Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Бюджет кодексіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Президент жаңа Бюджет кодексіне қол қойды. Не өзгереді? Бұл құжат – ел үшін маңызды заңдардың бірі, себебі мемлекеттік қаржының қаншалықты тиімді жұмсалатынын тікелей анықтайды. Кодексті талқылау оңай болған жоқ. Ол сынға алынды, көптеген өзгерістер ұсынылды, пікірталастар өтті. Нәтижесінде кейбір ұсыныстар қабылданды, кейбірі өтпей қалды. Бірақ бұл да қалыпты жағдай, өйткені саясат – мүмкіндіктерді пайдалану өнері. Өз тарапымнан 70-ке жуық түзету енгіздім, оның 30-ға жуығы қабылданды. Бұл – әріптестермен, сарапшылармен, қоғам өкілдерімен бірлескен жұмыстың нәтижесі. Түзетулер жергілікті және орталық деңгейдегі тәжірибемізге негізделді, - деп жазды Асхат Аймағамбетов.
Бюджет жүйесінде қандай өзгерістер болады?
Бюджеттік процестің ашықтығы
- Енді Парламент пен мәслихаттар тек соңғы бекітілген бюджетті ғана емес, оны қалыптастыру процесін де бақылай алады.
- Олар бюджеттік жоспарлау жүйесіне қол жеткізіп, қаржы бөлу мен өтінімдерді көріп, тереңірек талдай алады.
Мақсатты трансферттерді қатаң бақылау
- Бұрын әкімдіктерге бөлінген қаражат-трансферттер (мысалы, мектеп салуға бөлінген қаржы) мәслихаттар арқылы қайта бөлініп, басқа мақсаттарға, мысалы, көше жөндеуге немесе қала безендіруге жұмсалып кететін.
- Енді белгілі бір салаға бөлінген қаражатты басқа мақсатқа пайдалануға тыйым салынады.
Қаржыландырудың кепілдендірілген көлемі
- Трансферттер жылдарға, өңірлерге және бағыттарға бөлініп бекітіледі.
- Әлеуметтік маңызды салаларға минималды қаржыландыру көлемі белгіленеді.
Бюджетті тиімді пайдалану
- Бұрын игерілмеген қаражат жыл соңында жойылатын, енді оны келесі жылға көшіруге болады.
- Бұл жыл соңында асығыс қаржы жұмсауды болдырмай, жобаларды сапалы аяқтауға мүмкіндік береді.
Нақты мақсаттар мен көрсеткіштер
- Бюджет жобасымен бірге нақты индикаторлар бекітіледі.
- Министрлер мен әкімдер қаржыны қайта бөлгенімен, белгіленген нәтижелерге қол жеткізуге міндетті (мысалы, 20 мектеп салу, 20 000 балабақша орнын ашу).
- Енді олар бұл міндеттемелерден ауытқи алмайды.
Бюджет қаржысының қозғалысын бақылау
- Бұрын уақытша бос қаражат екінші деңгейлі банктерде сақталып, оны жеке мүддеге пайдалану қаупі болатын.
- Енді барлық қаржы Ұлттық қазынашылық есепшотында сақталады, ал одан түскен табыс республикалық бюджетке түседі.
Мемлекеттік қарызға қатаң бақылау
- Бюджетте енді квазимемлекеттік сектордың сыртқы қарызының шектеулері көрсетіледі.
- Бюджет жобасында қарыз алуға рұқсат етілген компаниялардың тізімі және олардың бақылау механизмі белгіленеді.
Өңірлерде ғылымды қолдау
- Әкімдіктер ғылыми зерттеулер мен оларды енгізуге қаржы бөле алады.
Бюджетті нақтылау механизмін өзгерту
- Бұрын бюджет тек жылына бір рет нақтыланатын, бұл қосымша түзетулер енгізуге мәжбүрлейтін.
- Енді Үкімет қажет болған жағдайда бюджетке өзгерістер енгізе алады, бірақ бұл Парламенттің бақылауында болады.
Барлық бюджет түзетулерінің ашықтығы
- Егер Үкімет бюджетке өзгерістер енгізсе, ол 5 күн ішінде Мәжілісті хабардар етуге міндетті.
Мемлекеттік қарызды бақылау
- Енді жыл сайын квазимемлекеттік сектордың қарыздары бағаланып, сыртқы қарыз алу лимиттері бекітіледі.
Бұл – тек біздің бастамамызбен енгізілген өзгерістер ғана. Бұдан бөлек, әріптестер ұсынған өте маңызды жаңалықтар көп. Жұмыс тобы ауқымды еңбек атқарды. Қабылданған шешімдер бюджетті ашық, икемді және тиімді етуі тиіс. Бірақ ең маңыздысы – осы нормалардың тек қағаз жүзінде қалмай, елдің дамуына нақты үлес қосуы, - деп түйіндеді депутат.