Туризм – елімізде енді қарқын алып келе жатқан, әлі де дамытуды қажет ететін сала. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Ішкі және сыртқы мәдени туризм халқымыздың осы қастерлі мұраларына сүйенуге тиіс», – деп атап өткен болатын. Осы орайда, Елордалық туризм ассоциациясының президенті Әйгерім Есеналиевамен әңгімеміз елімізде туризмнің жағдайы, туризм түрлері, болашағы мен ішкі туризмді дамытуда ұлттық құндылықтарымыздың рөлі секілді тақырыптар төңірегінде өрбіді.
– Әйгерім ханым, жалпы еліміздегі туризмнің халі қалай?
– Туризм саласы ақырындап дамып келеді. Соңғы жылдары Қазақстан көптеген елдермен визалық режимін жеңілдетіп келеді. Халықаралық шаралар мен жетістіктері, әсіресе әнші Димаш Құдайберген мен Геннадий Головкиннің бұрынғы жетістіктері еліміздің туристік имиджін қалыптастыруға негіз болып, шетелдік туристердің елімізге ағылуына септігін тигізді. Жыл өткен сайын туризм инфрақұрылымы да дамып келеді. Мәселен, астанамыз Нұр-Сұлтан жаңа темір жол вокзалы мен әуежайы салынуы да оң әсер етіп отыр. Бұдан басқа курорттық аймақтарға темір жол тасымалы мен ішкі рейс ұшақ бағыттары да жыл өткен сайын артып келеді. Нұр-Сұлтан және басқа да қалалар өз брендтерін қалыптастыруға көңіл бөліп келеді.
– Еліміздегі ішкі туризмнің артықшылықтары мен кемшіліктеріне тоқталсаңыз...
– Еліміздегі ішкі туризмнің артықшылықтарына келер болсақ, қазақ халқы көшпенді халық болғандықтан үнемі отбасымызбен аталып өтетін ұлттық мейрамдарымыз бар. Осылайша басқа жерге, демалыстарда басқа өңірлерге қыдырып бару арқылы сол өңірге тән кереметтерге тәнті болып жатамыз. Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау қалалары бір-бірімен шалғай орналасса да бұл үш өңір аралығында да туыстық және іс-сапарлық байланыс үзілген емес. Сондай-ақ, өз еліміздің облыстарындағы кереметтерімізді біле бермейміз. Қазақстанның әр өңіріндегі туристік объектілерді жақсы біле бермейтінімізді ескерсек, бұл кемшіліктен қорытынды шығарып, оны артықшылыққа айналдыруға болады.
Ал қызмет пен жолдардың сапасы, телефон байланысының нашарлығын кемшілікке жатқызуға болады. Кейбіреулер туризм саласынан қалай пайда табу керектігін білмей жатады. Мысалы, керемет табиғат аясында орналасқан ауыл тұрғындары туристерді қонақ ретінде қабылдап жатады. Бірақ қалай пайда табу керектігіне, сервиске мән бермей оларға өздері жасаған қолөнер бұйымдарын жәй ғана ұсынып жатады. Жергілікті халықтың туристік білімі мен машықтары, әсіресе қаржылық, әлеуметтік тұрғыдан ақсаңдап жатыр.
– Қазақстанда қандай туризм түрлері дамып келеді? Болашағы қандай?
Көбінесе Қазақстанда экологиялық туризм қызықты болып саналады. Өйткені көптеген ұлттық парктер, қорықтар т.б. бар. Елімізде экологиялық туризм секілді бизнес туризм де дамып келеді.
Бизнес туризм – іскерлік саласы бойынша елімізге келген әрбір азамат бұл туризм түрінің дамуына түрткі болып отыр. Олар мұнда түрлі қызмет түрлерін пайдаланады. Мәселен, кәдесыйлар алады, қонақүйде тұрады, ішіп-жейді, такси қолданады т.б. Бір сөзбен айтқанда ақшаларын жұмсайды. Елімізде бизнес туризм дамыған деп айта аламын. Мәселен, бұл турист саласы бойынша келген шетелдік азамат бұрын Қазақстан жайлы білмеген. Мұнда келу арқылы елімізді, мәдениетімізді білу арқылы қауіпсіздікте екенін сезініп еңбек демалысында жанұяммен бірге келіп қыдырайын деген қызығушылық ой келеді оларға. Ондай туристер өте көп.
Сонымен қатар, елімізде мәдени туризмнің дамуы үшін жақсы потенциалы бар деп айтуға болады. Ол – Қазақстанның Ұлы Жібек Жолы бойында орналасқанымен байланысты. Ұлы Жібек Жолы – бұл өте күшті халықаралық туристік бренд. Осы брендті дамыту үшін Ұлы Жібек Жолы бойындағы көрші елдермен тығыз қарым-қатынаста болуымыз керек. Өйткені, бір елде ғана қалыптастыру қызық емес. Сондықтан, келген турист осы Ұлы Жібек жолы бойындағы бірнеше мемлекетті көріп, аралап қайтуы қажет. Бұл жөнініде Қазақстан туризмін дамытудың үлкен әлеуеті бар.
– Елімізде туризм саласына инвестиция құю үшін ескеретін маңызды нәрселерді атап өтсеңіз...
– Инвестициялық саясатпен «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы айналысады. Туризм тек Қазақстанда ғана емес, басқа елдер үшін де ұзақ мерзімді өтелімді сала болып есептелінеді. Жобаның өз-өзін ақтауы үшін кем дегенде бес жыл қажет етеді. Еліміздің территориясының үлкен болуы, инфрақұрылымдардың жетік дамымауы және турист ағынының көп болмауы салдарынан бұл саладағы жобаның өтелімдігі он жылдан асып кетуі де мүмкін. Онымен қоса, еліміздің маусымдық мезгілдері мен қатаң табиғатын ескеріңіз. Еліміз жылу беру жүйесі мен жылуды үнемдеуді қажет етеді. Соған байланысты шығындарымыз да болады. Сол себептен, елімізді Түркия, Тайланд т.б. курортты елдермен салыстыруға болмайды.
– Еліміздің қай аймағында туристік кластерлер дамыған?
– Еліміздің басты туристік кластері Алматы облысы мен Алматы қаласы. Сондай-ақ, бұл аймақ халықаралық туристердің елімізге көп келетін туристік хаб болып саналады. Келесі Нұр-Сұлтан қаласын айтуға болады. Өйткені, астанамызға бизнес туристер көп келеді.
Ал ішкі туризмге келсек, Алакөл, Балқаш көлдері мен Бурабай курорттық жерлерінайтуға болады.
– Ішкі туризмді дамытуда тарихи-мәдени музейлердің және қолөнершілердің үлесі қандай?
– Жүзден аса ұлт пен ұлыс өмір сүретін Қазақстанның тарихы мен мәдениеті өте бай. Сол себептен, елімізде мәдени туризмді дамытудың әлеуеті өте зор. Келген туристер қазақ халқының мәдени мұраларын біліп қана қоймай, басқа да ұлттардың мәдени мұраларымен таныс болады.Сондай-ақ, еліміздің түрлі мәдениетімен, идеологиясымен, философиясымен, тарих және аңыздарымен т.б. танысу мүмкіншілігіне ие болады. Қазақстан – бұл жағынан өте бай. Осы тұста музейлер мен қолөнершілердің рөлі өте зор. Олар өздерінің бұйымдары мен жасаған өнімдері арқылы туристерге әдет-ғұрыптарымыз, салтымыз бен мәдени құндылықтарымызды насихаттайды.
Қазақстан тарихында ұлы адамдар көп екені белгілі. Осыған байланысты, «Қазақ халқының ойшылдары мен зиялылары туралы құрғақ деректерге құрылған ғылыми ақпаратты қалай дұрыс жеткіземіз?» деген сұрақ туындайды. Бұл сауалды Еуропалық, Азиялық туристерге қалай қызықты әңгіме ретінде жеткіземіз. Сондай-ақ, балаларға қалай қызықты етіп жеткізуге болады? деген сауалдар тұрады.Мысалы, Абай, Жамбыл, Құрманғазы тағы басқа көптеген тұлғаларды кейде өзіміз түсіне бермейміз. Өмірбаяны мен шығармаларын білуіміз мүмкін, бірақ мұндай тұлғалардыңқұндылықтарын біле бермейміз. Неге бұл тұлғалардың тарихи оқиғаларын халқымыз бен барша адамзат үшін өте маңызды екенін айтып жеткізе алмаймыз. Осы жолда объектілердің, музей экспонаты (сырғалар, ою-өрнектер т.б.) құндылықтарды таныстыру барысында туристерге миф, аңызға құрылған я ойдан шығарылған жалған мәліметтерді айтатындар бар. Негізінде, туристер «Өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай қылып» айтатындардың жалған деректерін емес, ғылыми дәлелденген шынайы әрі қызықты тарихи деректерге құмар.
– Еліміздің тұрғындары шетелге шықпас бұрын нені білуі тиіс?
– Шетелдің жағдайы мен шарттарын қаперде ұстаған абзал. Егер өз бетіңізбен саяхатқа шығатын болсаңыз, ол елде қандай екпе дәрілер қолдану керек, қандай жақпа майлар мен спрей қолдану керек деген ақпараттарды ғаламтордан білуге болады. Шетелге саяхаттаушы медициналық сақтандыруды жасату қажет. Егер сізден виза қажет етпесе де, елшілік те қажет етпесе басқа ұйымдар өз тыншыштығы үшін кез-келген жағдайда медициналық сақтандыруды жасату қажет.
– Ішкі туризмді дамытуда ұлттық құндылықтарымыз қандай деңгейде насихатталуда?
– Нақты бұл бойынша ішкі туризмді дамытуда жұмыстар енді басталып жатыр деп айтуға болады. Елімізде туристік объектілер, табиғи, тарихи нысандар т.б. ілгерілеп келеді. Әзірге, белгілі бір аймақтың мәдени ерекшеліктері мен материалдық мұрасын көтеруге қатты көңіл бөліп жатқанымыз жоқ. Ақпараттың аз болуына да байланысты. Мәселен, еліміздің батыс өңіріндегі безендірулер, батыс өңірінің асханасы мен оңтүстік өңірдің асханасы айырмашылығын біз әлі толық зерттеп білгеніміз жоқ. Халықаралық туристер, әсіресе Еуропалық туристер еліміздің, оның ішінде қазақ халқының мәдени игіліктеріне қатты қызығады. Әрине, бұл жайлы деректерді жаңартып, оларға жеткізіп отыру қажет. Өйткені инфрақұрылым, виза рәсімдеу, миграция, сервис, қонақ үйдің бос болмауы жөніндегі көрсеткіштері жаһандық туристік индустриямен салыстырғанда мәселелер жәймендеп шешіліп келеді. Бүл үрдіс табиғи жолмен қазақ халқының материалдық әрі рухани байлығын арттырып келеді.
– Елімізге келген туристер ұлттық құндылықтарымызбен танысу үшін оларға кеңес ретінде сіздер тарапынан қандай іс-әрекеттер жасалып жатыр. Мәселен, мейрамхана, көрікті жерлерге кеңес...
– Елімізде этнотуристерге арналған нысандар жоқ десе де болады. Бар, бірақ аянышты күйде. Оларға керемет киіз үйлер мен табын жылқыларымызды көрсетуіміз керек. Киіз үйлеріміз бетоннан, темірден жасалған, кейде тазалықтары сын көтермейді. Бұл сала бойынша кәсіпкерлерді де тартуымыз қажет. Өйткені, туристерді апаратын мұндай жерлер жоқ. Мәселен, өзбек ұлттық стилінде нақышталған өзбек асханалары бар. Ал, қолжетімді қазақ ұлттық стилдегі асханалар жоқ. Болса да, олар туристерге банкет дастарханын жаюдан ары аспайды. Ал туристерге банкет еш қажет емес. Оларға тек 20-30 минут тамақтанатын жеңіл ас қажет. Олар одан әрі саяхаттауға шығып кетеді. Банкет – көптеген тағамдардың дәмін татуды білдіреді. Кейіннен сол тағамдардың 70-80%-ы қоқысқа тасталынады. Өйткені, туристер осыншама банкеттік мәзірді жеп «тауыса» алмайды. Ең маңыздысы, қандай да бір ұлттық, этникалық шоуды келіп көргісі, тыңдағысы келген туристерге арналған орын жоқ. Егер ресторан тарапынан ұсынылып жатса, туристік фирма толық кешкі асқа тапсырыс беру қажет. Мәселен, Батыс Еуропа елдерінде шағын ғана ас мәзірі мен ішімдігі бар мәзірлер бар. Оның құны небәрі 30-50 доллар шамасында. Яғни, ол жерде шоу тамашалу арқылы, сол елдің мәдениетімен де танысасың. Бізде мұндай орындар жоқтың қасы, олар ең аз 10-15 мың теңгеге ас мәзірін сатып қалғысы келіп тұрады...
Әдетте туристерді музейлерге, ұлттық саябақтарға, қонақ үйлерге апарамыз. Ол жердің тұрғындары қонақтарды қабылдап, өз ас мәзірімен де тамақтандырып жататын кездері де бар. Қазақ стиліндегі, әдемі киіз үйі бар этноауыл калаларда жоқ. Жеке меншік иелерінде өз алдына жеке тұрған киіз үйлер бар. Бірақ олармен жұмыс істеу өте қиын. Өйткені, бұл жеке меншік иелері бірде еңбек демалысына кетіп қалса, бірде тойға кетіп қалады. Немесе бүгін оның көңіл-күйі жоқ, бүгін оның басқа да жұмыстары бар т.б. Сол себептен, туристік фирмалар ондай жерлерге туристерді апаруға жоспарлай алмайды. Алматы қаласының сырты, қаланың жаңа бөлігінде «Қазақ өнер» деген жер бар. Онда ғимарат ішінде киіз үй бар, жүннен жасалатын бұйымдардан мастер-кластар өткізеді, тері бұйымдарымен жұмыс, түрлі шеберлік сабақтар, сондай-ақ, кәдесыйлар сатылады. Бұл елімізде тек ол жерге барып көріп қана қоймай, шеберлермен бірге қарап, зерттеп, ұстап көріп үйренетін жалғыз туристік жер деп айта аламын. Ал Елордамызда болса, ұлттық нақышта безендірілген зергер Берік Әлібайдың жекеменшік үйі бар. Ол да қала орталығында орналаспаған. Жеке бастамасы арқылы дүниеге келген бұл жерде Берік Әлібай өзі айналысады, бұйымдарды жинайды, жасайды. Өз үйін музей сипатына айналдырған.
Соңғы жылдарда елімізде қолөнершілерге көңіл бөліп келеді. Мысалы, осы жылы елордамызда «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен Халықаралық қолөнершілер форумы, ҚР Ұлттық музейінде қолөнершілер көрмесі өтті. Сауда орталықтарында да ұлттық кәдесыйлар, бұйымдар сататын бутиктер мен дүңгіршектер көбейіп, жәймендеп дамып келеді. Әрине, оның дамуы туристік ағынға да байланысты. Сұраныс болса, ұсыныс та болады. Кәсіпкерлер палатасы деңгейінде 2025 жылға дейін қолөнершілердің мемлекеттік туризмді дамыту бағдарламасына енгізілді. Оларға мемлекеттік қолдау қажет. Мемлекеттік қолдау мен субсидияға келсек, мемлекет тарапынан оңтайлы әрекет болып жатқан жоқ. Келешекте бұлар болады деп үміттенемін. Сондықтан ұлттық нақыштағы бұл жеке меншік туристік жерлерге мемлекеттік қолдау көрсетілмегендіктен олардың одан ары жақсы жұмыс істеп кетуі екіталай боп тұр. Жалпы қолөнершілердің табысы тұрақты болмайды. Олар қаражаты тек күнделікті өмірге ғана жететін шығармашылық адамдар. Мемлекет тарапынан оларға орын берілсе, істерін байыпты түрде жалғастырса құба-құп болар еді. Astana EXPO-2017 кезінде елордадағы Есілдің сол жағалауындағы арбат пен «Нұржол» бульварында қолөнершілер көрмесі өтіп, онда өз бұйымдарын сатқан болатын. Бұл соңғы екі жылда болған нәрсе. Бұған дейін оларға көңіл бөлінген емес. Мәселелерін де білмеген. Бұл жылы олардың жеткілікті түрде түйіткілді мәселелері болғандығы анықталды.
– Еліміздің қызмет көрсету саласы туризмге қалай әсер етіп жатыр деп ойлайсыз?
– Біз «Қазақтар – өте қонақжай халықпыз, қанымызға сіңген, қонақтарды жақсы қарсы аламыз...» деп ойлаймыз. Бірақ бұл қате пікір. Біз туристерді қарсы алуды білмейміз. Үйімізде қонақтарды қалай күтсек, туристерді де солай күтеміз. Біз оны тамақтандырамыз, одан әрі шырқатып қоюға итермелейміз... Сосын оны тойғызып қойып, «қимылдата алмайтын» дәрежеге алып келеміз. Ұйықтатып, жатқызамыз. Көбінесе осылай болып жатады. Ал, туристің бұл елге келгендегі мақсаты басқа. Олар дәмді тағам жеп асқазанда жылдам қорытылуын, тағамның сіңімді болуын әрі 3-4 сағат жаяу қалада жүрген кезінде оған күш-қуат беруін қалайды. Сондай-ақ, төсектің(жастық, жамылғы, жайма) сапалы болуы, туристерге жылы жүзбен күлімсіреп қарап, қажет болса көмектесіп жіберу қажет. Көбінесе мейрамханаларымызда тағамдарды үлкен ыдыспен әкелетінін жақсы білеміз. Ал, үлкен порциядағы тағамды көріп жартысын тауысып, жартысын тауыса алмайтынын білген туристер қалып қойған тамақ үшін «...бекер ақша төлеген екенмін» деген ойға келеді. Содан оның көңіл-күйі түсуі мүмкін. Және туристің ойынша, бұл тағамның тым майлы екендігін қоссаңыз, ол тағы аш қалады әрі көңіл-күйі түседі. Аш болған соң, оған барлық нәрсе ұнамайды. Содан қонақ үйге оралғаннан кейін ол жақсылып демалғысы келеді. Кейін матрацтың пружиналы және дақ болғандығын, сондай-ақ бір үлкен немесе бір кішкентай жалғыз жастықтың болғандығын және өз үйіндегі жастықтай сезінбегендіктен, ол тағы ашуланады да ұйқысы қанбай қалады. Ол келесі күнді ашулы әрі ашқұрсақ күйде өткізеді. Сосын отырады да tripadvisor мен booking.com сайтына теріс пікірлер жаза бастайды. Сол себептен туристің алыстан келгендігі мен қалауларын түсіне білу керек. Өйткені, оның «мәдени шокта» болуы, үйінен алыс жырақта болуы, мұнда жақындарының болмауы, кеңес алып, қайғысын бөлісетін ешкімнің болмауы – осының бәрі турист үшін үлкен күйзеліс. Мұнда басқа климат, басқа тағам, басқа валюта, басқа тіл немесе барған елі ағылшын тілін білмесе мұның бәрі туристерге ауыр соққы болып тиеді. Және оған жоғарыда айтып кеткенімдей дәмді, сіңімді, майсыз тағамның болмағанын тағы қосыңыз. Осы себептерге байланысты саяхат – саяхат емес, машақат болады. Үлкен қалаларда мұндай мәселелер көп болмаса да, шалғай жерлерге саяхаттауға келген туристер қиналып жатады. Сондықтан, біз осыларды ескеруіміз және туристерді жан-тәнімізбен түсіне білуіміз қажет!
– Шетелдік туристерге қай жерді саяхаттауға кеңе берер едіңіз?
– Алдымен туристерден олардың қалауларын сұрап біліп алады. Мәселен, кіммен барасыз, қандай әсер алғыңыз келеді, белсенді демалыс қалайсыз ба әлде мәдениетімен(музей) танысасыз ба, табиғатты көргіңіз келе ме, жаңа нәрселер көргіңіз келе ме т.б. осындай қалауды ескере отырып туристік маршрут белгіленеді. Туристік агенттіктер нақты бізде мынадай жер рейтингде деп туристерге дөп басып айта алмайды. Жоғарыда айтып кеткенімдей халықаралық tripadvisor сайты бар. Ол жерден кез-келген турист өте танымал жерлерді, қонақ үйлерді т.б. рейтингін көре алады. Еліміз биыл Топ-10 және Топ-50 көрікті жерлерімізді жасады. Туристік фирмалар туристің демалуға арналған уақыты мен қаржы көлеміне қарай бағыт-бағдар бере алады.
– Сіздің ойыңызша, туристердің еліміздің әуе жолдарына деген көзқарастары қалай?
– Бұл жайында мәселелер болған емес. Әуе жолы ұшу қызметтерін қолдану – туристердің бюджетіне байланысты. Біз тек «Air astana» ұлттық әуе компаниясының әлемдік авиациялық Star Alliance альянсы құрамына кіретінін айтсақ, «Scat», «Bek Air», «Fly Arystan» әуе компаниясының ішкі рейстерге қатынайтынын ғана айтамыз. Ал, турист өзінің уақыты мен қаржысына байланысты өзі таңдайды.
– Туризмнің даму инфрақұрылымы ішкі туризмге қалай әсер етеді?
– Инфрақұрылым одан әрі дамытуды қажет етеді. Мәселен, бес жыл бұрын туристер Алакөлке автобус немесе пойызбен баратын болған. Пойыздардың стансаға өте аз уақыт аялдауы, адамдардың түсіп үлгере алмауы мен перондардың болмауы әбігерге салатын. Соңғы екі жылда Алакөлде тұрақты пойыз жүргізіліп, әуежай салынуы және биыл жолдың салынып бітетіндігін айтылуы – қуантарлық жағдай. Онда демалушылардың ағыны артып келеді. Бұдан шығатын қорытынды, Алакөлге қарап онда бару үшін жасалған инфрақұрылымның қалыптасуы туризм саласының дамуына оң септігін тигізіп отыр.
– Елордалық туризм ассоциациясының алдағы жоспарлары қалай?
– Өткен жылы ұйымымыз және музейлермен бірлесе гид туралы жобаны бастадық. Онда елордалық музейлер мен көрікті жерлердің реестрін жасадық. Олардың құжаттарын тексердік, бейдж дайындадық, мәліметтерін сайтымызға енгіздік, гидтер музейге ақысыз кіруі үшін олармен келісімге келдік. Музейлерде жиі басшылардың ауысуы, келісімдерді сақтамауы, өткізу пункттерінде гидтерді ақысыз өткізбей қою мәселелеріне кез боп жүрген жайымыз бар. Осы жылы музейлермен аталған мәселелерді шешуге әрекет жасап жатырмыз. Еліміздің туризм саласының дамуы мен туристердің қауіпсіздігі, сондай-ақ гидтердің өз тобымен музейге ақысыз кіре алуы – өте маңызды жағдай.
Бұдан басқа, биылдан бастап мәдени мұраларды сақтау бойынша интерпретация жұмысын бастамақпыз. Яғни, туристерге ғылыми ақпаратты қалай дұрыс әрі қызықты түрде жеткіземіз деген ой. Бұған алдымен халықаралық эксперт топтарды тартып, тәжірибелерін қолданып музейлермен, ұлттық саябақтар мен зообақтармен жұмыс істеу. Өйткені, Қазақстанда керемет тарихи-мәдени жерлер мен қазақ халқының ұлы тұлғаларына арналған музейлері өте көп. Ол туралы жақсы әрі қызықты ақпарат бере алмай келеміз. Бұл саланы дамытуға бар күшімізді салуымыз қажет.
(Cуpeт aшық ғaлaмтop көзiнeн aлынды)