«Адами капиталдың көрсеткіші – білімде»

20 Сәуір 2020, 16:06 6591

«Болашақ» бағдарламасының түлегі Жасұланбек Майлыбаймен сұхбат

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Болашақ» халықаралық бағдарламасы құрылып, отыз жылға жуық уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Осы жылдар ішінде қаншама қазақстандық мұхит асып, шет мемлекеттерде білімін жетілдіріп тәжірибе алмасып, оқып келді. Бүгінде «Болашақ» қазақ жастарының әлемнің барлық елдеріне барып, бағдарлама арқылы мүмкіндіктерін пайдалануына теңдесіз әрі шексіз мүмкіндік беріп отыр. Осы орайда жақын арада Ұлыбританияда «Болашақ» халықаралық бағдарламасымен оқып, елге оралған Жасұланбек Майлыбаймен бағдарламаның жай-күйі туралы әңгімелескен болатынбыз.


   «Мақсатым білімімді шыңдау болды»

Жасұланбек – Маңғыстау облысының тумасы. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде журналистика мамандығы бойынша білім алған азамат. Оқуын аяқтағаннан кейін республикалық газет-журналдарда, ҚР Мәдениет және ақпарат, Ішкі істер министрліктерінің баспасөз қызметтерінде жұмыс істеген.

Білімін шыңдау мақсатында Ұлыбританияға «Болашақ» халықаралық бағдарламасымен оқуға түскен Жасұланбектің алғашқы үш айы тілдік білімін жетілдіруге кетіпті. Ол бір жыл Бристоль қаласының Бристоль университетінде оқыды. «Мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша магистратурада білім алған ол бізге бағдарламаға қалай дайындалып, қандай талаптар қойылғандығы жөнінде айтып берді.


(Суретте: "Болашақ" халықаралық бағдарламасының түлегі Жасұланбек Майлыбай)

– «Болашақ» еліміздегі адами капиталды нығайтуға бағытталған бірден-бір тұрақты, жүйелі әрі нәтижелі бағдарлама деп есептеймін. «Болашақ» секілді студенттің өз мемлекеті толықтай қаржыландыратын шетелде білім алу бағдарламалары санаулы. Көпшілік білетін британдық Chevening, АҚШ үкіметінің Fullbright бағдарламалары бар. Олар өзге елдің, әсіресе дамушы мемлекеттердің студенттеріне арналған бағдарламаларына жатады. Менің халықаралық бағдарламамен оқуға түсудегі мақсатым – ағылшын тілін жетілдіру арқылы шетелде оқып, білімімді шыңдау болды, – деді Жасұланбек Майлыбай.

Сонымен қатар стипендиат «Болашақ» бағдарламасы арқылы магистратураға, докторантураға, тағылымдамаға баруға болатындығын айта кетті.

– Ол үшін шет тілін жақсы білуіңіз қажет. Біз «Болашақ» бағдарламасына тапсырған кезде арнайы категорияға жататын мамандарға шет тілін ортадан жоғары деңгейде білу талабы болатын. Одан кейін мемлекеттік тілден емтихан бар. Тағы кешенді тестілеуден өтесіз. Ол арқылы бағдарлама сіздің интеллектуалдық, кәсіби, психологиялық дайындығыңызды тексереді. Соңғы турда комиссиямен әңгімелесесіз. Ол жерде комиссия мүшелері сізге әртүрлі сұрақ қояды. Білім алу мақсатыңызды, қалаған мамандығыңыз бен жоғары оқу орныңызды таңдау себептерін сұрайды. Сұрақтардың басым бөлігі тарихтан және түрлі заңдарға қатысты қойылады. Қазір талаптары өзгерген болуы да мүмкін. Ол туралы оқуға түсемін деген үміткер нақтылап алуы керек, – деді.

Қандай дайындық қажет?

Қандай бағдарламамен болмасын шет елде білім алу үшін ең бірінші дайындық керек. Оның ең алғашқыларының бірі ­ тілді меңгеру екені белгілі. Себебі қазіргі таңда шет тілін білу заман талабына жатады.

– Әуелі, оқу тілін жақсы білу керек. Байқаймын, қателесуім де мүмкін, бізде тілді меңгеруге деген жеңіл көзқарас бар. Өзге тілді жақсы меңгеру ұзақ мерзімді, жүйелі еңбекті, үлкен табандылықты талап ететін процесс. Себебі, тілді жақсы меңгеріп алмасаңыз, бір қатеңізді жүз мәрте қайталауыңыз мүмкін. Оқу процесінде оның кедергісі көп. Сондықтан, 3-4 айдың ішінде тілді үйреніп алып, оқуға түсіп кетемін немесе стипендияны жеңіп аламын деген көзқарастан бас тартқан дұрыс, – деп кеңес берді Жасұланбек.


(Суретте: Жасұланбек  Майлыбайдың әйгілі ғалым Фрэнсис Фукуямамен Бристоль университетіндегі кездесуі)

Ұлыбританияның Бристоль қаласында орналасқан Бристоль университеті «қызыл кірпіш университеттері» тобына жатады. Бүгінгі таңда бұл жоғары оқу орны бүкіләлемдік университеттер желісіне кіреді. Бристоль университеті бастапқыда политехникалық колледж болып, 1909 жылы негізі қаланған. Бүгінде бұл жоғары оқу орны білім беру саласының жаратылыстану бағыты бойынша басымдылық танытып келеді.

– Менің ойымша, тілді үйренгеннен кейін, шетелге тек диплом алып келу үшін барып қайтқан дұрыс емес. Мысалы, Ұлыбританияны алатын болсам, әлемдегі алғашқы университеттер пайда болған. Онда білім жүйесі озық, университеттердің профессорлық-оқытушылық құрамы мықты, ғылыми ақпараттық базасы орасан зор, білім беру саласындағы инфраструктура айтарлықтай дамыған ел. Міне, осындай зор мүмкіндікті қалай дұрыс пайдаланамын деген оймен бару керек,– деді «Болашақ» бағдарламасының түлегі .

Сонымен қатар кейіпкеріміз өзің маманданған саланың еліміздегі проблемалы жақтарын зерделеп, анықтап алған жақсы дейді. Жасұланбек білім алуға барған еліңізде өз мамандығыңыз бойынша маңызды мәселелерді орасан ғылыми материалдық база арқылы зерттеуге үлкен мүмкіндік туатынын да айтты.

– Ұлыбританияда қалалар түрлі шараларға толы. Мемлекет шағын болса да, өте тірі әрі белсенді. Өзіңіздің қызығушылығыңызға сай пайдалы орта, кездесу, жиын, шаралар табу қиынға соқпайды. Мен оқыған Бристоль қаласында «Идеялар фестивалі» деген өте жақсы интеллектуалдық шара өтіп тұратын. Аптасына 2-3 рет өз саласының беделді мамандарымен, ғалымдармен, саясаткерлермен кездесулер өткізілетін еді. Олар белгілі бір тақырыпта өз ойларын ортаға салады. Кей кездері өздерінің кітаптарын таныстырады. Осы шараның арқасында мен әлемге әйгілі интеллектуалдар Фрэнсис Фукуямамен, Джэред Деймондпен, Пол Кольермен кездесе алдым,– деді ол.

Жасұланбек қазіргі кезде ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында жетекші сарапшы болып қызмет етеді. Ол әлемдік қарым-қатынас, халықаралық ақпарат пен ғылымның тіліне айналған ағылшын тілінің арқасында өз тәжірибесін шыңдап, бүгінгі таңда қызметіне үлкен көмегін беріп жатқанын жасырмады.

– Стипендия стипендиаттың жеке басына жеткілікті. Оқулық алу үшін де қаражат қарастырылған. Ал, мен оқуға отбасыммен бардым. Ондай кезде стипендия жеткіліксіз болады. Сондықтан отбасымен баратындар қаражат мәселесін жақсылап пысықтап алуы керек. Тағы бір айта кететін мәселе, барған студенттердің көпшілігі шетелде қалып қояды екен деген қоғамда көзқарас бар. «Болашақ» бағдарламасына қатысты айтар болсам, менің ойымша бұл жаңсақ пікір. Әрине, менің қолымда статистикалық мәлімет жоқ. Десе де, бұл бағдарламамен білім алғандар көп жағдайда елге оралады. Себебі, бағдарламаның шарты сондай. Шетелде алған біліміңді елдің пайдасына жарату. Шарт бойынша Қазақстанның үлесі бар шетелдік компанияларда да қызмет етуге болады. Жеке ойым, оқудан соң шетелде жұмыс істеу мүмкіндігі болса, тәжірибе үшін 2-3 жыл қызмет еткен дұрыс деп есептеймін. Бірақ, мұны әуелі заңдық тұрғыда реттеген дұрыс, – деп өз пікірін білдірді Ж.Майлыбай.

Бағдарлама түлегінің сөзінше, шетелдік студенттермен әр түрлі тақырыпта пікір алмасқанда олар біздің мемлекет тарапынан қолдау көрсететін бағдарламаның барына қызығушылық танытқанын айта кетті. Өйткені мұндай бағдарламалар санаулы. Ал шетелдік студенттердің көбі өз қаражаттарына оқиды.

 Білім беру жүйесінің ерекшелігі

Ұлыбританиядағы білім беру әр түрлі платформадан тұрады. Ол жүздеген жылдар бойы жалғасып келе жатқан күрделі әрі нәтижелі бағыт бойынша білім беру 5 пен 16 жас аралығындағы барша азаматтарға міндетті. Көптеген ғасырлар бойы дамып, қазіргі күні ең жоғары сапа стандартына сай әлемдегі ең үздік білім беру жүйесі бүгінгі күнге дейін дамып келеді.


(Суретте: "Болашақ" бағдарламасымен білім алуға барған жастар және Жасұланбек)

– Ұлыбританияның білім беру жүйесінің үлкен ерекшелігі – адамның көзқарасын қалыптастыру. Бұл кез келген айтылған ойға сыни тұрғыдан қарауға, оны жан-жақты салмақтай білуге, ой иесіне көптеген сұрақ қою арқылы ойдың мәнін түсінуге жақсы мүмкіндік береді. Онда ойдың жүйелілігі, сөздің нақтылығы маңызды. Адамның өзі және оның саналылығы негізгі мәнге ие. Сондықтан, сенің көзқарасыңа, сеніміңе, киім киісіңе, жүріс-тұрысыңа қалыпты қарайды. Мәдени әралуандыққа үйренесің. Қалыптасқан қасаң стереотиптерден арылуға жақсы мүмкіндік туады – дейді Жасұланбек.

«Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алып келген түлектер бүгінгі таңда мемлекеттік қызметке тұру барысында басымдыққа ие. Шетел тілін еркін меңгерген олар үшін әлеуетті жұмыс берушілер елордада, облыс орталықтары мен ірі қалаларда орналасқан.

– Мен үшжақты келісімшартпен кеттім. Оқу барысында жұмыс орным сақталды. «Болашақ» бағдарламасын үйлестіретін «Халықаралық бағдарламалар орталығы» стипендиатты жұмысқа орналастыруға міндетті емес. Дегенмен, маған тұрақты түрде орталықтан жеке почтама бос жұмыс орындары туралы ақпарат келіп тұрады. Яғни, бұл – орталықтың стипендиаттардың жұмысқа орналасуына белгілі бір деңгейде бағыт-бағдар беріп жатқанының көрінісі. Енді стипендиаттың жұмыс орнына бару-бармауы, жұмыс берушінің оны алу-алмауы әркімнің өз шешіміне байланысты.

   Оқу үрдісінің мәні

Кез-келген оқу үрдісі жан-жақты көп еңбек етуді қажет етеді. Ол бір тұтас жүйе. Әр мемлекеттің жоғары оқу орындары, оқу процесін ұйымдастыру формалары, практикалық және аудиториялық сабақтар мен дәрістер арқылы білім алуға бағыттайды.


(Суретте: Жасұланбек Майлыбай отбасымен бірге)

– Ұлыбритания жоғары оқу орындары алғаш қалыптасқан және тұрақты дамып отырған ел. Оксфорд, Кэмбридж университтерінің пайда болғанына бірнеше ғасыр. Ал біздің елімізде алғашқы жоғары оқу орындары өткен ғасырдың отызыншы жылдарына қарай ашылды. Ұлыбританияның жоғары білім беру жүйесінің сапасы өте жоғары, ғылыми база мықты, инфраструктура дамыған. Нақтырақ айтсам, білім беру бағдарламалары актуалды, уақыт талабына сай жаңарып отырады. Оқытушылық құрамы да жақсы, кадр тапшылығы деген мәселе жоқ. Белгілі бір саланың әр бағытын жіті зерттеуге маманданған оқытушылар жетерлік. Мысалы, бір пән бойынша семестрде тоғыз түрлі тақырып өтсек, осы тақырыптар бойынша 5-6 түрлі оқытушы сабақ берген кездер болды. Кейде өзге университеттерден шақырылған лекторлар келіп, дәріс оқитын. Яғни, әрбір оқытушы өзі өткізіп тұрған сабағының нағыз білгірі, жекелеген тақырыпты терең зерттеуші, – дейді Ж.Майлыбай.

Сонымен бірге кейіпкерімізге оқулықтар, ғылыми материалдар базасын пайдалану – тұтас әлемдік ғылыми кеңістікке шыққандай әсер беріпті. Оған себеп, таңдаған тақырыбың бойынша көптеген мағлұмат алып, материал таба алуға мүмкіндіктердің берілуі. Сонымен бірге оқу орындарында білім алуға толық жағдай жасалып, кейбір кітапханалар жиырма төрт сағат бойы жұмыс істеп тұрады екен. Студенттерге демалатын орындар да қарастырылыпты.

Мақсаты айқын адам кез келген уақытта көздегеніне жетеді. Сондықтан барлығы адамның талпынысы мен талабына байланысты. Алдағы уақытта да қазақ жастарын қанаттандыратын халықаралық бағдарламаның мәртебесі биік, жоспары анық болғай дейміз!

 ( Суреттер: Жасұланбек Майлыбайдың жеке мұрағатынан алынды)

 

Акжан Ибрагимова
Бөлісу: