Әке ақылына құлақ асқан ұл: Электр саласының майталман маманы

16 Шілде 2023, 09:00 3024

Шілденің үшінші жексенбісі, яғни бүгін Металлургтер күні. Осыған орай El.kz ақпарат агенттігі күрделі әрі көпқұрылымды кәсіпті жанына серік етіп, электр саласының майталман маманы атанған Самат Ташауовтың еңбек жолына тоқталмақпыз. Бүгінде «Қазхром»ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатының тарихы бұл азаматтың көз алдында парақталып жатыр. Ол жақында «Еңбек даңқы» орденімен марапатталған азаматтардың бірі.

Әке ақылына құлақ асқан ұл

Комбинаттың №1 ұсатып-байыту фабрикасында электр маманы болып еңбек ететін Самат Ташауовтың әкесі Садық Ташауов та саналы ғұмырын өндіріске арнап, осы фабриканың кен ұсақтаушысы болып еңбек еткен адам. Ұлына ең жақсы деген кәсіпті таңдауға жол сілтеп, оны бұрынғы «ГПТУ-105» қазіргі Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжінің «электр слесарі» мамандығына оқуға түсіреді. Оқуын аяқтаған бозбаланы қолынан жетектеп, байыту учаскесіне жұмысқа тұрғызады. Міне, сол уақыттан бері 38 жыл өтіпті. Самат Ташауов осы учаскеде әлі күнге дейін еңбек етеді. Тек бұл учаске қазіргі таңда «Шламы-2» бөлімшесі деп аталады. Сөз арасында әкесі секілді ғұмыр бойы осы салада нәпақасын тауып, тұрақтап қалатынын сезсе керек, мамандық ауыстыру немесе өзге кәсіп іздеу ойына кіріп те шықпағанын айтады. Ақылды тыңдай білу де өнеге.

Өндірістегі алғашқы жылдары

Ол 1985 жылы орта білімнің дипломын қолына алып, фабриканың байыту учаскесіне электр слесарі болып жұмысқа тұрады. Ол кезде өзі жас болған соң оған бәрі қызық болды. Білдей бір түгел қаланы жұмыспен қамтып, атағы жер жарған Дөң тау-кен байыту комбинатының ток желісіне жөндеу жүргізу Самат үшін қызықты әрі қиын іс болды.

Сол кездері менің өндірістегі алғашқы ұстазым болған учаске шебері Марат Қозбағаровтың қарамағында жұмыс істеу бақыты бұйырды. Электр энергетикасындағы тәжірибесімен бөліскен тәлімгерімді ұмытпаймын. Кейін Александр Копичев, Владимир Кравченко, Амангелді Мырзабаев секілді мықты мамандырдың мектебінен өттім, – дейді кейіпкеріміз өндірістегі алғашқы кездерін еске түсіріп.

Алайда жұмысқа тұрғаны сол еді, екі ай ішінде әскер қатарына шақырады. Содан Самат араға екі жыл салып өз қызметіне қайта оралып, жұмысын әрі қарай жалғастырады.

Электр желілерін жөндеп, оларды жобалаумен және монтаждаумен айналысу мені шыңдай түсті. Әйтсе де, үзілістен кейін жұмысқа қайта қосыла салу аздық етті. Қазір айшылық алыс жерлерден әп сәтте іздегенің табылып, керек затыңа аз уақыттың ішінде қол жеткізесің. Біздің еңбек жылдарым әлі есімде. «МО-105» тұндыру машиналарын іске қосқан кезде, жабдықты баптаушы мамандар табылмай, өзіміздің азды-көпті білгенімізбен іске қосып қолдандық. Содан ойлана келе маман да аз, жабдық тапшы заманда алған білімім аздық етер деп, Ақтөбедегі мұнай және газ колледжінің «электр механигі» мамандығын оқып алдым. Мен әлі күнге дейін сол ісіме қатты қуанамын, – дейді ол.  

Ол оқыған жылы көп ұзамай еліміз егемендікке қол жеткізеді. Электр энергетикасындағы кейбір мүйізі қарағайдай мықты әріптестері елдеріне көшіп кетіп, енді ғана етегін жайып келе жатқан комбинаттың басты фабрикасы өздері болғандықтан, тоқтауларды барынша болдырмауға тырысқанын айтады. Міне, сол кезде оларға біршама күш түседі.

Заманына қарай талабы

Өз ісінің кәнігі шеберіне айналған Самат Садықұлы заманынан қалыс қалмай, білімнің ізімен жүріп отыру керектігін сол жылдары түсінген еді. Себебі, әр саланың жұмыс істеу технологиясы уақыт өткен сайын ауысып, тереңдеп барады. Тіпті кадр тапшылығынан, оған қоса жабдықтардың, бөлшектер мен құралдардың жетіспеушілігінен үш қозғалтқыштан бір қозғалтқыш жасап шығарған күндері де болған екен. Ол кезде төрт кВт-тық қуаты бар жабдықтар ғана болды. Сындарлы кезеңдерден білімінің күшімен шыққан кейіпкеріміз бір орында тұрмай, алға жылжи беру керктігін бүгінгі жастарға жиі айтып отыратын көрінеді.

Естен кетпес сол оқиға

38 жылдық еңбек өтілінде Самат Садықұлы мына бір ерекше оқиғаны айтып берді. "Біздің Хромтаудың үскірік аязы мен ақ бораны басылып болмайтын қыстың бір күні еді", - деп бастады әңгімесін.

Түнгі сағат үштердің шамасы. Тоқтаулар болса, үйден жеткенше асығатын едік сол шақтарда. Хабар келіп, сол түні де үйден асығып шықтым. Жұмысқа келсем, учаскенің іші суықтап, электр қозғалтқыштар мен басқа да  жабдықтар аяздан қатып қалған екен. Әрбірінің салмағы 300 келіден бір тоннаға жететін электр қозғалтқыштың бірін қоссаң, бірі жанып кетіп жатты. Кен байыту конвейерлері тоқтап жатты. Ал жылыту жүйесі мұндай температураға арналмаған еді. Тез арада шешім қабылдап, қайтсек те жабдықтарды жылытуға тура келді. Қойманың бәрі жабық болатын, – дейді.

Содан әріптестерімен бірге жабылып жүріп, учаскенің терезелерін бітеп үлгереді. Себебі бітеу де болса, қырау қатып, аяз үріп тұрған терезеден кірген суық электр тогына кері әсерін бергенін айтады. Есік-терезені қымтап, түнгі ауысымдағы жүк көтеру көлігімен басқа жерден қозғалтқыш әкеліп, бір жарым сағаттың ішінде фабрика бойынша сөнген токтарды қайта жалғайды.

Өз ісіңнің шебері бол

Өндірістегі дағдарыс жылдарын басынан өткерген  Самат Ташауов қазіргі жастарға «өз ісіңнің шебері бол» деген тәлімді айтады.

Технология күн санап өсуде, жаңа әдістерді дер кезінде меңгеріп алу керек. Шеберлік ұдайы біліміңді жетілдіруді, қажырлы еңбекті, ұзақ уақыт табандылықты талап етеді. Қазір заман сіздерге оңай көрінеді. Ал мен олай ойламаймын. Қазіргі заманда барлық сала өте жылдам дамуда. Ілесе алып жатырсыз ба, ойланып көріңіз. Әр салада күн санап жаңа дүниелер пайда болуда. Кешегі білгенің бүгінге жарамайды. Сондықтан кәсібилігіңді дамытуға тоқтаусыз ізденіс қажет. Сонда ғана сұранысқа ие маман боласыз, – дейді ол.

Жұмысын жанындай сүйеті кейіпкеріміз ешқашан маңызын жоғалтпайтын кәсібімен мақтанады. Бұған дейін де еңбегі еленіп, ІІ, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісін таққан кәсіпорын қызметкері биыл тағы да марапатқа ие болды. Кәсіпке адалдықтың үлгісін көрсетіп, Дөң тау-кен байыту комбинатының өркендеуіне сүбелі үлес қосып келе жатқан Самат Садықұлы жұбайы Сырымгүлмен төрт қыз тәрбиелеп еңбегінің жемісін көруде.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: