Аида Балаева Будапештте болашақ ұрпақ мәселелеріне қатысты жиынға қатысуда

15 Қыркүйек 2023, 11:02 632

Мажарстан астанасында «Отбасы: қауіпсіздік кілті» тақырыбында V Будапешт демографиялық саммиті өтіп жатыр. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Саммитке 60 елдің өкілдері, оның ішінде Болгария Президенті Румен Радев, Италия премьер-министрі Джордж Мелони, Танзания вице-президенті Филип Исдор Мпанго, сондай-ақ Үкімет мүшелері, дін қайраткерлері, БАҚ өкілдері және қоғамдық пікір көшбасшылары қатысуда.

Венгрия тарапының шақыруы бойынша саммит жұмысына мәдениет және ақпарат министрі, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Аида Балаева қатысуда.

Қазақстандық саясаткер отбасылық саясат мәселелері жөніндегі интерактивті сессияда сөз сөйлейді. Сессияға Венгрия, Катар, Түркия, Сербия, Марокко, Словения, Тунис және Эквадор министрлері қатысады.

Екі күн ішінде қатысушылар болашақ ұрпақ пен отбасы үшін қауіпсіз және жарқын болашақты қалай құру керектігі туралы пікірлерін бөліседі.

Будапешт демографиялық саммиті Мажарстан президенті Каталин Новактың қолдауымен екі жылда бір рет Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбанның қатысуымен өтуде.

Саммит әлемнің түрлі елдерінің саясаткерлері, сарапшылары, дін қайраткерлері, бизнес, ғылым және БАҚ өкілдері демография мәселелерін және отбасы институтының дамуына әсер ететін негізгі мәселелерді талқылайтын алаң болып табылады.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: