26 Тамыз 2014, 05:43
Ғалым ғұмырнамасы мен шығармаларының негізгі кезеңдерін баяндауда мұрағат деректерінің толық игерілмеуі, пайдаланған материалдарға сілтеменің дұрыс көрсетілмеуі, БАҚ-та жарияланған соны деректердің игерілмеуі ахметтану мəселесінде кері ықпалын тигізді. Кейбір келеңсіздіктерді ескере келіп, «ғылыми анықтамалықтар мен мерейтойлық құттықтау- лебіздерді қайта жаңғыртып, зерделеуді – ахметтану мəселесінің алғышарты» деп зерттеуде. Негізінен, баспа бетінде жарияланым көрген деректер бойынша қарастырсақ,ахметтанудың алғаш ғылыми тұжырымдалуы – 1919 жылдан басталады. Атап айтсақ, 1919 жылы А.Н.Самойлович «Байтұрсынов Ахмет Байтұрсынұлы»1 деген ғылыми мақала жазса, кейін бұл үрдіс жалғасын табады. Самойловичтің мақаласы кейін 1930 жылы тұлға түрмеде отырған тұста, Мəскеуде жарық көрген «Əдеби энциклопедия» атты жинақтың 1-томына кіреді. Бір ғажабы, Ресей ғалымдары арасында жеке адам баласының басында болып жататын түрлі қайшылықтарға қарамастан, оның ғылымдағы жетістіктері бағаланып отырған. Қазақ елінде А.Байтұрсынұлының ұлты үшін жасаған жұмыстары қасақана «халық жауы» деп қараланып жатқанда, орыс ғалымдары аталған жинақтың 1931 жылы жарық көрген «Əдеби энциклопедияның» 5-томына «Қазақ əліпбиі»2 деп енгізеді. Міне, нағыз ғылымдағы шынайы адалдық, ғылыми жетістіктің бағалануы! 1924 жылы Е.Д.Поливанов «Қазақ-қырғыздың жаңа (Байтұрсыновтық) емлесі»,3 1928 жылы Н.Ф.Яковлев «Əліпби құрылымының математикалық жүйесі»4 туралы ғылыми мақалалар жазды 1974 жылы А.Н.Кононов «Байтұрсынов Ахмет Байтұрсынұлы»5 атты ғылыми анықтамалық-мəліметтер бергені тарихтан мəлім. Зерттеуші А.Самойлович ғылыми деректік мақаласында А.Байтұрсынұлының ғалымдық қайраткерлігін биографиялық анықтамалық шолуға сыйғызған, қазақ ғалымын: «...қазақ тілі орфографиясының реформаторы, қазақ грамматикасы жəне қазақ əдебиеті теориясының негізін қалаушы» деп жазды (Б. 305-306). Самойловичтің ғылыми анықтамалық- ақпараттық мақаласын негізге алсақ, ахметтанудың іргетасы 1922 жылғы Міржақып Дулатұлы мен Елдес Омаровтың мақалаларынан да ертерек, 1919 жылы-ақ басталған. Себебі, аталған А.Самойловичтің мақаласында Ахметтей қоғам қайраткерінің 1919 жылға дейін жасаған сан алуан жұмыстарын ғылыми сипаттамаға сыйғызған. Зерттеуші мəліметіндегі:«көрнекті қазақ ақыны», «жорналшы», «педагог» деген танымдық сипаттаулар дəл сол уақытта қазақ ағартушысының атқарған негізгі жұмыстары болатын. Ал қазақ зиялылары тарапынан 1922 жылдан бастап зерттеліп, бағаланып жүрген «Қазақ» газеті туралы А.Самойлович: «…қазақ халқының қоғами-мəдени санасын оятушы басылым» деп, айырықша атап айтты. Бұл күні əдебиеттану ғылымында «төлтума» деп тануды ұсынған «Қырық мысалдағы» қазақы сипат пен өрнекті тілді «…Байтұрсыновтың тілі лирикалық шығармаларында қарапайым, өзінің бай, көркем, поэтикалық мəнерімен ерек- шеленеді» дейді. Міне, өзге ұлт өкілі орыс ғалымы берген нақты əрі құнды ғылыми тұжырымдаманың қазақ зиялыла- рынан 3 жыл бұрын айтылған. А.Самойловичтің ғалым туралы берген сипаттамасы алғашқы танымдық ғылыми бағалау. Бұл – А.Байтұрсынұлының ғылымдағы қайраткерлігіне қазақ ғылымы тұрғысынан айтылған тұңғыш ғылыми анықтамалық сипаттама. Орыс зерттеушісі Ахаң туралы айшығын «қазақтың бірінші көрнекті лингвист-ғалымы» деп түйіндеген.
Н.А.Самойловичтің «Түрік халықтарының əдебиеті» деген- материалында ғалымның шыққан ортасы мен жасаған еңбек- терін қамтыған биобиблиографиялық мəлімет – мемлекеттік мəртебесі бар мекеменің арнайы тапсырмасымен жазылған тарихи еңбек. Бұл мақалада «А.Байтұрсынұлының отбасы, оқыған мектептері, ұлт үшін жасаған қызметтері, қайраткерлігі «қазақ тілі грамматикасы мен қазақ əдебиеті теориясының негізін қалаушы, қазақ тілі орфографиясының реформато- ры» деп оның атқарған қызметтерін қадап көрсеткен. Қысқаша мəліметте Ахметтің əкесі Байтұрсынның айдауда болғаны да қамтылған. «Қазақ» газетінің қазақтың жас ақындары мен жазушыларын айналасына үйіргенін, басылымның мақсаты – қазақ халқының қоғамдық-мəдени деңгейін көтеру жəне оны ағартушылық жолмен іс жүзіне асыру болғанын жазған. А.Байтұрсынұлының əдеби қайраткерлігі 1901-1904 жылда- ры Крылов мысалдарын аударудан басталғанын, оның тілінде «өзіндік көркемдік пен поэтикалық мəнері қарапайым əрі жатық халықтық реңк басым десе, «Маса» жинағындағы өлеңдерінің негізгі мəні халықтың санасын ояту болды» дейді. Патшаның бодандық саясатына қарсы тұрған ақын деп, қайраткерлігін шағын анықтамаға өте шебер сыйғызған.
1924 жылы Қазақ əліпби жөнінде профессор Е.Д.Поливанов Ортаазия мемлекеттік университетінің бюллетінде жариялаған мақаласында: «...енді түзетуді қажет етпейтін, тарихи тұрғыдан алғанда кемелденген, жетілген ұлттық графика» – деп бағалайды.
Е.Поливановтың қадау сөздерін түпнұсқасында берсек:
«...эту последную форму, которую приняла казах-киргизская графика в 1924 году, я (…) считаю уже не нуждающейся в исправлениях и представляющей последний шаг в историческом формировании национальной графики, которым с полным правом могут гордиться киргизские деятели просвещения – создатели реформы как крупным культурным завоеванием» дейді. Орыс ғалымы Ахаң түрлеп, ұсынған əліпбиді түзетуді қажет етпейтін, тарихи тұрғыдан қарағанда кемелденген, əрі жетілген ұлттық графика деп танып, ғылыми тұрғыдан бағалағанын мақтаныш тұтуымыз керек. Профессордың мақаласының маңызы – сол тұстағы қазақ əліпбиінің таңбасымен, жазылу ережесінің даулы тұстарын Байтұрсынұлы жүйесімен түгендеп, тоқтам жасаған тұжырымды еңбек болғанына, оның «…бұл реформа ең ірі мəдени жетістік» деген айшықты дəйектемесінің тарихилығында жатыр.
Ғалымға берілген осы бағаны отандастары қалай қабылдады?! Бұл жөнінде тұлғаның рухани шəкірттері бір жыл бұрын, 1923 жылы М.Əуезов, Т.Шонанов, Е.Омаров мақалаларында емле туралы бірі: «...Ақаң түрлеген ана тілі» десе, екіншісі:
«...Жаңа алфавит тіліміздің таза сақталуына, ...əлемдік мəдениетпен араласуға, ...халық мектептерінің өркендеу жолына алып адым жасағаны анық» деп, ал үшіншісі: «Қазақ əліпбиі» мен «Қазақ тілінің дыбыс жəне сөз жүйесі атты оқулықтарының өн бойына сыйғызған өзекті өзгерістерінің өзі қазақ грамматикасына бөлекше реңк əкелді» деп, өз тұсында қазақ жұртшылығы тарапынан зор қошеметтелгенін айтады.
1928 жылы жазылған Н.Ф.Яковлевтің «Əліпби құрылымындағы математикалық жүйе» атты мақаласының мəн-маңызын ашып, ғылыми айналымға түсіру – бүгінгі қазақ тілі ғылымындағы лингвисттердің еншісіндегі міндет. Дегенмен осы мақаланың Байтұрсынұлы əліпбиіне қатысты тұстарына тоқталсақ, мұнда зерттеуші Ахметтің əліпби түрлеу, түзу барысында «Үндестік заңын» толық сақтағанын, дыбыстарды жүйелеуде өте икемді қалып тапқанын айтады. Бұл мақала алғаш 1928 жылы «Шығыстың жазуы мен мəдениеті» журналында жарияланды.
Мемлекет жəне қоғам қайраткерінің өмiрi мен қызметiне қатысты мақалалар өз Отанымызда негізінен, оның 50 жасқа толу мерейтойы қарсаңында жазылып, мерзiмдi БАҚ-та жарияланды. Мəселен, тұлғаға деген ең алғашқы құрмет 1922 жылы 2 тамызда Ташкенттегі Қырғыз-қазақ институтында алты алаштың баласы бас қосқан салтанатты жиында тұңғыш рет көрсетiлген. Зерттеушiлердiң деректерiне сүйенсек, А.Байтұрсынұлының Ташкентке сапарының басты мақсаты – Түркiстандағы екi облыс Жетiсу мен Сырдарияны Қазақстанға қосу болған. Бiрақ сол жылғы Ташкент қаласында шыққан «Ақ жол» газетi бетiндегi «Лайықты қошемет» атты мақалада А.Байтұрсынұлының iс-сапарынан гөрi, оның жеке басына көрсетiлген ықылас, игі тілек туралы жазылғандығы айтылады. Мақаланы 10 қыркүйекте Алматыда шығатын «Тiлшi» газетi қайта көшiрiп басады. Аталған мақалалар жөнінде журналист- ғалым Т.Қожакеев,6 əдебиет зерттеушiсi Д.Қамзабекұлы7 1991 жылы кирилл жазуына түсiрiп, ғылыми ортаға тың дерек əкелді. Əрине, iзденiс барысында бiрлi-жарым кемшiлiктер кездесіп жатады. Мысалы, Т.Қожакеев «Тарихи деректер бұрмаланбасын» (1991) мақаласында Д.Қамзабекұлының «Социалистiк Қазақстан» газетiнiң 12 қаңтардағы «Лайықты қошемет» мақаласының қайта жарияланымдағы кеткен қателiктерге ескерту жасады. Атап айтсақ, материалдың орынсыз қысқартылуы, мақала соңындағы «А.Ж.» белгiсiнiң автор ретiнде дұрыс көрсетiлмеуi. Ескерту еленіп, Д.Қамзабекұлырын жазды. Соңғы мақаласы жан-жақты талданып, 1997 жылы жарық көрген «Руханият»8 атты ғылыми зерттеуіне енді.
1922 жылы Орынборда шығатын «Қазақ өлкесiн зерттеу қоғамы еңбектерi» атты басылымында М.Дулатұлының «Ахмет Байтұрсынұлы Байтұрсынов», Е.Омаровтың «А.Байтұрсынұлының ғалымдық қайраткерлігі» мақалалары жарияланған. Бұл материалдардың 1922 жылы жазылып, жариялануы кездейсоқтық емес еді. М.Дулатұлының биографиялық очеркi тұлғаның қоғамдық қызметтерi мен қайраткерлігіне арналған. Қос мақала кейiн А.Байтұрсынұлының өмірі мен мұрасына қатысты жазылған зерттеулерге негіз болды. Мəселен, Мəскеулік басылымдар: «Əдеби энциклопедия» мен А.Кононовтың түркітанушылар сөздігіндегі сiлтемелік көрсеткiш соның айғағы.
Əдебиетші академик Р.Нұрғали «...Алаштың екі алып азаматы Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы ауылдас, аталас, ең бастысы бұлардың ұлы күрес жолындағы рухани туыстығы – қазақ тарихындағы қымбат та қастерлі беттердің бірі» деп бағалайды.10 Р.Нұрғали бірінші болып ахметтанудың іргесін қалаған қаламгер деп, мақаланың мазмұнын ашып, «Міржақып – алғашқы ахметтанушы» деген тұжырым жасады. Əлбетте, М.Дулатұлы қазақ ортасынан шыққан ахметтану мəселесінің негізін салушы екені даусыз. Ал Міржақыптың алдына одан бұрын Ахмет туралы 1919 жылы жазған А.Самойловичті шығарсақ, мұнан Міржақыптың ахметтанушылығы төмендемесі де анық. М.Дулатұлының очеркімен қатар, Е.Омаровтың да мақала жазғаны зерттеулері аталғаны болмаса, ғылыми ортада қажетті дəрежеде талданып, таратылмады.
Елдес Омаров «Ахмет Байтұрсынұлының ғалымдық қайраткерлігі» деген мақаласында қайраткерді «...күллі қазақ даласы біледі, оның талантын жоғары бағалап құрмет тұтқанымен, бəрібір оны дұрыс түйсініп бағалай білмейді» деп жазады.11 Е.Омаровтың Ахметтің қазақ грамматикасы- на өзгерістер кіргізіп, баға жетпес жаңалық əкелгенін қазақ жұртының санасы əлі түсініп те, түйсініп те болған жоқ. Мейлі Байтұрсынұлының қаламынан ертеден келе жатқан қазақ тілінің ережелері қамтылған кағидалар мен көп томдықтар жазылмаса да оның «Қазақ əліпбиі» мен «Қазақ тілінің дыбыс жəне сөз жүйесі» оқулықтарының өн бойына сыйғызған өзекті өзгерістерінің өзі, қазақ грамматикасына бөлекше реңк əкелгенін тілші-мамандарға ғылыми жүйеде талдауы арқылы түсіндіреді. Қазақ грамматикасында ертеде қаншама оқулықтар жазылса да, олардағы өзгерістердің аңғарылмайтынын, ислам дінімен кірген араб жазуының қадимшеленген нұсқасының да қазақ дыбыстарының ерекшеліктерін қамти алмағанын айтады. Ал Ахметтің көлемі шағын ғана оқулықтарына аз сөзбен, саз жүйені сыйғызған жаңалығы, реформатор тарапынан түрленген қосар дыбыстардың қазақ тіліне тəн түрлі дыбысты дəл бере алатынын нақты деректермен көрсетеді. Демек, бұл ғылыми зерттеу мақала Е.Омаровты ахметтанушы деп айтуға толық негіз болады.
Ғалымның үзеңгiлiс замандасы Телжан Шонанұлы да 1923 жылы тұлғаның ғылыми қайраткерлігі туралы «Ахмет Байтұрсынұлы халық ағарту жəне əдебиет саласында» деген орыс тілінде ғылыми мақала жазған.12 Мақала жарияланбаған. Т.Шонанұлының қолжазбасын мемлекет мұрағаттың қоры- нан алып, жұртшылыққа ұсынған мұрағат қызметкерi əрi филолог Б.Байғалиев. Оның дайындауымен 1992 жылы жарық көрдi. Деректi мақаланы «Əдеби мұра» ретiнде ұсынған «Жұлдыз» журналы редакциясы: «…Оқырман назарына ұсынылып отырған мақала 1923 жылы Ахмет Байтұрсыновтың 50 жасқа толған мүшелтойына арнап жеке кiтап ретiнде шығару мақсатымен орыс тiлiнде жазылған. Бiрақ жарық көрмеген. Мақала қолжазбадан аударылып берiлiп отыр. Қолжазбаны Қазақ ССР Мемлекеттiк Орталық архивiнiң №544 қорынан алып жариялауға дайындаған – Бейсенбай Байғалиев»деген маңызы зор мəлімет береді (123-б.).Осы ақпараттық мəлімдемеде бiрiншiден, 50 жасты «мүшелтой» деп жаңылысады, бұл негізінен мерейтой. Мұсылмандардың жыл қайыруына сүйенсек, алғашқы мүшел – «13 жас», оған 12- ні еселесек, келесі мүшел – «25, 37, 49» болып жалғаса береді. Бұл мақаланың ғылыми ортаға беретiн жаңалықтары аса құнды. Лингвист Т.Шонанұлының мақаласындағы ерекшелiк – А.Байтұрсынұлының өлеңдерiнен алынған үзінділердің орыс тiлiне аударылуы мен олардың шығу тарихына түсiнiк талдау беруi. Сондай-ақ, тұлғаның қазақ халқына жасаған қызметi туралы: «…қиынкезеңде Ахметалғашқыболыпдауыскөтерiп, қазақ мектебiн бiр жағынан, дүмше молдалардан, екiншi жағынан патша миссионерлерi ықпалынан құтқару үшiн қызмет еттi» – деп жазады. Оның тiл саясатында кемеңгер күрескер екенi жəне қазақ үшiн жаңа əлiпбидi тұңғыш рет түрлеп-түзудегi ірі құбылыстың тiзгiнiн ұстағанын ғылыми тұрғыдан дəлелдейдi. Т.Шонанұлы жаңа əлiпбидiң ерекшеліктерін былайша жіктейді: «Бiрiншiден, А.Байтұрсынұлы əлiпбиi тiлiмiздiң таза сақталуына. Екiншiден, əлемдiк мəдениетпен араласу жолын жеңiлдетуi. Үшiншiден, халық мектептерiнiң өркендеуiне алып қадам жасағаны анық» деп жазады. 1915-1916 жылдары Түркi халқының тiлi таласқа түскенде Ахметтің ана тiлiмiздi қорғап, «Шекiспей, бекiспейдi» мақаласы мен «Туған тiлiм» деген өлең жазғанын айтады. Ғылыми талдауында мақала мен өлеңнен үзiндiлер келтiрген.
Т.Шонанұлының мақаласы – ғалымның 125 жылдық мерейтойына орай шығарылған «Ұлттық рухтың ұлы тiнi» атты ғылыми жинақта: «Мақала əуелгi, орыс тiлiндегi нұсқасында тұңғыш жарияланып отыр. Қолжазба – Қазақ КСР Мемлекеттiк Орталық архивiнен алынды: №544 қор, 1-тiзбе, 104-б» деген ерекше-ескертумен жарияланды.
1923 жылы тұлғаның 50 жасқа толу мерейтойына орай, С.Сейфуллин, М.Əуезовтер мен «Ақ жол» газетінің басқармасы тарапынан танымы терең құттықтау мақалалар жазғаны, бұл мақалалардың ахметтану мəселесінде үлкен рөл атқарғанын, бүгiнгi ғалымдар зерттеу еңбектерінде таратып талдап, жазып жүр. Мақалалардың құндылығы соншалық, бiрнеше рет басылым көргенiн атасақ та жеткiлiктi.
Кеңес дəуірінде А.Байтұрсынұлының қысқаша өмірбаянын жазып жəне ғалымның еңбектерін ғылыми ортаға ұсынған, əрі тарихи əділ баға берген сүбелі еңбек – түрколог-ғалым А.Н.Кононовтыкі. Бұл анықтамалық сөздіктің редакциясын басқарып, кіріспе сөзін жазған. Орыс ғалымы аталмыш сөздіктегі шағын мəліметтің өн бойына барлығы – 12 сөйлемге қазақ оқымыстысының болмысын толық сыйғызған. Түркітанушы анықтамалығындағы мəліметтерді Алекторов, М.Дулатұлы, Е.Омаровтардың материалдарынан алғандығына сілтеме жасайды. Бір ғажабы, түркітанушының адам бітімінің 12 мүшемен толығатыны тəрізді, қазақ ғалымының орасан еңбегін 12 сөйлемге сыйғызған əмбебаптығына еріксіз бас иесіз. Бұл сөздіктің қазақ ғылымы үшін үлкен сенсация болғаны белгілі. Осы еңбек туралы отандық ғалымдар идеология салдарынан үндерін дабыра ете алмай, жасырып оқығандарын, «жинаққа» деген ризашылықтарын мұқабанының сыртын сипай-сипай білдіргендері, кешегі ҚКОК-нің «Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынұлы жəне Жүсіпбек Аймауытұлының мұрасы туралы» қаулысы шыққаннан кейін ғана айтыла бастады.
«Алыптармен қауыштырған қаулы еліміздің өміріне, қазақ ғылымына рухани серпіліс əкелді» дейді кеңестік кезеңнің ғалымдары.
1930 жылы Мəскеудің Əдеби энциклопедиясының 1-томына А.Байтұрсынұлының қысқаша биографиялық анықтамалығы, 1931 жылы 5-томына Қазақ əліпбиі (Байтұрсын емлесі) енуі, 1974 жылы А.Н.Кононов «Байтұрсынов Ахмет Байтұрсынұлы» деген ғылыми мəлімет беруі – тарих таразысының безбенінен өткен нағыз ғалымдардың сараптаулары болатын.
Өзге ұлт өкілдері: А.Самойлович, Е.Д.Поливанов, Н.Ф.Як- овлев, А.Н.Кононов, өз отандастары: М.Дулатұлы, Т.Шонан- ұлы, Е.Омаров, С.Сейфуллин, М.Əуезовтің мақалары А.Байтұр- сынұлының өмірнамасын, шығармаларын жан-жақты таныту- да негізгі дерек көзі. Демек, ахметтану, оның əдеби, ғылыми шығармашылық мұрасын таныту – ол өзі өмір сүрген кезеңнен бастау алатыны басы ашық нəрсе.
Кеңес тұсындағы əдебиеттеАлаш арыстарының мұрасын кеңестік жүйе айналып өтті деуге негіз жоқ. Өйткені, олар өз тұсында-ақ, қазақ деген ұлысты өз жерінде өгейсіткен алпауыттарға қарсы тұрған батылдығымен, төл тілімізді өрге сүйреген жанкештілігімен, мейлі «халық жауы» деген қара таңба нақақ таңылғанына қарамастан, ел жадында өзгеше бір ыстық ықыласпен қалғаны анық. Ел ішінде қалған көзі ашық оқымыстылар олардың атын айналып өтуге мəжбүр болғанымен, еңбектерінің атынан да, затынан да қашпағанын, сол тұста жəне берегіректе жарық көрген кейбір еңбектерде кездестіруге болады. Мəселен, ғалым-лингвист Құдайберген Жұбанов 1933 жылы алғаш жариялаған «Политехникалық мектеп» журналының №7-8 санындағы «Қазақ тілінің ғылыми курсы» атты материалында ағартушы-ғалымның «Тіл – құрал» оқулығы туралы: «Қазақ тілін зерттеушілердің алдын Ш.Уəлиханов деп, берігіректе А.Байтұрсынов, Қ.Кемеңгеров, Е.Омаров, Т.Шонанов, Х.Досмұхамедов екендігінен мəлімет береді де, сол тұстағы қазақ тілін зерттеп танытуда А.Байтұрсынұлының дəрежесінен «əлі көш кейін жатыр- мыз» деп, оқытушыларды сапалы жұмыс жасауға шақырады.13
Қ.Жұбанов айдауда жүрген қазақ оқығандарының ғылыми- мəдени жетістіктерін «заңды мұрамыз» деп қорғап, олардан бас тартуға болмайтынын, керісінше, олардың жетістіктерін қазақ қажетін өтейтін пайдалы мұра екендігін айтқан.
Лингвист дəрістерінде «Байтұрсынұлы кітаптарының 1-ші сыныптан жоғары дəрежелі мектептерге (ВУЗ-ға) дейін бəріне де «жарап» жүр. «Тіл – құралымен» оқытуға тый- ым салынған бола тұрса да мұғалімдердің оның кітаптарын Құрандай қолтықтап, керегін ... іздейтінін жазады. Əрі сол кезеңде жазылған жолбасшы кітаптардың «Тіл – құралынан» кем болғанын, оған зерттеушілердің айыпты екенін» баса айтады. Қазақ ұлттық ғылымының жетістіктерін кеңестік жүйе бірін ақтап, бірін даттап, олардың артында қалған мұра- ларын «үнсіз» сіңіріп, талдап-тануда «ала-құлалық» көрсетіп жүргенде, осы жүйедегі жеке басқа табыну саясатынан тай- салмастан тура сөйлеген Қ.Жұбанов «қара тізімдегі» ұлт зиялыларының мұраларына араша түсіп, зор адамгершілік жасағанын сөз саптауынан көруге болады. Қазақ əліпбиінің жобасы талқыға түскенде де лингвист-ғалым Қ.Жұбанов жаңа қазақ харпінің қалыптасуының негізін араб жазуымен байла- ныстыра отырып, қарастырады. ҚР ОММ-ның қорында мы- надай дерек қатталған: «...с 1912 г., когда впервые была выработана эта система и произошла реформа арабского алфавита, по 1930 г., когда арабский алфавит правительственным декретом был изъять, т.е., в течение 18 лет казахские слова писались по этой системе, причем никаких недостатков (...) Надо заметить, что отказ от этой системы принятием латинского алфавита произошел (...) по нажиму ученого совета ВЦКНА, а не по инициативе Казахстана». Қайраткердің шегелей айтқан бұл сөзі – қазақ ұлтының өз жерінде, өз Отанында отырып əліппе таңдауда еркі болмағанына жаны ауырғанын, шарасыздығын көрсетеді. Тілтанушы ғалым Қ.Жұбанов қазақ əліпбиінің түзілу тарихын тереңдеп танытуда А.Байтұрсынұлына дейін де əліпби, жазу болғанын, ағартушы-ғалым Ы.Алтынсарин жүйелеген əліпбиде кеткен «кемшіліктерді» түзегенін, ескі əліпбиді қазақ табиғатына бейімдеп, «қосар əріптерді жаңадан енгізді» деп қазақ тіл ғылымының қалыптасуы мен даму сатысына сүзгі сараптама жасайды. Əліпбиге кірген соны жаңалықты құптап, қабылдайды.
Сəбит Мұқановтың 1932 жылы жазылған Алашорда əдебиеті жайлы «ХХ-ғасырдағы қазақ əдебиеті»14 атты кітабы – əрі оқулық, əрі зерттеу сипаттағы еңбек. Бұл зерттеу еңбекте 1929 жылы «халық жауы» деп қуғынға ұшыраған қазақ зиялыларының шығармалары сыңаржақ пікірге ұшыраған. Мəселен, «І-бөлімге Ұлтшылдық, байшылдық дəуірі» деген айдар тағылып, мұнда жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ əдібиетінің өкілдері «байшыл», «ұлтшыл» деп айыптаған. Дегенмен, кеңестік жүйенің талап үдесінен шығу үшін жазылған бұл кітаптың «қудаланған халық жауларының» мұрасын алғаш рет зерттеу нысаны етіп қарастыруымен құнды еңбек болып қалатынын бүгінгі əдебиеттанушы ғалымдардың зерттеулерінде айтып жүр. Кітап екі бөлімнен тұрады. Социалистік ғылым-білім ілімін негіз еткен С.Мұқанов: «...Қазақ ұлты ХІХ ғасырдан бастап құрыла бастады... Октябрь төңкерісіне дейін ұлт пайда болды», ал «...Алашорда – орыс байларынан арқа сүйеген қазақ байларының партиясы» оған өңшең байлар қатысты, «ұлтшылдықтың туын қазақта алғаш ұстап шыққан Ахмет Байтұрсынұлы 1905 жылға дейін ұлтшыл болған жоқ» деп, ертеректе өзі де «қазақтың ұлт көсемі» деп таныған тұлғаның қайраткерлігі туралы: «...Ахметтің Октябрь төңкерісіне шейін қазақ халқын ояту ретінде көп еңбегі сіңді. Қазақ мектебі, қазақ тілі сықылды орындарда оның еңбегі мол... Əр тілдің айдауында жүрген қазақ балаларына қазақ тілімен кітап жазған, қазақ тілінің негізін жасап, қазақ мектебінің іргетасын қалаған алғашқы адам – Ахмет. Ахметтің бұл тарихи еңбегі бағаланбай қалмақ емес» деген айшығынан айнып шығады. Осы тарауда Алашорда əдебиетінің көрнекті өкілдерінің өмірі мен шығармалары қарастырылып, олардың ең бастылары «А.Байтұрсынұлын жəне оның əдеби шығармасы: «40 мысал», «Маса» жинақтарына кірген өлеңдердегі сарын «ескішілдікті» дəріптеу, бұрынғыны аңсау» деп, кеңестік идеология тұрғысынан талдайды.
Əдебиетші Ғаббас Тоғжанұлы «Əдебиет жəне сын мəселелері»15 атты еңбегінде замандастарының əдебиетте көтерген тақырыбына сын көзімен қарап, оларға большевиктік партияның таптық көзқарасы тұрғысынан дұрыс жол сілтеуді қалайды. Ол өткен кезеңге баға бере отырып, оның кешегі жəне бүгінгі сарынын анықтайды. «...Төңкерістен бұрынғы қазақтың көркем əдебиетінің жалпы сарыны ұлтшылдық еді» деп жазады. «Ақымет, Міржақып, Омар Ғарашұлы, Сұлтанмахмұт, Жүсіпбек, Мұхтар, Сəбит Дөнентайұлы қаламының желі бар ақын-жазушыларымыздың бəрі де қазақтың надандығын, орыс патшалығының қорлығында жүргенін, «əділ» хан, билердің кеткенін, қазақ əйелдерінің малға сатылатынын, ескіліктің қазақ еліне бөгет-шырмау болып отырғанын жазушы» еді десе, ал Кеңес дəуіріндегі Алаш зиялы- ларының орнын былайша пайымдайды: «...Бүгінгі қазақ байының жоқшысы, көсемі Ақымет, Əлихан, Мағжан болып тұрса, ертең олар өлсе, олардың орнын басатын басқа Ақымет, басқа Мағжандар шығады... бұрынғы ұлтшылдығы, байшылдығы енді бұқарашылдық болды. Бұқараның атын жамылған баяғы ұлтшылдық, баяғы байшылдық. ...Смағұлдың дос қылып отырған Ақыметімен танысыңыз. ...төңкерістен бері өлеңді қойды. Ғалымдықпен шұғылданады. Баяғы ұлтшылдығын, байшылдығын қойды ма? Қойғаны сол, байшылдығын, ұлтшылдығын Ақымет «сабағына» кіргізді». Ғ.Тоғжанұлының 1932 жылы Мəскеуден жарық көрген «О Байтурсунове и байтурсуновщине» атты еңбегі, тұлғаның «халық жауы» деп қудаланып, айдауда жүрген тұсында республика басшысы Голощекиннің «...əдебиетте жік бар, соны əшкерелеп жою керек» деген нұсқауына сəйкес арнайы тапсырыспен жазылған қасақана «күйе жағу» жұмысы болатын.
Сəбит пен Ғаббасқа заман ауанына қарай түрлі-түрлі пікір айтқызған биліктің екі жікке бөлуінен туған уақытша пайымдар еді. Алдыңғы айтқанына соңғысы кері келіп тұрған ерсілі-қарсылы пікірлерді жан-жақты кең тұрғыда талдасақ, əдебиет майданында отқа түсуге дайын тұрған əрбір тұлғаның ұстанымын өзінше жақтап та, даттап та шығуға болады. Бірақ, əдебиеттің аты – əдебиет, сол уақыт тұрғысынан қарасақ, мұндай зерттеу жазылуға тиісті жосық, яки арнайы жоспар, бағдарлама бойынша қарастырылған. Ал бүгін біз теріс көрген пікірлердің, сол уақыт өлшемімен «дұрыс жазылған зерттеулер болғаны» ақиқат. Бірақ, жылдар бойы жиналатын əдебиеттану ғылымындағы əдебиеттанудың тарихы, теориясы, сыны тұрғысынан таным таразысы өз өлшемін жасайды.
Тəуелсіздік кезеңдегі Қазақ тіл білімі мен əдебиеттануда Байтұрсынұлын тану мəселесі қазақ ұлттық ғылымында бағыты белгілі дербес сала. Таңдамалы жинақтарды қайта шығару бойынша Ахметтану саласында атқарылған өзекті мəселелер- дің бір саласы, ғалым туындыларын бүгінгі, келер ұрпаққа таныстыру. Ғалымның шығармашылық мұрасы 1989-2009 жылдар аралығында бірнеше дүркін қайта жарық көрді. Жалпы саны – 21. Қандай қоғамда болмасын кiтаптың сатылуы, яғни өтiмдiлiгi қашанда басты мəселе екенiн ескерсек, А.Байтұрсынұлы туындыларының бiрнеше рет басылуы оның сұранысқа ие құнды кітап екендігіне айғақ. Бұл қайраткердің зерттеу-еңбектердiң өмiршеңдiгiн көрсетеді. Əрбiр кiтаптың түрлiше тағдыры болады. Кейбiр кiтаптардың санатта бар екендігі де байқалмайды. Ал кейбiрi басылып шыққан күннен бастап, ескiнi есеңгiрете, жаңамен қоян-қолтық араласа, «бүгiнгi кiтап – ертеңгi iс» дегендей қоғамнан өз орнын алады. Зұлмат заман, есімін айтқызбаса да, ғалымның филология саласындағы ғылыми еңбектерi қазақ дүниетанымында өзiндiк сара жолын салды. Ғұламаның «Əдебиет танытқыш» оқулығының «əдебиеттану мен əдебиет теориясының бастауы» болғандығы мойында- лып, оны кеңес тұсындағы əдебиеттану ғылымындағы зерттеу еңбектерде елеусіздеу етіп жазып келді. Кеңестік дəуірдегі ұлт əдебиетін қатаң бақылауда ұстағанын ескерсек, қазақ тіл білімі мен əдебиеттану саласындағы ғалымдардың ғұлама- ның есiмiн айналып өтiп, оның туындыларын сiлтемесiз пайдалануына түсінушілікпен қарау керек те сияқты. Енді қайта жарық көрген шығармаларға тоқталсақ.
1989 жылы «Жазушы» баспасынан «А.Байтұрсынов. Шығармалары Өлеңдер, аудармалар, зерттеулер» 320 бет, (Құрасты- рушылары: Шəрiпов Ə., Дəуiтов С), 20 000 таралыммен жинақ жарық көрдi. Кітапта алғысөз орнына берілген Ш.Сəт- баеваның «Ахмет Байтұрсынов» деген баянатында тұлғаның мемлекеттік қызметтегі ресми құжаттарының бірі – РКП (б)- ның Орынбор Комитетіне партия мүшелігіне алуды сұраған өтініші берілген. Жинаққа «Маса», «Қырық мысал», «Əдебиет танытқыш» еңбектері топтастырылған. Кітап соңындағы ғылыми түсінікті С.Дəуітов жазған. Жинақ ғалым есімі ақталғаннан кейiн басылған – бiрiншi кiтап. Жинақтың офсет- тік қағазының сапасы төмен. Мұндағы ең құнды деректер: жеке суреттері жəне «Маса», «Қырық мысал» кітаптарының мұқабалары. Кітапқа редакторлық жасаған М.Неталиев. Қайта басылған кітапта төлавтор А.Байтұрсынұлының құқы қорғалмаған, тек жинақты бастырушы «Жазушы» баспасының мүддесі қарастырылған.
1991 жылы «Жалын» баспасынан «А.Байтұрсынов. Ақжол, Өлеңдер мен тəржiмелер, публицистикалық мақалалар жəне əдеби зерттеу» 464 бет, (Құрастырушысы əрі алғысөзi Р.Нұр- ғалиев), 20 000 таралыммен басылым көрдi. Жинақтың 1989 жылғы жинақтан өзгешелігі, мұнда: М.Əуезовтің «Ақаңның елу жылдық тойы» құттықтауы, əр жылдары жарияланған 43 публицистикалық мақала топтастырылған. Аңдатпасында: «Отызыншы жылдары сталиндік озбырлықтың құрбаны болған ұлы ғалым-лингвист, əдебиет зерттеуші, ақын-аудармашы, публицист Ахмет Байтұрсынұлының ардақты есімі қазіргі қайта құру заманы арқасында ақталып, артына қалдырған асыл мұрасы халыққа қайта оралды» деген ақпарат береді. Р.Нұрғалиев «Алып бəйтерек» деген тақырыпта ғалымның өмірі, қызметтері жөнінде шолу жасай отырып, əдебиеттанушы ғалымның əдеби мұрасына бүгінгі əдебиет талабы мен танымы тұрғысынан талдау жасаған. 1-бөлімдегі: «Қырық мысал», «Маса» туындыларын – М.Мырзахметов, «Ер Сай- ын», «23 жоқтау» ауыз əдебиетінің нұсқалары – Р.Нұрғалиев,
2-бөлімдегі: «Көсемсөз» мақалалары – А.Мектепов, Ғ.Əнесов,
«Əдебиет танытқыш» əдеби зерттеу еңбегі – Р.Нұрғалиев дайындаған. Кітап редакторы – Е.Дүйсенбаев, жинақта тұңғыш рет төлавтордың құқы қарастырылып, мүддесі қорғалған. Кітаптың офсеттік қағазы сапалы, əрі көркем суреттермен безендірілген.
2002 жылы «Жiбек жолы» баспа үйiнен «А.Байтұрсынов. Бес томдық шығармалар жинағы», бiрiншi том. 208 бет, 500 дана- менжарықкөрдi.Баспағаəзiрлегендер:А.Iсiмақова,Г.Пірəлиева. Кітап аңдатпасында: «1926 жылғы «Əдебиет танытқыш» пен 1989, 1991 жылдардағы «Əдебиет танытқыш» салыстыры- лып, өзгерiске ұшыраған, алынып тасталған тұстары қалпына келтiрiлiп, толықтырылғаны» туралы мəлімет берген. «Қазақ тіл білімі мен əдебиеттануының реформаторы» атты алғысөзінде кітапқа енген түпнұсқалар туралы түсінік береді. Кітапта ауытқушылықтар кездеседі, мəселен алғысөзде: «Ұсынылып отырған академиялық басылымда (...), А.Байтұрсынұлының Т.Шонанұлымен бірге жазған «Оқу құралы» кітабы толық беріліп отыр» деп көрсетілгенімен, аталған түпнұсқа жинаққа енбеген. Төлавторының құқы қарастырылмаған, бірақ жинақты дайындағандар мен баспа үйінің мүддесі қорғалған. Кітаптың офсеттік қағазының сапасы орташа.
2003 жылы осы томдық «Алаш мұрасы» сериясымен «Алаш» баспасынан «Байтұрсынұлы А. Бес томдық шығармалар жинағы». 408 бет. 2000 дана таралыммен қайта басылым көрдi. Бұл томдықтың ерекшелiгi – 1989, 1991 жылдардағы шығармалар түпнұсқамен салыстырылып, толықтырылған. Құрастырып, алғысөзі мен ғылыми түсінігін жазғандар: А.Ісімақова, Г.Пірəлиева, С.Сəкенов, К.Мұстафаевалар. Шығарушылардың мүддесі қорғалған. Басылған қағазының сапасы төмен.
Осы жылы «Атамұра» баспасынан Атамұра кiтапханасы сериясымен «Байтұрсынов А. Əдебиет танытқыш. Зерттеу мен өлеңдер» 208 бет, 3000 дана таралыммен жарық көрді. Кiтапқа қысқаша аңдатпа берілгенімен, баспа тарапынан қандай да түсiнiк жасалмаған. Жинақтың сыртқы мұқабасында А.Байтұрсынұлының суретімен, оның шығармашылығы туралы анықтамалық мəлімет берілген. Кiтап – зерттеу жұмыс, əрі оқулық екені негiзге алынбастан, көркем басылым ретiнде ұсынылған. Осы басылымның бас редакторы – Ə.Пiрманов, редакторы – А.Дəдебаев. Төлавтор мен баспаның құқы қорғалған. Кітаптың басылған офсеттік қағазы өте сапалы, əрі көркем безендірілген.
2006 жылы ҚХР, Үрімшінің Шыңжаң халық баспасынан «Байтұрсынов А. Əдебиет танытқыш. 272 бет, 2000 дана таралыммен жарық көрген. Кітапты баспаға дайындаған: С.Сағатжанұлы. Кітаптың қағазы өте сапалы. Бірінші бетіндегі аңдатпалық ақпарат қытай тілінде берілген. Жинақтың елімізде басылған кітаптардан айырмашылығы – Ахаң əліпбиімен басылуы. «Автордың қысқаша өмірбайаны» деген тақырып аясында 1,5 беттік шолу мəлімет берілген.
1 Самойлович А. Түрік халықтарының əдебиеті // Шығыс əдебиеті. Бас. І. – Петербор, 1919.; А.Б.Байтұрсынов. Қысқа биографиялық анықтама. Қолы: А.С. // Əдеби энциклопедия. (Жауапты ред.: В.Фриче). – Мəскеу, 1930., 1-том, Б. 305-306.
2 Қазақ (Байтұрсыновтық) əліпби // Əдеби энциклопедия. (Жауапты ред.: Луначарский). 5-т., – Мəскеу, 1931., 23-б.
3 Поливанов Е. Қазақ-қырғыздың жаңа (Байтұрсыновтық) емлесі // Ортаазиялық мемлекеттік университеттің бюлетені. Басылуы. 7. – Ташкент, 1924., Б. 35-43.
4 Яковлев Ф. Əліпби құрылымының математикалық жүйесі // Шығыстың жазуы мен мəдениеті. І-кітап. – Мəскеу, 1928., Б. 41-64.
5 Кононов А. Байтұрсынов Ахмет Байтұрсынұлы // Отандық түркологтардың биоби- блиографиялық сөздігі (төңкеріске дейінгі кезең). – Мəскеу, 1974.-342 б., 115-б.
6 Қожакеев Т. Қым-қуыт іздер. – Алматы: Санат, 1999.-400 б., Б. 328-330, 355-358.
7 «Лайықты қошемет» (Ахаңа жасалған құрмет жайында. Мақаланы дайындаған: Қамзабекұлы Д) // Социалистік Қазақстан, 12 қаңтар 1991; Қамзабекұлы Д «Ақаңның алдында» // Қазақ əдебиеті №11, 12 наурыз, 1996.
8 Қамзабекұлы Д. Руханият. – Алматы: Білім, 1997.-272 б., Б. 88-100, 99-107,171-200.
9 Ұлттың ұлы ұстазы. – Алматы: Орталық ғылыми кітапхана, 2001.-305 б., Б. 250, 190.
10 Нұрғали Р. Қазақ əдебиетінің алтын ғасыры. – Астана: Күлтегін, 2002.-528 б., Б. 12-35.
11 Омаров Е. Ахмет Байтұрсынұлының ғалымдық қайраткерлігі // Қырғыз өлкесін зерт- теу қоғамының еңбектері. 3-басылымы, Орынбор, 1922., Б. 26-38
12 Шонанұлы Т. Ахмет Байтұрсынұлы халық ағарту жəне əдебиет саласында. Наурыз, 1923 жыл // Жұлдыз №2, Б. 123-128, 1992.
14 Мұқанов С. ХХ-ғасырдағы қазақ əдебиеті.– Қызылорда, 1932.-234 б., Б. 18-32.
15 Тоғжанов Ғ.Əдебиет жəне сын мəселелері; Байтұрсынов жəне байтұрсыновшылар туралы. – Алматы-Мəскеу, 1932.-48., Б. 3-39; Қазақстан большевигі №5, 1932., Б. 3-21.
Ахмет Байтұрсынұлы "Ел - шежіре"