Әкім 15 млн теңгеге сатылған мектепке қатысты мәлімдеме жасады

6 Маусым 2023, 20:44 1445

Қоғамда кеңінен талқыға түскен Алматы облысындағы 15 млн теңгеге сатылған мектепке қатысты әкім мәлімдеме жасады, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.  

Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов әлеуметтік желідегі парақшасында білім ордасының мемлекет меншігіне қайтарылатынын айтты.

Әлеуметтік желілерде талқыланып жатқан Шалқар ауылындағы М. Ломоносов атындағы мектебінің ескі ғимараты 2018 жылы 15 224 000 теңгеге сатылған. Бұл ғимаратты мемлекеттің құзырына қайтару үшін менің тапсырмама сәйкес 9 наурыз күні Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына талап арыз жолданды. Қосымша Қарасай аудандық прокуратурасы тарапынан Шалқар орта мектебінің ескі ғимараты бойынша қаулылардың күшін жоюға талап арыз берілді. 25 мамырда және 2 маусымда сот отырыстары өткізілді. Айтайын дегенім, құрметті аудан тұрғындары, бұл жұмысты біз үш ай бұрын бастап қолға алғанбыз. Заңға сәйкес, мемлекетке қайтарып, ел игілігіне пайдаланамыз, - деп жазды аудан басшысы желідегі парақшасында.

Еске салайық, бұған дейін депутат Мақсат Толықбай жекеменшікке сатылып кеткен мектеп мәселесін Парламентте көтерген болатын.

Берік Арманов
Бөлісу: