2024 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстанда 90 мыңға жуық оқушыға есептелген 70 жаңа мектеп ашылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Олардың ішінде Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған мектептер де бар. Бағдарлама өткен жылы іске қосылып, белсенді түрде жүзеге асып келеді. 2025 жылға дейін ел бойынша 400-ге жуық мектеп ашу жоспарланған.
Астанада аталған жоба аясында 9 мектеп есігін айқара ашты, ал жыл соңына дейін тағы 14 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Жалпы, 2025 жылдың соңына дейін елордада 24 жаңа мектеп бой көтереді. Бұл Елордадағы балаларға сапалы білім алу үшін айтарлықтай жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Бүгін № 104 мектептің салтанатты ашылуына Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысты. Ол оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, табыс тіледі.
«Ата-аналармен және мұғалімдермен бірге бірінші сынып оқушыларының алғашқы мектеп табалдырығын аттаған қуанышты сәтіне куә болдым. Биылғы оқу жылында бұл мектепке 1600 бала барды, олардың 200-і –бірінші сынып оқушылары. Құрметті оқушылар, баршаңызға оқуда үлкен жетістіктер тілеймін. Ерінбей еңбек етіп, биік мақсаттар қойсаңыздар, оған міндетті түрде жетесіздер. Әрдайым білімге құштар, арманшыл болыңыздар! Жаңа оқу жылы жаңа жетістіктерге жетелесін. Білім әлемінен басталған қадам жарқын болашаққа жол ашсын! Сондай-ақ ұлағатты ұстаздар қауымы мен ата-аналарды да құттықтаймын! Баршаңызға зор денсаулық, мол игілік пен толайым табыс тілеймін!»,– деді Аида Балаева.
Айта кетейік, «Жайлы мектеп» жобасының ерекшелігі – білім алушылар мен педагогтерге қауіпсіз және жайлы жағдай жасау. Жаңа мектептерде бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін жеке блоктар, қауіпсіздік шараларын арттыру, заманауи техникалық жабдықтау және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз кеңістік құру қарастырылған.