TikTok желісінде «композитор ағай» атымен танымал болған Арысбек Бағдаулет белгілі әнші Әділет Жауғашардың аманатына қиянат жасағанын мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Композитордың айтуынша, Төреғали Төреәлінің орындауындағы «Үйге қайтамын» әнінің идеясы тікелей өзіне тиесілі екен.
Өзім КамАЗ жүргізушісімін. Әншілермен аса жақын байланысым жоқ. Осы әннің идеясы ойыма келгенде Әділет Жауғашарға хабарласып, Төреғалиға тыңдатуын өтіндім. Бірақ ол аманатты орындамай, Рамазан Амантайға сөз жаздырып, әнді Мұхтар Ханзадаға беріп жіберді. Мұны естігенде төбемнен жай түскендей болды, — дейді композитор.
Арысбек Бағдаулет бұл жағдайдың шындығын халыққа айтуға бел буғанын жеткізді.
Өзім жұмыста үйді сағынып жүріп жүректен шығарған әнімді Әділет Жауғашар Төреғали Төреәліге тыңдатпай өзі сол идеямен басқа ән шығаруы жігіттікке жатпады. Аманатқа қиянат жасалды! Шындығы осы, — деп ашынды композитор.
Бұл мәлімдеме әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсуде. Желі қолданушылары композитордың аманатына қиянат жасалды ма, жоқ па деген сұраққа әртүрлі пікір білдіруде. Ал Әділет Жауғашар тарапынан бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме әлі берілген жоқ.