Ахмет Байтұрсынұлының "Арманын" білесіз бе?

15 Маусым 2023, 18:15 1524

Алаш арысының жұрт біле бермейтін, кең таралмаған музыкалық мұралары жетерлік. Солардың бірі – "Арман" атты күйі. Бұл туынды Ахмет Байтұрсынұлы ақталған соң, яғни өткен ғасырдың 90 жылдарынан кейін ғана насихаттала бастады.

Күйшілік өнерден де қаражаяу болмаған ұлы қайраткер бұл туындыны туған жеріне соңғы рет келгенде шығарған көрінеді. Ол, шамамен, 1927-1928 жылдар болса керек. Ұлт ұстазы қолы жетпеген армандарын, орындалмаған мұрат-тілегі мен көкейдегі мұң-шерін қос ішекке көшірген секілді.

"Арманды" алғаш рет сахнаға алып шыққан танымал күйші Сағын Жалмышов болатын. Ал бұл күйдің оған дейін қалай жеткенін өңірдің рухани-мәдени мұрасын зерттеп жүрген ғалым, "Тобыл-Торғай әуендері" жинағының авторы Батырлан Сағынтаев айтып берді.

"Арман" күйін руы әлімбет Ғаббас деген кісі Ахметтің өзінен үйренген екен. Кейін Ғапбас топжарған ақын Нұрхан Ахметбековке аманат етіпті. Ал жыр дүлдүлі осы туындыны Торғайға қызметке келген Сағын Жалмышовқа орындап берген. Сағын күйші мұны қанша жылдар бойы сақтап, баптап жүріп, Ахаң ақталған соң жарыққа шығарады, - дейді Б.Сағынтаев.

Сағын Жалмышовтың "Арман" туралы "Қайта оралған күй" атты мақаласы да бар. Ол осы естелігінде күйді Нұрхан ақыннан 1960 жылдары үйренгенін баяндайды.

Бұл — бұрмалаушылықтың шырмауында кеткен Ахмет Байтұрсынұлының "Арман" атты күйі. Ол кісі ғұлама ғалым, аудармашы, ағартушы, қоғам қайраткері болған, халқының болашағы үшін көп жұмыс істеген, халқы үшін талай жақсы істің басын бастағанымен, сол кездегі саясат, тар заман Ахаңды еркіне жібермей, қолын байлаған. Ойындағысы жүзеге аспаған соң "Арман" күйін шығарған" деп әңгімелеп еді Нұрхан ақсақал, — дейді дәулескер күйші өз мақаласында.

Сағын тағы бір тамаша күйші Тұрар Әліпбаевқа да "Арманды" үйретіп, оны нотаға түсірткен екен. Дей тұрманмен бұл туындының насихаты кең тарай қоймады. Күйші-домбырашылар ғана өз орталарында жақсы білгенімен, былайғы жұртқа аса таныс емес-тін... Бір қуаныштысы, былтыр тұңғыш рет осы күй оркестр нотасына түсіріліп, қалың көпшілікке жол тартты. Оны Елубай Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының Назымбек Молдахметов атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі ойнап шықты. Мазмұны тереңдеп, бояуы қанығып, қаны толыға түскен шығарманы көрермендер ыстық ықыласпен қабылдады.

Күйдің ноталарын "Тобыл-Торғай әуендері" кітабынан алдым. Шығармасының мағынасы түсінікті ғой, асыл тұлғаның арман-тілегі, мұңы-қайғысы, сағынышы мен шері, қуаныш-жұбанышы осында жатыр. Ұзақ тыңдап, көп ойланып жүріп, оркестрге лайықтап шығардым. 45 адамдық оркестр ойдағыдай орындады. Сөйтіп, репертуарымыз тамаша туындымен толығып отыр. Кейбір қаладағы әріптестеріміз ноталарды сұратып та жатыр. Болашақта тек біз ғана емес, бүкіл Қазақстанның оркестрлері орындайтын туындыға айналады деп ойлаймын, - дейді дарынды музыкант, дирижер, филармония директоры Берік Оразалин.

Осылайша, былтыр Ахаңның 150 жылдық мерейтойы аясында елеулі еңбек істелді. Жалпы, Ахаңның тереңірек зерттеп-зерделеуді қажет ететін ән-күй мұрасы әлі де жетерлік.

Ахаңның рулас туысы Қарпық ақынның Ерғали есімді баласы болған. Сол кісіден Шорман Едіресов деген ағамыз 12-13 жас шамасында "Ахмет Байтұрсынұлының 12 күйі бар" деген әңгіме естіпті. Рас та шығар. Одан соң Ахметтің әнге арқау болған өлеңдері де бар. "Қазақ қалпы" дейтін әйгілі өлеңіне Міржақып Дулатұлы ән шығарған. Ол "Қалтылдақ" деп аталып, әнді Ғабит Мүсіреповтер орындап келген. Ахаңның "Тілек батан" деген де өлеңі бар. Затаевичтің кітабына дәл осындай атаумен енген әннің авторы да Ахмет делінеді. "Анаға хат" деген өлеңі де әуенімен айтылады, — дейді Батырлан Сағынтаев.

Мұның сыртында, Ахметтікі делінетін "Аққұм", "Екі жирен", "Қарғаш", "Қаракөзайым" дейтін әндер де бар. Бірақ музыка мамандары бұған қарсы дау айтып, олардың бәрі халық әні екенін алға тартып жүр. Пікірталастар әлі жалғасып келеді. Бұл да өз алдына бөлек тақырып.

Бейбарыс Сұлтанұлы
Бөлісу: