Аддиктолог маманы: «Лудомания, наркомания жас та, жыныс та таңдамайды»

25 Қыркүйек, 13:30 529

Лудомания да нашақорлық сияқты ғасыр дертіне айналған үлкен проблема деуге болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы құмар ойынға тәуелділікті ауру деп ресми таныды. Ойынқұмарлықты маскүнемдік, нашақорлықпен қатар Аурулардың халықаралық  жіктемесіне (ICD-11) енгізді. Тәуелділікке бірден арбап әкететін наркомания мен лудоманияны емдеуге бола ма? Ол үшін қайда, кімге бару керек? Ауруға шалдығудың себептері мен кезеңдері қандай? Бұл сұрақтардың жауабын алу үшін El.kz тілшісі «Ренессанс» оңалту орталығының аддиктолог маманы Расулла Қадыровпен сұхбаттасты.

El.kz: Лудоман,  наркоман болудың себептері қандай? Көбіне кімдер тәуелді болады?

Расулла Қадыров: Лудомания немесе есірткіге тәуелділік болсын, ол адам таңдамайды. Әйел де, еркек те бұл дерттің арбауына түсуі мүмкін. Сондай-ақ жас ерекшеліктері әртүрлі. Иә, біз көбіне жастар деп айтамыз. Бірақ олардың қатарында орта жастағы, тіпті зейнеткерлер де бар. Біздің оңалту орталығында ем алғандардың қатарында 73 жастағы зейнеткер адам да болған. Сондықтан ойынқұмарлық, нашақорлық жас та, жыныс та, ұлт та таңдамайды. Бұл дерттің жалпы себептеріне келсем, жалпы адамның физиологиялық, психологиялық, махаббат, ұйқы және тағы сол сияқты қажеттіліктері бар. Мұндай қажеттіліктер толқыны кейде гиперопекамен жабылады немесе жабылмайды. Сол себептен осындай қажеттілігі аз адамдар оның орнын алкоголь, есірткі, ойынға бәс тігу сияқты эмоциялармен толтырады. Бұл – бірінші себеп. Ал екіншісі – баршылық. Мәселен, белгілі бір еркек немесе әйелді алайық. Оның ата-анасы қамқорлықпен көлік алып береді немесе жалпы қарыздарын жабады, болмаса бүкіл проблемасын шешіп, шотына тұрақты түрде ақша салып отырады. Бұл – туыстардың шамадан тыс гиперопекасы. Ішкені алдында, ішпегені артында, уайым-қайғысы жоқ, жұмыс істеп басы ауырмайтын адам не істейді? Әрине, ішкі эмоцияларының орнын толтырудың басқа жолын іздейді. Ал ол жолдың бірі құмар ойын, есірткі немесе алкоголизм. Ал үшінші себеп – қоршаған орта. Адам қандай ортада өседі, оған қандай орта ұнайды? Сол ортаның жалпы ережелерін, қажеттіліктерін өз өміріне енгізеді. Ол оны тіптен байқамай да қалуы мүмкін. Бірақ ішкі қажеттілігін сонымен толтырып отырады. 

El.kz: Ойынқұмарлықтың, есірткіге тәуелділіктің кезеңдері қалай болады? Мысалға, есірткінің бір рет дәмін көрсем немесе ойынға бір рет бәс тіксем, ешнәрсе болмайды деп оның арбауына қалай түскенін байқамай қалып жататындар бар...

Расулла Қадыров: Жалпы тәуелділіктің бірнеше кезеңі бар. Біріншісі – ләззат алуы. Бұл дегеніміз адам алғаш ойын ойнағанда немесе есірткіні қолданғанда эйфория ұстайды. Түк те зияны жоқ екен деп өз-өзін алдайды және ол әрекеті өзіне ұнайды. Ал екінші кезеңі – толеранттың өсуі. Бұл кезде адам есірткінің дозасын немесе ойынға біс тіккен ақша сомасын көбейте бастайды. Ал үшінші кезең – тәуелділіктің қалыптасуы. Бұл кезде адамның өзінде, миында кәдімгідей тәуелділік қалыптасады. Бірақ оны ол өзі мойындамайды. Осылайша сол қажеттілікке бейімделіп, өзінің принциптерін, құндылықтарын жоғалта бастайды. Яғни, ойын мен есірткіден басқа ешнәрсе көрмейді. Төртінші кезең – бақылаудың жоғалуы. Ол кезде адам өз-өзін ұстай алмайды. Ұйқы, тамақ дегенді ұмытуы мүмкін, бірақ бар ойы ойын мен есірткі болады. Бесінші кезең – биопсихоәлеуметтік зақым. Адам бұл кезеңде кәдімгі адам сияқты жүре алмайды. Өз-өзін мүлдем жоғалтып алады. Ал алтыншы кезең – тәуелділіктің шыңы деуге келеді. Адам апатияда жүреді, суицид туралы жиі ойлайды. Өмір сүруге деген құлшынысы, мотивациясы, көзқарасы мүлдем жоғалады. Былайша айтқанда, өмірден түңіліп кетеді. Жер бетінде өзін артық адам санайды. Бұл кезде адам мен өлімнің арасы бір-ақ қадам.

(Фото: Расулла Қадыровтың жеке мұрағаты)

El.kz: Құмар ойын ойнап немесе есірткіні қолданып жүргендер бұл кезеңнің қайсысында емделгені дұрыс. Олардың туыстары, жақындары қай кезде дабыл қағуы керек? Және тәуелді адамдар осы бір ауруға шалдыққанын мойындай ма?

Расулла Қадыров: Жоқ, өкінішке қарай тәуелді адамдардың басым көпшілігі мойындамайды. Олар өздерінің туыстарының қысымымен емдік процедуралардан өтуге келісіп жатады. Ал алғашқы сұрағыңызға жауап бермес бұрын ең алдымен бәс тігіп немесе есірткі қолданып жүрген адамның негізгі белгілері қандай деген сұраққа жауап іздеген дұрыс-ау. Мысалы, балаңыз бен туысыңыз үйге себепсіз кешігіп келе бастаса, ол адаммен сөйлесу керек. Кешігуі себебін сұрау қажет. Қандай проблемаң болып жатыр немесе қарыздарың бар ма? Осы сұрақтарды қою керек. Егер ол кісі сөйлесуден қашса, ашып ешнәрсе айтпаса, демек ол адамда проблема бар. Ата-анасы немесе туысы осы кезден бастап маманға жүгінгені абзал. Этаппен алып қарайтын болсақ, бастапқы ләззат алу циклынан бастап адам емделу керек. Ал егер толеранттың өсуіне өтсе, ары қарай оны тоқтату қиындау болады. Бұл жерде мына нәрсені ұмытпау керек. Циклдан циклге өту өте оңай және кейде тіпті бір айдың ішінде соңғы кезеңге өтіп кету ықтималдылығы жоғары. Сол үшін ұлыңыздан немесе өзге туысыңыздан тәуелділіктің қандай да бір белгілерін байқасаңыз, дереу дабыл қағыңыз. Емдетіңіз, мамандардан көмек сұраңыз. Өйткені ондай адамның өзі бізден көмек сұрамайды, себебі тәуелділігін жоққа шығарады.  Тіпті біздің орталыққа туыстарының мәжбүрлеуімен келген күннің өзінде кейбірі «есірткі қолданбағанмын» немесе «ойын ойнамағанмын» деп мойындамайды. Ал кейбірі «есірткіні бір-екі рет қана қолдандым» немесе «бәс тігіп, ұтылып қалған ақшам көп емес, өзімді бақылауда ұстай аламын» деп тәуелділігін жоққа шығарғысы келеді.

Тағы бір ескеретін жайт, тәуелді адамдар манипулятор болады. Соның ішінде әсіресе лудомандар.

El.kz: Ал жалпы сіздің тәжірибеңізде тәуелділіктің бірінші кезеңінде емделгендер болды ма?

Расулла Қадыров: Иә, болған. Бірақ өте аз. Шамамен ары кетсе 100 пайыздың 10 пайызы ғана шығар.  

El.kz: Орталыққа келетіндердің неше пайызы туыстарының қысымымен келеді?

Расулла Қадыров: Шамамен 80 пайызы қысыммен келеді. Оны сыртқы мотивация деп атайды. Ал қалған 20 пайыздайы ішкі мотивациямен келеді. Олар кімдер? Материалдық тұрғыда айтатын болсақ, үйін, көлігін, өзге де дүниесін жоғалтқандар. Былайша айтқанда, қарызға белшесінен батқан. Сонымен қатар ата-анасы, әйелі, бала-шағасы, жалпы туыстары теріс қарағандар, барар жері жоқ, тығырыққа тірелгендер емделу орталығына өз еріктерімен келеді. Олар әлемде жалғыз қалып қойған адамдар.  

(Фото: ©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney)

El.kz: Айтыңызшы, жалпы есірткі мен құмар ойынға тәуелділік емделе ме?

Расулла Қадыров: Иә, емделеді. Бірақ ол емдеу шаралары ұзақ мерзімді. Мына нәрсені ұмытпау керек, тәуелді адамның емделуі бір ғана маманға байланысты емес. Өзіне де тікелей қатысты. Жалпы лудоман, наркоман, тіпті алкоголизммен ауыратын болсын, олардың бар ойы, мінез-құлығы соған тәуелді. Ал оны өзгерту бірінші кезекте адамның өзіне байланысты. Баяғы өмірінен, өмір сүру ережелерінен, көзқарасынан бас тарту керек. Жаңа өмір бастауға талпынуы қажет. Ол үшін өзінің жаңа мінез-құлқын қалыптастырып, дамуы керек. Миды алатын болсақ, онда нейронды байланыс деген болады. Ол есірткі, спирттік ішімдік немесе ойын ойнау деген сияқты қажеттіліктерді сақтап қалады. Былайша айтқанда, емделемін деген тәуелді адам  моральдық, психологиялық тұрғыда дайын болғаны жөн. Ал оның жаман әдеттерінен арылуына орталықтың психолог, психотерапевт, аддиктолог сияқты мамандары жан-жақты қолдау көрсетеді. Бізде алдымен жалпы терапия, адамның мінез-құлқын ауыстыруға арналған психокоррекция болады. Мамандар сол ескі нейронды байланысты бұзып, қайта құрастырудың жолдарымен жұмыс істейді. Әрине, ол ұзақ мерзімді қажет етеді. Ол тәуелділіктің кезеңіне қарай, бірнеше айдан тіпті кейде бір, екі жылға дейін созылуы мүмкін. Сол қайта құрастырылған нейронды байланысты емделуші адам ұстап қалуы керек. Ал егер адам сол баяғы мінез-құлқымен, көзқарасымен қалып қойса, күндердің күнінде ол көңіл күйі түскенде немесе болмашы нәрсеге ашуланып, біреумен ренжісіп қалса,  сол баяғы әдетіне қайта келуі мүмкін. Неге? Себебі оның өмірінде ешқандай өзерістер болып жатқан жоқ. Сол бұрынғы көзқарасымен, мінез-құлқымен өмір сүріп жатыр. Ал мінез-құлықты қайта қалыптастыру үшін не істеу керек? Адам бірінші кезекте дисциплинадан бастауы қажет. Мәселен, таңертең тұрып, спорттық жаттығу, кітап оқу, тұрақты жұмыс істеу. Бос уақыты болмайтындай жақсы қасиеттерге толы істермен айналысқаны жөн. Өзінің құндылықтарын алға қойып, өзімен-өзі іштей әңгімелесе білуі керек, өзіне есеп бере алғаны абзал. Жалпы тәуелді адамдарды емдеудің түрлі тәсілдері бар. Қалай өмір сүру керек, қиындыққа тап болса, қалай әрекет еткені жөн? Осының барлығын біз оңалту орталығында зерделеп, жеке-жеке бағыт-бағдар береміз. Ұсыныс жасаймыз. Тек мына жайтты емделуші де, оның туыстары назарға алғаны абзал. Орталықта емделуші тәуелді адам төрт, алты ай жатып, мінез-құлқы 100 пайыз өзгереді деп айта алмаймын. Шамамен 50 пайызға өзгереді, қалғанын тәуелді адам өзінің әлеуметтік өмірінде өзі құрастыру керек. Бірақ бізбен байланысты үзбеуге кеңес береміз. Мәселен, біздің орталықтан емделіп шыққан адамдармен біз әлі күнге дейін байланыстамыз. Ара-тұра бас қосып, тіпті кейде футбол ойнауға барамыз. Кейбір лудоман немесе есірткіге тәуелді адамдардың өмір бойына психологпен кеңесіп, өзін-өзі тәрбиелеуіне тура келеді. Сондықтан жоғарыда айтып өткенімдей, емделу адамның тікелей өзіне байланысты. 

El.kz: Ал жалпы тәуелділіктің бесінші кезеңінде жүрген адамды емдеу мүмкін бе?

Расулла Қадыров: Әрине, мүмкін. Бірақ ол ұзақ мерзімді реабилитацияны қажет етеді. Олардың емі кемінде төрт айдан басталуы мүмкін. Өйткені бұл кезеңдегі тәуелді адамдар алғашқы айда орталықтың ішкі тәртібіне бейімделгісі келмейді. Неге дейсіз ғой? Өйткені біздің орталықта әскердегідей тәртіп қалыптасқан. Таңертең ерте тұрып, жаттығу жасайды. Спорт залымыз бар. Кейін серуендеуге шығады. Бірақ орталық ауласынан сыртқа шықпайды. Кейін мамандар олармен жеке-жеке консультация жүргізеді. Осылайша біз алдымен адам саналы түрде өзінің тәуелді екенін мойындату үшін көзарасын ауыстырамыз. Бұл жолға түсуінің себебін анықтаймыз. Біз ондай адамдарға кей жағдайда орталықтан шыққан соң араласатын ортасын ауыстырып, тіпті қажет болса басқа қалаға қоныс аударуға кеңес береміз. Менің тәжірибемде ондай емделушілер де болған. Қателеспесем, осыдан бір жыл бұрын-ау деймін. Бізде төрт ай жатып, бағдарламадан өтті. Одан кейін бізде волонтерлік деген этап бар. Сол этапта үш ай жүріп, жалпы 7 ай біздің бақылауда болды. Ол емделушіміз бізге синтетикалық есірткіге тәуелділікпен келген болатын. Отбасы бақуатты тұрады, баршылықта өскен жігіт. Бірақ біз зерделей келе оның бұл жолға түсуінің себебін анықтап көрдік. Үйінде оған әкесі, туыстары қысым жасайды екен. Қысым болғанда былай ғой. Ол жігіт бала күнінен әкесінің ішімдік ішіп, боқауыз сөздерді айтып, жиі жанжал шығаратынын көріп өскен. Әкесі әлі күнге дейін алкогольге бір табан жақын көрінеді және үйінде жиі жанжал шығарады екен. Яғни, ол жігіттің бала күнінен қалыптасқан психологиялық жарақаты бар. Айтуынша, сол жарақатын, жалпы үйдегі теріс атмосферадан арылу үшін осы жолға түскен. Үш жылдай синтетикалық есірткі қолданған. Есірткіден өзі де шаршаған. Біз онымен тиянақты жұмыс істеп, басқа үйге көшіп, бөлек тұруға, ата-анасынан бір тиын алмай, өз күнін өзі көруі керек туралы ұсыныс тастадық және моральдық, рухани тұрғыда оны дайындадық. Өзінің отбасына қайта оралса, қайтадан сол баяғы теріс жолға түсу қаупі бар. Себебі отбасы өзгермеген. Бүгінде әйелін, бала-шағасын алып, жалдамалы пәтерде тұрып жатыр. Бір жылдай болды, есірткі мүлдем қолданып жүрген жоқ. Жұмысқа орналасқан. Бірақ бұл жігіт сол есірткі қолданудың кесірінен көп нәрсені жоғалтты. Бірінші сары уайымға салынған анасының, әйелінің денсаулығын жоғалтты. Балалары тәрбиесіз қалып кетті. Ал материалдық тұрғыда айтар болсам, көлігін, қомақты ақшасынан айырылды. Кредит алып, қарызға кіріп кетті. Бұл жерде нені айтқым келіп отыр. Бірінші кезекте үйдегі тәрбиеге аса мән беру керек. Үйдегі теріс тәрбие баланың нейронды байланыстарының бұзылуына әкеп соғуы мүмкін. Адам бала күнінде не көріп өсті, ертең өскенде өз бала-шағасына соны бейсаналы түрде соны қайталауы мүмкін. Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген бар емес пе? Бірақ бұл лудомания немесе есірткіге тәуелділіктің басты себебі деген сөз емес. Біздің тәжірибе көрсеткендей, ынтымағы жарасқан, ортасына сый-құрметке ие отбасылардан шыққан адамдар да тәуелділікке душар болып жатады. Ондайларға бірден-бір әсер ететіні, әрине, қоршаған ортасы. Ол мейлі сырттағы ережелер немесе ғаламтор болсын, кейбірі жұмысын жоғалтқан болуы мүмкін. Айта берсек, себептері өте көп. Біз әрбір емделушіні жеке-жеке зерттейміз. Мынау бақуатты немесе берекесі қашқан отбасыдан шыққан деп бөле-жармаймыз. Әртүрлі жағдайлар болады. Бірінші кезекте сол жолға түсуінің себептерін іздейміз. Біртіндеп оның жан дүниесін ашып алуға тырысамыз. Егер тәуелді адам маманға ашылмаса, оның психологиясына кіру өте қиын. Қарсыласулардың бәрін анықтаймыз. Кейін өткен өміріне үңілеміз. 10 жас,  15 жас болсын, бала күніне ораламыз. Ол адамды сепарациялау қажет болуы мүмкін. Біздің тараптан түрлі ұсыныстар беріледі.  

Осы ретте тағы бір емделушіміз есіме түсіп отыр. Ол жігіт құмар ойынға тәуелді болды. Екі үйі, екі көлігі болған, әжептеуір қызметте істеген. Отбасылы, үш бала-шағасы бар. Бірақ осы ойынның арбауында кетіп, бәс тігу үшін бар дүниесін сатып жіберген. Оған қоса қарызға белшесінен батқан. Былайша айтқанда, далада қалып қойған. Тығырыққа тірелген оны біздің орталыққа әйелі бір айға алып келді. Бірақ онымен жұмыс істеу барысында оңалту шаралары төрт айға созылды. Осылайша ол оңалту бағдарламасынан толықтай өтті. Қазіргі таңда әйелі, балаларымен жалдамалы пәтерде тұрса да өмірден үлкен сабақ алды. Бұрынғы қызметіне қайта орналасты. Айтуынша, жай-жайлап қарыздарынан құтылып жатыр екен. Ара-тұра кездесіп тұрамыз. Өмірдің, отбасының қадірін түсінгенін,  тура жолға түсуіне ықпал еткеніміз үшін алғысын айтып отырады. Өмірінде болып жатқан оқиғаларымен бөлісіп тұрады. Бізде емделіп шыққан әр емделушінің өз өмірлік тарихы бар.  

(Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ)

El.kz: Алкоголизмді емдеу үшін белгілі бір дәрілер салады, кодтау (кодировка) әдісін қолданады екен дегенді естіп жатамыз. Ал есірткіге, ойынға тәуелділікті емдеу кезінде сондай процестер бар ма? 

Расулла Қадыров: Тараз, Бішкек қалаларында гипнозбен емдейтін орталықтар бар дегенді естігенім бар. Соның ішінде Бішкектегі мамандар емделушіні белгілі бір әдіспен «комаға» түсіріп, ішкі нейронды байланыстарын бұзуға әрекеттенеді екен. Бірақ біздің орталық мұндай әдісті қолданбайды. Біз тікелей адамның психологиясымен айналысамыз. Ішкі дүниесіне кіре отырып, сезімдерімен жұмыс жасаймыз. Ал кодтау деген көмектеспейді адамға. Адам рухани, ментальды түрде дайын болуы керек. Біз тәуелді адамға бірінші кезде детоксикация жасаймыз.  Яғни, ағзасын сол улы заттардан тазартамыз. Кейін түрлі дәрумендер саламыз. Бірақ бұл әдіс тек есірткі мен алкогольді ішімдіктерге тәуелділерге қолданылады. Ал лудомандарға мұндай әдісті қолдану мүмкін емес. Меніңше ондай тәжірибе еш жерде жоқ.

El.kz: Жалпы осы кодтау дегенге тоқталып өтіңізші. Кейбірі оны миф деп жатады...

Расулла Қадыров: Кодтау дегеніміз – алкоголь немесе есірткіге деген құштарлықты белгілі бір уақытқа байлап тастайды. Былайша айтқанда, адамның қажеттілігін тыяды.  Бірақ ол 1-2 ай ғана созылуы мүмкін. Ал үшінші айдан бастап қайта іздеуі ғажап емес. Сондықтан кодтау деген толықтай көмектеспейді. Жоғарыда айтып өткенімдей, біз лудоман немесе есірткіге ғана емес, алкогольге де тәуелді адамдармен психологиялық тұрғыда жұмыс жүргіземіз. Соның өзінде 100 пайыз кепілдік бермейміз. Біз тәуелді адамның ой-санасының, мінез-құлқының өзгеруіне барынша ықпал етеміз, ал шешімді қабылдау өзіне байланысты. Кейде естіп жатамын, кейбір оңалту орталықтары 100 пайыз кепілдік береді екен. Ол мүмкін емес. Ондай бос уәдеге сенбеу керек.

El.kz: Енді өзіңіз жұмыс істеп жүрген оңалту орталығы туралы тоқталып өтіңізші. Еліміздің қанша қаласында филиалдарыңыз бар? Бүгінде неше емделуші ем қабылдап жатыр? Әйел адамдар көп пе?

Расулла Қадыров: «Ренессанс» оңалту орталығының еліміз бойынша алты қалада филиалы бар. Атап айтқанда, Шымкент, Астана, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар. Соның ішінде Шымкентте екі орталық жұмыс істейді. Әр орталықта бір мезетте шамамен 20-25 емделуші емделуге мүмкіндігі бар. Одан артық адамды қабылдай алмаймыз. Себебі орталық ғимараты соған лайықталған. 18 жастан бастап 73 жасқа дейінгі емделушіні қабылдаймыз. Емделушілер қатарында әйел адамдар да бар, бірақ көп емес. Кейде жалпы емделушінің 20-30 пайызы болып қалады.

El.kz: Оңалту орталығына тәуелді адамды қабылдау процесі қалай жүргізіледі? Қайда хабарласу керек?

Расулла Қадыров: Бізді көбіне ғаламтордан іздеп келіп жатады. Одан бөлек танысы немесе әріптесі дегендерден естіп келетіндер бар. Біздің Call-орталықтың операторлары аптаның және тәуліктің кез келген уақытында қоңырау қабылдайды. Мәселен, тәуелді адамның туыстары хабарласты делік. Оларға жалпы орталық туралы ақпарат беріледі. Мамандар жеке жұмыс істейтіндігі, жатын орын, төрт мезгіл тамақ, бос уақытты тиімді өткізу шаралары сол бір айлық курс ақысына кіретіндігі түсіндіріледі. Нақты қай маманға бару керектігі анықталып, кейін тегін консультацияға жазылады. Содан соң офисе келіп, егжей-тегжейлі барлығы келісіледі. Егер келіссе, жатады. Бізде өзінің тәуелділігін мойындамайтындарға көмекті қабылдауға сендіру және ынталандыру әдісі бар. Оны психологияда мотивациялық интервенция деп атайды. Мен өзім сонымен айналысамын. Егер тәуелді адам жатқысы келмесе, үйіне барамын. Ата-анасының, жақындарының қатысуымен өзімен сөйлесемін. Оның соңы неге алып келеді, қандай қауіп төніп тұр? Соның барлығын психологиялық тұрғыда түсіндіремін. Содан соң ғана оны  өз қалауымен орталыққа алып келіп жатқызамыз. Егер келіспесе, аяқ-қолын байлап алып кету деген жоқ. Себебі тәуелді адамның қалауы болмаса, жылдап емдік шараларынан өтсе де, нәтиже болмайды.  

El.kz: Бір айлық курс ақысы лудоман немесе есірткіге тәуелді деп бөлінеді ме, әлде бағалары бірдей ме?

Расулла Қадыров: Баға екеуіне де бірдей. Бір емделушіге айына - 400 мың теңге. Бірақ қатып қалған баға жоқ. Емделушінің ата-анасы немесе туыстарының жағдайына қараймыз. Соған лайықтап жеңілдіктер жасаймыз.  

El.kz: Мәселен, ата-анасы сіздерге жазылады және екі тарап келісті делік. Бірақ тәуелді адамды туыстары өздері алып келе алмайды. Сондықтан баласы мына букемекерлік кеңседе бәс тігіп отыр немесе мына ортада есірткі қолданып отыр деп сол жақтан алып кетуді өтінетіндер бар ма?  

Расулла Қадыров: Жоқ, біз ондайман айналыспаймыз. Жоғарыда айтып өткенімдей, мотивациялық интервенция әдісін қолданамыз. Ол кісімен мен өзім барып, жеке сөйлесе аламын. Егер қалауы болса жатады, болмаса жатпайды.

El.kz: Туыстарының мәжбүрлеуімен ем қабылдауға келгендердің арасында қарсылық танытып, жанжал, төбелес шығаратындары бар ма?

Расулла Қадыров: Менің тәжірибемде жанжал немесе төбелес шығаратындар болмаған. Себебі мұнда емделушілердің барлығының мақсаты бір. Ол – тәуелділіктен арылу, тура жолға түсу, емделу. Ал бастапқыда қарсылық танытатындар болады, әрине. Олармен жеке жұмыс істейміз. Орталықта адамға қажеттіліктің бәрі бар. Тамағы тоқ, ұйқысы тыныш. Бастысы – қауіпсіздік. Өйткені сыртта жүргенде ана адамға, мына адамға қарыз, туыстарының қысымы болуы мүмкін. Ал мұнда тұтастай мінез-құлқын өзгертуге мүмкіндік бар. Оған қоса мамандар қолдау көрсетеді.  

(Фото: Расулла Қадыровтың жеке мұрағаты)

El.kz: Тәуелді адамдардың туыстарына қандай кеңес берер едіңіз?

Расулла Қадыров: Егер өз ұлыңыздың немесе өзге туысыңыздың жүріс-тұрысынан, қалыпты өмір сүруінен қандай да бір өзгеріс байқадыңыз ба, дереу ашық сөйлесу керек. Дер кезінде дабыл қағу тәуелділікті аз уақыт ішінде толықтай емдеуге мүмкіндік береді. Туысыңыз ойынға немесе ескірткіге тәуелді екенін білдіңіз бе, оның өтірігіне сенбеңіз. Олар ақша табудың түрлі сценарий құрастырып, дегеніне жету үшін бәріне барады. «Болды, қойдым. Осы соңғы рет» деп сізді арбап, тіпті кейде манипуляция жасауы мүмкін. Жоғарыда айтып өткенімдей, тәуелді адамдар - мықты манипуляторлар. Қалай арбауына түсіп қалғаныңызды өзіңіз де байқамай қаласыз. Ең басты кеңесіміз – қарызды жаппаңыз. Біз ең алдымен келген емделушімен сөйлесу барысында кімге, қанша қарызы бар екенін сұраймыз. Бірнеше жүздеген мыңнан бастап 150 млн теңге, тіпті 350 млн теңгеге дейін қарызы болғандар бар. Кейін бұл туралы туыстарына айтамыз. Бірақ қарызды қайтармауға кеңес береміз. Өйткені ата-анасы немесе өзге туыстары тәуелді адамның қарызын жауып берсе, жағдайды одан сайын ушықтырады. Себебі тәуелді адамның несиесін немесе өзге де қарызын жабу оларға ойын ойнауға, есірткі қолдануға екінші мүмкіндік сыйлайды.  «Болды. Ешкімге қарызым жоқ. Осы соңғы рет ойнап көремін» деп қайтадан сол шырмауыққа шырмалуы мүмкін. Өйткені көбіне лудомандар алғашында қызық үшін, кейін салған ақшасын шығарып аламын деп қалай тәуелді болып қалғанын өздері байқамай қалады. Бұдан бөлек біз тек емделушімен емес, олардың ата-аналарымен де жұмыс істейміз. Неге? Себебі олар тәуелді адамға эмоционалды түрде тәуелді. Көмектеседі, қиын жағдайға тап болса, сол тығырықтан алып шығады. Сондықтан ол кісілерге де терапия қажет. Біз аптасына бір рет ата-ана тобымен жұмыс жүргіземіз. Сондықтан тәуелді адамды емдеуде туыстарының моральдық, рухани қолдауы қажет. Бірақ өзгеру немесе өзгермеу адамның ерік-жігеріне, өзіне байланысты.

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!

P.S: Әлем бойынша 275 млн-нан астам нашақор адам бар екен. Жыл басындағы статистикалық дерекке сүйенсек, Қазақстанда 18 329 адам есірткі мен психотроптық заттарға тәуелді. Ал ойынқұмарлықпен әлем бойынша жылына шамамен 10 млн адам психотерапевтке жүгінеді екен. Бұл – тәуелділіктен арылу үшін маманға баратындары ғана. Өзінің дертін мойындамайтындар қаншама. Дүниежүзіндегі құмар ойындарға тәуелділік туралы статистикаға сәйкес, әлем халқының 26% немесе 1,6 млрд адам лудоман. Мәжіліс депутаты Руслан Берденовтің пікірінше, Қазақстанда 1 млн-ға жуық адам тұрақты түрде құмар ойын ойнайды. Әрине, шошытарлық статистика. 

Жансая Ақбала
Бөлісу: