Айдана қыраты, Ешкі тауы мен Хан тоғайы...

22 Тамыз 2019, 10:54 13623

Батыс Қазақстанның тамаша табиғаты мен киелі орындары

Батыс Қазақстан облысында аңыздарға бай табиғат ескерткіштерімен қатар, көптеген тарихи тұлғалардың жерленген орындары бар. Оның бірнешеуін еліміздің  «киелі жерлер географиясынан» көруге болады. «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» көпшілік біле бермейтін, тарихы тереңде жатқан жерлермен таныстырады. Сонымен, Батыс Қазақстан өңіріне сапар шегейік...

Табиғат ескерткіштері

Қыз әулие сарқырамасы

Бұл сарқырама Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданы Ақсуат елді мекеніне жақын жерде орналасқан. Оның суы Сырт алды кемерінің борлы қабатынан, Орал маңы үстіртінен бастау алған. Бұл сарқырама туралы халық арасында мынандай аңыз-әңгіме тараған: «Ескі заманда Нұрғали атты кісінің Салиқа деген қызы жасы 11-ге келгенде, бұлақтың көзін ашқан екен. Сол кезде анасына өзінің 17 жасында, інісінің 15 жасында өмірден өтетінін айтқан. Бұлақтың көзін ашқанын және күндіз біреу болса, түнде он болатынын да ескертіпті. Қыздың айтқаны дәл келіп, өзі 17-сінде, інісі 15-де қайтыс болады. Сол себепті бұлақты «Қыз әулие» атап кетеді. Бұлақты жағалап өсіріп тұрған талдарға адамдар амандық-саулық тілеп, отбасына береке сұрап, жастар жағы сезімдердің пәктігі ретінде ақ маталар байлайды екен. Сонымен қатар, бұлақтың көзін ашатын, оның тазалығын қадағалайтын әулие қыз бар деген де аңыз тараған. Осы маңдағы ауылдың кішкентай баласы жоғалғанда, әулие қыз бұлақтан су ішкізіп, ит-құстан қорғаған дейді ел-жұрт. Қазірдің өзінде мұнда келушілердің әкелген иіс сабыны жоғалып кетеді-мыс деген пікір бар. Оның анық-қанығын ешкім білмейді.

Сарқыраманың су мөлдірдей тазалығымен ерекшеленеді. Сол сияқты шіліңгір шілдеде салқын болса, қыстың қырық градус аязында да мұз қатпайды екен. Судың құрамында күміс көп болғандықтан, асқазанға, құлаққа, қимыл-тірек аппаратына, қан қысымына өте жақсы әсер етеді.

Торатбасы тауы

Геологиялық, геоморфологиялық ландшафты типті ескерткіш Белогор ауылдық округі аумағында орналасқан. Ол теңіз деңгейінен шамамен екі жүз метрдей биіктікте жатыр. Жалпы ауданы 1,6 гектарға жетеді. Күншығысында Жыланды тауы жатса, оңтүстік жағында Қылыштау созылып жатыр. Бұл тау мевзозой дәуірінің бор кезеңінен қалған Хвалин теңізінің шөгінді жыныстары. Оған бірден бір дәлел – мевзозой жыныстары мен шайтан тырнақтарының жер бетіне шығып жатқаны. Торатбасы тауының етегінде суы тұщы келетін бірнеше бұлақ көздері бар екен. Тарихтан білетініміздей, осыдан екі мың жыл бұрын Арал мен Каспий теңіздері тұтас бір су аймағы болған. Жергілікті жұртшылықтың арасында тараған аңыз-әңгімеге сенсек, алдына ешбір Қамбар атаның баласын салып көрмеген торы ат тіршілік етіпті. Оның басқалардан ерекшелігі – жай уақытта көзге көріне бермейтін қос қанатының болғандығы.

(Суретте: Торатбасы тауы)

Оның иесі тұлпарын ат бәйгесіне қосуға әкеп, басқалардан бөлек үй тігіп, торысына бөлек ас-суын әзірлеген. Бәйгеден соң да, жүйрігін сонда жаптырып, сыртына арнайы күзет қойдырған. Бұл жұмбақтықтың сырын білгісі келген бір әйел, үйдің сыртын сығалап әлгі аттың бір қанатын суға, бір қанатын сүтке малып, өзі шөп жусап тұрғанын байқайды. Оған қатты таңғалған әйелдің даусынан шошып кеткен тұлпар сол жерде мерт болады. Шыңғырып барып жан тапсырған тұлпардың тұсындағы елді мекеннің атауы Шыңғырлау аталып кетіпті. Ал талай бәйгеде алдына қара салдырмаған киелі сәйгүлікті көмген жерде тау белгі пайда болып, Торатбасы атын алған. Көне көз қарттардың сөзіне сенсек, баяғыда сол таудың басында ат құлағындай екі төбе болған. Ал жерімізді Кеңес үкіметі өз қолына алып, халық арасына отырықшылық дәстүрі енгізгенде, сол екі төбе қоралар салуға пайдаланылыпты. Бүгінде ол таудың тек ат мойнындай мойны ғана қалған. Шөбі шүйгін таудың етегінде қора-қора қой, үйір-үйір жылқы жайылып жүреді.

Аққұм кешені

Аққұм кешені Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданының Егіндікөл ауылына жақын он шақырымдай жерде жатыр. Ол солтүстіктен оңтүстікке қарай жиырма шақырым, батыстан шығысқа сегіз шақырым аумақты алып тұр. Құстың сопақша жұмыртқасы тәріздес құмды алқап жайында елі ішінде аңыз-әңгіме жетіп артылады. Соның бірінде Аққұм ХІІ-ХІV ғасырларда тіршілік еткен бір қаланың орны екені айтылады. Ол қалмақ ханы Алашағырдың орда тіккен мекені, нағыз сауда-саттықтың орталығы болыпты. Алашағырға өшігіп жүрген Қобыланды батыр келіп, бүкіл қаланы жайратып салады. Батыр жүріп өткен жерлер осы секілді төбе-төбе боп, құмдардың үйіндісіне айналған. Бұған «Қобыланды батыр» жырының Морабай ақын жырлайтын нұсқасы айғақ бола алады. Сонымен қатар, Аққұм атауының сырын ашуда айналасында орналасқан Шәр, Оқ атқан, Шымылдық, Қараталдардың мәні зор. Осы орыннан өткен ғасырда жасалған зерттеулерде ескі құмыраның сынығы, жебенің ұшы, қылыштар және басқа да көптеген көне заттар табылған екен. Яғни, Аққұм жайындағы ел арасында таралған аңыздардың негізссіз емес екенін аңғаруға болады. Тағы бір археологтар жасаған қазба жұмыстары кезінде көне тиын, біршама алтын білезіктер, ескі қару-жарақтар, қайқы қылыштар, қорамсақтар, темірдің сынықтары, үй жағдайына пайдаланатын заттар аршылған. Сонымен қатар, бірде бар боп, бірде қайта жоғалатын Жұмбақ көл де осы құмда орналасқан екен. Оны аңшылар байқап, шомылып та көріпті. Аққұмның батыс жағын мекен еткен көлдің ол жұмбақтығын астында су көздерінің болуымен байланыстырады. Құм солтүстіктен оңтүстікке, батыстан шығысқа қарай жылжыған кезде су жер бетіне шығып, қайта сіңіп кетеді-мыс. Осындай тылсымдығына орай көл аты «Жұмбақкөл» деген атау алған.

Ешкі тауы

Ешкі тауы Батыс Қазақстан облысы Тасқалы ауданында орналасқан. Жергілікті тұрғындар ол тауды Үлкен Ешкі тауы деп атап кеткен. Теңіз деңгейінен 260 метр биіктікте жатқан  тау осы облыстағы биіктігі жағынан екінші орында тұр. Ол 175 гектар аумақты алып жатыр. Тау Үлкен және Кіші Ешкі болып екіге бөлінеді. Таудағы қорғандар оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай тізбектеліп орналасқан. Оны ғалымдар темір дәуіріне жатқызып отыр. Сол сияқты археологтар жүргізген зерттеуде таудан палеолит дәуіріне жататын бірнеше тұрақтар табылған. Ешкі атауының шығуы аязды күндері бұл орынды жабайы ешкілердің мекен етуімен байланысты екен. Олар өз азықтарын осы тау ішінде тапқан. Саяхатшылар мұнда ешкі рухы мекен етеді дегенге сенеді. Жалғыз келген адам ешкілердің маңыраған даусын естиді-мыс. Тауда өсімдіктің жүзден аса түрі бар болса, оның қырыққа жуығы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Ал құстардан сасық көкек, безгелдек, дала қыраны, бозторғай, дуадақ секілді түрлері мекендесе, жануарлардан боз суыр, түлкі, сұр жылан бар.

Ешкі тауының басына шыққандар өздеріне деген сенімділіктері жоғарылап, тазара түседі дейді.

(Суретте: Ешкі тауы)

Шалқар көлі

Шалқар көлі Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданында, Орал қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 75 шақырым жерде орналасқан. Орал өзені бассейніне жатқызылады. Теңіз деңгейнін 16,7 метрде жатыр, жалпы ауданы – екі жүз шақырымды құрайды. Ал ұзындығы – 18,5 шақырым. Көлге суы аздау Шолақанқаты мен Есенанқаты секілді өзендер құяды. Ал Шалқардан Солянка өзені ағып шығады. Ежелгі заманнан көл маңайын түрлі тайпалар мекен еткен. Оғыздар, печенег тайпаларынан кейін қыпшақ, түріктерімен қоса, қазақ рулары да қоныстанған. Бұл көл Батыс Қазақстандағы ең терең көл болып есептеледі.

Бұл орынға 921-922 жылдары араб көпесі Ахмед ибн-Фадлан саяхат жасап, көптеген тың деректер қалдырған. Оның әңгімелерінде ілгеріде айтып кеткен оғыз, печенег тайпалары осы өңірді өздерінің ата қоныстарына айналдырғаны жазылған. Араб көпесі дерегінде осындағы бірнеше өзендердің де аты аталған. Көлде аққу, қаз, қақиқаз, шағала, үйрек, бірқазан секілді құстар тіршілік етеді. Мұндағы тұрғындар көлді Кіші теңіз деп те атайды екен. Көне су айдынының қашан пайда болғаны туралы нақты ақпарат кездеспейді. Ескі заманда көл айналасында көптеген жан-жануарлар да өмір сүрген. Оны археологтардың жасаған зерттеу жұмыстары дәлелдеп берді.

Шоқай батырдың Шоқайтерегі

Бұл терекке бес адамның құшағы әрең жетеді. Ол Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданы Шоқтыбай ауылында орналасқан. Баяғыда Елек бойын мекен еткен халқы бақуатты ауылда Шоқты (Шоқай) атты батыр өмір сүріпті. Елін жаудан қорған батырды жергілікті тұрғындар құрмет тұтып, қадірлеп, әрбір сөзіне тоқтайтын болыпты. Шоқты батыр да артынан ерген, құдайдай сенген ел-жұртын шапқан дұшпаннан сақтап, абыройлы тіршілік етіп жатады. Күндердің күнінде ел шетіне жау тиіп, қанды соғыс болады. Ақ тұлпарына мінген батыр, осы бір кескілескен ұрыста ауыр жарақаттанып қалады. Еттің қызуымен жарақатына мән бермеген батыр ауылға қарай бағыт алған, ал қасындағы жолдастары басқа жолға түседі. Дұшпанның бетін қайтарған батыр жолда келе жатып, қатты әлсірегенін байқап, тұлпарынан түсіп, ағаш ортасына кіріп кетеді. Әлі құрыған Шоқай бір шыбықтың жанына барып, жатады. Ал тұлпары иесінің халін көріп, Електен су тасып, жарақаттарына, бетіне шашады. Бірақ, жарақаты тым ауыр батыр көп ұзамай сол жерде мәңгілікке жүріп кетіпті. Елі сол жатқан жеріне денесін қойып, мәңгілікке қалдырған екен. Иесіз қалған Ақтұлпар күнбе-күн Електен су тасып, қабірге шашып кетеді екен. Уақыт өте келе сол зират түбіндегі батыр жантайған тал шыбық үлкен бәйтереккке айналыпты. Ол осындағы барлық ағаштардан биіктігімен, алыптығымен ерекшеленетіндіктен, жергілікті жұрт «Шоқайдың терегі» деп атап кетеді. Қанша уақыттың куәгері болып тұрған алып ағаш Елек бойында өсіп тұр. 

Құныскерей үңгірі

Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Егіндікөл ауылында орналасқан үңгірдің атауы – Құныскерей. Бұл жерді кеңестік билікті қуана қарсы алып, артынан оның зорлық-зомбылығын көріп, бас тартқан атақты банды атанған халық қаһарманы Құныскерей Қожахметұлы жаудан тығылып, дұшпандарының көзіне таса болу үшін пайдаланған. Содан да болар үңгірді халық «Құныскерей үңгірі» деп атап кетеді. Мерген, палуан, саятшылдығы бір төбе, жауырыны жер иіскемеген батыр Құныскерей жау тырнағынан құтылу үшін қашып жүрсе де ел ішінде өте абыройлы болған. Халық оны дұшпандарға бермес үшін әрдайым ізін жасырып отырған екен. Бірақ, әбден ызаланған қызыл әскерлер оны қалайда қолға түсіру үшін сыртынан әртүрлі пікір айтып, ел-жұртқа жаманатты етіп көрсетуге тырысып бағыпты. 1930 жылдың шілдесінде «бандыны ұстау» операциясы орын алып, қызыл әскер Құныскерейдің қыстағын түгелімен өртеп, әкесін өлтіреді. Әкесін жерлеуге міндетті түрде келеді деген дұшпандары, үй алдына Қожахмет қарттың денесін үш күн шығарып қойып, күтеді. Құныскерей ол жоспарды біліп қойып, түн ортасында шабуыл жасап, әкесін мертіктіргендердің барлығын жер жастандырып, әкесін арулап жерлеген екен. Көп кешікпей жергілікті билік әйелін «халық жауының жары» деп тұтқынға алады, екі кәмелетке толмаған қызын жетімдер үйіне тапсырып жібереді. Ал үлкен ұлдары Айтмұхан мен Атйжанды туыстары билік көзінен жасырып үлгеріпті. Бұл оқиғадан кейін, ағайын-туысына зиянын тигізбеуді ойлаған Құныскерей Қаратқөбе жері арқылы башқұрттар еліне өтіп кетеді. Уфа қаласындағы темір жолда жұмыс істеп жүрген ол Марияммен танысып, оны жар етіп алады. Құныскерейді танитындардың айтуынша, оның сақтаушы періштесі болған. Құныскерейді зерттеушілер оның бөтен текпен жүріп, отанынан тыс жерде 1964 жылы өмірден өткен дейді. Ал үңгірде 1939 жылы соғысқа аттанғандар өз аты-жөндерін қашап қалдырған екен. Сол сияқты бірнеше қару-жарақтың бөлшектері табылған.

«Қырық оба» кешені

Он ірі қорғаннан тұратын кешен Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданында орналасқан. Бұл жердің ерекшелігі – № І, № ІІ жұпты саны бар «батондардың» болуы. Кешен патшалық қорғандардан құралған. Мұнда зерттеу жұмыстары бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. «Қырық обаның» өзі үлкен үш бөліктен тұрады. Археологиялық жұмыстардың нәтижесінде бұл кешенде жыл санағына дейін VI-V ғасырларда сармат тайпаларының тіршілік еткендігі жөнінде айтылады. Оны жерлеу қорымдарынан табылған қылыштар дәлелдеп отыр. Бұған ұқсас заттар Түгіскен обасы мен Аралдың шығысындағы аумақтардағы обалардан да шыққан. Ғалымдар бұл орындарда тек ауқатты, бай-бақуатты адамдардың жерленгендігін айтып отыр. Оған себеп, қазба жұмыстары кезінде алынған сәндік бұйымдар мен алтыннан жасалған заттар. Жергілікті тұрғындар Қырық оба кешенін ата-балалары жерленген жер деп қадір тұтандықтан, осы өңірдегі киелі орындардың қатарына жатқызады.

(Суретте: Аққұм кешен)

Айдана қыраты

Қырат Қоңыр ауылының оңтүстігінде 7 шақырым жерде орналасқан. Ол Жосалының табиғи ескерткіштерінің бірі болып табылады. Айданада он төрт құлпытас болған. Бүгінде оның арабша жазылған етң жартысы ғана қалған екен.

Халық арасында таралған аңыздарға сүйенсек, Айдана байдың еркелеп өсірген жалғыз қызы болған. Ұлы болмаған бай қызын ер балаша тәрбиелеп, өсіріпті. Алдымен атта шабуды үйренген қыз, кейіннен қару-жарақ пайдалануды меңгеріп, бірнеше шайқастарға қатысқан. Бірде Айдананың бұл қабілеті кәдеге жарапты. Барымташылар ауылда ер адамдар жоқ кезде бар жылқыны айдап әкетіп, олжалы болғысы келеді. Ауылдың бар атын жинап кетіп бара жатқан жауды көрген Айдана ер балаша киініп, бес қаруын асынып, соңдарынан қуа жөнеледі. Қуғыншының жалғыз, әрі «жас бала» екенін көрген барымташылардың басшысы оны күтіп алады да, жекпе-жекке шақырады. Қос тарап найзаларымен бірін-бірін түйіп түсіруге тырысқанымен, оларынан дым шықпайды, тек жас «жігіттің» басына киген бөрігі түсіп кетіп, артынан қолаң шашы төгіліп, қыз екенін білдіріп қояды. Сонда жекпе-жекке түсуші өзінің қызбен найзаласып жатқанына ашуланып: «Қыз болсаң, нең бар еді қуғыншылыққа шығып? Ауылыңда қарсы тұрар еркек жоқ па?» дейді. Сонда қыз: «Мырза жігіт болсаңыз, ауылдағы қаусаған кемпір-шалды осылай басынбас едіңіз. Азаматтары жоқ ауылдың малын айдап кету жігіттікке жата ма? Ал мен бұл ауылдың бишара еместігін көрсету үшін, мынау алдыңыздағы малдың жоқтаушысы барын көрсетуге шықтым» дейді. Қыздың сөзіне тоқтаған барымташылар, жылқыларды тастап, өз жөндерімен кетіпті. Бұл әңгіменің өзі қазақтың бір ауыз сөзге құлақ асқанын, қыз баласын сыйлағанын білдірсе керек.

Хан тоғайы

Жалпы аумағы 113 гектарға созылып жатқан Жайық пен Шаған өзендерінің ортасында ну орман жатыр. Хан тоғайы шамамен жеті ғасыр бұрын пайда болған. Ол орында сол заманнан бастап, қазақ хандары сайлау өткізіпті. Сонымен қатар, қазақ билеушілерінің, рубасы мен батыр-билерінің қазақ-орыс атамандарымен келіссөздері де осында ұйымдастырылған көрінеді. Тарихтан мәлім 1801 жылы Бөкей Нұралыұлы І Павеллден Еділ мен Жайық арасындағы жерлерге көшіп-қонуға, қоныстануға рұқсат алады.  Біршама уақыт бойы сұлтандық қызметті атқарған Бөкейді 1812 жыл шілде айында Орынбор губернаторы князь Волконскийдің арнайы қатысуымен Ішкі Орданың ханы етіп сайлау дәстүрін осы Хан тоғайында жүргізген. Сәл кейінірек Бөкей ордасының ханы Жәңгірді де осы тоғайда көне салт-дәстүрмен ақ киізге көтеру шарасы болған екен. Орал қаласына келген беделді қонақтың барлығын осы Хан тоғайына апарған. Бұл жерге А.Пушкин, В.Даль, В.Короленко және тағы басқа танымал тұлғалардың табаны тиген. ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында Хан тоғайы демалыс орнына айналған еді. ХХ ғасырдың басында болған Орал еңбекшілерінің көтерлістері де осы тоғайда өткізіліпті. Сонымен қатар, Ұлы отан соғысында неміс авиациясы бомбасынан бас сауғалаған жұрт, осы орманды паналаған екен. Бүгінде табиғатына көз тоймайтын тамаша тоғай оралдықтардың демалатын орынына айналып отыр.

Айдар сор

Сор Қосарал ауылына қарасты жерде жатыр. Аумағы біршама гектарға созылып жатқан сорға қатысты ел арасында  мынандай әңгіме таралған: «Ертеректе Атыраудан келе жатқан адай руынан шыққан бір бай осы жерге біраз күн тоқтауды шешеді. Себебі, оған бір тері дерті жабысып, бөртпе мен қышымадан қатты қиналады. Осындағы суға түсіп, денесіндегі барлық ауру кеткесін, жаны жайланып, қайта жолға шыққалы жатады. Сол кезде жағдайы күрт нашарлап, қасындағыларға сүйегін елге апармай, өзі тыныққан тұзды сордың басына жерлеуді табыстайды. Көп өтпей, Айдар бай жолда о дүниеге аттанады. Туыстары денесі қойылған жерге құлпытас орнатқан. Ал адамдар әлгі тұзды суға түсіп, өздерінің дерттеріне дауа іздеп келіп жатады екен.

(Суретте: Құныскерей үңгірі)

Тарихи ескерткіштер

Сегізсай (Лебедевка) қорған кешені

Сегізсай (Лебедевка) кешені 1966 жылы Г.И.Багриковтың жетекшілігімен келген экспедиция негізінде ашылған болатын. Ол Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданында орналасқан. Қорғанды кешен он үш үйіндіден тұрады. Диаметрі – 10-12 метрге жетсе, биіктіктері бір метрге жетеқабыл. 1969 жылы ғалымдар тағы бір обаны қазып алды. Обалы дала шығыстан батысқа қарай созылып жатыр. 31 обадан тұратын орынның құрбандық шалуға арналған құралдары үш шаршы метрге дейін жетеді. Ал оңтүстіктен солтүстікке қарай созылып жатқан қорғанды кешенде отыз бес үйінді бар. Ашылғанына 11 жыл өткен соң, бұл орыннан сармат мәдениетіне тән он екі оба қазылған болатын. Ал келер жылы қола ғасырына және көшпелілердің соңғы ғасырына тән жиырма оба табылды. Көмілген шұңқырдың жоғарғы жағынан құрбандық шалуға арналған ыдыстың сынықтары шыққан. Осы зират ішінде және төрт құбыласында жылқы малының сүйектері мен адам сүйектерінің қалдықтары бар. Ілгеріде айтылған обалардың ішінде ең жақсы сақталғаны №6 қорған екен. Оның диаметрі отыз метр болса, биіктігі 2,30 метрге жетеқабыл. Екі бөлмеден құралған мазарда әйел адамы жерленген. Зираттың солтүстік-шығыс бұрышында құрбандыққа шалынған қой мен өгіздің көптеген ұшалары табылды. Ал қаңқаның оңтүстігінде пышақ сұғылған сиыр бүйірі жатқан. Бұл орыннан алынған бұйымдардың көптігіне қарап, әйелдің ақсүйек тұқымяна жатқанын аңғаруға болады. Сәндік жапсырмалармен көмкерліген бас киімге қарап та оның дәрежесі жоғары болғанын байқаймыз. Сол сияқты бұл моладан екі ілмек, бұғы бейнеленген алты салпыншақ, пішіндері әртүрлі моншақтар да табылған. Жерленген жанның мойнында алтын қаптырмалар, әйнек моншақтары бар алқа шықса, кеудесінде алмұрт секілді тоғыз алтын моншақ болыпты.

Тастөбе шайқасы болған жер

Тастөбе шайқасы – Исатай мен Махамбеттің патша үкіметі мен орыс отаршылдарына қарсы күресі Бұл соғыс қазақ тарихынан ерекше орын алады және сол тұстағы Ресей саясатына қарсы бағытталған ірі бас көтерудің бірі болып табылады. Батырлардың алдында тұрған мақсат халық тілегін орындамай жүрген Жәңгір ханға ел күшін көрсету еді. Ыза мен ашуға булыққан екі батыр жасақтарын жинап, Тастөбеде ұрыс салады. Бұл соғысқа патша үкіметінің әскері жан-жақты даярлық жүргізген екен. Патша билігі Исатай мен Махамбетті аса қауіпті тұлғалар деп танып, олар бастаған көтерілісті жылдам басып тастау үшін, қалың қол жинаған. 1837 жылдың 15 қарашасында орын алған көтерілісте жазалаушылар жағы зеңбіректен оқ жаудырып, Махамбеттің жасақтарына аса үлкен зақым келтіреді. Жараланғандар да мерт болғандар да көп болады. Олар бытырай қашып, қайта бастарын біріктіре алмайды. Бұл жайында Махамбет өз жырларында батыр-серіктері Ерсары мен Қалдыбайдан айырылғанын жазады. Сол сияқты шайқаста Исатайдың 20 жастағы үлы Ақай қайтыс болған. Шайқастың өткеніне 175 жыл толғанда ұлт-азаттық көтерелісіне белсене қатысып, ерлік танытқандардың құрметіне ескерткіш қойылды. Онда Исатай мен Махамбеттің бейнесі, қос қанжар мен нағыз қайсарлық пен қайраттылықтың символына айналған көк бөрі бейнеленген.

Жалпақтал қалашығы

Қалашық Батыс Қазақстан облысы Казталовка мен Жаңақала аудандарының ортасында орын тепкен. Жалпақталдың аумағы шамамен жетпіс гектарға жетіп қалады. Оның орта тұсында биіктігі екі метрден елу метрге дейін жететін бірнеше ірі-ірі обалар кездессе, қалған бөлігінде көлемі жағынан шағын обалар бар. Жалпақтал қалашығының маңында Алтын Орда дәуіріне тән бес некраполь кездеседі. Оларға сол дәуірдегі сәулет өнері тән және ол жерден ХІV ғасырда тұрығызлған ауылдық мешіттің қалпы көрінген. Бұл қалашық алғаш рет Д.В.Марыксин басшылығымен қазылған екен. Оның жоғары жағында ондаған қызғылт саздан салынған қыш керамикасы, крица фрагменттері, моншақ және тағы басқа құнды жәдігерлер алынды. Қазба жұмыстары кезінде төрт мыңға жететін иректелген, керамикалық мүсіндеудің бір түрі түзу сызықты өрнектері бар қызыл саздан жасалған қыш құмыралардың сынықтары шыққан еді. Жалпақтал қалашығының орнынан табылған тағы бір құнды тарихи жәдігер – жеті ғасыр бұрын Үкекеде соғылған күміс ақша. Үлкен және Кіші Өзеннің арасында «алтынордалықтардың қоныстары бар ма, жоқ па?» деген сауал көптен бері жауабын таппай келе жатқан еді. Осыған орай,  ХVІІІ ғасырда сол жерде болған П.Палластың жазбаларынан мынандай мәліметті кездестіреміз: «Екі өзеннің арасындғы аумақта су тартқыштардың іздерін, ор-шұңқырлар мен қорғандардың көптігі мен бағзы тұрғын жайлардың қалдықтарына қарап, бұл орында ұлы халықтың тіршілік еткендігін болжау қиын емес».

(Суретте: Хан тоғайы)

Ұзақ күйші кесенесі

Ұзақ Мырзабайұлының нақты туып-қайтыс болған жылдары туралы ақпарат жоқ. Шамамен ХVІІІ ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында Орал облысында ғұмыр кешкені ғана айтылады. Ол сол замандағы күйлердің біршамасын жетік меңгеріп, нақышына келтіріп орындаған. Күй тарту жарыстарында алдына қара салмаған атақты күйші болған. Ұзақ Мырзабайұлы жөнінде Ахмет Жұбанов бір естелігінде: «Хан-Базарда жиі өтіп тұратын домбыра тартыстарына белсенді түрде қатысып жүретін, аты бүкіл оралдықтарға жайылған Ұзақ атты күйші болды. Өзі Жайықтың шығысында дүниеге келсе де, домбыра өнерін бөкейлік жақтан үйренген сыңайлы. Талай додада жиналғандардың делебесін қоздыратын оған қайда жүрсе де, ел-жұрты құрмет көрсететін. Ұзақ қарт бір сапарында Сағырбай қонысы жайлаған баяғы Шағыбала байдың ауылына келіп түседі. Бұрындары бай-бақуатты жандардың үйін сағаламайтын аты Сағырбайдың үйіне келіп тоқтайды. Күй кешіне жиналған қауым байдың төрт қанатты үйіне сыймай кетіпті. Таң саз беріп атқанша Ұзақ күйшінің күйі де таусылмайды екен. Осы бір кеште күйшінің домбыраны ұстаған қолдарына қалт жібермей қарап, әрбір қағысын көз аудармай бақылап, күй арасындағы әңгімелерге есіл-дерткі кетіп тыңдап отырған Құрманғазы балаға Ұзақ қарттың көзі түсіпті. Ауыл адамдары тарқаған тұсты күткен күйші Құрманғазыға домбыра тартқызады. Бала Ұзақтың «Ақжелкеңін» бір тыңдағаннан жаттап алып, соны орындап берген екен. Өзінің жорамалы жөнге келген Ұзақ оған бар ақылын айтып, болашағы мол күйші шығатынын болжаған екен». Осылай қарт күйшіден бата алғанда Құрманғазының жасы бар болғаны 13-14-те болатын. Қазақтың кеңмаңдай күйшісі, ел арасында аса абыройға ие болған Ұзақ күйшінің кесенесі Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Аққозы ауылында тұр.

Сүгір жырау Мырзалыұлы жерленген жер

Сүгір жырау 1835-1908 жылдары аралығында өмір сүрген. Ол атақты Жиембет жыраудың ұрпағы, жырау. 1868 жылы «Уақытша ереже» шыққанда үкіметке бағынудан бас тартқан қазақтармен ауған жеріне көшуге бел байлап, ақыры шекарадан өте алмай бірнеше жылын Хорезмде өткізген. Кейінірек туған жерге оралыпты. Одан төрт ұл тараған: Шынғали, Темірғали, Шымырғали, Нұрғали. Оның өзі үш ағайында болыпты. Сүгірдің үшінші ұлы Шымырғали дінге бет бұрған, қажыға үш мәрте барған жан екен. Ол Байшөрек маңынан екі мешіт ашып, бала тәрбиесіне көңіл бөлген. Сүгір жырау Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Базар-шолан ауылдық округіне қарайтын Байшөректегі ескі зиратқа жерленген екен.

Сырым шыққан төбе

Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Тоғанас ауылының шығысында он екі шақырымдай жерде орналасқан дөңді «Сырым шыққан төбе» дейді жұрт. Айналасы жазық дөңге ауа райы ашық кезде шықсаң он-он бес шақырым жерді барлай аласың. Төбеге шығар жолдың бойында Сырым Датұлына арналған ротонда-белгі бар. ХVІІІ ғасырдың соңына қарай Сырымның өзі сол дөңнің төңірегін қаздырып, топырақ үйдірген екен. Ол орыс отаршылдарымен соғыс жүргізгенде осы төбені қарауыл ретінде пайдаланған көрінеді. Қазірде ол төбенің басында арнайы ескерткіш тақта қойылған. Кей аңыздарда Сырым батырдың әмірін орындаған мыңдаған сарбаздар топырақты етектен жоғары арқалап дөңді кәдімгідей биік еткен. Ал ең төбесінде жасыл тудың астында Сырым батыр би-батырлардың басын біріктіріп, кеңес те құрған екен. Көнекөз қариялардың сөзіне сенсек, Сырым жауынгерлері төбенің етегінен жоғары үзіліссіз көтеріліп, төмен түсіп, орасан көп қол сияқты көрінуге тырысып, дұшпандарын саннан жаңылыстырыпты. Осы төбенің оң жағында орналасқан Жұмағазы бұлағы сол мың қолдың шөлін қандырып, демін басатын орынға айналған. Осы Сырым батырдың есімін алған төбеге біразға дейін жергілікті тұрғындар да, жау да өтіп көрмепті. Ол халық арасында киелі жер саналады.

(Суретте: Қыз әулие сарқырамасы)

Ақын Шәңгерей Бөкеев жерленген жер

Шәңгеpей Бөкеев – ХIХ ғасыpдың екiншi бөлiгi мен ХХ ғасыpдың басында қалыптасып дами бастаған қазақ жазба әдебиетiнiң көpнектi өкiлдеpiнiң бipi. Атақты Жәңгip ханның немеpесi. 1847жылы қазipгi Батыс Қазақстан oблысы Opда аyданы Жасқұс құмында, хан opдасында өмip есiгiн ашқан. Oл өзiнiң бip сөзiнде алпыс бөлме, жүз есiк көк opданың  iшiнде тyғанын айтқан. Шәңгеpей бес жасқа келгенде әкесi Сейiткеpей өмipден өткен екен. Алайда, хан немеpесi еш қиныдық көpмей еp жетедi. Жастайынан өнеp, бiлiмге әyес бoлады. Әсipесе сөз өнеpiне деген құлшынысы еpек едi. Opдадағы медpесенi таyысқан сoң, Астpаханьдағы yчилищеге түскен. Oдан сoң, Opынбopдағы Кадет кopпyсында екi жылдай бiлiм алған. Opыс тiлiн үйpенiп, opыс әдебиетi мен мәдениетiмен жақын таныса бастайды. Oйындағы oқyлаpын бiтipген сoң, Самаp гyбеpниясында (қазipгi Кyбышев oблсында) бiтiмшi сoт бoлып жұмыс iстейдi. Бipаз жылғы жемiстi жұмыстан сoң, oны тастап тyған елге opалады. Opыс патшалығы таpапынан двopян деген атақ алып, Самаp гyбеpниясының двopяндаpы тiзiмiне қoсылады. Кеңсе қызметiн қoйған сoң, өнеpге ден қoйып, шығаpмашылықпен айналыса бастайды. Өзi opыстың Леpмoнтoвы мен Гoгoльiн сүйiп oқиды. Oл opыс сypтешiсi Мальцевпен дoстасып, oған шебеpханада тұpғызып беpген екен. Шәңгеpейдiң өте бай кiтапханасы бoлған. Ғылыми әдебиеттерге де еpекше құлшыныспен ден қойған. Ал қазақ және opыс тiлдi газет-жypналдаpды аpнайы алдыpып oқитын бoлыпты. 1911-1913 жылдаpы Opалда «Қазақстан» газетiн шығаpy iсiн еpекше қoлдап, oны шығаpyға аpнайы қаpажат жинап та беpген екен. Бөкeeв 1911-1912 жылы «Шaйыp», «Көкciлдep», 1926 жылы «Үш жoқтay» жинaқтapындa жapық көpгeн. 1934 жылы жeкe жинaғы шығaды. Oдaн кeйiнгi жылдapдa шығapмaлapы oқyлықтap мeн жинaқтapдa жapиялaнып oтыpды. Бөкeeв — Eypoпa әдeбиeтiнeн cycындaп, қaзaқтың cyыpып caлмa пoэзияcы дәcтүpiн жaзбa әдeбиeткe ұлacтыpғaн aқын. Yaқыт, зaмaн, өмip, тaбиғaт, ғылым, өнep тypaлы тoлғaнaды. «Өмipдiң өтyi», «Ғылым», «Эдиcoн», т.б. өлeңдepi өзгepмeлi, өтпeлi өмipдiң зaңдылығын eжeлгi қaзaқ пoэзияcының eң құнapлы cөздepiмeн, әcepлi cypeттepiмeн бeйнeлeйдi. Бөкeeв пoэзияcындa пapacaтты, oйлы дaлa қaзaғының oй-қиялы, aқын өмip cүpгeн дәyipдiң aлyaн cыpлapы шeбep өpнeктeлгeн. Бөкeeв хaлық өмipiмeн бiтe қaйнacып, apaлacып oтыpғaн. Oл Ғ.Қapaшeвтi ayыл бaлaлapынa oқытyшы eтiп ұcтaйды. Oғaн opыc тiлiн үйpeтiп, opыc poмaн, пoвecтepiн мaзмұндaп бepeдi. Ғұмap oны мaлшы шapyaлapғa әңгiмeлeп oтыpaды. Бөкeeв eл ayзындaғы әдeби мұpaлapды жинaқтaп, oны бacтыpып шығapyғa қaмқopлық жacaйды. Жaзықcыз жaпa шeккeн бұқapa хaлық өкiлдepiнe (мыcaлы, Кyбaлa aқын, т.б.) қoл ұшын бepiп, қoлқaбыc жacaйды. Шәңгepeй пpoзaлық шығapмaлap жaзғaн дeгeн дe дepeк бap. «Қapa мұpт» aтты poмaн, «Cұpay-жayaп» дeгeн көлeмдi әңгiмe жaзca кepeк, бipaқ oл тyындылapы caқтaлмaғaн. Oл 1917 жылы шaмacындa Көлбopcыдaғы қoныcын тacтaп, aтaлac төpe тұқымдapы мeкeндeгeн Aқбaқaй дeгeн жepгe (Бaтыc Қaзaқcтaн oблыcы, қaзipгi Қapaтөбe ayдaны) көшiп кeлeдi. Қoныc ayдapy ceбeбi дe мәлiмciз. Бiзгe бeлгiлici – өмipiнiң coңғы кeзiндe eл iшiндe дayлы, тaлac-тapтыcты мәceлeлepгe көп apaлacпaй, oқшay өмip cүpгeн. Бөкeeв — қaзaқ пoэзияcындa өзiндiк өpнeгi aйқын aқын. «Үш ғacыp жыpлaйды» жәнe «Бec ғacыp жыpлaйды» тoптaмaлapынa өлeңдepi eнгeн. Оның денесі Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Саралжын ауылында жер қойнына тапсырылған.

Батыр Тайлақ Мәметайұлы жерленген жер

Тайлақ батырдың мазары Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданының жеріндегі Шідерті өзені бойында жатыр. Ол мазаратта Тайлақ батырмен қатар ұлдары Өгіз бен Толыбай батырдың да зираты бар. Сырым ауданындағы Жамбыл ауылынан табылған көне құлпытаста Тайлақ батырдың 1808 жылы өмірден өткендігі жазылыпты. Тарихи деректерде 1802 жылы дүниеден озған Сырым Датұлының құнын сұрауға Дәуқара батырдың баласы Есқара батыр, Әлтекеден Қожамсүгір Үкі би, Алаша Барамық Ошырты би, Ысық Қаратау билермен қатар Тайлақ батырдың да аты аталады. Олар Кіші жүздің құрамына кіретін рулардың бетке ұстар тұлғалары болған. Сондай құрамның қатарынан Тайлақ батырдың есімінің аталуы оның сондай ел ішіндегі істерге білек-сыбана кіріскенінен хабардар етеді.

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: