8 Желтоқсан 2015, 10:15
Дәстүрлі емдеу әдісін қолданушылар өкпе қабынуын, бүйрек ауруын және т.с.с. сырқаттарды емдеп жүргенде, заманауи медицинада жүрекке ота жасалып, көру мүмкіндігінен айырылғандарға көзін қалпына келтіріп, миллиондаған адамның өмірін аман алып қалатын дәрілер жасалуда.
Пенициллин
ХХ ғасырдағы (кейбір мамандардың айтуы бойынша соңғы мыңжылдықтағы) медицина саласының ең негізгі жаңалығы кездейсоқ жағдайда ашылған. 1928 жылдың қыркүйек айында британиялық бактериолог Александр Флеминг жазғы демалыстан соң өз зертханасына оралады. Ол Петри кеселерін көріп, олардың жуылмай қалып көгеріп кеткеніне ызаланады. Дегенмен мұқият қарай келе ол бір қызықты жайтты аңғарады. Көгеріп кеткен кеселердің біреуіне үңілген Флеминг ондағы бактериялардың мөлдір күйге енгенін, яғни өліп қалғандығын байқайды. Ғалым осылайша көгерген заттан бактерияларды өлтіретін нәрсені бөліп алып, оны пенициллин деп атады. Бактериолог өзінің таңғажайып жаңалығын жете бағаламады, өйткені ол антибиотикті ашық түрде өндіру өте қиын деп ойлады. Сөйтіп оның жұмысын Говард Флори мен Эрнст Борис Чейн есімді ғалымдар жалғастырып, пенициллинді тазарту әдісін жасап шығарды. Дәрі Екінші дүние жүзілік соғыс кезінен бастап жаппай өндіріле бастады.
Құтыруға қарсы вакцина
1885 жылдың 6 шілдесінде франциялық микробиолог Луи Пастердің зертханасына көзінен жас аққан әйел мен оның кішкентай баласы келеді. Әйелдің әңгімесінен Пастер бірнеше күн бұрын баланы құтырған ит қауып алғанын естиді. Ол кез үшін бұл өліммен тең болған. Алайда анасы мұндай үкіммен келісе алмай, алыс сапарға, Эльзастан Парижге, құтыруға қарсы вакцина жасаумен танымал болған микробиологты іздеп шығады. Ондай тәжірибе шынымен де жүргізілгенімен, олардың бәрі жануарға жасалған еді, вакцинаның адамға қалай әсер ететіні белгісіз болатын. Сөйтіп әлгі бала құтыруға қарсы вакцинаны қабылдаған алғашқы адам атанды. Нәтижесінде ем іздеп келген бала да, кейіннен әлем бойынша мыңдаған адамдар да құтырудан аман қалды. Алайда емдеу әдістері көптеген жылдар бойы ауыр болып келді: вирусты жұқтырған адамға 40 рет дәрі егілетін болған. Бүгінде дәрі егу 4 рет қана жасалады.
Аспирин
Барлық аурудың дауасы атанған аспирин бас ауруын қойдырып, температураны түсіріп, қабынуға қарсы әсер ете алады. Оны ойлап тапқан – неміс химигі Феликс Хоффман. Әкесінің буындары қатты ауырып, оны емдеудің жолын іздеген Хоффман көздегеніне 1897 жылдың 10 тамызында жетеді. Екі жылдан соң дәрі сатылымға шықты. Кейіннен аталмыш дәрінің жүрек ауруының, инсульттің, тромбоздың және қатерлі ісіктің даму қаупін төмендететіні белгілі болды.
Эфир
1846 жылға дейін ота жасау үстеліне түскен немесе тіс дәрігерінің қабылдауында болған адамдар қатты ауырсынудың зардабын тартқан, кейбіреулері оны көтере алмай өліп те кеткен. Өйткені оған дейін ауруды сездірмеу құралы тек шоқпар болатын, оның көмегімен ауруды ота жасау үшін уақытша «ұйықтататын» болған. Эфир ХІІІ ғасырдың өзінде-ақ ашылған болатын, алайда тек ХVI ғасырда ғана оның ауруды сездірмейтін қасиеттері белгілі болды және оны анықтаған – Филипп Парацельс есімді дәрігер. Ашылған жаңалық алғаш рет 1844 жылы пайдаланылды. Ал 1846 жылдың 16 қазанында анестезия көмегімен алғашқы ота жасалды. Бостондағы клиникада дәрігер бұқара алдында Гилберт Эббот есімді адамның мойнындағы ісігін кесіп алып тастады. Осы күнді заманауи анестезияның туған күні деп атауға болады.
Инсулин
Бұл гормон әрбір адамға қажет. Дені сау адамдарда инсулин ұйқы безі арқылы жеткілікті мөлшерде бөлінеді, қант диабетімен ауыратындарда инсулиннің бөлінуі бұзылып кетеді: ұйқы безі оны не тым көп бөледі, не тым аз бөледі. Инсулин туралы адамзат орыс ғалымы Леонид Соболевтің арқасында 1901 жылы білді. Ол аталмыш гормонның функцияларын ашты. Оның жұмысын канадалық Фредерик Батинг пен оның жас көмекшісі Чарльз Бест жалғастырды. 1921 жылы иттердің (кейіннен бұзаулардың) ұйқы безінен олар инсулинді практикалық әдіспен бөліп алды. Келесі жылы, яғни 1922 жылы инсулин инъекциясы арқылы алғаш рет қант диабетімен ауыратын адам аман қалды және ол 14 жасар Леонард Томпсон болатын.
Дәурен Омаров