Ахмет Ясауи университетінде қос бірдей зертхана ашылды

26 Сәуір, 22:03 1676

Түркістандағы Ахмет Ясауи университетінде академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойы және ғалымдардың гранттық жобалары аясында «STEM және креативтілік» оқу зертханасы және «Нанотехнологиялар және энергетикаға арналған жаңа материалдар» ғылыми зертханасы ашылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Жаңа зертханалардың ашылу рәсіміне Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Ғылым комитетінің төрағасы Ғалымжан Жанқуатов, «Ғылым қоры» АҚ-ның басқарма төрағасы Камиль Ақатов, университет ректоры Жанар Темірбекова мен ғалымдар арнайы қатысты.

Жаңадан ашылған «STEM және креативтілік» оқу зертханасы Ғылым комитеті тарапынан қаржыландырылған «Индустрия 4.0 жағдайында студенттердің креативтілігін STEM білім беру негізінде дамыту», «Инженерлік-техникалық салаларда STEAM білім беру негізінде студенттерді ағылшын тілінде даярлау үдерісін дамыту» атты гранттық жобалар аясында құрылды. 

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, оқу зертханасының стратегиялық мақсаты – заманауи цифрлық білім беру ортасын құру, физиканы пәнаралық байланыста оқытудың тиімділігін іске асыру, STEM өнімдерді әзірлеу және олардың тиімділігін оқу үдерісінде бағалау, білім алушылардың инженерлік іс-әрекеттерін дамыту, жасалған өнімдерді коммерциялау арқылы еліміздегі ғылым мен технологияның дамуына үлес қосу, экономикалық тиімділікті жетілдіру.  

Қазіргі таңда ғалымдар «STEM және креативтілік» оқу зертханасында физиканың білім беру саласындағы өзекті ғылыми мәселелермен айналысуда. Зерттеу тобы жоба аясында бірнеше STEM зерттеу стендтерін іске қосты. 3D-принтерлер мен басқа да жабдықтардың көмегімен әзірленген телескоп жасалды. VR (виртуальды шындық) технологиясы негізінде физиканың бірнеше тақырыптарында 3D модельдік бағдарламалар құрылды. Әзірленген STEM өнімдер өнеркәсіптік революцияның білім беру жүйелеріне оң әсерін тигізеді, сондай-ақ әлемдік деңгейдегі өзге де өзекті мәселелердің шешімін іздеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ оқу орнында «Нанотехнологиялар және энергетикаға арналған жаңа материалдар» ғылыми зертханасының да лентасы қиылды. Бұл – Ғылым комитеті тарапынан қаржыландырылған «Ядролық өнеркәсіпте қолданылатын цирконий қорытпасын гидрленуден және жоғары температуралы тотығудан қорғауға арналған композициялық металл-керамикалық жабын жасау» атты гранттық жоба аясында құрылған зертхана. 

Ғылыми зертхананың стратегиялық мақсаты – жаңартылатын және баламалы энергия көздерін пайдаланудың өзекті іргелі және қолданбалы мәселелерін шешу, энергия үнемдеу, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу және ғылыми зерттеулердегі әзірлемелерді коммерцияландыру.  Бұдан бөлек зертханада нанотехнологиялар және наножүйелік ғылымдар саласында білім беру жұмыстары жүргізіледі. Бүгінде ғылыми жоба мүшелері зерттеулердің нәтижелерін өндіріске енгізу мен жаңа технологиялар бойынша шағын кәсіпорындарды ашу бойынша жоспарларды іске асыруда.

Зарина Арман
Бөлісу: