27 Тамыз 2014, 11:40
Осы дүниедегі адамдар тілінен айырылып, сөйлеуден қалса, қандай қиындық күйге түсер еді, осы күнгі адамдар жазудан айырылып, жаза алмайтын күйге ұшыраса, ондағы күйі де тілінен айырылып, жеңіл болмас еді.
Біздің заманымыз – жазу заманы: жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық даражаға жеткен заман. Алыстан ауызбен сөйлесуге болмайды. Жазумен дүниенің бір шетіндегі адам екінші шетіндегі адаммен сөйлеседі. Сондықтан сөйлей білу қандай керек болса, жаза білудің керектігі онан да артық. Қай сөз қай орында қалай өзгеріліп, қалайша біріне-бірі қиындасып, сөйлегенде сөздің жүйесін, қисынын келтіріп сөйлеу қандай керек болса, жазғанда да сөздің кестесін келтіріп жазу сондай керек. Сөздің жүйесін, қисынын келтіріп жаза білуге қай сөз қандай орында қалай өзгеріліп, қалайша біріне-бірі қиындасып жалғасатын жүйесін білу керек. Халық өмірі бір жылдап, он жылдап, хәттә жүз жылдап та емес, мың жылдап саналады, сондай ұзақ өмірінің ішінде әр халықтың тұтынып келе жатқан сөздері, ол сөздерінің біріне-бірі жалғасып, тізілетін дағдылы жолы, жүйесі, қисыны болады. Әр жұрттың түрінде, тұтынған жолында, мінезінде қандай басқалық болса, тілінде де сондай басқалықболады. Біздіңжасынаннеорысша, не ноғайша оқыған бауырларымыз сөздің жүйесін, қисынын нағыз қазақша келтіріп жаза алмайды, не жазса да қиындықпен жазады, себебі жасынан қазақша жазып дағдыланбағандық. Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген, ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген, қазақ сөздерін алып орыс не ноғай жүйесімен тізсе, әрине, ол нағыз қазақша болып шықпайды. Сондай кемшілік болмас үшін әр жұрт баласын әуелі өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі өз тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқыту тиіс. Қазақтың бастауыш мектебінде басқа білімдермен қатар қазақ тілінің дыбыс, сөз, сөйлем жүйелерін де үйрету керек. Бастауыш мектептегі оқуға шамалап қазақ тілінің дыбыс, сөз, сөйлем жүйелерін балаларға оқытуға осы «Тіл – құрал» деген кітапшаларды шығардық.
Бастауыш мектепте балаларға тіл таныту үш тарау болып бөлінеді: 1) Дыбыс жүйесі мен түрлері; 2) Сөз жүйесі мен түрлері; 3) Сөйлем жүйесі мен түрлері.
1-нші бөлімі сөйлеу мен сөйлемді, сөйлем мен сөзді, сөз бен буынды, буын мен дыбысты танытады. Дыбыс танудан қаріп мәселесі туады. Дыбыс пен қаріп мәселесінен жазу ережелері мен сөз түрлері, тұлғалары сөз түрлену, өзгерулері туады.
Сүйтіп, «Тіл – құралдың» 1-інші бөліміндегі дыбыс жүйесі мен түрлері деген тіл таныту біліміне осы айтылған нәрселердің бәрі де кіреді, әрқайсынан қысқаша бастауыштық даражалы білім беріледі.