Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өткен болатын. Осы ретте сенатор Әсем Рахметова президенттің экономиканың негізгі қозғаушы күштерінің бірі ретінде агроөнеркәсіп секторын дамытуды айтқанына ерекше тоқталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы алдағы бес жылға арналған күн тәртібін айқындайтын басымдықтарды белгіледі. Президент ел экономикасының өсіп жатқанын, алайда қойылған мақсаттарға жету үшін оның қарқыны жеткіліксіз екенін атап өтті. Осылайша, Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет жұмысының басты бағыттарын айқындады: ірі инфрақұрылымдық жобалар, цифрландыру және жасанды интеллект, ядролық энергетиканы дамыту, агроөнеркәсіптік кешенді нығайту, инвестиция тарту,- дейді сенатор.
Ол президент айтқан негізгі міндеттерді тізбектей отырып, олардың маңызына тоқталып өтті. Мәселен:
1.Батыс аймақтың электр желілерін елдің Біртұтас электр энергетикалық жүйесімен біріктіруді, сондай-ақ 2026 жылы «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші кезеңінің құрылысын аяқтауды қамтитын ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру.
2.Қазақстанның жаһандық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды факторы болатын цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту.
3.Агроөнеркәсіптік кешенді (АӨК) жеңілдетілген несиелендіруге, тиімді дақылдарға көшуге және өңдеу қуаттарын дамытуға баса назар аудара отырып нығайту.
4.Ядролық энергетиканы дамытудың маңыздылығын және қазіргі энергия тапшылығының өсуін атап өтіп, Мемлекет басшысы Үкіметке атом саласын дамытудың ұзақ мерзімді жоспарын әзірлеуді және екінші атом станциясын салу бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды. Бұл ретте қолайлы орындарды жан-жақты талдап, екінші АЭС үшін заманауи және ең бастысы қауіпсіз технологияларды таңдау қажет.
Агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін нығайту ерекше назар аударуға лайық. Өз сөзінде Президент экономиканың негізгі қозғаушы күштерінің бірі ретінде агроөнеркәсіп секторын дамыту міндеттеріне егжей-тегжейлі тоқталды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан рекордтық өнім жинауға қол жеткізді. Ал сала жалпы экономика секторларымен салыстырғанда 13,7% тұрақты өсім көрсетті. Бұл нәтижеге аграршыларға несие көлемінің ұлғаюы ықпал етті,-дейді Әсем Рахметова.
Айта кету керек, Президент қолжетімді несиелерді мал өсірушілер мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеушілерге беру керектігін алға тартқан болатын. «Мен субсидиялаудың тиімсіз түрлерінен жеңілдетілген несиелендіруді кеңейтуге көшу қажеттілігі туралы айттым. Бұл міндетті орындау керек», – деп атап өтті Президент.
Сондай-ақ ол мемлекет басшысы Үкіметке биылғы науқанға кемінде 700 млрд теңге бөлуді тапсырғанын айтып өтті.
Отырыс қорытынды шығару ғана емес, сонымен қатар ауқымды реформалар үшін бастау алаңы болды. Президент атап өткен басымдықтар елдің тұрақтылыққа, технологиялық дамуға және адамға бағдарлануға баса назар аударылған прагматикалық даму тәсілін көрсетеді. Алайда, осы міндеттердің орындалу табысы көбінесе қойылған мақсаттарды тиімді іске асыруға және кәсіби мамандардан құралған мықты команданы қалыптастыруға байланысты болады, - деп қорытындылады Сенат депутаты.