Сәулеті сұлу «Арасан»

10 Наурыз 2017, 15:48 10363

Шаһар сәулетінің ажырамас бөлігі

Алматыға арнайы қыдырып келгенде болмаса, іс-сапармен келетін жандардың барлығы Көктөбеге шығып тамсанып, Шымбұлаққа барып шаңғы тебеді деп айту қиын. Дегенмен де қаланың дәл ортасында бой көтерген «Арасан» моншасына соқпай кететіндер қатары сирек.

Қала сәулетінің ажырамас бір бөлігіне айналған бұл сауықтыру кешені өзінің қайталанбас бірегей құрылымының арқасында алыс-жақын жұртқа кеңінен танылып, тіптен аңызға да айналып үлгерген. Ғимарат 1979 жылы Қонаев билігінің тұсында салынған. Әсем сәулетімен көз сүйсінетін ғимарат шаһардағы тарихи жобалардың бірі ретінде саналады. Күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген кешен мен мұнадалап тұр.

Моншаның құрылысы басталған тұста Алматыда миллионға жуық халық тұрған екен. Ресми деректерге сүйенсек, әуелі кішігірім бірнеше монша салу жоспарланыпты. Жергілікті билік шетелдердің монша салудағы тәжірибесін ескере отырып, алып кешен салуды жөн көрсе керек. Жоспар бойынша монша күніне 3200 адамды қабылдайтын мүмкіндігі болуы тиіс еді. Бұл жобаның басы-қасында бір топ тәжірибелі сәулетшілер жұмыс атқарды. Бас сәулетші ретінде Вадим Хван есімді сол кезеңнің белгілі сәулетшісі тағайындалған болатын. Моншаның макетін әзірлеу барысында мамандар әлемнің сан түрлі елдерін аралап жергілікті моншалардың құрылысымен танысты. Нәтижесінде «Арасан» кешені көптеген ұлттар мен бірнеше ұрпақтың тәжірибесін өн бойына жинақтаған ғимаратқа айналды. «П» әріпіне ұқсас аталмыш нысан бір-бірімен жалғасқан үш павильоннан құралған. Оның ішкі безендірілуі мен сыртқы бейнесіне қарап құрылысының қымбатқа түскенін байқауға болады.

1983 жылы «Арасан» сауықтыру кешені пайдалануға берілгеннен кейін араға бір жыл салып бұл ғимарат республикалық маңызы бар ескерткіштер қатарына енгізіледі. Ал жоба авторлары Кеңес Одағының мемлекеттік марапатына ие болады. Алып моншаны көруге еліміздің сан түрлі аймағынан ғана емес, тіпті шетелдік туристер де үздіксіз ағылып келіп жатты. 1984 жылы жарық көрген «Шоқан Уәлиханов» фильмі және кейінірек 1988 жылы көпшілікке кеңінен танылған «Игла» кинотуындысы осы ғимараттың қабырғасында түсірілгенін бірі білсе, бірі біле бермейді. Осы жағдайлардың өзі кезінде моншаға біршама танымалдылық әкелген еді. Енді міне араға 30 жыл салып «Арасан» кешеніне жаңарту жұмыстары жүргізілді. Әлемнің үздік инженерлері жаңа технологияларды қолдана отырып, сауықтыру кешенін күрделі жөндеуден өткізді. Дегенмен, тарихтан қол үзбеу мақсатында дизайндағы  ескі элементтер сол күйі сақталды. Осылайша мемлекет қамқорлығына алған «Арасан» кешені 2016 жылдан бастап жаңартылған үлгіде қызмет көрсетуге көшті. Моншаға баруды дәстүрге айналдырған алматылықтарға бұл орын сергектік пен көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтыны анық.

Жазира Берғалиева
Бөлісу: