Аграрлық секторды инновациялық бағытта дамыту: біз кешігіп жатырмыз ба?

30 Шілде 2014, 04:23

Аграрлық секторды инновациялық бағытта дамыту: біз кешігіп жатырмыз ба?

       

       Келмеске кеткен Кеңестер Одағы заманында қазақтың топырағында өскен күріш, тары т.б. дақылдық өсімдіктер өнімі бойынша әлемдік рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізді. Еліміздің аграрлық саласы әлемде көш бастап, қазақтар осы саламен-ақ күнін көре алды. Сенбейтін шығарсыздар, сол кездегі Семейдегі ет комбинаты бүкіл бір одақты етпен қамтамасыз етіп тұрды. Ал, дәл бүгін Қазақстан еттің 60-70%-н шетелден импорттайды.

    Тәуелсіздік алған алғашқы тұста Қазақстан жер-жерлерді, мал-малдарды жекешелендіріп, капитализмді дайындықсыз қабылдады. Сол қиын-қыстау кезеңде аграрлық сала өндiрiсінде көп укладты экономика қалыптасты, шаруашылық субъектiлерiне толық дербестiк берiлгендіктен, олардың өз қызметтерiн өздерінің жүзеге асыруына және өндiрген өнiмдерiнің бөлуiне мүмкiндiк жасалынды, яғни нарықтық қатынастың, кәсiпкерлiктiң дамуының бiр орталықтан басқару жүйесiн толықтай дерлiк әлсiреттi. Сонымен қатар, асығыс жүргiзiлген институционалдық өзгерiстер, агросектордағы экономикалық қатынастардың салааралық теңсіздігін күшейтті. Агроөнеркәсiп кешенінде интеграция мен кооперативтік жүйенің дамуы үшiн жағдай жасаудың орнына, ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өңдеушi және қызмет көрсетушi кәсiпорындарды жекешелендiру, ауылдық тауар өндiрушiлердiң басым бөлiгiн ұсақ, жеке өндiрiске бағыттады. Барынша тиiмдi ұйымдық құрылымдардың қалыптаспауы, қажеттi инфрақұрылымды қалыптастырмастан нарықты ығыстыруға, өңдеушi және сауда ұйымдарының нарықтағы монополиялық жағдайының күшеюiне алып келдi. Реформа барысында тиімді шешiмiн таппаған бұл мәселелер аграрлық сала кешенiнде шаруашылық байланыстарды жаңаша қалыптастыру қажеттiлiгiн әлі күнге дейін тудырып отыр.

            Аграрлық секторды Реформалаудың алғашқы он жылдығында (1991-2001 ж.ж) егістіктің жалпы көлемі республика бойынша 7,5 млн.гектарға азайса, ауыл шаруашылығы дақылдары егісінің көлемі 13,7 млн.гектарға қысқарыпты. Мәліметтерге қарағанда, 1990 жылы ауыл шаруашылғы өнімдерін өндіру мен сатудың рентабельдігі 46 % болған, оның ішінде егіншілік 105,4%, мал басының (жылқы – 33%, ірі қара малы –56%, қой және ешкі – 71%,) қысқаруы нәтижесінде, республикамызда ет өндірісі 2,4 есеге, сүт – 1,7 есеге және жұмыртқа 3,4 есеге төмендеген. Ал, астық өндірісі, 1998 жылы 1992 жылдың дәрежесімен салыстырғанда 2,4 есе, оның экспорты 6 есе төмендеп, дәнді дақылдардың орта жылдық өнімділігі 1991-1995 жылдары гектарына 9,3 ц, 1996-1997 жылдары – 8 центнер құраған. Аграрлық саладағы бұл үдерістерді бақылаушылар реформаны аумалы-төкпелі жүргізілді деп бағалады. Бұл дегеніміз, тәуелсіз Қазақсанның агроөнеркәсіп саласы үшін алғашқы он жылдық ең қиын кезең болғанын көрсетеді.

            Жалпы, капитализмнің алғашқы жылдарындағы қиындықтың зардабы ауыл шаруашылығына және бүкіл аграрлық секторға қолайсыз болды. Аграрлық дағдарыстың табиғатын, негізгі себептерін және одан шығу жолдарын мемлекетіміз саяси тұрғыдан анықтауға тырысты. Осы көкейтесті мәселе, республика Президентінің еңбектерінде, түрлі Заң және атқарушы органдардың күнделікті іс-тәжірибелеріде күн тәртібінен түспегені белгілі. Әсіресе, ауыл халқының қамын жеген елбасымыз Н.Назарбаев аграрлық сектор мәселесіне келгенде тыным таппағаны мәлім. Социализм тұсындағы аграрлық қатынастардың қалыптасуы мен дамуы кезеңін, нарыққа өтпелі кезеңдегі аграрлық қатынастардың, олардың ішкі құрылымының ерекшеліктерін, аграрлық қатынастардың негізі болып табылатын жер қатынастарының қалыптасу заңдылықтарын, аграрлық өндірістегі дағдарыс себептерін қарастыра отырып, азық-түлік қауіпсіздігі, ғылыми-техникалық прогресс және оның ауыл шаруашылығындағы ерекшеліктерін, кооперация мен жекешелендіру процесінің нәтижелерін, орталықсыздандыру саясатының ауылдық аймақтарға жасаған ықпалы және ауылдың әлеуметтік жағдайын көтеру мәселесін шешу үшін елбасымыз жыл сайынғы халыққа жолдайтын Жолдауында осы агроөнеркәсіп саласына айрықша тоқталып өтеді.

            Агроөнеркәсіп саласында қол жеткізген ең үлкен жетістік ретінде агроөнеркәсіптік кешеннің дамуының тұрақты арнаға түскендігін ғана айтуға болады. Тәуелсіздік алған 23 жыл ішінде осы салаға қатысты Жер, Орман, Су кодекстері, астық, ветеринария, егіншіліктегі міндетті сақтандыру туралы заңдар, көптеген заң аясындағы актілер, сондай-ақ бірнеше жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Міне, осы құжаттар негізінде, еліміздің ауыл шаруашылығы саласының алдағы жүрер жолы айқындалып келеді.

            Шын мәнінде, аграрлық сектор – халықтың қолайлы өмір сүруі үшін қажет әрі маңызды №1 сала. Халықты азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету осы саланың еншісінде болғандықтан, аграрлық сектордың еліміздің экономикалық, әлеуметтік өмірінде айрықша орын алатыны баршамызға белгілі. Сонымен қатар, аграрлық секторды дамытуың деңгейі, көбінесе, елдің экономикалық қауіпсіздігін анықтайды. Қазақстанның ауыл шаруашылығына қолайлы жерлері көп болғандықтан, әлем нарығында бәсекелестікке қабілетті агроөнеркәсіп секторын дамытуға толықтай мүмкіндіктер бар. Оған қоса, ел халқының жартысына жуығының әлеуметтік жағдайы ауыл аймақтарымен тығыз байланыста. Дегенмен, дәл бүгінгі күнде аграрлық сектордың экономикалық процестерінде және ауыл шаруашылығы өнімдерінің рыногында үлкен бизнестің әсері күшейген шақтағы аралас салалармен тығыз топтасып кетуі аграрлық сектордың бәсекеге қабілеттілігін тасбақаның тауға шыққанындай жылдамдықпен ғана дамытуда.

            Қоғамымызда түбірімен өзгеріп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, ауыл шаруашылығы саласындағы реформалар қажеттігі заман талабы болып отыр. Бұл процессте аграрлық салада қалыптасқан ерекшеліктерді ескеруге үйретеді және бүгінгі таңда ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарын нақтылап, белгілей түседі. Бұл ретте, Президентіміз Н.Назарбаевтың «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы жолдауындағы: «Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіру маңызды. Бұл – біздің дәстүрлі саламыз. Азық-түлікке деген қажеттілік арта береді. Бұл секторға инвестиция көбірек салынады. Сондықтан бүгінгі фермерлер тек уақытша әрі ауа райына байланысты кездейсоқ жетістіктерді малданып қалмай, өндірістің өсімі жөнінде ойлануға тиіс. Жаһандық ауыл шаруашылығы өндірісінде бәсеке өсе беретін болады. Жермен жұмыс істейтіндер, ең алдымен, жаңа технологияларды енгізіп, өнімділікті үздіксіз арттыратындар, жұмысын әлемдік стандарттар негізінде жүргізетіндер болуы керек» – деген сөзі осы саланы инновациялық түрде дамытуды меңзейді.

            Президентіміз Н.Назарбаев ауыл бағдарламасында көрсеткендей, дамыған елдердің аграрлық салада қол жеткізген тәжірбиелерінің саяси-экономикалық әдіс-тәсілдерін ұтымды пайдалана отырып, агроөнеркәсіптік кешенді тұрақты дамытудың ең басты іс-шараларын нақтылау міндетін алға қойып отыр. Тәжірибедегі ондаған жылдар аграрлық секторда қалыптасқан экономикалық жүйенің ауысуын көздеген реформаны жүзеге асырудың көп жағдайда стихиялы болып, өтпелі процесстердің реттелуімен ғана әлек болғанын көрсетеді. Бұл процесстің нақты нәтижесін қазіргі ауыл шаруашылығының әлеуметтік-экономикалық жағдайы көрсетіп отыр. Сондықтан да, президентіміз меншік пен шаруашылық жүргізудің барлық түрлеріндегі ауыл шаруашылық тауар өндірушілерін мемлекеттік көмек беру мен қолдау арқылы Дүниежүзілік Сауда Ұйымына (ДСҰ) бәсекелестік қабілетті еркін нарықтық ауыл шаруашылығына негізделген аграрлық қатынастар жүйесін құруды үкіметке арнайы тапсырған.

            Елбасымыз үшін агроөнеркәсіп кешенінде ең өзекті болып отырған мәселе – ол елге жерді үлестіріп беруде емес, оны тиімді пайдалануды ынталандыруда, ауыл шаруашылығына күрделі қаржының бет бұрысын қамтамасыз етуде болып отыр. Осындай жер базасын негізге ала, әлемдік тәжірбиеге сүйене отырып, Үкіметтің жұмыс тобы ауыл шаруашылығындағы жерлерге жеке меншік институтын енгізуді көздеген құжаты бұл «Жер кодексі» екені бәрімізге белгілі. Бұл құжат ауыл шаруашылығындағы экономиканың аграрлық секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қолданылып жүрген жер қатынастарын сақтауды және оларды одан әрі жетілдіре түсуді көздейтін негізгі құжат. Елбасымыз Н.Назарбаев: «Ауыл жылдарында бұл салаға бүкіл халықтың көңілін аударуды ойлағанда мен жерге жеке меншік енгізу мен ауыл тағдыры ажырағысыз екенін қатты ескергенмін» – деген болатын.

            Агроөнеркәсіп саласын ынталандыру мақсатында үкімет әртүрлі қаржы-экономикалық және ұйымдастыру механизмдерін пайдалануды ұйымдастыруды көздеп отыр. Бірақ бүгінгі күні ұлттық ауыл шаруашылығы өндірісінің ауыл шаруашылығының проблемаларын шеше алатын мамандандырылған қаржы орталығы немесе банкі әлі күнге дейін жоқ. Бұл мәселелерді шешу үшін тек бюджеттік қаржы жағынын жүргізуші түрінде ғана емес, банк жүйесінде ерекше орын алатын осы ресурстарды пайдалану үшін негізгі бақылаушы және қаржы операторы ретінде қызмет жасайтын мемлекеттік жүйені құратын банк құру қажет болып тұр. Бұл мәселелерді таса қалдырмайтын Президентіміз Н.Назарбаев биылғы жолдауында: «Болашақ – аграрлық секторда, әсіресе, шағын және орта бизнес түріндегі жаңа өңдеу кәсіпорындары желісін құруда. Бұл тұста біз бизнесті несие арқылы қолдауға тиіспіз. Фермерлер ұзақмерзімді қаржыландыру мен өткізу нарықтарына делдалсыз, тікелей шыға алатын болуға тиіс. Ауыл өндірушілерінің қарыздарын кепілдендіру және сақтандырудың тиімді жүйесін құру да өзекті мәселе» – дей отырып: «Қазақстан ет және сүт өнімдерін экспорттайтын өңірлік ірі елге айналуға тиіс. Егін шаруашылығында суды көп қажет ететін тиімділігі төмен дақылдар көлемін қысқарту, оларды көкөніспен, майлы және азықтық өнімдермен алмастыру жолына бет бұру керек. Агрохимикаттарды тиімді тұтынудың, қуаң жерлерде топырақты нөлдік өңдеудің заманауи технологиялары мен өзге де инновацияларды қолдануды кеңейтудің кешенді шаралары қажет» – деп, бұл саланы инновациялық дамытудың өте өзектілігін айтады.

            Аграрлық саланы ынталандыруға арналған бүгінгі банк несиелеріне қол жеткізудің күрделілігі жағдайында ауыл шаруашылығы өндірісінің кең көлемде дамуыту мүмкін болмай тұр. Жалпы, қазіргі несие беру ауыл шаруашылығын дамыту операцияларын жүргізудің заманауи талаптарына жауап бере алмайынын көптеген шаруаларымыз айтып, арыздануда. Дәл бүгінгі таңда отандық ауыл шаруашылығы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қойған мәселе бойынша, Шығыс Еуропа елдерінің деңгейіне жетуге ұмтылуға бет бұрған кезде ғана өзін ақтайды. Ауыл шаруашылығы халықаралық қаржы құрылымдарының айтуымен мемлекеттің монетарлық саясатының нысаны күйінде қалып отыр. Осылай отандық ауыл шаруашылығының несие және инвестиция тартуға тартымдылығын қамтамасыз ету бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналуда.

             «Қазақстан – 2050» стратегиясында да Президентіміз агроөнеркәсіп саласын қарқынды дамытудың жолдарын айта кетіп, ауыл шаруашылығы тауарларына өсіп отырған жаһандық сұраныс жағдайында ауқымды жаңғырту қажеттілігі туындап жатқанын мәселе ретінде көтеріп, егістік алаңын ұлғайту, өнімділікті жаңа технологиялар еңгізу есебінен едәуір көтеру мақсаттарын алға қояды. Стратегиялық мақсаттың қойылғанына көп өтпей оны жүзеге асырудың бірінші қадамы – «Агробизнес-2020» бағдарламасының қабылданғаны болды. Бұл бағдарлама негізгі төрт бағыт бойынша іске асырылады: қаржылық сауықтыру, тауарлар, жұмыс және қызмет көрсетудің қол жетімділігін жоғарылату, агроөнеркәсіптік комплекс субъектілерін қамсыздандырудың мемлекеттік жүйесін дамыту және аграрлық сектордың мемлекеттік реттеу жүйелерінің тиімділігін арттыру. Аталмыш бағдарлама аясында мынадай міндеттерді шешу жоспарлануда: инвестициялық субсидиялар, АӨК субъектілерін сақтандыру және қарыз алуды субсидиялау, ауыл шаруашылығында техникалық реттеу жүйесін жетілдіру, АӨК-де мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесінің тиімділігін арттыру.

            Бүгінгі жағдайда ғылым мен техника жетістіктерін ендіру арқылы агроөнеркәсіп өндірісін барынша жаңғыртуға бағытталған инновациялық процестерді дамытып бұл саланы көтеруге болатынын дамыған елдердің тәжірибесі көрсетіп отыр. Инновациялық процестер нақты техникалық және технологиялық идеяларды ғылыми әзірлемелер негізінде жаңа технологияларға айналдырудың және жаңа, сапалы өнім алу мақсатында тікелей өндірісте игеруге дейін жеткізудің тұрақты, үздіксіз ағымы болып табылады. Аталмыш процеске ауыл шаруашылығындағы ғылыми ұйымдар мен оқу орындары, өндірісті басқару мекемелері, қызмет көрсетуші және өндіріске ендіруші құрылымдар, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерді қатыстыра отырып жүзеге асырылады. Ол үшін мемлекет, бірінші кезекте, материалдық өндіріске, еңбекке және ақылға негізделген ұдайы өндіріс тетігін қолдауға, ауыл шаруашылығы өнімдерінің тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыратын, аграрлық бағыттағы ғалымдардың ғылыми нәтижелерін уақытылы патенттеу жұмыстарының ұйымдастырылуын күшейтуге, инновациялық жетістіктердің өндіріске ендірілуін ынталандыруға баса мән беру керек. Жаһандану кезеңінде бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығына қомақты қаржының құйылуын талап ететін, қымбат, жаңа инновациялық технологияларды шұғыл түрде ендіру қажеттілігін күн санап артуда.

            Агроөнеркәсіп кешеніндегі инновациялық процесс қарқынының елеулі дәрежеде тежелгеніне қарамастан, ауыл шаруашылығы ұйымдарының 10-15% бөлігінің ресурс үнемдеуші жаңа ауыл шаруашылық технологияларына деген қажеттілігі артып келеді. Дегенмен, инновациялық технологияларды әзірлеу мен ендіру процесі, бірінші кезекте, ғылыми-зерттеу және тәжірибелі-конструкторлық жұмыстар қомақты қаржыны талап етеді. Қазақстан экономикасының аграрлық саласында сақталып отырған қолайсыз макроэкономикалық ахуал мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің төмен инвестициялық мүмкіндіктері АӨК-дегі инновациялық қызметті белсендіруге қажетті шарттарды шектеу мүмкіндігі жоғары. Дегенмен, қайткен күне де тиімді инновациялық қызмет – «Агробизнес-2020» бағдарламасының сәтті орындалуын қамтамасыз ете алады. Бұл ретте ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков: «2020 жылға дейін агроөнеркәсіп кешенін дамытуға жалпы сомасы 2 трлн. 977 млн. теңге бөлінеді. Оның 14 пайызы АӨК-лерді мемлекеттік қамтамасыз етуге және 14 пайызы саланы қаржылай сауықтыруға бөлінеді» – деген болатын. Әрине, бұл ірі көлемді қаржы екені белгілі. Енді осы қаржының сәтті игеріліп, агроөнеркәсіп саласының қарқынды дамуын қатаң бақылауды басты назарға алғанымыз жөн. Сонда ғана агроөнеркәсіпті дамыта аламыз.

 

    Дінмұхамед Аязбеков

Бөлісу: