Ахмет Байтұрсынұлы: Жұртқа керегін білетіндер көп, істейтіндер аз

5 Қыркүйек 2022, 16:06 4689

Бүгін 5 қыркүйек – ағартушы-ғалым, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толды

Жалпы қазақта ең алғаш мерейтой тойлау Ахмет Байтұрсынұлының 50 жылдығына арналған екен.Туғанына 100 жыл толған кезде әлі ақталмаған «халық жауы» еді. Бүгін де Ахаңның туған топырағы, Торғай даласында алты алаштың басы қосылған дүбірлі той болуы тиісті еді. Алайда айтып көлмейтін өңірдегі алапат өрт салдарынан мерейтойдың шаралары кейінге шегерілді.

Уақытында ұлт ұстазының өзі бас болып шығарған «Қазақ» газетіндегі жарияланған дүниелерін оқи отырып, оның жан-дүниесі мен қалдырған өсиетіне әлімізше үңіліп көрген едік.

Уақытқа бағынбайтын, ұлттық мәселедегі құнды жазбаларды парақтай отырып, ұлт ұстазымен ретроспективалық сұхбат жасадық. 

- Бүгінгі қазақ дамыған елдердің қатарына қосылуға ұмтылып келеді. Әлемдегі озық елдердің алдына шығу үшін қазаққа не керек деп ойлайсыз?

- Жұртқа керегін білетіндер көп, істейтіндер аз. Білушілеріміз білгенімен қоймай, істеуге кіріссе екен. Білушілеріміз істеуші болса, оларды көріп, өзгелер де істер еді. Сөйтіп, көсемдер көбейсе, ерушілер де көбейер еді.

Басқадан кем болмас үшін білімді, бай һәм күшті болу керек. Білімді болуға – оқу керек. Бай болуға – кәсіп керек. Күшті болуға – бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек. 

– Ал бұл жұмыстарды ең алдымен неден бастағанымыз дұрыс.

– Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халықтық та оқумен түзеледі... Қазақ ішіндегі неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде, оқу ісімен түзеледі.

Адам баласын: көкте құстай ұшқызған, суда балықтай жүздірген – ғылым. Дүнияның бір шеті мен бір шетіне шапшаң хабар алғызып тұрған –ғылым, от арба, от кемелерді жүргізген – ғылым.

Балам деген жұрты болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын. Баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болмақшы. Құлша тәрбиелесең, құл болмақшы. Мойындағы борышты білу – білім ісі, борышты төлеу – адамшылық ісі. Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі де түзелмейді.

- Тіл тазалығы дегенді қалай түсіндірер едіңіз?

- Тіл тазалығы дегеніміз – ана тілдің сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламау. Басқа тілден сөз тұтыну қажет болса, жұртқа сіңісіп, құлақтарына үйір болған, мағынасы халыққа түсінікті сөздерді алу.

Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт: өз тілінде жоқ деп мәдени жұрттардың тіліндегі даяр сөздерді алғыштап, ана тілі мен жат тілдің сөздерін араластыра-араластыра ақыры ана тілінің қайда кеткенін білмей, айырылап қалуы ықтимал.

- Қазақ тілі жойылып кетеді ме деген қауіп қазір де бар. 

- Қазақта газета, журнал, кітаптар жоқ кезде жоғалмаған тіл газета, журналы шығып, кітаптары басылып, жылдан-жылға ілгері басып келе жатқанда, қазақ тілі жоғалмас.

– Бүгінде дін атын жамылғандар қазақты Ислам дінінен алыстатып жібергендей. Сіз қалай ойлайсыз?

– Қазақ дінге нашар күйден өткен, енді қазақты басқа дінге аударамын деу құр әурешілдік. Домбыра тарту, ән салу, өлең айту сияқты халықтың үйреншікті сауықтарына дейін күнә деп, тиғысы келген. Бірақ ұзын арқан, кең тұсауға қалыптанған қазақ шариғаттың тар тұсауына үйрене алмаған. 

– Биылғы күзде қазақ басшысына сайлау өтеді. Алашқа айтарыңыз бар ма?

– Сайлаудың мағынасын білетұғын жұрттар: талас демейді, сайлау – дейді. Сайлауды өз мағынасында алып қарап көрелік, бәле болып табылар ма екен? Сайлау деген – өзіңе берген ықтияр.

Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай түзу істеңдер! Сендер адассаңдар – арттарыңнан алаш адасады, арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар.

Қазақтың бас адамдары! Әуелі, сіздер адаспаңыздар, адаспас үшін ақылдасып, ойланып, ынтымақпен іс етіңдер.

Адамға ең қымбат нәрсе – жұрт қамы, жұрт ісі.

 

Олжас Сәндібек
Бөлісу: