Ахмет Байтұрсынұлы. Тіл құрал

27 Тамыз 2014, 11:32

Ахмет Байтұрсынұлы. Тіл құрал

Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі. Осы дүниядағы адамдар тілінен айырылып, сөйлеуден қалса, қандай қиындық күйге түсер еді. Осы күнгі адамдар жазудан айырылып, жаза алмайтын күйге ұшыраса, ондағы күйі де тілінен айырылғаннан жеңіл болмас еді. Біздің заманымыз– жазу заманы: жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесу ден артық дәрежеге жеткен заман. Алыстан ауызбен сөйлесуге болмайды: жазумен дүнияның бір шетіндегі адам екінші шетіндегі адаммен сөйлеседі. Сондықтан сөйлей білу қандай керек болса, жаза білудің керектігі онан да артық. Сөйлегенде сөздің жүйесін, қисынын келтіріп сөйлеу қандай керек болса, жазғанда да сөздің кестесін келтіріп жазу сондай керек. Сөздің жүйесін, қисынын келтіріп жаза білуге: қай сөз қандай орында қалай өзгеріліп, қалайша біріне-бірі қиындасып, жалғасатын дағдысын білу керек. Халық өмірі бір жылдап, он жылдап, хәттә1 жүз жылдап та емес, мың жылдап саналады. Сондай ұзақ өмірінің ішінде һәр халықтың дағдылы тұтынып келе жатқан сөздері, ол сөздерінің біріне-бірі жалғасып тізілетін дағдылы жолы, жүйесі, қисыны болады, һәр жұрттың түрінде, тұтынған жолында, мінезінде қандай басқалық болса, тілінде һәм сондай басқалық болады. Біздің жасынан орысша я ноғайша оқыған ба- уырларымыз сөздің жүйесін, қисынын нағыз қазақша келтіріп жаза алмайды я жазса да қиындықпен жазады. Себебі жасынан қазақша жазып дағдыланбағандық. Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Қазақ сөздерін алып, орыс я ноғай сөзінің жүйесімен тізсе, әрине, ол нағыз қазақша болып шықпайды. Сондай кемшілік болмас үшін һәр жұрт баласын әуелі өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, бала- лар әбден дағдыланғаннан кейін басқаша  оқыта  бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі өз тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқыту тиіс. Қазақтың бастауыш мектебінде басқа білімдермен қатар, қазақ тілінің наху,  сарфы  да  үйретілерге  керек.  Үш  жылдық  бастауыш мектептегі оқуға шамалап қазақ тілінің наху, сарфын бөліп, балаларға оқытуға ыңғайлы түрмен осы – «Тіл – құрал» деген кітапшаларды шығарудамыз.

«Тіл – құрал» деген аты қандай жат көрінсе, ішкі мазмұны да әуелгі кезде сондай жат көрінер, үйткені бұл – қазақта бұрын болмаған жаңа зат. Халықта бұрын болмаған нәрсе жаңа шыққан кезінде жат көрініп, бірте-бірте бойы үйренген соң жатырқау қалатын. Арабша һәм орысша наху, сарф үйренгендерге жат көрінгенмен, түсініксіз болмас. Араб һәм орыс наху, сарф- ларында оқылатын заттар мұнда да оқылады. Айырмасы сол ғана: онда арабша я орысша айтылған есімдер мұнда қазақша айтылады. Олай болғанда оқылатын заты бір, аты ғана басқа.

«Тіл – құрал» 3 жылға бөлінгенде бірінші жылда оқытуға ұйғарғанымыз: Сөйлеу мен сөйлемді айыру, сөз бен сөздің буынын айыру, буын мен буындағы дыбысты айыру, қазақ тіліндегі дыбыстар һәм оларға арналған харіфтер; Қазақ сөзіне жазылатын харіфтер турасындағы ережелер, қазақ тіліндегі сөздердің тұлғалары. Бірінші жылда үйретуге осы жеткілікті болар, үйткені «Тіл – құралдағы» заттар қазақша һәм арабша алифбалардағы харіфтерді балалар үйреніп болғаннан кейін үйретіледі. Балаларға көп үйретем деп, асығып шала-шарпы үйретуден, аз да болса, анықтап нық үйрету абзал. Әсіресе, бірінші жыл оқылатын «Тіл – құралы» тіл білімінің негізі болғандықтан нық үйретілерге керек.

"Ел-шежіре"

Бөлісу: