27 Тамыз 2014, 08:33
Ахмет Байтұрсынұлы – Мұхтар Әуезов айтқандай, қазақ халқының «рухани көсемі». «Ұлт ұстазының» ұланғайыр еңбегі сан саладан көрінеді.
«Ана тілі» деген терминнің авторы А.Байтұрсынұлы қазақ балаларының ана тілінде сауатын ашып, қазақ тілінде оқуын жалғастыруға көп және нақты күш жұмсаған Ұлт ұстазы. Осы мақсатты орындау жолында ол қазақ тілін, оның дыбыстық жүйесі мен грамматикалық құрылысын баяндап, талдап- танытқан зерттеуші әрі сол зерттеулерінің негізінде «Әліппе» мен тұңғыш ана тілі оқулықтарын ғылыми айналымға түсірген ғалым.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы- ның А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты А.Байтұрсынұлының қазақ жазуы мен емлесі, фонетикасы мен грамматикасы, терминологиясы мен методикасы жөнін- дегі ғылыми мұрасын 1992 жылы жария етті.
Бұл жинақта А.Байтрсынұлының қазақ тілін пән ретінде оқытатын тұңғыш оқулықтар – «Тіл – құралдың» үш бөлімі беріліп отыр.
А.Байтұрсынұлы оқулықтарының бірнеше басылымы (кейбірі 6-7 реттен) болғаны мәлім. Мұнда бұлардың бір-бір басылымы ғана ұсынылды, тек «Тіл – құралдың» фонетикаға арналған І бөлімінің ең алғашқы 1914 жылғы және 1925 жылғы 5-басылымы салыстыру үшін қатар жіберілді. «Тіл – құралдың» 2-бөлімінің 1915 жылғы тұңғыш басылымы ұсынылып отыр.
«Оқу құралы» мен «Тіл – құралдың», «Баяншы» мен «Сауат ашқыштың» барлық жылдардағы басылымдары қолымызға түгел түспегендіктен, олардың арасындағы айырмашылықтар көрсетілген жоқ. Бұл – арнайы жүргізілетін келешектің ісі. Айырмашылықтар, өзгерістер оқулықтардың құрылымынан гөрі мазмұнында: талдауларда, терминдер мен жеке сөздердің қолданысында, иллюстративтік материалдарда кездеседі. Мы- салы, осы кітапта ұсынылып отырған 1-нші жылдық «Тіл – құралдың» 1914 және 1925 жылғы басылымдарын салыстырып қарасақ, «Алғысөздің» өзінде айырмашылық бар. «Кітаптың
«Тіл – құрал» деген аты қандай жат көрінсе...» деп басталатын таныстыру ең алғашқы басылымында орын алса, 1925 жылғыда бұл жоқ. Сондай-ақ, алғашқы басылымда автор әріп пен дыбыс деген атауларды ажыратпай, дауысты өріп, дауыс- сыз әріп деп қолданса, кейін дауысты, дауыссыз болатындар әріп емес, дыбыстар деп түзетеді. Дыбыстардың классифи- кациясында да өзгешеліктер бар. 1914 жылғыда сонор у мен й дыбыстары жарты дауыстылар деп көрсетілсе, 1925 жылы бұлар дауыссыздардың қатарында берілген немесе 1914 жылғы оқулықта ұяң дыбыстар деп ж, р, з, л, м, н, ң дыбыстарын көрсетсе, 1925 жылы ұяң деп м, н, ң, дыбыстарын атайды.