Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева еліміздегі белгілі мәдениет қайраткерлерінің ұсталуына қатысты кейінгі оқиғаларға қатты алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Министр әлеуметтік желідегі жазбасында заңды және қоғам алдындағы мәдени жауапкершілікті құрметтеудің маңыздылығын атап өтті.
Құрметті достар! Қоғамды қарыштап өсіретін де, тұқыртып өшіретін де – мәдениет. Мәдениет тек өнер мен білім, озат талғам мен тазалык емес. Бұл, ең алдымен, адамның ішкі руханияты, халықтың өркениеттік болмысы. Ендеше, сол мәдениеттің туын көтеріп, өнердің тасын өрге домалатып жүрген әрбір майталман – елге үлгі, қоғамға бағдар болуы шарт. Өкінішке қарай, кейінгі кезде мәдениет саласындағы белгілі азаматтарға қатысты жағымсыз оқиғалар, кейде тіпті заңсыз әрекеттер жиілеп кетті. Әрине, жеке-дара адам ретінде, қарапайым азамат ретінде кімге болса да пендешілік тән қасиет. Адам болған соң қателесуің мүмкін, бірақ оның арты заңды аттауға бармауы тиіс. Өзін нағыз «мәдениет қайраткерімін» дейтін жан үшін танымалдық заңсыздыққа жол беретін құдырет емес. Олар қашанда ұлт мәдениеті дамуының қозғаушы күші саналады. Сондықтан олардың көпке ықпалы тек өнеге, насихат, жақсылыққа арқау болуы керек, деп жазды Аида Балаева Facebook-тегі парақшасында.
Министр мәдениет қайраткерлерінің қоғам алдындағы, әсіресе өскелең ұрпақ алдындағы жауапкершілігін түсінуі керектігін еске салды.
Мәдениет қайраткерлері Заң мен Ұрпақ алдындағы осынау үлкен жауапкершілігін түсінуі керек. Бұл мемлекет басшысының барша қазақстандықтардан талап етіп отырған бірегей үндеуі. Лауазымына, танымалдылығына, қоғамдағы орнына қарамастан, заң бәріне ортақ. Ал, мемлекет осы қағиданың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ететін болады. Сөз жоқ, Ұлы Абайдан бері келе жатқан қоғамдағы надандықпен күрестің алдыңғы шебінде мәдениет майталмандары жүруі тиіс. Осы орайда мен баршамызды осыны ұмытпауға шақырамын. Біз құқықтық тәртіп пен өзара құрметке негізделген әрі мәдени құндылықтарымызды қастер тұтатын қоғамды бірге құра аламыз. Және бұл біздің болашағымыздың берік негізі бола алады деп сенемін, - деді Аида Балаева.