3 Шілде 2018, 01:54
Жазушы-драматург, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Ахметжан Аширимен сұхбат.
— Ахметжан Аксупиұлы, жуырда Қ. Қожамияров атындағы мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры Астана қаласының 20 жылдығына орай «Астана» деп аталатын пьесаңыздың желісімен қойылған спектакль жайында толығырақ айтып өтсеңіз.
— «Астана» пьесасы жазылған соң, оны Қ. Қожамияров атындағы мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры сахнаға шығаруға шешім қабылдады. Идея авторы ҚР-ның халық әртісі, режиссер Мұрат Ахмадиев және өзге де театр қызметкерлерінің күндіз-түні тынбай дайындалуының нәтижесінде спектакльдің тұсаукесері сәтті өтті.
Қойылымды көріп, баға беруге театр майталмандары, өнер шеберлері көп келді. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысты.
Спектакль соңында А. Мұхамедиұлы аса риза көңілмен «Астананың 20 жылдық мерекесіне сүбелі сыйлық, тамаша тарту болды» деп, театрдың жұмысына жоғары баға берді.
Халық әртісі, сахнаның майталманы Асанәлі Әшімов тақырыптың ашылуын, шешім табудың үйлесімділігін, әртістердің үздік ойнағанын кеңінен сөз етіп, ризашылығын білдірді. Өзге де пікір білдірушілер бұл шығарманың жазылуынан қойылуына дейінгі барысы тыңғылықты даярлықтан өткенін, Елбасымыздың кескін-келбетін, көшбасылық қасиеттерін аша білгенімізді айтты.
Оқиға осыдан жиырма жыл бұрынғы астананы Алматы қаласынан Ақмолаға көшіру кезеңіндегі күрделі тарихи сәтке құрылған еді. Ең әуелі Президент өзінің санасында сәулеленіп өмірге келген көркем идеяны әбден саралап, бекем шешім қабылдайды. Арман қала Астана туралы жан-жақты дәлелдер келтіре отырып, халық үшін берекелі мекен еткісі келеді. Егемендіктің ашық айғағы ретінде Алатаудан Арқа төсіне көшудің керек екеніне көз жеткізеді.
Мемлекетке Астана болуға тиісті қаланың тұрмыс-тіршілігін көз алдынан өткізе келе, тереңінен зерттейді. Саяси, экономикалық, халықаралық, географиялық жақтарын жан-жақты қарастырып барып, әбден илеуі қанғанда ойын жария етеді. Алдымен отбасына, содан кейін ақсалдарға, ел ағаларына айтады. Түсіндіру, мәселенің мәнін ашып көрсетуді онан әрі жалғастырып, халықтың таңдау дәрежесіне дейін көтереді. Ең соңында сол кездегі Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесіне ұсынып, депутаттардың қызу талқысына салады. Көп сұрақ-жауаптардан, пікір алысулардан кейін басым дауыспен Астананы көшіру туралы қаулы қабылданады. Ол дәл шілденің 6-шы жұлдызы болатын. Міне, осындай күрделі кезеңдегі оқиғалар тәуелсіздікті нығайту мен орнықтыру мақсатындағы оқиғаларды баяндайтын шығарма.
Бұл шығармада Елбасының даналығы, батыл қадамдары, қызметтегі шеберлігі барынша ашылады. Осылайша тәуелсіздігіміздің елең-алаң алғашқы кезіндегі Елбасының көрегендігі, батыл реформашыл қадамдары көрерменге спектакль болып жол тартты.
Мен бұл шығарманы мүлде қиялымнан, ойдан құрап жазған жоқпын. Тарихи фактілерге, болған оқиғаларға сүйендім. Олай дейтінім, осы күнге дейінгі шыққан Елбасының барлық кітаптарын оқыдым. Кезінде газетке мақала жазып, үн қосқанмын. «Әділеттің ақ жолы» кітабынан күні кеше шыққан еңбектеріне дейін қарап шықтым. Мен жазған «Астана» пьесасы да «Ұлы дала ұлағаттары» және «Қазақстан жолы» секілді еңбектерге негізделіп өмірге келді.
— Қойылымда Қазақстанда тұрып жатқан ұлт өкілдері жайы бейнеленген бе?
— Қазақстанда тұрып жатқан ұлттар туралы айтылды деп ойлаймын. Олай дейтінім, «Астана» пьесасы қазақ халқының асыл перзенті туралы жазылған шығарма. Және Жоғарғы Кеңестегі жалпы депутаттар кейіпкер ретінде алынғандықтан, оларды Қазақстандағы барша ұлттың өкілдері деуге толық негіз бар. Өйткені бар депутаттың алдынан өткен мәселе бар ұлттың алдынан өтті деп санаймын. Жоғарғы Кеңестің келісіп, шешім қабылдауы, Президенттің ұлы арманының жүзеге асуына қолдаушылық танытты деген сөзі халық қолдады деген сөз. Сол халықтың ішінде бәріміз бармыз.
— Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғалы ұлтаралық қатынаста татулық, ауызбіршілік, бауырластық күшейді деп ойлайсыз ба? Жалпы осы төңіректегі өзіңіздің ойыңызбен бөлісе отырсаңыз.
— Әрине, ынтымақ-берекеміз күшейді. Мен солай ойлаймын, оған дәлел жеткілікті. Президенттің көрегендігі, көсемдігі өте жоғары деңгейде. Мемлекет болады екен, онда ұлттар, ұлыстар өмір сүреді. Ал олардың жағдайы ала-құла. Өзіңіз де білесіз, осы күнге дейін әлемдегі мемлекеттерде ұлттық мәселелерді ең ұтымды жолмен шешкен бірде-бір мемлекеттік құрылым қалыптаспапты. Дамыған Еуропа да, Ежелгі Шығыста да бұл мәселені ойдағыдай үйлестіретін жүйені таппағаны анық. Солардан оқ бойы озып, «Қазақстан халқы Ассамблеясын» құрып, оның жұмыс тәртібін, атқару жүйесін жасап беру Нұрсұлтан Назарбаевқа ғана тән тапқырлық. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары көрші елдердегі ұлтараздық қақтығыстардан қан төгілді, үлкен жанжалдар туындады. Соның бәрінің алдын алған біздің Президент десек, оның бір ұтымды тәсілі осы Ассемблея болды.
— Көптеген шығармалардың авторысыз. Еңбегіңіз кеңінен бағаланып отырғаны баршамызға мәлім. «Нұр ана» және «Жалғыз жалбыз» романдарыңызда қазақтар мен ұйғыр халқының арасындағы достастығы суреттелген. Соңғы жылдарда осы тақырыпта өрбіген шығармаларыңыз бар ма?
— Сіз атап өткен «Нұр Ана» повестімді жазушы Нұрқасым Қазыбекұлы қазақ тіліне аударған еді. Тіпті ол Мәскеуден орыс тіліне аударылып жарық көріп, Кеңестер Одағына тарады.
«Жалғыз жалбыз» атты романым да көп қайтара жарық көріп, өзге тілдерге аударылған еңбек. Осы екі шығарманың желісі бойынша жеке-жеке «Шарбақ» және «Жалғыз жалбыз» пьесалары өмірге келді. Алғашқысы түркі дүниесі драматургтерінің шығармашылық байқауында өткен жылы жүлделі бірінші орынды иеленді. Соңғысы сахнада қойылып келеді. Осы екі шығарманың кейіпкерлері ұйғыр мен қазақ.
«Нұр ана» романында басты кейіпкер Нұранадан хабар алып, іздеп тұратын, қиналғанда қол ұшын беретін Сәуле деген қазақ келіншек.
«Жалғыз жалбызда» бас кейіпкер Қасқарау қарт — қазақтың ақсақалы, оның досы, көршісі Сейіт-аға ұйғыр болатын. Қарап отырсам шығармаларымның көбінде ұйғыр мен қазақ аралас жүреді. Интернационалдық, достыққа жаны құштар қаламгер ретінде белгілі болып келдім десем, артық айтқандық болмайды.
Ол туралы сыншы-ғалым Шерияздан Елеукенов, Сайын Мұратбеков, Нұрдәулет Ақыш, Гүлжаһан Орда, Уалихан Қалижанов, Дәулетбек Байтұрсынұлы, Патигүл Мәхсәтова, т. б. қаламгерлер кеңінен атап өткен болатын.
Жалпы шығармаларым ұлттардың татулығын, өмірдің күрделі қарым-қатынастарын, дәуірдің дамуын, философиялық мазмұндарды көркем түрде бейнелеумен өзгеше. Соңғы кездегі жазылған «Ділі Зия», «Жер Аға» романдарым да осы тақырыптардан алыс емес.
Онда дәуірдің дүрсілі, заманның дауысы бар. Өмірдің тынысы, адамдардың мінез-құлқы, өмір сүру жолындағы ұмтылыстары мен құлшыныстары баяндалады.
— «Дара жол» бағдарламасында «екі халық арасында алтын көпір болуына арқау болған бала махаббаты» дегенді растап, «Жалғыз жалбыз» романында кейіпкер еткеніңіз тағы бар. Сол кейіпкер одан басқа туындыларда сөз етіле ме?
— «Қазақстан» телеарнасының «Дара жол» бағдарламасының кезекті шығарылымы менің өмірім мен шығармашылығыма арналды. Өздеріңіз көргендей, ол жерде ұйғыр мен қазақтың қаламгерлері қатар отырды. Қалтықсыз пікірлерін білдіріп, ағынан жарылды. Сондай бір әсерлі сәттің үстінде Жаркенттегі техникумда оқып жүрген кезімдегі «бала махаббатымның» үлкен шығармамның тууына себеп болғанын айтқаным рас.
Ол махаббат ұйғыр тобында оқып жүрген мені қазақ тобына «жер ауыстыртты», осылайша қазақ халқының өмір салтына, тіліне барынша жақындай түстім. Кейінгі кезде жоғары оқу орнында қазақтармен бірге оқып, атақты Мұхтар Әуезовтің шәкірті болуыма сол «бала махаббаттың» бастау болғанын мақтанышпен айтар едім. Жылдар өте келе «Жалғыз жалбыз» романының өмірге келуіне түрткі болды.
Көркем шығармада адам өз басынан өткен өмірді, көрген тіршілікті көшіріп әкеліп қондыра салмайды. Бірақ деталь ретінде әр тұстан қылаң беріп оралып отыратыны шындық. Сол себепті жазушы өз жанының қалауын, сезімнің аласапыран күйін, түйгені мен танығанын сәуле секілді жарығын жазатынында дау жоқ. Ол қиялмен өсірілген, өзгеше әлемге көшірілген көркем образдар деп айтамын.
— Қазақстан халықтары жайында баса назар аудара жазған басқа да шығармаларыңыз болса, тоқталып кетсеңіз.
— Адам күнде бір дүние жаза алмайды. Бойдағы талантқа, өмірдегі жағдай, көрсетілер бапқа, басыңа келер баққа байланысты. Жазған еңбегің ертеректе ме, әлде таяуда ма, мәселе онда емес. Көркем шығарманың ескі, жаңа деген түрі болмайды. Егер ол әдебиеттің, яғни, өнердің талабына жауап бере алса, қашанда жаңа саналады. Ендеше «Жалғыз жалбыз» романындағы образдар осы сөзіме дәлел болмақ.
— Қазақстан халқы Ассамблеясы «Қазақтану» жобасының жақында тұсауын кескен еді. Жоба қазақты, яғни, тарихын, мәдениетін, әлеуетін өзге ұлттарға таныту мақсатында құрылып отыр. Өз тарапыңыздан үлес қоссаңыз, ол қандай форматта болар еді?
— Кез-келген мемлекеттің түп-тамыры, мемлекетті құраушы халқы болады. Осы тұрғыдан қарағанда түркі халықтарының ата қонысы, қара шаңырақта отырған ұлыс — қазақтар. Қазақстан Республикасында көп ұлт бірге жасап келе жатса да, ұйытқы болар ұлт — қазақ. Ендеше Аққу, Шортан, Шаян секілді тұс-тұсқа тартпай, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып ұюға тиіспіз. Сондықтан да «Қазақтану» дер кезінде ортаға қойылған үйлесімді идея. Қазақты тану қазақ ұлтының өзінен бастап, барлық өзге ұлт өкілдерін де қамтуы тиіс деп білемін.
Неге өзінен басталады? Себебі ғасырға созылған өзгенің отарында өмір сүру, діннің, тілдің, салт-дәстүрдің бұрмалануы қазақты қазақтан, ауылды қаладан алыстатып тастады. Жасыратын ештеңесі жоқ, қоғамда қазақтар мен «жаңа қазақтар» пайда болып, аражігі ашыла түскенін бәріміз көріп жүрміз. Сондықтан «Қазақтану» ұлттық оянуды ілгерілетеді.
Бұл міндет қалай жүзеге асады деген мәселеге келсек, Қазақстанда ондай жүйе бар. Ол — Қазақстан халқы Ассамблеясы. Он төрт облысымызда ұлттардың қоғамдық негіздегі этномәдени орталықтары жұмыс істеп тұр. Олар бұл іс-шараны науқанға айналдырып қарап отырмауы керек. Тамсанып жата беруге болмайды. Үздіксіз бағдарламалар жасап, күн тәртібінен түспейтін жұмысқа айналдыруы қажет. Өз тарапымнан әлі де тұшымды туындыларды жарыққа шығаратынымды айтқым келеді.
— Ахметжан аға, осы кеше ғана қазақ қаламгерлерімен бірге тағы бір халықаралық сыйлық алғаныңызды баспасөз жарысып жазып жатыр, сол туралы айтсаңыз.
— «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» жобасы аясында Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі Алматыдағы ұлттық кітапханада дөңгелек үстел өткізді. Ел болып атап өтіп отырған «Астананың 20 жылдығына» және журналистер күніне орай бір топ қаламгерлерге сыйлықтар мен марапаттар тапсырылды. Сол қатарда Түркия Республикасы Президентінің Бас кеңесшісі Ялчын Топчу мен Түркия Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Хакан Чавуштың құттықтау хатымен қоса, түркі дүниесі бойынша «Түркі әлемі мәдениеті мен өнеріне сіңірген еңбегі үшін» деп аталатын халықаралық сыйлықты ақын Рафаэль Ниязбек, актер Тұңғышбай Жаманқұлов және мен иелендік.
— Сұхбаттасқаныңызға көп рақмет. 80 жас мерейтойыңыз құтты босын! Тың туындыларыңызбен қуанта беріңіз!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз.