27 Тамыз 2014, 22:38
Бұл күнде оқудың керек екеніне ешкімнің таласы жоқ. Қай жұрт болса да оқумен ілгері басып тұрғандығын, кейін қалудың себебі оқудың кемдігінен екенінен көріп тұрамыз. Оқусыз халық қанша бай болса да, біраз жылдардан кейін оның байлығы өнерлі халықтардың қолына көшпекші. Мұның себебі – ойлап қараса, біздің қазаққа мағлұмсыз емес. Бұл заманда не нəрсе машинаға айналды. Қазақ биыл 5 теңгеге сатқан нəрсесін келер жылы өзі 10 теңгеге қайьа сатып алады. 10-11 сомға алып отырған былғары – былтырғы 4-5 сомға өзі сатқан терісі. Кезі 5-6 сомдық шұғалар, торқалар – қазақтың бір пұтына 3-4 сом алып, сатқан малының жүні.
Қазақтың осы күні сатып алмайтын нəрсесі жоқ, сол алған нəрселерінің бірін де қазақ өзі істеген емес. Қазақ пайдаланып отырған шөп шабатын, киім тігетін машиналар, соқа-сайман, арба-шана, киім-кешек, ыдыс-аяқ бəрі де завод, фабрикаларда істеліп шыққан. Бұл істеліп шыққан нəрселердің сүйегінен іс ақысы он есе қымбат. Бұлай болғанда, қазақ басқа жұрттың өнерін қымбатқа сатып алып отыр. Мұнан 20-25 жыл бұрын қазақ Бұхар, Ташкентке түйемен кіре салып қанаша пайда қылушы еді. Темір жол түскен соң ол пайда да қазақ қолынан кетті. Басқа жұрттарда өздерінің істеген нəрселері өз ішінде сатылып, жұмсаған ақша өз елдерінде қалып, шетке кетпейтін болса, оны жұртқа шығын деп есептемейді, тек бірінен-біріне ауысқанға санайды. Қазақ малының басқаларға кетпейтін орны жоқ. Жоғарыда айтылған шаруа туралы болсын, патрияға мүбталла болсы, бəрінде де қазақтың байлығы осы көлденеңге, көк аттыларға түсып, соларға жем болады.
Қазақтың шаруасына бір жақтан надандығынан кемшілік келгенде, екінші жағынан білімсіздігін көріп тұрғандар басынып, елдіктен, теңдіктен қалдырып, тиісті сыбағасына қиянат етіп тұрғаны санасы бар қазаққа ескерерлік іс еді. Бұл заманда қолы жетпегендерді теңдікке жеткізетін, əлсіздерге күш беретін өнер-білім, сол өнер-білімге мезгілі өтпей тұрғанда үйренсек тұрмысымызды түзетіп, басқалардың аяқ астында жаншылмас едік, біз де өз алдымызға бір жұрт екендігімізді білдірер едік.
Осы замандағы жан таңырқарлық нəрсенің бəрі ғылыммен табылған. Адам баласын көкте құстай ұшқызған, суда балықтай жүздірген – ғылым. Дүнияның бір шеті мен бір шетіне шапшаң хабар алғызып тұрған – ғылым, от арба, от кемелерді жүргізген – ғылым. Осыларды істеп отырған жұрттың бəрі де сондай болмаған. Бұлар да басында біздей, қатта бізден де өнерсіз болған. Халық жүре, оқи, талаптана келе осыншаға жеткен. Əуелгі заманда жұрт шаһар дегенді білмейді екен, далада аңша өсіп-өніп жүріпті, араларында «менікі-сенікі» болмапты, аңның терісін киім, етін тамақ, тарамсын жіп, сүйегін ине қылды, екі ағашты біріне-бірін үйкеп от шығарды. Жазу-сызуды көпке шейін білмеді, соңынан оны да ойлап тауып, басында аңның терісіне жазып жүріпті. Сүйткен жұрттар осы күіні қандай тамаша іс қылып тұр!
Енді біздің қазақта оқудың көп-азын мөлшерлеу үшін мынау есепті көрсетеміз. əр жердегі қазақтың өнер-білімі қаралас, сол себепті бір облыс, яки бір уез елдегі оқудың таралуын көрсетсек, күллі қазақтағы оқуды шамалауға болады.
Торғай облысында 1912-нші жыл бірінші ғинуарға шейін 570 мың 109 қазақ тұрған, қазақ баласы оқитын 132 школ болған.16 Бұлай болғанда, əрбір 3 мың 561 кісіге бір школдан ана келеді екен.
Қостанай уезінде 1909-нші жылғы есеп17 бойынша 60 мың 594 еркек, 52 мың 63 əйел – барлығы 112 мың 657 қазақ болған. Бұлардан қазақша оқыған (хат танитын) еркек 6 мың 65, орысша хат танитын 690. Қазақша хат танитын əйел 379, орысша хат танитын əйел 29. Бұл есептен көрінеді: Қостанай уезінде қазақша хат танитын еркек əр бір жүз кісіден алтау, орысша хат танитын əрбір мың кісіден алтау. Қазақша хат танитын əйел əр бір үш жүз кісіден біреу, орысша хат танитын əр бір төрт мыңнан біреу екен. Бұл цифрлар қазақта оқудың тіпті аздығын көрсетеді. Қостанай қазағынан кейбір жерлердің қазақтары кем оқиды.
Қазақта орысша болсын, қазақша болсын оқу ісі жақсы тəртіпке қойылмаған. Қостанай уезіндегі 132 школдың 109- ы ауылнай школ. Қай жерде болса да қазақ үшін ашылған школдардың көбі ауылнай школ. Сонда оқыған балалар ілгері школдарға келіп оқөымаса, тіршілікке пайдалы білім алып шыға алмайды. Азғантай үйренген орысша жазу-сызуынан қарайып, тілін тіпті ұмытып қалады. Қазақ баласы тəуірірек оқырлық школдарда қазыналық орын аз, өз күшімен оқытуға əркімнің шамасы келе бермейді. Екі класты школдар əр уезде бір-екеуден, оларға 30-дан артық қазақ баласын алмайды. Орта һəм жоғарғы школдарда қазыналық орын бұл кезде жоқтың қасында. Ə облыстың қзақтары үшін университет, институттерден 2-3-тен артық орын жоқ. Бұрынғы ашылған орындар əр түрлі сылтаумен кеміген. Сүйтіп, тəуірірек оқитын орындардың қазақ үшін есігі бекіп, жолы жабылған.
Қазақша оқу əлі бір белгілі тəртіпке келіп жеткен жоқ, кемшілігі есепсіз көп. Қазақша оқу кітаптары жаңа ғана көрініп келеді, тəртіппен оқытарлық мұғалімдері аз, оқу програмы жоқ, белгілі оқу жылы жоқ, салған мектептер жоқ, мұғалімдерге арналған айлық ақы жоқ, қазақша оқуды аймаққа бірдей жеткілікті етерлік жасалған өрнек жоқ, оқыту ғылымын үйрететін даримұғаллимин (педучилище – ред.) жоқ.
Орысша һəм қазақша оқудың екеуінен де керегінше пайдалану үшін, қазақ əуелі əр нəрсенің асылына түсініп іс етерге керек. Хүкімет қазаққа қазақша мектеп салып бермейді,қазақтың қазақша оқуын тіпті тілемейді. Сондықтан мектептерімізді тəртіпке қою, қазақша оқуды халыққа тарату – өз міндетіміз.
Жалпақ жұрттың қолы орысша оқуға түгел жетсін, оқымаған жан қалмасын, орта һəм жоғарғы школдардан көбірек оқылсын десек, қазақтан қазынаға деп жиылған ақшалардың нендей орынға, оның ішінде оқу жолына қанша жұмсалатынын, хүкіметтің осы күні қазақты оқытуға жұмсап отырғаны бізден жиылып тұрған ақшадан артық па, кем бе – соны білу керек.
Егер кем болса, кінəні хүкіметке аудармай, кемін толтыру керек, ақшаны артық төлеп, пайдасын кем көретін болсақ, лайықты жолымен есептесіп, школдарды көбейтіріп һəм жоғарғы школдардан молырақ орын аштыру тиіс.
Қазақ халқында бұл күндегі орысша һəм қазақша оқу жайы осы. Мұнан былай оқу һəм оқыту мəселесі «Қазақ»-та түгел жазылып тұрмақшы.
«Қазақ», 1913, 21 апрель,
№ 11 (Бас мақала)
А.Байтұрсынұлы / "Ел - шежіре"