Астанада Түркі мәдениеті және мұрасы қоры кеңесінің екінші отырысы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Сондай-ақ Ұлттық музей қабырғасында «Диуан луғат ат-түрк» туындысына 950 жыл толуына орай көрме ұйымдастырылды.
©El.kz/Амангүл Тілейқызы
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева отырыста сөйлеген сөзінде түркі әлемінің мәдени мұрасын насихаттауға және түркі елдерінің арасында ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының атқарып жатқан орасан жұмысын жоғары бағалайтынын атап өтті.
Өз кезегінде біз қордың дамуына және қатысушы елдер арасындағы өзара қимылды нығайтуға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры аса құнды мәдени және тарихи ескерткіштерді сақтаудың маңызды миссиясын атқарып келеді. Бүгінде біздің елдеріміз үшін тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселесі өзекті. Барлығымызға өзекті мәселе ежелгі ескерткіштер мен артефактілердің жағдайына уақыт, климаттың өзгеруі және, өкінішке қарай, антропогендік фактор әсер етуде. Сондықтан да қазір мұндай нысандарды консервациялау және реставрациялау саласындағы білікті мамандарға қажеттілік өсуде, - деді Аида Балаева.
Сондай-ақ министр Түркістан қаласында реставраторларды оқыту жобасын іске асыру бастамасын ұсынды. Семинар әртүрлі елдердің реставраторлары арасында тәжірибе алмасу алаңына айналып, болашақта бірлескен жобаны іске асыруға ықпал етпек.
Сондай-ақ биыл әлемдік көшпелі мәдениет ошағында Ботай және Тұран-түркі әлемінің негіздері тақырыбында семинар ұйымдастырылды. Оның мақсаты – түркі өркениеті дамуының түрлі тарихи кезеңдерін қайта жаңғырту және көрсету, - деді мәдениет және ақпарат министрі.
Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлованың сөзінше, 2025 жылдан бастап Қазақстан тарапы қор кеңесінде төрағалық етеді.
©El.kz/Амангүл Тілейқызы
Осы орайда 2025-2026 жылдары біз реставрациялық және ғылыми-танымдық, оқу-ағартушылық, шығармашылық бағыттарда қызметімізді одан әрі ілгерілетуге міндеттіміз. Әзербайжанның Қарабах өңіріндегі Физули ауданындағы ауылда мешітті қалпына келтіру басталды және халықаралық ғылыми конференциялар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Қазақстандағы Түркі әлемінің көне Құлан қалашығын музефикациялау, тарихи реконструкциялар мен шеберлік сабақтарын қамтитын Ботай және Тұран-түркі әлемінің жауһарлары атты ғылыми семинарын ұйымдастыруды, сондай-ақ Ұлттық кітапханада он екінші ғасырлық Алтын Құлан кітабын реставрациялауды жоспарлап отырмыз, - деді қор президенті.
Бұдан өзге Ақтоты Райымқұлова Түркі әлеміндегі жылжымайтын мәдени мұраға қатысты тәжірибе алмасуға бағытталған оқыту бағдарламасының екінші кезеңін жүзеге асыру сияқты әлеуетті дамыту жобаларымен жалғасын табатынын айтты.
Қор өз қызметі аясында жастармен жұмыс істеуге аса мән береді. Бұл тұрғыда жас буын өкілдерін түркі әлемінің мәдениетін, мұрасын, тарихын толыққанды оқу-зерттеу мақсатында түркі мемлекеттерінің ұлттық университеті қабырғасында Түркі мұрасы орталықтарын ашуды көздеп отырмыз. Осы жылы мұндай орталықтарды Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанынан, Бішкек қаласындағы Жүсіп Баласұғұн атындағы Қырғыз ұлттық университеті жанынан, сондай-ақ Түркия мемлекетінде де осындай орталықты ашамыз деген жоспарымыз бар. Сонымен қатар біз ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енгізілген немесе түркі мемлекеттерінің ұлттық мұрасына жататын мәдени және табиғи мұра объектілерінің, сондай-ақ материалдық емес мұраны қамтитын көп тілді каталогын баспа және электронды түрде әзірлеудеміз, - деді Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова.
Айта кетейік, Түркі мәдениеті және мұрасы қоры 2012 жылғы 23 тамызда Әзербайжан Республикасының бастамасымен құрылды. Қор хатшылығы Баку қаласында (Әзербайжан) орналасқан. Қазіргі уақытта Қорға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия кіреді. Қордың негізгі міндеттері – түрлі іс-шараларды, жобалар мен бағдарламаларды қолдау және қаржыландыру арқылы түркі мәдениеті мен мұрасын қорғау, зерделеу және ілгерілету.