Әкем анама 17 жыл өлең арнаған – Ильфа Ілиясқызы

15 Қаңтар, 15:49 5076

Бүгін қазақ әдебиетінің дарынды тұлғаларының бірі Ілияс Жансүгіров пен үш арыстан бала тапқан Фатима Ғабитованың соңғы ұрпағы Ильфа Ілиясқызы өмірден өтті.

Ильфа Ілиясқызы кім

Ильфа Ілиясқызы Жандосова-Жансүгірова қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Ілияс Жансүгіров пен үш арыстан бала сүйген Фатима Ғабитованың қызы. Ол  1935 жылы 29 мамырда Алматыда туған, бірақ 1937 жылы, небәрі 2 жасынан бастап, «халық жауы отбасының» мүшесі ретінде бүкіл Қазақстан даласын аралап, көшіп кетуге мәжбүр болды. Соғыс жылдарында Жамбыл облысының Меркі ауылында тұрақтады. 1950 жылдардың басында ғана Алматыға қайта оралған Ильфа Жансүгірова Шет тілдері институтына оқуға түседі. Оны аяқтаған соң Қ. Сәтпаев атындағы политехникалық институтта, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институында неміс тілі пәнінің оқытушысы болып, ҚазКСР Педагогикалық қоғамының Ғалым хатшысы, сонымен қатар ҚазКСР Ғылым академиясының шет тілдер кафедрасының оқытушысы болып жұмыс істеді.

1958 жылы Ильфа Ілиясқызы Санжар Оразұлы Жандосовқа тұрмысқа шығып, бес баланы өмірге әкелген. Ильфа Жандосова тек батыр ана, жоғары білікті ұстаз ғана емес, 34 жыл ғұмырын бірге өткізген өмірлік қосағы, 1992 жылы қайғылы қазаға ұшыраған мемлекет және қоғам қайраткері С. Жандосовтың сенімді серігі де бола білді. 1999 жылы ол Ілияс Жансүгіров қоғамдық қорын құрып, оның жұмысын өзі басқарды.

Ильфа Жандосова-Жансүгірова «Тағдырымның іздері» атты естеліктер жинағын шығарды.

Ілияс Жансүгіров пен Фатима Ғабитованың махаббаты

Алғаш рет Ілияс Фатимамен 1919 жылы Біләлдің жары болып жүрген кезде танысқан. Содан бері Ілиястың махаббат лирикасының барлығы дерлік Фатимаға арналған.Олардың жазған хаттарын оқи отырып, сезімдері ерте тұтанғанын аңғарасың. Екеуі де некелі болған. Оның үстіне Біләл (Фатима Ғабитованың бірінші күйеуі) мен Ілияс дос болған соң әдеп сақтағандай көрінеді. Бірақ Біләл Сүлеев түрмеге түскенде Фатима Ілияспен көңіл қосқан. Білəл түрмеден шыққан соң өзіне сыймай, Қарақалпақстанға кетіпті. Кейіннен ол да ұсталып, атылып кеткен. 

 Менің анам Фатима Ғабитованың кейінгі ұрпаққа қалдырған мол рухани мұрасының ішінде әкеміз Ілиястың өзіне 17 жыл бойы жазған өлеңдері біздің отбасымыз үшін ерекше ыстық еді. Ол өлеңдерді әкеміздің және анамыздың өсиеті бойынша ешқайда жарияламай сақтап келдік. Өйткені анам оны тек өз шаңырағының киесі деп қасиет тұтатын. Жылдар өтті. Енді ойлап қарасам, әкемнің жан сырын тереңірек аша түсетін бұл тамаша өлеңдерді ұрпаққа таныстыру керек екен, – депті Ильфа Ілиясқызы. 

Ілияс Жансүгіровтың әйелі екеуінің арасындағы махаббатьы білген соң, алты айлық қызын тастап Мәскеуге оқуға кетіп қалған.  Кейіннен келіп, жарты сағаттық әңгімеден кейін ақынмен «ажырасамын» деп шешім шығарады. Фатима Ілиястан Үміт, Ильфа, Болат есімді үш бала сүйді.

Ілияс Жансүгіров атылып кеткен соң, Фатима Мұхтар Әуезовпен бас қосады. Екеуінің жазысқан  хаттарын оқып отырсаңыз, араларында махаббаттан гөрі балаларға деген қамқорлық, солардың болашағына деген алаңдаушылық басым болғанын байқайсың. Себебі, екеуара хаттың негізгі тақырыбы – ақша, күнкөріс қамы ғана.

Ілияс Жансүгіровтың төрт әйелі болғаны рас па

Ақынның ұлы Саят баспасөзге берген сұхбатында Ілияс Жансүгіровтың Жәмила есімді бірінші әйелінің өзінен жасы үлкен, ауылдасы болғанын айтады. Екінші жары Аманша 1927 жылы босана алмай, бала үстінде қайтыс болыпты. Ілияс Жансүгіров 1929 жылы Бәтима Ахметқызы Төребаеваға сүйіп қосылады. Ол 1911 жыл туған. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының қызы. Мамандығы - казақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі.

Ілияс Бәтима Төребаевамен екі жыл отасады, одан екі перзент көреді. Бірі - Саят Жансүгіров 1930 жылы ақпанда туған және қызы Сайра. Бірақ Сайра ерте қайтыс болған екен.

Саят Жансүгіров 2021 жылдың тамыз айында 91 жасында дүниеден озды.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: