АЭС: маңызды шешім халықпен бірге қабылданады

19 Қыркүйек, 13:47 761

ҚР Мәжіліс депутаттары бүгіннен бастап АЭС құрылысының түсіндіру жұмыстары бойынша ел ішін аралауды бастайды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, қабылданғалы отырған ірі жобаны халыққа түсіндіру өте маңызды.

Түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін аймақтарға шығамыз. АЭС ірі жоба. Бұған қыруар қаржы бөлінеді. Ол біздің елге қаншалықты қажет, оның берері қандай деген халық сауалына жауап беруіміз керек. Бұл Мәжіліс депутаттарының тікелей жұмысы. Сонымен қатар, аймақтардағы басқа да мәселелерді талқылап, қыс мезгіліне даярлықты да бір пысықтап шығамыз, – деді Елнұр Бейсенбаев.

Сондай-ақ, депутаттар АЭС құрылысы бойынша кез келген азамат өз пікірін жеткізуге құқылы екенін айтты.

Қазір ақпараттық тұрғында үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы тұста әр сала мамандары АЭС-тің пайдасы мен зияны туралы, шетелден алатын электр қуатына деген тәуелділік мәселесін жік-жігімен жіліктеп айтар болса, ел де өзіндік пікірін қалыптастырып тиісті шешімін шығарады. Сонымен қатар, спортшылар мен әншілердің АЭС-ті қолдауы да қызу талқыға түсуде. Бұл жерде біз оларға мамандығы бойынша қарамауымыз керек. Олар да осы елдің азаматы. Қаласа қолдайды, қаламаса қолдамайды. Былайша айтқанда өз пікірінің қожасы, – деді Парламент Мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиев.

Айта кетелік, ағымдағы жылдың алтыншы қазанында АЭС салуға қатысты жалпыұлттық референдум өтеді.

Ынтымақ Толқын
Бөлісу: