Агроөнеркәсіп секторын дамытуға кем дегенде 1,5 трлн теңге бағытталады

Кеше, 14:46 355

Аграрлық сектор саласындағы инвестициялық жобаларды дамыту үшін 2025 жылы Аграрлық несие корпорациясы (АНК) және ҚазАгроҚаржы арқылы шамамен 1,5 трлн теңге қаражат бағытталады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қаражат көктемгі егіс және жиын-терім жұмыстарын жүргізуге, инвестициялық жобаларды іске асыруға, негізгі құралдарды сатып алуға және айналым қаражатын толықтыруға, ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне беріледі.

Жобаларды несиелендіру кезінде келесідей бағыттарға басымдық жасалады:

Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және азық-түлік өнімдерін өндіру (әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне басымдық)

Суару жүйесін дамыту (жаңбырлату қондырғылары, суару құрылыстары, тамшылатып суару)

Өнеркәсіптік жылыжайлар (көкөніс бағасының маусымдық ауытқуының төмендеуі)

Инфрақұрылымды дамыту (орау, сақтау, тасымалдау)
Өнеркәсіптік ауқымда жемшөп өндірісін дамыту.

Инвестициялық жобаларды несиелендіру АӨК инвестицияларын ұлғайту, азық-түлік инфляциясының импортын азайту үшін ішкі өндірісті дамыту және ішкі нарықты отандық өніммен тұрақты қамтамасыз ету, сондай-ақ экспорттық әлеуетті іске асыру жөніндегі міндеттерді шешуге бағытталмақ.

Жобаларды қамтуды ұлғайту үшін АНК арқылы жобаларды несиелендіру лимиттері 7 млрд теңгеден 15 млрд теңгеге дейін артады. Сондай-ақ Бәйтеректің Кепілдік қорының, Дамудың кепілдерін Аграрлық несие корпорациясының ұзақ мерзімді ірі жобаларына қолдану кеңейтіледі, Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын қолдауға арналған мандаты күшейтіледі.

ҚазАгроҚаржы лизингтік бағдарламалары шеңберінде отандық ауыл шаруашылығы техникасына басым түрде қолдау көрсетіледі. Бұл фермерлерді қолдаудың осы шарасының өнеркәсіптік кәсіпорындарға мультипликативтік әсерін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, «Бәйтерек» холдингі құс фабрикаларының пулын қалыптастырып, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің экспорттық мүмкіндігін арттыруды жалғастырады. Малайзиямен жаңа өткізу нарықтарын игеру, сондай-ақ астық экспортын $200 млн-ға дейін ұлғайтатын жаңа сауда қорын құру жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр. Ұзақ мерзімді перспективада аталған көрсеткішті $1 млрд-қа дейін арттыру жоспарлануда.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: