Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Дүниежүзілік театр күнімен құттықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
27 наурызда бүкіл әлемде барша театр қызметкерлерінің кәсіби мерекесі – Дүниежүзілік театр күнін атап өтіледі.
Театр – адам жанының айнасы, ой мен сезімнің үйлесімі, өмірдің түрлі қырларын сахнада шебер жеткізетін ұлы өнер. Театр – қоғамның мәдени дамуына ықпал ететін құрал.
Қазақстанда театр өнеріне қызығушылық артып келеді. Зал көрерменге толы, қойылымдардың премьерасына билеттер екі-үш апта бұрын сатылып кетеді. Сахна өнеріне құштар жандардың арасында жастардың көп болуы көңілге ерекше қуаныш ұялатады, – деп атап өтті президент Қасым-Жомарт Тоқаев IV Ұлттық құрылтай отырысында.
Бүгінде Қазақстанда 70 театр жұмыс істейді, олардың 57-сі – мемлекеттік театр. Атап айтсақ, 11 республикалық, 46 өңірлік театр бар. Кейінгі төрт жылда елімізде бес жаңа мемлекеттік театр ашылды. Бұл театр өнерінің дамып келе жатқанын, сұранысқа ие екенін көрсетеді.
Қазақстандық театрлар отандық көрерменді жаңа қойылымдармен қуантып қана қоймай, елімізді халықаралық аренада да танытып келеді. 2024 жылы 396 гастрольдік сапар ұйымдастырылса, оның 350-і ел ішінде, 46-сы шетелде өтті. Отандық театрларда 9 мыңға жуық маман жұмыс істейді, оның 4 200-і шығармашылық ұжым өкілдері. Бір жыл ішінде Қазақстанның мемлекеттік театрлары 200-ден астам жаңа қойылым қойды, олардың 107-сі отандық авторлардың шығармалары негізінде сахналанған.
Театр өнері – талант пен талғам, шынайылық пен адалдықтан туған текті өнер.
Осынау ерекше күні сахнада және сахна сыртында еңбек етіп жүрген барша жанды құттықтаймын! Олар – актерлер, режиссерлер, драматургтер, сценографтар, жарық және дыбыс қоюшы мамандар, костюмерлер, гримерлер, әкімшілер мен техникалық мамандар. Ең бастысы, бұл қастерлі өнерді жан-тәнімен жақсы көретін барша көрерменге алғысым шексіз.
Көрерменнің ыстық ықыласы мен қолдауы театрдың мәңгілік өмір сүруінің кепілі. Сол себепті театрға келуші әрбір жанға, өнерді бағалайтын әр көрерменге де ерекше алғыс айтамын.
Өнердің киелі ордасы – театр мәңгі жасай берсін!
Дүниежүзілік театр күні құтты болсын! - деп жазды Балаева.