Ахаңның 50 жылдық мерейтойында

17 Қазан 2014, 06:44

Ахаңның 50 жылдық мерейтойында айтылған сөз.

Өзге дүниеде болып жатқан ұлы өзгерісті қоя тұрып, қазақтың өзін алғанда, əлденеше тарихшыға еңбек болатын тарихи уақиғалар өтіп жатыр. Бұрынғы уақытта қазақ баласының есіне келмеген, мағынасы үлкен уақиғаның бірі – қазіргі жасалып отырған Ахаңның 50 жылдық тойы.

Саясат толқынына түсіп, ойы ашылған, мəдениет жолында аз да болса ілгері басып беті ашылған қазақ жұрты, бұрынғы ауыр күнде басшысы болған азаматының атын құрметпенен атағысы келеді. Еркін ойды ойлатпай ауыздан шыққан сөзді баққан патша заманында қазақ жұрты қайрат қылған еріне арнаулы сөзін айта алмаса,бүгінгі күнде азаматты 50 жасқа келіп, сақал-шашы ағарған күнде өксікті сөзін айта алады.

Ахаңның атын қазақ даласындағы қазақ баласының естімегені аз шығар! Бірақ Ахаңды туғызған елі жалаң атын естіп қоймай, басынан кешірген өмірін білуге де ынтық болғандықтан білгенімізше бала күннен бергі өмірін қысқаша қылып айтып өтпекшіміз.

Ахаң 1873 жылы (1872 – Р.И.) Торғай облысы, Торғай уезінде Тосын болысында туған, сүйегі Арғын, оның ішінде Үмбетей болады. Бергідегі аталары Үмбетейден шыққан Шошақ, Ахаң Шошақтың немересі. Өз əкесінің аты – Байтұрсын.

Ахаңның туып-өскен ауылы қыр қазағының ұғымынша ол кездегі Үмбетейдегі іргелі, аталы ауылдың бірі болған. Оның үстіне белгілі батырдың тұқымы болғандықтан Ахаңның жақындарының ішінен батырлықты, мықтылықты салт қылған ірі мінезді адамдар көбірек шыққан.

Ахаңның əкесі Байтұрсын баласын өзге ағайындары түскен жолға түсірмей, өнер-білім үйретпекші болып, жас кезінде Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ школына берген. Сол школда оқып жүріп, 13-ке келгенде əкесі Байтұрсын үкімет ал- дында «жазықты» кісі болып, Сібірге айдалып кеткен.

Мұның себебі, Тосын болысының сайлауына шыққан Торғай уезінің начальнигі «кəрі ояз» Яковлев Үмбетейге бұрыннан көптігін көрсетіп, зорлық қылып жүрген Дəуітбай тобына болысып, соның сөзін қостап, бұларға қиянат қылғандықтан Байтұрсын «кəрі оязды» сабап, басын жарған, Байтұрсынның айдалған себебі осы. Бұл уақиға Ахаңның соңғы кездегі «Ана- ма хат» деген өлеңінде бала күндегі жүрегіне қандай əсер бер- гендігін көрсетеді:

Оқ тиіп он үшімде ой түсіріп, Бітпеген жүрегімде бар бір жарам, – дегені сол күнде əкесі көрген бейнеттен қалған белгісі.

Торғайдағы алғашқы түскен школын жастай бітірген соң, тағы ілгері оқуды талап қылып, Ахмет Орынбордағы учителдік школына түскен. Əуелгі школында да һəм соңғы Орын- бор школында да сабақтас балалардың алды болып, жақсы оқыған. Учителдік школдан 4 жыл оқып, жасы 19-ға келгенде, 1892 жылы оны да бітірген.  Ахаңның  тəртіпті  мектептен алған барлық оқуы осы. Оқу бітірген соң əуелде мақсұт қылған жолымен ел ортасына барып, қазақ балаларын оқытпақ ниетімен Ақтөбе уезі Батпақты болысындағы Ахметкерей Қопсыбақовтардың ауылындағы ауылнай школға барып, оқытушы болған. Мұнда біраз уақыт болған соң, Қостанай уезінде Əулиекөл деген жерде болыстық школында екінші рет оқытушы болған. Əулиекөлден үшінші рет ауысып барған школы Қостанай қаласының уезіндегі екі сыныптық орыс-қазақ школы. Бұл айтылған үш школда неше жылдан тұрғаны бізге белгісіз. Жиыны үшеуінде төрт жыл тұрып, 1896 жылы Омбыда Ақмола, Семей школдарын басқарып тұрған Алекторовпен хабарласып, Омбыға барған.

Ел-шежіре

Бөлісу: