Адыраспан

20 Тамыз 2014, 13:17

Адыраспан – сортаңдау ыстық өлкеде кездесетін, басында ащы дәні бар дәрілік өсімдік.

Адыраспан – сортаңдау ыстық өлкеде кездесетін, басында ащы дәні бар дәрілік өсімдік. Киелі, әрі емдік қасиеті жоғары деп саналатын А.-ды дәстүрлі ортада жұлардың алдында киесі ұрады деп алдын ала дәрет алып, ерте аттанып барып иіліп сәлем берген:

Ассалаумәләйкум, адыраспан,

Бізді сізге жіберді Омар, Оспан.

Кеселге жеті түрлі ем болсын деп,

Әкім Лұқпан пірлері ақыл қосқан.

Соңынан малдас құрып, Құран аяттарын оқиды. А.-ды тек ер адам ғана жинайды, қапқа салып жинап алып, кептіріп қояды. Ертеде әйел босана алмай қиналып жатқанда, зиянды күштерді А. түтінімен қуатын болған. А.-мен баланың бесігін және сырқат адамды да аластайды. Тіл мен көз тигендерді емдегенде А.-ды түтетіп, тұзды басынан ай- налдырып, отқа тастайды. Сонда:

Алас-алас, мың бір бәлеңнен қалас,

Тілдінің тілінен, көре алмағанның көзінен сақта! – деп отқа тұз тастайды. А.-мен аластау рәсімі қазіргі күнде де қазақтар арасында кеңінен қолданылады.

А. қазақ үшін қасиетті шөп болғандықтан бәле-жаладан сақтайды деп үйдің ішіндегі көрнекілеу жерге – кереге басына іліп қояды. Жаңа үйге кірерде босағаға жын-шайтан мүлдем жоламасын деп, А.-мен аластаған. Сонымен қатар, бұл өсімдікті иесіз үйді иесі жоқ кезде жайлап алған беймәлім жын-шайтандардан тазарту үшін А.-ның бір бұтағын отқа салып тұтатып, аластайтын болған. Сондай-ақ, ауыл әйелдері бірігіп текемет басқанда, әзірленіп жатқан текемет, киіздің қасына көз тимесін деп А. және қызыл түсті мата төсейді. Өйткені, ондайда текеметке немесе киізге көз тисе, салынған өрнектер қиғаш немесе қисық түседі-мыс.

«Адыраспан, адыраспан шыққан жерді, сірә, баспан» деп келетін магиялық формула-тіркес А.-ның дәстүрлі түсінікке сәйкес айырықша қасиетіне байланысты қалыптасса керек. А.-ның магиялық киелі қасиетімен бірге, емдік шипалығы да бар. Алайда, А. – улы өсімдік. Қаратау сiлемдерiнде өсетiн А.-ды ашыққан кезде сиыр мен жылқы жеп, тыныстары тарылып, уланады.

Тұмау тиіп ауырғанда, отбасы мүшелерін А.-ға тұз қоса отырып аластаудың магиялық функциясымен қатар ем дарытатын қасиеті де бар. Сондай-ақ емшілікте адамның буынын сырқыраудан, аяқ-қолын қақсаудан емдеу үшін А.-ды қайнатып, сол сумен ауырған мүшені үш мәрте булайды. Жел-құздан қозған буын ауруын емдеу үшін А.- ның жас сабағын қиып алып, жаншып буынға тарту керек. Суықтан болған ауруға, терісі бөрткен кезде адамды А. суына шомылдырған. Құяңмен ауырған адам А.-ның сабақ, жапырақтарын қайнатып, күніне ұдайы екі жеті қатарынан ішуі керек. Тіс қақсап ауырғанда, А.-ның шөбімен ыстағаннан кейін басылады. Ұмытшақтық меңдетсе А.-ды сабағы мен жапырағын бірге қайнатып ішеді.

Көшпелілер кесіртке тәрізді жәндіктер жараланғанда А.-ға аунап жазылатынын байқаған. Малдың қотырын А.- ды қайнатып жуған. Жүн мен қолөнерде қолдананылатын түрлі жіптерді бояу үшін А.-ды көп мәрте қайнатып, қызылкүрең түсті бояу алады.

Әдеб.: Бабалықұлы Ж. Мал ауруларының қазақша атаулары. Алматы: Қайнар, 1986; Арғынбаев Х. Қазақтың мал шаруашылығы жайында этнографиялық очерк. Алматы: Ғылым, 1969; Мас- сагетов П.С. Өсiмдiк әлемiне саяхат. Алматы: Қайнар, 1988; Нақысбеков О. Түркістан экспедициясының материалынан // Тілтаным, 2006. №2; Тоқтабаева Ш. Қазақтардың қолөнерге байланы- сты әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері // Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. 1-том. Алматы: Арыс, 2005; ҚР МОМ – материал- дарынан; ОМЭЭ – материалдарынан.

 

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу: