Адамгершілік

20 Тамыз 2014, 12:29

Адамгершілік – белгілі бір қоғамдастықта (қауымда) адамдар арасындағы қарым-қатынасты гуманистік қағидалар арқылы реттеп отыруға негіз болатын ахлақтық (моральдық) категория.

Адамгершілік – белгілі бір қоғамдастықта (қауымда) адамдар арасындағы қарым-қатынасты гуманистік қағидалар арқылы реттеп отыруға негіз болатын ахлақтық (моральдық) категория. Түптеп келгенде этикалық ұғымдар мен принциптердің жүйесі болып табылады. А. көріністерді негізінен қоғам мүшелерінің бірін-бірі сыйлауы, құрмет тұтуы, біріне-бірі сенім көрсетуі, өзара жәрдемдесуі т.б. жағымды іс-әрекеттер, сондай-ақ, әдепті, шыншыл болу тәрізді мінез-құлық тәрбиесінен байқалады. А.-ті қоғам мүшелерінің бәріне тән қасиет ретінде қалыптастыру сол этномәдени ұжымның ізгі мұраты болып табылады. А. ұғымдарымен сиыспайтын жағымсыз қасиеттер қоғамдық пікір арқылы әшкереленіп отырады. Қазақ қауымдастығында мәдени тілдік ұжым мүшелерінің адамгершілік сезімдерін қалыптастыруда, этикалық тәрбие беруде, эпикалық жырлардың ақын-жыраулар шығармаларының классикалық әдебиеттің, паремологизмдер (мақал-мәтелдер, нақыл сөз, бата-тілектер) мен прецедентті мәтіндердің (аңыз, әңгіме, әпсаналардың) орны айрықша болды. Бір сөзбен айтқанда, оларда дәстүрлі ортадағы моральдық құндылықтар мен адамгершілік қағидалары көрініс тапқан.

Қазақ қоғамдастығында қалыптасқан А. ұғымдары жалпы адамзаттың құндылықтарымен үндесіп жатады. Басқа халықтардағы сияқты қазақы ортада да сан ғасырлық ұрпақаралық этникалық тәжірибе (шаруашылық- экономикалық, мәдени, соныңішінде, моральдық-этикалық, танымдық, тіпті, экологиялық), қауым мүшелерін, әсіресе, жас ұрпақтарды А.-ке тән құндылықтарға – елді, жұртты сыйлау (көпті жамандаған көмусіз қалады, елді жамандаған елеусіз қалады т.б.), ананы, қызды ардақтау (ананың ақ сүті, Меккеге жеті рет арқалап апарсаң да, анаңның алдындағы парызың өтелмейді; Қызды сөкпе, тұзды төкпе); қарттарды құрметтеу (ақ сақалды, сары тісті бол; кәрілікке жет; ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең т.б.), ұжым- шыл болу (жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адас, у ішсең руыңмен), досқа адалдық, көршімен сыйластыққа т.б. тәрбиелеудің, яғни әлеуметтендірудің негізі болды.

Дәстүрлі қазақ қоғамындағы отбасы тәрбиесінде атақ-абыройды, бақ-дәулетті, денсаулықты, дабыр-дұбырды (бала-шағаны) өсіп-өнуді және осыған қарама-қарсы атағат-атсыздықты, жоқ-жітікті, ауру-сырқаулықты, өлім-жітімді, Алла тағала адамдарды сынау үшін жібереді деп түсінген және бақ-дәулетті көтере алмай, мастанып кетуден сақтандырып отырған. Қазақ қауымындағы А.- ке байланысты ұстанымдардың ерекшілігі сонда, олар туысқандық байланыстар жүйесінің ілкімді категориялары мен ұғымдары арқылы орнықтырылып және реттелініп отырды. Осы тұрғыдан келгенде, ата, әке, аға, іні, әже, апа, әпке, келін және т.б. ұғымдар тек туысқандық жүйенің жай атаулары ғана емес, олар әлеуметтік қатынастар жүйесіндегі әлгі субъектілердің қоғамдық орындарын, тәртібін айқындайтын, әрі айғақтайтын нормалардың және принциптердің функциясын атқарды (мысалы, көшпелі этномәдени ортадағы үлкен адам – ақсақалдың, орта жастағы адам – әкенің, ағаның, әйелдердің – бәйбіше, келін, қарындас, әпке, апа сияқты туыстық жүйенің негізгі әлеуметтік мәнді категориялардың қоғамдағы орны деген сияқты).

Әдеб.: Абай. Екі томдық шығармалар жинағы. Алматы: Жазушы, 1986. 1-2 том; Шәкәрім. Энциклопедия. Бас ред. Е.Б.Сыдықов. Семей: Тенгри, 2008; ҚР МОМ – материалдарынан; ОМЭЭ – материалдарынан.

 

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу: