Ахат, БЦП (ДЦП) және үстел теннисі

8 Қараша 2018, 12:26 5551

Параолимпиадашы Ахат Ауданбековпен сұхбат

«Өмірде кез келген сынға төтеп беру керек» деген сөз бар. Біле тұра, кішкене ауырлық келсе, беліміз қайысып, бірден «сынып» кететініміз бар. Ал дүние есігін аша сала, тағдырдың қатал сынына тап болған жандардың ешкімнен кем қалмай, өмір кешіп жатқандарын көріп, таң-тамаша боламыз. Олардың позитиві талай адамға шабыт сыйлайды. Бүгін біз әңгіме өрбіткелі отырған жаннан да сондай керемет энергияны сезінесіз. Ол әрқашан күліп, айналасына қуаныш сыйлап жүреді.

«Өмірде барлығы өз қолымызда. Күліп жүру, басқаларды шаттыққа бөлеу үшін көп нәрсе керек емес. Оның үстіне ешкім оған шектеу қоймайды», – дейді Ахат.

Ахат Ауданбеков – паралимпиада-спортшысы, үстел теннисінен Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, ҚР спорт шебері, жастар арасында өткен Азия параойындарының қола жүлдегері. Қазірде «Алматы» спорт клубының жаттықтырушысы болып жұмыс істейді.

«Мен Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылында дүниеге келдім. Ата-анам менің алғашқы қадамдарымды асыға күткен екен. Өкінішке қарай, тұсаукесер рәсімін жасау  уақыты кейінге шегеріле берген. Олардың уайымдарына уайым қосылып, мені жергілікті ауруханаларға апарып, тескеруден өткізе бастайды. Алайда, жергілікті дәрігерлер сол күйі бойымдағы дерттің атауын таба алмапты. Ауылдық жерден қайыр болмаған соң, ата-анам Алматыға қоныс аударады», – дейді Ахат.

Тоқтаусыз тексерістер ақыры өз нәтижесін берген. Үш жасар Ахатта – балалардың церебральды параличі (ДЦП), төменгі спастикалық параперез екені анықталды. Бұдан кейін бітпейтін емхана, инетерапия... Оның аяқтан тұруы үшін жасалған амалдар. Осы уақытта кішкентай Ахатқа көмекке балдақ келеді.

«Алғашқы қадамдарым осы балдақтың арқасында жасалды. Онымен тұрып-жүруге әбден үйреніп алдым. Бірақ, бұл да тығырықтан шығатын жол емес еді. Оны тастап, өз күшіммен жүру керектігін түсіндім де, бар күш-жігерімді соған салдым. Адам қатты қаласа, арманына қол жеткізеді емес пе? Сол көп ұзамай менің де ойлағаным жүзеге асып, балдақсыз жүруді үйрендім. Ештеңенің көмегінсіз қадам жасау қандай керемет еді...»

Осылайша, Ахат өзі секілді қимыл-тірек аппаратының функциясы бұзылған балаларға арналған мектепке барады. Мектепте оқып жүрген ол үстел теннисін көріп, бірден есі кетеді. Алғашқы бапкері Зоя Петровна әрқашан күліп жүретін Ахаттан болашақ чемпионды көріп, оны жаттықтыруды өз қолына алады.

«Алғаш қолыма ракетканы 5-сынып оқып жүргенде ұстадым. Бірден алып кеттім деп айта алмаймын. Үстел теннисінің өзіндік ережелері бар. Ракеткамен де, кішкентай шармен де дұрыс жұмыс жасап, оны алдап түсіріп, қарсыласты қапы қалдыру керексің. Кез келген спорт түрінің өзіне тән қиындықтары бар емес пе? Бірден үйреніп кету мүмкін болмағанын мойындаймын».

Ахат алғаш барған жарысында барлығынан жеңіліп қайтады. Бірақ жеңілістен жігері құм болмай, керісінше келесі жарысында міндетті түрде жеңіспен оралуды уәде етеді.

«Бірінші қатысып отырған бәсекеден тек жақсы эмоциялар алдым. Сондай ірі турнирдің аурасын сезіндім. Қарсыластарымның барлығы тәжірибелі ойыншылар болған соң да, жеңіліс тапқан болармын. Алға қарай ұмтылу үшін, жалпы адам дамуы үшін сондай бір себеп керек болады екен».

Кәсіби түрде айналысуды мақсат тұтқан ол «Алматы» спорт клубына жазылып, білікті бапкерлердің сабағын алады.

«Ең алғашқы ұмытылмас жеңісім деп партиялар бойынша жеңіліп бара жатып, соңында 3:2 есебімен қарсыласымды ұтып кеткен кезімді айта аламын. Ешқашан ұмытпайтын сәт. Нағыз эйфория сезіндім. Спортта келетін кез келген жетістіктің артында қаншама төккен тер, жұмсалған күш тұратынын сол кезде ұғынғандаймын».

Күн-түн демей жүргізілген жаттығулар осылайша өз нәтижесін бере бастайды. Ол бүгінге дейін Қазақстан біріншілігін бірнеше рет жеңіп алды. Жастар арасында өткен Азия параойындарында қолаға қол жеткізеді. Көрсеткен нәтижелерінің арқасында ҚР спорт шеберлігіне дейін жетті.

«Мектепті бітірген соң, қайда оқуға барамын деп бас қатырғаным жоқ. Бірден құжаттарымды Спорт және туризм академиясына тапсырып, қиындықсыз оқуға қабылдандым. 2-курс оқып жүргенімде, мені «Алматы» клубы жұмысқа қабылдады. Осы клуб жетекшілігіне де ерекше алғысымды айтқым келеді. Себебі, жас болсам да маған сенім артып, бапкерлік қызметті ұсынды. Шәкірттерім өзім оқыған арнайы №2 мектептің тәрбиеленушілері. Олар бүгінде Қазақстанның жастар арасында өткен чемпионаттарында жүлделі орындардан көрініп жүр. Жалпы, шәкірттерімнен мол үміт күтемін. Тек «Алматы» клубының емес, еліміздің атын халықаралық бәсекелерде шығара береді деген ойдамын».

Ахаттың айтуынша, жаттықтырушы болу еш қиындық туғызбайды. «Өз жұмысыңды сүю керек» деп есептейді ол.

«Балалардың жетістіктерін көріп, өз жұмысымнан шабыт аламын. Мақсатым – оларды жоғары деңгейге көтеру. Қазақстанда үстел теннисін дамытқым келеді. Еңбегі сіңген жаттықтырушылыққа дейін жетсем деймін. Өзімнің осындай клубым болғанын қалаймын. Бізде талантта балалар жеткілікті. Тек оларға кәсіби білім беріп, жол сілтесе болғаны».

Уақыт зымырап өтіп жатыр. Теннис шарының үстелге соғылуы да содан хабар беретіндей. Бір кездері дәрігерлер ДЦП диагнозын қойып, болашағы бұлыңғыр деген жігіт, Спорт және туризм академиясын тәмамдап, «Алматы» спорт клубында бапкерлік қызметті ойдағыдай атқарып жүр. Оның күнделікті тіршілігі қарапайым адамдардан еш айнымайды. «Ата-анам қашан келін алып келесің деп сұрап қояды. Бұйыртса ол да бола жатар», – дейді Ахат, жылы жымиып.

«Негізі, ем алып тұруым керек. Бірақ, өкінішке қарай жұмыстан қолым еш босамайды. Қарап отырсам, соңғы екі жылда дәрігер алдын көрмеппін. Әзірге, денсаулығым жақсы. Әрі қарай да сыр бермеуін тілеймін!» Біз де, өз кезегімізде Ахаттың денінің саулығына тілекшіміз.

Қарапайым отбасыдан шыққан қарапайым, әрі позитивке толы жігіт көптің назары түсе бермейтін ерекше спорт түрінің бірі үстел теннисі тарихына өз атын жазып қалдырғысы келеді.

Тағы айта кетерлігі, Ахат Ауданбеков бұл күндері жүріп жатқан «100 жаңа есім» жобасының қатысушысы.  

(Суреттер Ахат Ауданбековтың мұрағатынан)

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: