АЭС-тің Балқаш көліне зиянды әсері бола ма? Министр жауап берді

18 Қыркүйек, 13:02 399

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев АЭС құрылысының Балқаш көліне әсері бойынша пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжіліс кулуарында БАҚ өкілдері министрден «Кейбір сарапшылар АЭС құрылысы Балқаш көліне, соның ішінде судың деңгейіне зиянды әсер ететінін айтады. Бұл туралы не ойлайсыз?» деп сұрады.

Жалпы, біз атом электр станциясының технологиясы экологиялық тұрғыдан жоғары болған жағдайда, оның құрылысын қолдаймыз. Қазіргі таңда әлемде ондай технологиялар барын білеміз. Егер де қоғам қолдайтын болса, өзіміздің тиісті құзыретіміз шеңберінде біздің қарауымызға берілетін жобаны жан-жақты қарайтын боламыз. Судың деңгейіне келер болсақ, бұл негізінен су шаруашылығы саласында жүргендерге қатысты мәселе. Бұл ҚХР-мен арадағы трансшекаралық ынтымақтастыққа қатысты. Тиісінше бұл Су және ирригация министрлігінің құзыретіне жатады, - деп жауап берді Ерлан Нысанбаев.

Министрдің сөзінше, мұнда ең соңғы үлгідегі жоғары технологиялардың қолданылғаны маңызды.

Айта кетейік, елімізде АЭС құрылысына қатысты 6 қазанда жалпыұлттық референдум өтеді.

Миражан Махан
Бөлісу: