«Адамдығымыз қайсы»: Депутат ақыл-есі кем балалардың қамқоршыларының жанайқайын жеткізді

Бүгiн, 13:51 182

Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков әрекетке қабілетсіз және ақыл-есі кем балалар мен олардың қамқоршыларына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың аздығына налыды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутат премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған сауалында мұндай адамдар 18 жастан асқан соң олардың қамқоршылары жәрдемақыдан айырылатынын, алайда ол балаларға бәрібір қасында үнемі қараушы керектігін алға тартты.

Әрекетке қабілетсіз немесе ақыл-есі кем адамдардың құқықтарын қорғауды заңды өкілі, яғни 18 жастан асқасын сотпен белгіленген қамқоршы қамтамасыз етеді. Иә, 18 жасқа дейін жәрдемақы балаға да, қамқоршыға да төленеді. Бірақ одан кейін де ол анасы үшін бәрібір бала, ол 18 ден асқан соң ақыл-есі дұрысталып, керемет болып кетпейді. Әрбір ана баласына тегін де қарай алады, соңғы демі қалғанша күте де алады. Алайда жәрдемақы 2-3-топтар қамқоршыларына берілмейді. Психикалық ауруы болса, оған психотроптық дәрі-дәрмегі, күнделікті қажет заттарын, ас суын алуға да бөлінген жәрдемақы жеткіліксіз, - деді депутат.

Мәжілісмен осыған ұқсас мәселемене өтініш жасайтын адам саны көп екенін де қоса кетті.

Жалғызбасты ана ауылдық жерде ақыл-есі кем баланы бағып, оған қамқоршылық жасап отыр. Қамқоршыға ешқандай ақы төленбейді. Ол баланы қасында қарап отырмаса, басқа адамдарға зиянын тигізуі, үйді өртеп жіберуі немесе өзге түгілі, өзіне де қауіп төндіруі әбден мүмкін. Міне, осындай баланы бақылап, қамқоршы болып отырған анасы ешқандай да ақы алмайды. Қаржы жетіспеушілігінен, анасы бір жерге жалынып еден жуушы болса, екінші жерге өтініп аула сыпырушы болып екі жұмыс істейді екен. Еден жуушының жалақысын баласына уақытша қарап отырған адамға төлесе, аула сыпырушының 45 мың еңбек ақысын балаға дәрі-дәрмек алады және қалаға емге барып келгені үшін таксиге әр барғанына 10 мың теңгеден төлейді екен. Бір жалақысы ауылдан қала немесе аудан орталығына 4 рет барып келуге ғана жетеді, - дейді ол.

Ондай ананың демалмақ түгілі, ауыруға да уақыты жоқ. Себебі бала үнемі назарда болуы керек.  

1-топ мүгедектеріне жәрдемақы берілгенімен, 2-3топтағылар қалыс қалуда. Сондықтан мүмкіндігінше 1-топқа өткізу керек және 2-3-топ мүгедектерін инватсаксимен қамтамасыз ету қажет. Осылай мүгедекке мүмкіндік жасай алмасақ, несіне марқайып жүрміз. Ақыл-есі кем адамдарға арналған кеңістіктер мен мекемелер негізінен ірі қалаларда орналасқан. Ауылдағы азаматтарға тіптен қиын. Қолжетімді инфрақұрылымның болмауынан көптеген азамат жапа шегуде. Оның ішіне мамандардың жетіспеушілігін қосыңыз, - дейді Серіков.

Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сәйкес, Қазақстанда мінез-құлық бұзылыстары мен психикалық жағдайы бар 200 мыңға тарта адам тіркелген. Психологиялық ауытқуы бар ересектер адамдар саны 2024 жылы 1705 адамға өскен. Ақыл-есі кем балалар саны 3955 балаға ұлғайған. Яғни бүгінде мұндай 27 286 бала бар. Өкінішке қарай, Батыс елдеріндегідей оларды еңбек терапиясымен емдеп, қоғамға бейімдемек түгілі, қарапайым қамқоршыға қамқор бола алмай отырғанымызға күйінеді. Осы орайда депутат өз ұсыныстарын да жеткізген.

  1. І топтағы ақыл-ес кемшілігі бар мүгедектер қамқоршыларына 18 жастан асқан соң да арнайы жәрдемақы белгіленсін.
  2. Туғаннан ақыл-есі кем балаларға бірден І топ мүгедектігі берілсін.
  3. Ақыл-ес кемшілігі бар І-ІІ топ мүгедектеріне арнайы инватакси қызметі белгіленсін.
Мадина Асылбекова
Бөлісу: