Адырна

20 Тамыз 2014, 12:59

Адырна 1 – ату қаруы жақтың (садақтың) негiзгi ату функциясын атқаратын серпiндi бөлiгi.

Адырна 1 – ату қаруы жақтың (садақтың) негiзгi ату функциясын атқаратын серпiндi бөлiгi. А.-ның иiнi, екi басы, белi әртүрлi ағаштан жасалып, иiнi серпiндi болу үшiн мүйiзбен, белi берiк болу үшiн сүйекпен күшейтiледi. Өн бойы жеке жасалып, тарамыспен шандып оралып, сыртын терімен қапталып, қайыңтозбен оралады.

Адырна. Қалпына келтірілген түпнұсқа бойынша суретін салған Қ.Ахметжан 

Ату үшін А.-ны кері қарай қайқайта иіп кереді. Оған қайыстан, тарамыстан немесе жiбектен жасалған керме жiп – кiрiс байланады. Жақтың негізгі ату қызметін атқаратын басты бөлігі болғандықтан А. атауы жақтың өзінің атауының орнына оның эвфемистік жанама атауы ретінде де қолданылған.

Бұл көне магиялық түсініктерге байланысты соғыс ісінде қарудың өз атауларына қолданылған лингвистикалық табу тілдік тыйымнан туындаған. Серпіні қатты А.- дан тартылған жебе шектей тартылған кірістің дірілі мен екпіндей зулап шыққан жебе ерекше ызың шуыл шығаратындықтан жыраулар поэзиясында «адырнасын ала өгіздей мөңіреткен» деген әсерлі теңеуге арқау болған.

Садақ ағашының екі басын иіп ұстап тұратын жебені тіреп ату үшін керіп байланған қайысты тілдік деректерде А. деп атайды. А. көбіне бұғы, бұлан терісінен, кейде жібек жіптен жасалады. Мысалы, Дулат Бабатайұлының жыр жолдарынан осыған байланысты төмендегідей мәліметтер алуға болады:

Ер жүректі Еспембет Ақбөртені баптады. Сары ырғай садаққа Терісінен бұғының Адырнаны таққаны.

Тілдегі метонимия заңдылығы бойынша бөлшектің аты бүтіннің орнына жұмсалып, А. атауы кейде садақ сөзінің жанама атауы ретінде қолданылған. Әсіресе, мылтық, садақ, найза, қылыш, шоқпар т.б. ұрыс қаруларының мұндай жанама атаулары қарсыластың мысын басып, үрей туғызу мақсатында дисфемистік мағынада жұмсалады.

Атына тұрман болсам деп,

Жұртына құрбан болсам деп,

Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен,

Атқан оғы Еділ-Жайық тең өткен

(Махамбет).

Сондай-ақ, жорықтан түскен олжадан қаруға сыбаға беру салты бойынша байырғы кезде сыбағаның молдау тиюін білдіру үшін ұрыс құралдарына мадақ сөз айтылатын болған:

Алты атқа алған адырна,

Он атқа алған бұхарша

(Батырлар жыры).

Батырлар анттасқанда кірісін (кейбір деректерде адырнаны) сүйіп ырым жасайды.

Әдеб.: Уәли Н. Сөз мәдениеті. Алматы: Мектеп, 1984; Бес ғасыр жырлайды. Екі томдық. Құраст.: Мағауин М., Байділдаев М. Алматы: Жазушы, 1989; Махамбет Ө. Ереуіл атқа ер салмай. Алматы: Жазушы, 1990; Сыздықова Р. Сөздер сөйлейді. Алматы: Мектеп, 1980; Қасиманов С. Қазақ халқының қолөнерi. Алматы: Қазақстан, 1995; Ахметжан Қ. Жақ пен оқ // Жұлдыз. 2003. №6; Ахметжан Қ.С. Қазақтың дәстүрлі қару-жарағының этнографиясы. Алматы: Алматыкітап, 2006.

Адырна 2 – қазақтың дәстүрлі аспаптарының бірі. Көп ішекті, беті көнмен қапталады. Шертіп тартылады, яғни шертпелі аспаптардың қатарына жатады. Зерттеушілер аспаптың атауын садақпен байланыстырады.

Адырна. Реконструкция. Ұста Д.Шоқпарұлының жаңғыртпасы.

Ы.Дүкенұлы атындағы халық аспаптары музейі қорынан

 

Аспаптың корпусы екі бөліктен тұрады: «мүйіз» және «құйрық». Осы екі бөліктің арасына тарамыстан немесе ешкінің ішегінен арнайы жасалған жіптен ішек тағылады.

Әдеб.: Сарыбаев Б. Қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары. Алма- ты: Өнер, 1981; Жәкішева З. Қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптары. Алматы: Алматыкітап, 2009.

 

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу: