаманкөлдердің қалың қамысты болуы қыс мезгіліне өте қолайлы болған. 

ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі Ф.Щербинаның басқаруымен жүргізілген экспедицияның мәліметінде бұл жерлерде бай-бақуатты көптеген қыстаулар туралы айтылады. Олардың орындарын бүгінгі күні де кездестіруге болады. Боранды қыс мезгілінде көл жағасы паналауға ғана емес, азық тауып өмір сүруге де ыңғайлы болған. Тарихшы Ж.Артықбаев: «қазірдің өзінде мұндағы тұрғындар малдарын қыстыгүні де далаға жаяды екен. Жергілікті ақсақаладардың айтуынша, Қараобада қыстаған халық Қойайырған және Сарыөзек жерлеріне жайлауға шығатын болған. Ол өңірлердің шөбі қалың, әрі бітік. Биіктігінен бала адасардай болатындығын айтады», – дейді.

Ғалым мұндағы көлдер жүйесінің аң-құсқа, балыққа бай екендігін ерекше айтып кетеді. Далалық құстардан үйрек пен қазды көп байқауға болады, балықтың бірнеше түрлерін аулауға мүмкіндік бар. Ақкөл жағасынан орын алған Қаражар ауылынан 2 км жерден қазақ зиратының іш жағынан ортағасырға жататын керемет ескерткіштердің сұлбасы табылған еді. Сол секілді бұл аймақтан неолит дәуіріне жататын тас микролит құралдары мен қимақ-оғыз заманында салынған қорғандар қазып алынды. Ақкөл-Жайылмаға жататын жәдігерлердің қатары өте көп. Оның құрамына көлдің оң жағында орналасқан Асан Қайғы тасы, Түйте әулиенің ескерткіші, Исабек ишан мазары, көлдің күншығысында орын тепкен Әулиеағаш, Күреңбай зираты кіреді. Ілгеріде айтып кеткен зират ішіндегі ескерткіштердің жалпы атауы – «Қараоба». Бұл жерден тас дәуіріне жататын еңбек құралдары, қола дәуіріне жататын қыш ыдыстардың қалдықтары, орта ғасырда іргесі қаланған қорғандар табылды. Тарихшыларды зираттың батысынан орын алған екі төмпешік шын қызықтырып қойды. Оның бірі – 1-Қараобаның биіктігі екі метрге жетеді, солтүстіктен оңтүстікке қарай 25 метрге созылып жатыр. Ал батысынан шығысқа дейін 30 метр. Келесі 2-Қараобаның биіктігі алғашқысынан аз ғана кішірек – 1,7 метр, сол секілді басқа ұзындықтарынан да осындай кішігірім айырмашылыққа ие.

Бұл төбелердің үстінде қызыл кірпіштердің қалдықтарын аңғаруға болады. Олардың арасында көк шынымен жалатылған кірпіштердің азын-аулақ сынықтарын кездестіресіз. Сол секілді төбеден кірпіштерді күйдіруге арналған пештердің де бөлшектерін байқайсыз. Бұл орайда ғалымдарды осы төбелер айналасынан ортағасырлық қыш ыдыстардың табылуы ойлантып тастады. Белгілісі – ескерткіштің зират секілді болғандығы. Олар орталықтағы Жошы хан мазарына пайдаланған қызыл кірпіштен тұрғызылған, күмбезді, безендірілген порталды құрылыс болуы ықтимал. Сондай-ақ, тұрғызылған құрылыстардың сыртын безендіретін өрнекті керамикалық тақталар мен көк шыны жалатылған кірпіш қалдықтары құйылу техникасы мен көркемдігі жағынан көптеген ортағасырлық ескерткіштерден біраз саты жоғары тұрған. Осы арқылы бұған дейін далалық өлкеде кезікпеген тарихи жаңалыққа тап боламыз. Ескерткіштердің құрылыс типі мен материалдарына қарап, Алтын Орда заманына жатқызуға болады. Ақкөлмен қатарласып жатқан Жаманкөлдің шығыс жағынан Дуана атты өзенге дейін біраз шақырым жерде тереңдетіліп қазылған ордың ізі бар. Ол ескі дәуірдегі ирригациялық құрылыс, не боламаса бекіністен қалған ор болуы ықтимал. Не десек те, жоғарыда айтып өткен Қараобаның айналасы мықты бекінген, жақсы қамал болған.

Тағы да тарихшы Ж.Артықбаевтың мысалына жүгсек, «Қаражар елді-мекенінен дерек берген Кәкен ақсақалдың сөзінше, ол жерде ноғайлы дәуірінде қалмақ пен қырғыз арасында ғаламат соғыс болып, төбешіктер содан қалған-мыс. Ондағы қырғыз деп отырған ноғайлы руы болуы ықтимал. Сол сияқты қалмақтар Қараобаны жаулап алмақ мақсатта орға дейін келіп, іркіліп қалыпты. Ордың соншалық үлкен болғанынан олардың әскері өте алмай, абдырап қалады. Тек әскербасының аты ер-тұрманымен өте шығыпты. Көлдің жағасында ер-тұрманмен жүрген атты көрген жұртшылық бір түнде көшіп кеткен екен», – дейді ғалым.

Мәшһүр Жүсіп Көпеев «Қазақ шежіресі» Ақкөл-Жайылма ескерткіші турасында: «Шідерті өзенінің аяғында Ақжар, Сасай деген ноғайлылардың егіншілікпен айнласыпы, қала тұрғызған, билік еткен, Бұқар, Қоқан хандары сияқты орда еткен жері екен. Өлеңтінің аяғында «Қараоба», «Сарыоба» деген екі төбе – Қарабай мен Сарыбай деген екі бай қоныстанған екен, бұл екеуі де қазақтың байлары. Сол Сарыбайдың жалғыз қызы Баянсұлудың туған жері – Баянаула тауы…» деп жазылған.

Бұл жолдардан қалашықтың тарихы Алтын Орда дәуірімен байланыстыратындығын байқаймыз, бірақ оның тамыры тым тереңде жатуы да мүмкін. Себебі, «оба» сөзі ежелгі заманның ескерткіштеріне байланысты айтылады. Ал «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырынан Ақкөл-Жайылманың аты кездескендіктен, оның расында да пайда болған уақыты әріректе екендігін түсінеміз.

Ғалымдар осынан табылған зираттар мен төбелердің басым бөлігін оғыз-қыпшақ дәуіріне жатқызып отыр. Сол сияқты Ақкөл-Жайылма ноғайлы заманында Шайбани ұлысының орталығы болғаны жайында мәліметтер кездеседі. Осы дәуірде қалашықта мәдениеттің дамығанын, жазба дәстүрінің орталығы болғанын аңғарамыз.  Өлкеден табылған культтық құрылыстар, қалашықтар мен кен өндірісі қалашықтағы тыныс-тіршіліктің қай деңгейде болғанынан хабар береді.

Ақкөл-Жайылма қалашығы – сан тарихты қойынында жасырып отырған тарихи орын. Сол себепті де ғалым Жамбыл Артықбаев Ақкөл және Ақжар-Сасай өңірлерімен қоса табиғи және этнографиялық тарихи парк ретінде ұйымдастыруды ұсынып келеді. Қалашықтың Қазақстанның киелі нысандарын тізімінен табылуы, ондағы шешімін таппай тұрған біраз мәселенің түйінін тарқатып береді деген ойдамыз.

Бөлісу: