Әкем сырт көзге суық көрінгенімен жүрегі өте жұмсақ болды – Мұстафа Өзтүріктің үлкен қызы

23 Қараша, 11:30 1719

Бүгін Қазақстан таэквондосының негізін қалаушы Мұстафа Өзтүріктің туғанына 70 жыл толды. 40 жасында  өмірден мезгілсіз өткен спортшының артында бүгінде үш баласы қалды. Қазіргі таңда олар Германияның Мюнхен қаласында тұрады.  El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі спортшының үлкен қызы Неслихан Өзтүрікпен байланысып, әкесі туралы естеліктері мен отбасы жайлы сұрады.

El.kz: Неслихан қалыңыз қалай? Биыл әкеңіз Мұстафа Өзтүріктің туғанына 70 жыл толды. Мерейтойға байланысты қазақстандық ұйымдастырушылар тарапынан қандай да бір шақырту алдыңыз ба?

Неслихан Өзтүрік: Иә, әкем биыл көзі тірі болғанда 70 жасқа толар еді. Дегенмен биыл әкемнің мерейтойына қатысты ешқандай шараға шақырту алмадым. Шыны керек, бейхабармын. Егер де ұйымдастырушылар шақырып жатса, әрине қуана-қуана барамын.

El.kz: Спортшы Мұстафаны танымайтын қазақ жоқ шығар. Онымен араласқан адамдар Мұстафа сырт көзге сұсты көрінгенімен мүлде басқа жан екенін айтады. Жалпы Мұстафа ағаның мінезі қандай еді? Отбасында әке ретінде қаншалықты қатал болды?

Неслихан Өзтүрік: Әкем сырт көзге суық көрінгенімен жүрегі өте жұмсақ, қамқор жан. Жақын араласқан жандардың барлығы оның қандай адам екенін жақсы біледі деп ойлаймын. Әкем маңызды мәселелерге келген кезде үнемі білек сыбанып кірісіп, қаталдық танытатын. Сонымен қатар әкем әзілге жақын еді. Үнемі үлкенге құрметін, кішіге ізетін көрсетіп жүретін адам болды. Шәкірттеріне үлгілі ұстаз бола білді. Ұстаздық етуден жалықпай, жастарды спортқа баулыды. Біз үшін де үлгілі әке болды.

Сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Әкемнің Қазақстанда достары өте көп болатын, көпшіл адам еді. Қазір олардың нақты аты-жөндерін атай алмаймын. Себебі ол кезде жас болдым, көбісі есімде де қалмады. Дегенмен әлі күнге дейін бір кездері әкемнің жеке көлік жүргізушісі болған ағамызбен байланыстамын. Маған хабарласып, жағдайымды сұрап тұратыны бар.  

El.kz: Қателеспесем, қазір Германияда тұрып жатырсыз. Анаңыз бен бауырларыңыз да сонда ма?

Неслихан Өзтүрік: Мен Германияның Мюнхен қаласында туып-өстім. Қазіргі таңда анам мен бауырларымның барлығы да осында. Анам Нұрила Өзтүріктің туған жері – Түркия. Кішкентай кезінде отбасымен бірге осы Мюнхенге қоныс аударған. Уақыт өте келе ата-анам да осы қалада танысып, қосылған.

Жыл сайын Стамбұлға әкемнің қабіріне барып тұрамын. Әр барған сайын балалық шағымның естеліктеріне батып, тұңғыйық ойға шомыламын. Әрине, әкемді сағынамын. Стамбулдағы мен үшін орны толмас ерекше орын «Mustafa Öztürk» паркіне міндетті түрде барып, әр бұрышын шарлап қайтамын.

Сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан 

El.kz: Бүгінде әкеңізден қалған қандай ерекше, бағалы дүниені сақтап қалдыңыз? Сіз үшін әкеңізден қалған ең ыстық естелік қандай?

Неслихан Өзтүрік: Әрине, әкемнен қалған әр зат мен үшін ыстық естелік пен бағалы дүние. Сондықтан оларды көзімнің қарашығындай сақтаймын. Бүгінде әкемнен қалған қара белдігі, екі қылышы мен көптеген марапаттары сақтаулы. Әкем әрдайым бізге сыйлық сыйлағанды жақсы көретін. Әр іс-сапарында міндетті түрлі тосын сый жасайтын. Мен үшін ең қымбат сыйлықтарының бірі Лондоннан әкеліп берген үлкен аю болатын. Сонымен қатар әкем үнемі бізге: «ешкімнен қорған күтпе, өз-өзіне қорған бола біл» деп айтатын. Бұл сөздерді маған ғана емес, шәкіреттеріне де айтатын.

Әкем мені атыммен атамай, үнемі «Дудуш» деп еркелетіп шақыратын.  

El.kz: Әкеңіздің ықпалымен ашылған таэквондо мектептерінің жұмысынан хабарыңыз бар ма?  Ол мектептердің жұмысымен таныссыз ба?

Неслихан Өзтүрік: Әкемнің спорт саласындағы жетістіктері мен атқарған істері өте көп. Солардың бірі Алматыда әкемнің өзі ашқан спорт мектебі бар. Жалпы Қазақстанда болсын, басқа шет елдерде болсын әкемнің атына түрлі спорт орталықтары ашылғанын естуім бар. Дегенмен бүгінде олардың жұмысы туралы хабарым жоқ.

El.kz: Шет елде туып-өстіңіз, шет елде білім алдыңыз. Дегенмен қазақ тілін жеткілікті деңгейде білесіз бе?

Неслихан Өзтүрік: Осыдан 10 жыл бұрын түрік азаматымен отбасын құрдым. Бүгінде 4 және 9 жастағы балаларым бар. Үйде неміс, түрік және ағылшын тілдерінде сөйлесеміз. Ал анам немерелерінің қазақ тілін білгенін құптайды, сондықтан олармен кішкентайынан қазақ тілінде сөйлеуге тырысып, үйретті. Әрине, қазақ тілін білуін мен қолдаймын. Себебі балаларымның Қазақстанға деген қызығушылығы жоғары. Әлеуметтік желіден табиғатына қарап тамсанып отырады. Елді көргісі келеді. Алдағы уақытта балаларымның бұл қалауы орындалатынына сенемін.

Өзім соңғы рет Қазақстанда осыдан 10 жыл бұрын Алматыда әкемнің 60 жас мерейтойына бардым. Ол кезде мерейтойлық шаралар мен сұхбат беруден босай алмадым. Сол себепті Қазақстанның қалаларын аралап, танысуға мүмкіндік те, уақыт та болмады. Қазақстанның табиғаты өте бай екеніне сенемін. Мәдениетімен, өркениетімен және адамдарымен жақын араласып, танысқым келеді. Әрине, алдағы уақытта міндетті түрде Қазақстанға келу жоспарым бар. Ата-жұртқа деген сапар мені қашанда толғандырып, ойландырады.

El.kz: Сізді ән жазады деп естідік. Қазір қандай музыкалық туындаларыңыз бар?

Неслихан Өзтүрік: Иә, бұл рас. Музыкаға деген махаббатым мен қызығушылығым өте жоғары. Өзім ән жазып, продюсерлікпен де айналысамын. Бүгінде 3 әнім бар. Әлі де жаңа әндер жазып жатырмын. Айта кеткен жөн, мен үшін ерекше туындыларымның бірі әкеме арналған ән. Пианинода сүйемілдегенді ұнатамын. Сондай-ақ әлеуметтік желіге жиі жариялап отырамын. Әкеме білгілі музыкант домбыра сыйлаған еді, бүгінде ол киелі қара домбыра менде. Жақында домбырамен жаңа шығармалар жазуды көздеп отырмын.

Тек шығармашылықпен айналысып қоймай, бала кезімде әкемнің жолын қуамын деп әйелдер таэквондо мектебіне бардым. Бұл мен үшін ерекше тәжірибе болды.  

 

Миражан Махан
Бөлісу: