АЭС құрылысының экономикаға әсері қандай? Сарапшы пікірі

28 Қыркүйек, 11:20 9091

Елімізде атом электр станциясын салу мәселесі қызу талқыланып жатыр. Жақында осыған қатысты референдум да өтеді. АЭС құрылысының егеменді еліміздің экномикасының дамуына қалай әсер ететіні жөнінде экономика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Қаржы және есеп» кафедрасының доценті Ғалымжан Есқараұлы түсіндіріп берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Экономистің айтуынша, бүгінде Қазақстанда АЭС-тің орналасу аймағы ретінде Абай облысындағы Курчатов қаласы және Алматы облысындағы Үлкен ауылы таңдалған.

2035 жылға қарай ел экономикасы мен халықтың қосымша электро энергетикалық сұранысы 18 ГВт-тан астам жаңа буынды қажет етеді. Яғни, ол уақытқа дейін қолданыстағы электро станциялардың генерациясы тек 135 млрд.КВт сағат құрайтын болса, қазіргі таңда тұтыну мөлшері 152,4 млрд.КВт сағатты құрап отыр. Бұл – ағымдағы энергия көздері болжамдалған мөлшерден бөлек, тіпті қазіргі жүктемелерді толықтай қамтамасыз ете алмайды, – дейді Ғалымжан Есқараұлы.

Сарапшы ядролық генерацияны дамыту үшін елдегі электр энергиясын өндірудегі таза электр энергиясының үлесін арттыру қажет екенін және ел экономикасындағы көміртегі ізін азайту қажеттігін айтады.

Қазақстандағы АЭС – еліміздің энергетикалық саясатының маңызды бағыты. АЭС елді энергиямен қамтамасыз ету көздерін әртараптандыруға, көмір мен газға тәуелділікті азайтуға ықпал етеді. Сондай-ақ атмосфераға парниктік газдар шығарындыларын азайтатын экологиялық таза энергия көзі болып табылады. Атом энергиясы энергиямен қамтамасыз етудің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Себебі АЭС үздіксіз жұмыс істейді және ауа райы жағдайына тәуелді емес, – деді экономист.

Сонымен экономист атом энергетикасы еліміздің технологиялық дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді деп есептейді. Бұдан өзге АЭС-тың жұмыс істеуі олар орналасқан аймақтардың экономикалық өсуіне ықпал етсе, заманауи АЭС энергия тиімділігін арттыра отырып, смарт-желілік жүйелерге біріктірілуі мүмкін екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы АЭС құрылысы мәселесін дестратегиялық сипаттағы жоспарларды қоғам талқысынан кең көлемді талқылап, ой елегінен өткізіп барып шешім қабылдау қажеттігін айтты. Оған қоса Президент энергетиканың Қазақстан экономикасындағы рөлінің маңызын, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету басты міндеттің бірі екенін айтты. АЭС құрылысына қатысты айтатын болсам, оны салу кезіндегі 1 жұмыс орны іргелес салаларда 10-нан астам жұмыс орнын ашады. Экономикалық әсері жергілікті кәсіпкерлікті қолдау (құрылыс-монтаждау жұмысы кезінде шамамен 2,5-3,5 миллиард доллар табыс түседі). Бүкіл өмірлік цикл кезіндегі салық түсімдері 2,5-3 миллиард доллардан асатын болады. Елдің инвестициялық өсімі артады, – дейді экономист Ғалымжан Есқараұлы.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: