Ахмет Байтұрсынұлының 12 томдық жинағы жарық көреді

6 Қыркүйек 2022, 11:12 2532

Мерейтойлық шараның қорытындысында Мемлекет басшысының қатысуымен «Юнеско Түркіксой» аясында Түркістан қаласында халықаралық түркітанушылар конгресі өткізілмек.

Елордадағы Еуразия ұлттық университетінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция өтті. Тілдер мерекесімен тұспа-тұс келген ғалымның мерейтойына ел зиялылары жиналды, деп хабарлайды El.kz

Биыл ұлт ұстазының мерейтойын елімізде ғана емес, Юнеско көлемінде атап өтіліп жатыр. Ғылыми шараға Америка, Түркия, Венгрия, Өзбекстан, Әзірбайжан, Башқұрстан, Татарстан ғалымдары онлайн және оффлайн форматта қатысты.

Мақсат – Жаңа Қазақстанның мемлекетшіл, идеологиялық ғылыми-интеллектуалдық, мәдени-танымдық іздесіні мен тәжірибесін, әлеуетін таныта отыра, ғалымның мұрасын жаңаша зерттеу және зерделеу. Сондай-ақ ғылыми тұжырымдар жасау арқылы оның еңбектерінің өзектілігін, яғни бүгінімізбен сабақтастығын тану.

Конференцияда алғашқылардың бірі болып Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сөз алды.


«Бүгінгі іс-шараның негізгі мақсаты – ұлт ұстазы, алаш ардагері, түркітанушы ғалымның өмір өнегесін өскелең ұрпаққа үлгі ете отырып, ел үшін сіңірген еңбегіне лайықты баға беру. Өздеріңізге белгілі мемлекет басшысының қатысуымен ғалымның 50 жылдық мерейтойы Торғай топырағында атап өтілуі тиіс болатын. Бірақ, өңірдегі өртке байлынысты шаралар кейінге шегерілді», - деді министр.

Сондай-ақ министр бірқатар үлкен жобалардың іске асырылып жатқанын айтты. Қазіргі таңда Ахмет Байтұрсынұлының құрметіне мерейтойлық марка, мерейтойлық монеталар жасалып, айналымға енген. Үкімет тарапынан «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісі жыл соңына дейін әзірленбек.

Сонымен қатар «Ахмет Байтұрсынұлы» атындағы гуманитарлық ғылымдар саласындағы мемлекеттік сыйлық тағайындалатынын да айтты.

«Ұл ұстазының шығармаларын халықаралық деңгейде таныту мақсатында таңдамал еңбектері қазақ, орыс, түрік және ағылшын тілдеріне аударылды. Еңбектер осы жылдың соңына дейін шығады. Юнесконың шешімі бойынша, алдымыздағы екі айдың ішінде Стамбұл қаласында халықаралық конференция өтеді. Сондай-ақ Анкара қаласында ғалымға ескерткіш қою мәселесі оң шешімін тауып, жылдың соңына қарай, ресми түрде ескерткіштің ашылуы болады. Мерейтойлық шараның қорытындысы ретінде Мемлекет басшысының қатысуымен «Юнеско Түркіксой» аясында Түркістан қаласында халықаралық түркітанушылар конгресі өткізілмек», - деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек. 

Ал конференцияда сөз сөйлеген Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев дүние дүрбеленген елең-алаң шақта дүниеге келген ғалымның қазақтың маңдайына біткен ерен тұлға екендігін айтты.

«Өткені тұманды, келешегі күмәнді ұлттың шырағын қайта жағу Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынұлы сынды тұғырлы биік тұлғалардың ұлы мұраты еді. Ұлт ұстазының соңында қалған мұралары педагог, тіл танушылар, лингвист ғалымдар үшін өлшеусіз қазына», - деді мәдениет министрі.


Мәденит және спорт министрлігі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай, 12 томдық шығармалар жинағын басып шығарған. Бүгінде республикалық, облыстық, мемлекеттік кітапханаларға тарату жұмыстарын жүргізіп жатыр. Министр алдағы уақытта аталған 12 томның тұсаукесерін жасау жоспарда бар екендігін тілге тиек етті. Сондай-ақ ұлт ұстазының өмірі мен қызметі туралы толық метражды көркемфильм түсіріліп, оның да тұсаукесерін өткізбек. Ғалымның есімін республика көлемінде 200 ден аса көше мен 39 мектепке және бір әуежайға беру шешімін тапқанын айтты.

Ал Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Ахмет Байтұрсынұлы ұлт ұстазы ғана емес, ұлттық журналистиканың негізін қалаушы болғанына тоқталды.

«Ұлт руханиятының басында тұрған ғалым Орынборда «Қазақ» газетін шығарып, редакторы болған. Газеттің басшысы ретінде сол кездегі білімді, оқыған қазақ азаматтарының басын қосып, ұлт, жер мәселелерін ашық айтты. Қайраткер қаламгердің үнін шартарапқа таратқан белсенді баспасөз құралы Тәуелсіз еліміздің бастау бұлағы болды», - дейді министр.

Іс-шара аясында Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің «Ахмет Байтұрсынұлы мен Алаш зиялылары туралы жаңа мұрағат деректері» атты таныстырылымы және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик Е.Сыдықовтың Мәскеудің «Художественная литература» баспасынан шыққан «Ахмет Байтурсынов – учитель нации» атты кітаптардың тұсаукесері өтті.

Аталған кітап ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен, ғалымның 150 жылдық мерейтойына орай шығарылып отыр. Мемлекет басшысы іс-шараны үлкен дәрежеде атап өту туралы арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырған болатын. Жаңа кітап үш мың данамен басылған.

Конференция барысында ғалымдар, ұлт ұстазын зерттеушілер Ахмет Байтұрсынұлының ғасыр басындағы ғылым тілін қалыптастыру жолындағы еңбектерін атап өтті.

Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы Ахмет Байтұрсынұлының портретін мектептердің төріне іліп қоюды ұсынды. Сондай-ақ сенатор мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевқа астана төрінен бой көтеретін ғалымның ескерткішін еңселі болу керектігін айтып, Қазақ драма театрының қасынан салынып жатқан үлкен аллеяның бойында болса деген ұсынысын білдірді.

Еуразия ұлттық университетінде халықаралық конференцияның өтуі заңдылық деген Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, ғалым, алаштанұшы Сағымбай Жұмағұл университетте ғалымның мұралары жан-жақты насихатталатынын айтты.

«Ғалымның мерейтойы қазақ елінен басқа, Юнеско көлемінде тойланып жатыр. Біздің университетімізде ғалымның мұралары жан-жақты насихатталуда. Бұдан бөлек, оқу орданың жанындағы «Алаш» мәдениет және рухани даму институтында Ахмет Байтұрсынұлының 12 томдық шығармалар жинағы дайындалып жатыр. Жыл сайын Байтұрсынұлы оқулары, мұрасынан магистрлік, дипломдық пейдж, докторлық дисертациялар қорғалады. Бұдан бөлек, ғалымның мұрасы біздің мемлекеттілігіміз бен рухани кемелділігіміздің алтын арқауы. Сондықтан да, ғалымға деген ұлттың құрметі ешқашан өшпейді. Қазақ тілінің жаңаруы мен жаңғыруы тікелей осы ұлт ұстазы еңбектерінің арқасында», - дейді Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, ғалым, алаштанұшы Сағымбай Жұмағұл.

Ал педагогика ғылымдарының кандитаты, әдебиеттанушы, шығыстанушы, ақын Бекқожа Жылқыбек Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы Алаш идеясының рухын қазақ даласына орнатып кеткен, Алаш азаматтырының ішіндегі орны бөлек тұлға деп есептейді.
«Алаш идеясын қолға алудағы мақсат қазақтың рухын, мәдениетін, арғы-бергі тарихын түгендеудегі негізгі қадам еді. Ал қолға алып отырған әдебиет танытқышы, әліпбиі қазақ үшін рухани құнды дүниелердің бірі. Қазақтың бұрынғы жалпақ тілдегі сөйлеу мәдениеті өз қалпын сақтап қалды деуге болады», - деді.

Латын әліпбиіне көшуде ғалымның әліпбиін негізге ала отырып, қолдану қайта басталғанын айтты. Бұның өзі бір жетістік деп санайды шығыстанушы ғалым.

 


Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: