Адами ресурстарды басқарудың тетіктері: маман ел нарығындағы жаңа мамандық жайлы айтты

Бүгiн, 13:31 180

Нұрзия Сыздықова консалтинг компаниясында HR (адам ресурстары-авт.) қызметкері болып жұмыс істейді. Оның кәсіби мансабы адам ресурстарын басқару саласында бай тәжірибеге негізделген, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әдетте, мұндай маманның негізгі міндетіне ұйымның тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қызметкерлердің қабілеттерін дұрыс үйлестіру, жұмысқа қабылдау, кадрлық саясатты жетілдіру және қызметкерлердің жұмыс өнімділігін арттыруға бағытталған түрлі шаралар өткізу жатады.

Қазақстан нарығындағы жас мамандықтың дамуы мен міндеті жайлы маман Нұрзия Сыздықованың өзі айтып берді.

Мен Қарағанды қаласының маңындағы кішігірім ауыл Доскейденмін. Ата-анам қазіргі таңда осы өлкеде тұрады. Өзім Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультетінде халықаралық қатынастар мамандығы бойынша оқыдым. 2015-2019 жылдары университет қабырғасында білім алып, көптеген тәжірибе жинақтадым. Бұл кезең менің болашақ кәсіби өміріме үлкен әсер етті. 2015 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінде оқуға түскен сәттен бастап, мен халықаралық қатынастар саласындағы білімімді шыңдауға тырыстым. Осы төрт жыл ішінде көптеген маңызды іс-шараға қатысып, тәжірибе жинақтадым. Университетте оқып жүрген кезде конференцияларда, түрлі елшіліктер мен министрліктер ұйымдастыратын жәрмеңкелерде белсенді болдым. Бұл шаралар маған халықаралық қатынастар саласындағы практикалық дағдыларымды дамытуға мүмкіндік берді, - дейді Нұрзия Сыздықова.

Маман жоғары оқу орнының соңғы курсында болашақ мамандығына бағыт-бағдар алған.

Мен университетті  аяқтар кезде Қорғаныс министрлігінде халықаралық ынтымақтастық бөлімінде байланыс маманы болып жұмыс істедім. Бұл менің кәсіби дамуыма үлкен серпін берді. Алғашында тек келісімшарт бойынша алты айға жұмысқа қабылдандым, себебі мен сол уақытта қолыма дипломымды әлі алмаған едім. Осы уақыт аралығында мен көптеген шетелдік әскери делегацияны қабылдап, дипломатиялық хаттар, ноталар жазып, түрлі іс-шаралар ұйымдастырдым. Бұл жұмыс маған дипломатиялық қатынастардың күрделі жақтарын түсінуге көмектесті. Қорғаныс министрлігінде алған тәжірибем мені HR саласына, яғни адами ресурстарды басқаруға қызықтырды. Себебі мен іс-шараларды ұйымдастыру, адамдармен байланыс орнату мен коммуникация саласында үлкен тәжірибе жинақтадым, - дейді маман.

Нұрзия Сыздықова жоғары оқуды тәмамдаған соң шетелге, яғни Қытайға білімін жетілдіруге барған.

2019 жылы мен халықаралық қатынастар мамандығын тәмамдағаннан кейін, Қытайға оқуға аттандым. Чанша қаласындағы Орталық оңтүстік университетінің халықаралық құқық мамандығы бойынша грантты жеңіп алдым. Бұл мен үшін үлкен мүмкіндік болды. Бір жыл бойы Қытайда оқып, Оңтүстік Қытайды зерттеп, көптеген қызықты саяхаттар жасап, жаңа достар таптым. Қытай мәдениеті мен саясаты туралы тереңірек түсінік алуға тырыстым.Алайда карантин кезінде мен Қазақстанға оралуға мәжбүр болдым, себебі университет шетелде оқуымды жалғастыруға мүмкіндік бермеді. Осылайша, магистратураны Қытайда аяқтау жоспары бұзылды. Бірақ бұл тәжірибе мені басқа бағытта ойлануға итермеледі және мен болашақта білімімді Қазақстанда жалғастыруды көздеп отырмын, - дейді Нұрзия Сыздықова.

Оның айтуынша, Қытайда алған тәжірибе оны әлемнің түрлі мәдениеттерін, әсіресе дипломатия мен халықаралық қатынастар саласын тереңірек түсінуге ынталандырған.

Сонымен қатар, мен HR саласында алған дағдыларымды әрі қарай дамытуға ниеттімін. Келешекте осы салада өзімді толықтай танытып, көптеген адамммен жұмыс істеп, кәсіби дамуды жалғастыруды мақсат тұтамын.Менің кәсіби жолым әртүрлі қиындықтарға қарсы тұруға үйретті. Бірақ мен әрдайым жаңа мүмкіндіктерге ашық болып, әртүрлі тәжірибелер жинақтауға тырыстым. Алдағы уақытта мен халықаралық деңгейде жұмыс істеуді жоспарлап, әлемдегі түрлі оқиғалар мен жаңалықтардан хабардар болуды жалғастырамын. Менің кәсіби жолым  әртүрлі сала мен тәжірибенің тоғысуынан тұрады. Студент кезімде басталған жұмыс тәжірибем өзімді дамытуға, мансапты жоспарлауға және жаңа дағдыларды игеруге көмектесті. Әр кезең өзіне тән қызықты оқиғалармен, қиындықтармен және жетістіктермен толықты. Бүгінде мен HR маманы ретінде қызмет етсем де, менің осы жолымда өткен әрбір тәжірибе мені бүгінгі күнге дейін жетелеп келеді, - дейді жас маман.

Оның айтуынша, Қарағанды мемлекеттік университетінің студенті бола отырып, тек оқу ғана емес, сонымен қатар демалыс күндері үйлену тойлары мен түрлі іс-шараларда фотограф болып жұмыс істеген.

Бұл жұмыс мені адамдармен жұмыс істеуге үйретті, олармен тез тіл табысып, клиенттердің талаптарын орындауды меңгеруге көмектесті. Түсірілімдер менің шығармашылық қабілеттерімді арттырып, уақытты тиімді пайдалану дағдыларын қалыптастырды. Студенттік тәжірибенің нәтижесінде маған Қорғаныс министрлігінде жұмыс ұсынылды. Бұл менің мемлекеттік қызметке деген көзқарасымды өзгертті. Алты ай бойы халықаралық ынтымақтастық бөлімінде байланыс маманы болып жұмыс істей отырып, мен шетелдік әскери делегациялармен кездесу, дипломатиялық хаттар жазу, хаттамаларды рәсімдеу сияқты тапсырмаларды орындадым. Бұл тәжірибе маған дипломатиялық қарым-қатынас пен мемлекеттік ұйымдардың жұмысына терең үңілуге мүмкіндік берді. Өз мамандығыма деген көзқарасым түбегейлі өзгерді: мемлекеттік қызмет пен министрлікте жұмыс істегеннен кейін, елшіліктер мен дипломатиялық миссияларда қызмет ету үшін қандай да бір мемлекеттік құрылымдарда тәжірибе жинау қажет екенін түсіндім, - дейді ол.

Нұрзия Сыздықова министрліктегі жұмысымнан кейін туған ауылымда Жастар тәжірибесі бағдарламасы аясында маман ретінде жұмысқа тұрдым.

Бұл үш айлық тәжірибе барысында құжаттамалармен жұмыс істедім, іс-шараларды ұйымдастырып, мақалалар жаздым. Жұмысым аудандық деңгейде қабылданып, жергілікті жастарды дамытуға үлес қостым. Ал Қытайдағы оқу мені жаңа мәдениетпен таныстырумен қатар, халықаралық құқық саласындағы білімімді тереңдетті. 2020 жылы карантин кезінде барлығы  қашықтан жұмыс істеп жатқан кезде менің өмірімде жаңа бетбұрыс болды. Бұрынғы таныстарым менің түйіндемемді HR менеджерінің Junior позициясына ұсынды. Осылайша, мен HR саласына қадам бастым. Әрине, бұл мен үшін жаңа сала болды, бірақ менде адамдармен жұмыс істеу дағдылары бар еді. Компанияда мен қызметкерлерді оқыту процесін қадағалаумен айналыстым. Бұл мені HR менеджер ретінде дамытып, жаңа білім мен тәжірибе жинауға мүмкіндік берді. Содан кейін Cast Dream Technologies компаниясында екі жыл жұмыс істедім. Бұл кезең менің кәсіби дағдыларымды дамытуға және компаниядағы құрылымдық өзгерістер мен қайта құруларды басқаруға үйретті, - дейді Сыздықова.

Оның кәсіби жолындағы алғашқы қадамдарыдың бірі – HR саласына қызығушылықтың артуы мен түрлі компанияларда тәжірибе жинау болған.  

Алғашқы тәжірибемді мен Kazdream Group стартапында жинадым. Бұл келісім шарттарға қол қою жүйесі болатын және мен мұнда HR процессінің негіздерін нөлден бастап үйрендім. Бір жыл бойы жалдаумен, қызметкерлерді бейімдеумен, оқытумен және корпоративтік мәдениетті дамытумен айналыстым. Апта сайын өткізілетін soft skill тренингтерін ұйымдастырып, команда құруға бағытталған тимбилдингтер өткізу арқылы ұжымды біріктіруге де өз үлесімді қостым. Бұл жұмыс маған HR-дің барлық аспектілерімен танысуға, сондай-ақ команданың дамуына үлкен ықпал етті.Осыдан кейін мен Y-Point компаниясында жұмысымды жалғастырдым. Бұл компанияда мен жалғыз маман ретінде барлық HR процестерін қадағалауға жауапты болдым. Қызметкерлерді жұмысқа қабылдау, оқыту, бейімдеу және корпоративтік мәдениетті дамыту менің негізгі міндеттеріме айналды. Компаниядағы жұмыс процесі өте күрделі болды: мен қызметкерлермен қиын жағдайларды бейбіт түрде шешуге, жанжалды жағдайларда шешім қабылдауға дағдыландым. Әріптестеріммен тығыз байланыста бола отырып, нарықта жақсы ұсыныстарды ұсынып, жұмыс орындарын іздейтін қызметкерлерге көмек көрсету мен үшін маңызды болды. Бұл кезең мені көп нәрсеге үйретті және менің HR саласында жұмыс істеу тәжірибемді байыта түсті, - дейді маман.

Ол бухгалтерлік есепті автоматтандыру саласындағы компанияда, Sergeк компаниясында е жұмыс істегенін айтты.

Бұл компанияда  700-ге жуық қызметкер болған. Бейімделу процесін ұйымдастыру, қызметкерлерді оқыту және корпоративтік мәдениетті дамыту менің басты міндеттерімнің бірі болды. Бұл жерде мен өте үлкен және күрделі командамен жұмыс істедім, жұмысым қызметкерлердің ұйымға бейімделуіне көмектесу болды. Компаниядағы өзгерістер мен қайта құрылымдау кезеңі маған жеке өсуге мүмкіндік берді. Осы уақыт ішінде мен сарапшылық деңгейде өз білімімді тереңдете түстім. Қазір мен қаржылық кеңес беру саласында жұмыс істеймін. HR директоры лауазымында жұмыс істеймін және HR-бизнес серіктесі ретінде де өз міндеттерімді атқарамын. Мен компанияның құрылтайшыларына бизнес пен HR процестерін біріктіріп, тиімді жұмыс істеуге бағыт көрсетемін. Мұнда мен нөлден бастап қызметкерлерді жалдау процесін ұйымдастырып, корпоративтік мәдениетті дамытуға және оқыту процестерін жетілдіруге жауаптымын. Менің қазіргі командама үш адам кіреді, олар кадрларды іріктеу мен жалдаумен айналысады, сондай-ақ қызметкерлерді бейімдеумен тікелей жұмыс істейді. Бұл кезең мен үшін үлкен жауапкершілік пен жаңа мүмкіндіктердің кезеңі. Осы жұмыс барысында менің алған тәжірибем мен білімім маған өз кәсіби дамуымды әрі қарай жетілдіруге мүмкіндік береді.Әрине, менің осы жолда жүріп өткен тәжірибем мені қалыптастырып, адам ресурстарымен жұмыс істеудің маңызды жақтарын үйретті. Мен өзімнің іс-әрекеттерім мен шешімдерім арқылы компанияның дамуына үлкен үлес қосуға тырысамын және әрқашан өзімнің кәсіби дағдыларымды жетілдіруге ұмтыламын, - дейді маман.

Нұрзия Сыздықова Қазақстандағы HR саласы қазіргі таңда өте белсенді дамып жатқанын айтты.

Әсіресе, шетелдік компанияларда HR департаменті өте маңызды және олар үшін міндетті деп саналады. Бұл бөлім қызметкерлермен жұмыс істейді, оларды қолдайды, дамытады және ең маңыздысы – қызметкерлердің өсуін және мансаптық дамуын қамтамасыз етеді. Адам ресурстарын қолдау – біздің басты мақсатымыз. Біз жұмыс істейтін қызметкерлерге психологиялық және кәсіби тұрғыдан бағдар беру үшін барлық жағдайды жасауымыз керек. Біз үшін қызметкерлердің қызығушылықтарын ескеру және олардың идеялық, ынталы болуын қамтамасыз ету өте маңызды.HR саласының негізгі міндеті – қызметкерлердің мотивациясын арттыру, олардың өз жұмысына деген қызығушылығын сақтау және олардың кәсіби өсуін қолдау. Әрқашан өз жұмысын жақсы көретін және мансаптық дамуын ұмытпайтын қызметкерлер ғана жоғары нәтижелерге қол жеткізе алады. Осылайша, біздің міндетіміз – оларды тиімді қолдап, мақсаттарына жету жолында көмек көрсету, - дейді Сыздықова.

Ол атағандай, жұмыстың тағы бір маңызды аспектісі ұйымдағы атмосфераны, коммуникацияларды және қызметкерлердің бейімделу процесін бақылау.

Біз топтағы әрбір адамның өз ұжымында қаншалықты ыңғайлы екенін, коммуникациялардың қалай өтетінін және адамдардың өзара қарым-қатынасы қандай екенін түсінуіміз қажет. Бұл ақпаратты өлшеп, сол арқылы жұмыс істеу маңызды. Мен жұмыс істейтін компанияда көптеген қызметкер бар, ал кейбір қызметкерлермен байланыс тек онлайн режимінде жүзеге асады. Бұл жағдайда өңірлік директорлармен және желілік қызметкерлермен кері байланыс алу өте маңызды. Біз қызметкерлерге енгізілетін барлық жаңашылдықтарды ұмытпай, оларды тұрақты түрде қолдап отырамыз. Қазіргі уақытта менің жұмысымның бір бөлігі – компанияның жалпы стратегиясын орындаумен қатар, әрбір аймақтағы HR процестерін тиімді ұйымдастыру және олардың іске асуына кепілдік беру. HR саласында мен үшін өткен жолым әрдайым қызықты және әр түрлі болды. Әрине, осы жолда қиындықтар мен түрлі кезеңдер де болды, бірақ олар мені тек мықты етіп, кәсіби шеберлігімді арттыруға септігін тигізді. Бұл саланың маңыздылығы мен дамуы мені үнемі жетілдіріп, жаңа мүмкіндіктерге жетелейді, - дейді ол.

Нұзия Сыздықова компанияның HR-стратегиясын дамытып, оны іске асырады. Бұл стратегиялық міндеттерді орындау барысында топ-менеджментпен қарым-қатынас орнатып, HR-брендті қалыптастыру және қызметкерлердің мотивациясын арттыруға бағытталған бизнес-процестерді автоматтандыруда жұмыс істеу деген сөз.

Қазіргі таңда біз көп жағдайда қызметкерлердің өз ісін істеуі мен тапсырмаларды орындауда шешуші рөл атқаратынын түсінеміз. Дегенмен, кейбір кездерде компания ішінде коммуникацияның дұрыс орнатылмауы немесе бірін-бірі тыңдамай, әркім өз ісіне ғана мән беруі мүмкін. Бұл да өз кезегінде жұмыс процесінің кідіріп, өнімділіктің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Осылайша, мен жұмыс орнында фокус қалыптастыру мен оның дұрыс бағытта жүруіне көп көңіл бөлемін. Әр қызметкер өз міндетін орындауы керек, бірақ командалық жұмыс пен бірлескен жоспарларды жүзеге асыру маңызды. Сонымен қатар, HR саласында жұмыс істеген кезде  қызметкерлердің психоэмоционалдық жағдайын үнемі бақылап отыруым қажет. Команданың атмосферасын өлшеу және әр қызметкердің эмоционалды жай-күйін қадағалау өте маңызды. Өйткені, жұмыстың қарқынды дамуы мен өзгерістердің көптігі қызметкерлердің күйіп қалуына әкелуі мүмкін. Бұл кезеңде олардың шаршауы мен күйзелісін жеңілдету үшін арнайы тренингтер өткізіп, әртүрлі кездесулер ұйымдастырдым, - дейді жас маман.

Оның айтуынша, қиындықтардың тағы бір себебі – процестердің өте қарқынды дамуы.

Компанияның жұмысын дамыту барысында оның динамикалық өзгеруі психоэмоционалдық енжарлық танытып, жұмыстары қарабайыр екенін айтты. Бұл мені жұмысшылардың эмоционалды жағдайын жеңілдету үшін қосымша шаралар қабылдауға итермеледі. Осы қиындықтарды жеңу үшін әртүрлі әдістер мен құралдарды қолдандым. Тренингтер мен мотивациялық іс-шаралар өткізу арқылы, жұмыстағы адамдардың «жануына» жол бермеуге тырыстым. Мен үшін ең маңызды нәрсе – команда мүшелерінің психоэмоционалдық жай-күйін бақылап, олардың күйіп кетпеуін қамтамасыз ету. Бұл өз кезегінде компанияның тиімді жұмыс істеуіне және оның қызметкерлерінің ұзақ мерзімді нәтижелерге жетуіне көмектеседі. Қорытындылай келе, HR саласындағы жұмысымда мен үздіксіз қарқынды даму мен өзгерістерге бейім бола отырып, қызметкерлердің қажеттіліктері мен психоэмоционалдық жағдайын ескеру қажет екенін түсінемін. Бұл жұмысқа қажетті фокусты сақтау және команданың қолдауын қамтамасыз ету компанияның жетістігін нығайту үшін өте маңызды, - дейді ол.

Нұрзия Сыздықова HR-дің мақсаты барлық қызметкерлерге бірдей көзқарас табу деп ойлайды.

Әр адам өзін әртүрлі сезінеді, және әрқайсысының өз қабылдауы, эмоциясы, және тәсілі бар. Біреу ашық сөйлеседі, енді бірі ұялшақ болады. Осы айырмашылықтарды түсіну үшін HR әрқашан шыдамдылық танытып, қысым жасамай, әр қызметкерге жеке көзқарас ұсынады. Бұл процесте коммуникация, тыңдаушылық және адалдық маңызды рөл атқарады. Бұл қызметкерлермен дұрыс байланыс орнатуға және команданың тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.Сонымен қатар, HR өзінің негізгі функцияларын орындап, қызметкерлердің психоэмоционалдық жағдайын бақылап отыруы керек. Әсіресе, көшбасшылардың командаларымен дұрыс жұмыс істеуі маңызды, себебі олардың психоэмоционалдық күйі команданың жалпы ахуалына әсер етеді. HR-дің міндеті — жағдайды тұрақтандыру, бірақ кейде көшбасшыларды да дұрыс бағытқа салу қажет болуы мүмкін. Бұл HR-дің қызметкерлерді қорғау және олардың жұмысқа деген ынтасын жоғалтпау үшін маңызды міндет, - дейді ол.

Жас маман еліміздегі адами ресурстарды басқарудың әлеуетіне қатысты пікірін де айтты.

Қазақстанда HR бағытында үлкен даму мүмкіндіктері бар. Қазіргі таңда көптеген компания өз HR стратегияларын дамытуға күш салып, осы салаға жоғары білікті мамандарды тартуға мүдделі. Бірақ HR маманы болу тек кадрлық іс жүргізумен шектелмейді. HR құндылықтарын түсіну — бұл қызметкерлермен дұрыс жұмыс істеу, олардың дамуына көмектесу, оқыту мен мотивацияны қамтамасыз ету және команда құру. Сондықтан қазіргі уақытта тәжірибелі, білімді және икемді HR мамандарының сұранысы жоғары. Менің болашақтағы жоспарларым — өз сараптамамды одан әрі дамыту, HR бағытындағы жаңа үрдістерді зерттеу және енгізу. Әсіресе, оқыту мен дамытуға көбірек көңіл бөлу, команда жинау, қызметкерлерді шабыттандыру және олардың өсуіне көмек көрсету — бұл менің негізгі мақсаттарымның бірі. Сонымен қатар, мен болашақта HR процесстері бойынша кеңесші болуды жоспарлап отырмын. Болашақта мен өзімнің жеке компаниямды құрып, бастауыш бизнес иелеріне HR стратегияларын енгізуге көмектескім келеді. Бұл бағытта мен команда құруға, HR-ді оқытуға және компанияларға өздері үшін ең тиімді HR процестерін жасауға көмектесуді көздеймін, - деп түйіндеді Нұрзия Сыздықова.

Айдана Мұрат
Бөлісу: