20 Тамыз 2014, 12:47
Адамдық келбет – жалпы адам бойындағы ес, ақыл, рухани әлемі, жан дүние туралы көзқарастар жүйесі. Кез келген қоғамдық ортада адамдардың таным-түсінігі, ойлау, талдау жүйесі, ес, ақыл, рухани жан дүниесі және тәлім-тәрбие алу деңгейіне қарай адамдарды есі – ақылы бүтін, рухани жан дүниесі таза және ақыл-есі кембағал, рухани жан дүниесі кінәрәтті деп үлкен екі топқа бөлінді. Қазақы ортадағы түсінік бойынша, рухани жан дүниесі бүтін, ақылды адамдар – жақсы-жаманды, дұрыс пен бұрысты, арам мен адалды, обал мен сауапты айқын айыра алатын, соған сай қарекет етіп, сын сағатта дұрыс шешім қабылдай алатын адамдар. Бұлар – кең пейіл, кешірімді, жанашыр, мейірімді, адал, ақкөңіл, әділетті, турашыл адам. Өз нәпсісі мен сезімін тежей алатын, атақ, даңқ, шен-шекпенге буланбай өмірге ой көзімен қарай алатын адам. Адам баласын жатсынбайтын, уәдеге берік, ата-ананы, үлкендер мен білім иелерін құрметтейтін, ел қамын өз қамындай ойлайтын, ләззаттана да, кектене де, кешіре білетін де, ауырғанын, сөйлегенін, ашыққан мен тойынғанын, істегенін айқын айыра алатын адам.
Қоғам дамуы мен заман ауқымына сай идеясы мен көзқарасын жаңалап, адамдық қасиеті мен ұлы идеясынан таймайтын өмірді терең түсінетін, (ерте ме, кеш пе) қара жер қойнына кіретінін анық білетін, жан баласына жамандық жасамайтын, ән-жырдан ләззат алатын, киімді таза, ретті киетін ердің ері, егеудің сынығы екендігін жақсы білетін адам. Өзінің ертеңін, ұрпағының болашағын, ел жұрттың тағдырын ойлайтын, әсемдік пен сұлулыққа жаны құштар, ар-намысты бәрінен жоғары қоятын адамдар.
А. адамның азаматтығына сын деп есептелінді, яғни көшпелі ортадағы әрбір адамның азаматтығының этикалық өлшемі болды. А. категориясы адамдық борыш ұғымымен астасады, әрі оның кепілі іспеттес болды. Адамдық борыш дегеніміз өзіне ғана емес, өзгелерге көрсете алатын қызметі. Халқыңа қызмет етсең, сенің білімің, кісілігің мол дегенді білдіреді. Ал, адам өзінің жеке басынан аса алмай, күйбең тіршіліктен шыға алмаса, ол өз бойындағы қуатын халқына бере алмаса, ол адам күйзеліске ұшырайды. Халыққа қызмет ету азаматтың кемелденуіне, өрісінің кеңеюіне үлкен әсер етеді. Ал, Шәкәрім қажы адамдық борыш турасында: «Ақ жолдан айнымай, ар сақта, оны біл», – дейді. Сонда таза ісімен, адал еңбегімен және харекетімен көрінетін адамдар болады, олар өзінің ең басты өмір сүру кеңістігі өз халқына еңбек қылу деп есептейді. Шәкәрім сондай адамдар туралы айтып отыр. Алайда, көшпелі ортада А. өзінің функционалдық болмысы жағынан туыстық-рулық байланыстардың іргелі нормалары және принциптерімен біте қайнасып жатқандығын аңғаруға болады. Мысалы, көшпелі ортада қоғамдық қатынасты реттеудің ең ілкімді принциптерінің бірі ағайыншылықтың басты шарты А. болды. Яғни А.- ті ұстанған руластардың арасында ғана ағайыншылық жүрмек. «У ішсең руыңмен» деп келетін мәтел сөздің туыстық-рулық қатынастарды ұйымдастырушылық принципі ретіндегі әлеуметтік-институционалдық қауқары А.-тің сақталуына тығыз байланысты болды.
Әдеб.: Абай. Екі томдық шығармалар жинағы. Алматы: Жазушы, 1986. 1-2 том; Шаңбай Т. Адамгершілік // Шәкәрім. Энциклопедия. Семей: Тенгри, 2008; ҚР МОМ – материалдарынан; ОМЭЭ – материалдарынан.
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»