Адам ата туралы аңыз

20 Тамыз 2014, 13:23

Адам ата – Құран бойынша Алла тағала топырақтан жаратқан ең алғашқы адам, күллі адамзаттың арғы тегі, бірінші пайғамбар.

Адам ата – Құран бойынша Алла тағала топырақтан жаратқан ең алғашқы адам, күллі адамзаттың арғы тегі, бірінші пайғамбар. Құранда Алла тағала екі күнде байтақ жерді жаратқан делінген. Діни кітаптарда Құдай өзі жаратқан дүниенің шоқтығы етіп А.-ны өз бейнесі тәріздендіріп, топырақтан жаратыпты да, танауынан үрлеп жан кіргізіпті, жер-жиһанның, жан-жануарлардың иесі қылып, періштелеріне А.-ға жүгіну жайында әмір берді дейді. Бірақ, Ібіліс Алла тағаланың әміріне бағынбайды, оттан жаратылғандықтан, А.-дан өзін жоғары санап, оны дұрыс жолдан тайдыруды көздейді. Алла тағала А.-ға білім сіңіріп, таным аясын кеңейтті. А. жалғызсырамасын деп Алла кейін Хауа ананы жаратады. Екеуі жұмақта тұрған. Он сегіз мың ғаламның атын үйретті, өзі мен зайыбына жұмақтағы жемістерді қалағанынша үзіп жеуге рұқсат береді. Тек бір ағаштың жемісін үзуге тыйым салады. А. мен Хауа ананың жұмақтағы рахат өмірін көре алмай, Ібіліс оларды азғыра бастады, ақыры оның арамзалығын аңғармаған олар тыйым салынған жемістің дәмін татады. Алланың айтқанын орындамай күнәһәр болып, жұмақтан жерге қуылған А. мен оның ұрпақтары содан былай еңбекпен күнелтуге тиіс болады. Алла тағала оларға: «Пәни дүниеге жөнелтемін, өзара өш боласыңдар, жерді мекен тұтасыңдар», – деп Ібіліспен арадағы жаулықтың да сақталатынын айтып, оған еліктеуден сақ болуды, бақилық өмірде жұмаққа қайту мүмкіндігінің бар екенін ескертті. Киіз кітапта Ібілістің сөзіне ергені үшін әйел анаға берген Алла тағаланың жазасы босану кезіндегі толғақ екен дейді. А. сайтанның азғыруына ермес үшін Хауа ананы қамшымен ұрып жазалаған дейді қазақ аңызында. Бірақ, Ібілісті ұрып-соғып құртып жіберсе де, қайта айналып келе берген екен. Ең ақырында Ібілістің баласын қазанға салып қайнатып, А. мен Хауа ана бірге жепті-мыс. Сондықтан, Ібіліс адам бойында жүретін болыпты. Ендігі жерде адамдар «жақсылық» пен «жамандықтың», «имандылық» пен «нәпсіқұмарлықтың», «дұрыстық» пен «терістің» арасын өздері ажырата білуге, таңдауға мәжбүр болады. Кім де кім өз нәпсісін жеңе алса, оны меңгере алса, сол адам пәни жалғанда да, бақи дүниеде де Алла тағаланың жарылқауына және сый-құрметіне бөлене алады деген діни наным-сенім осылай қалыптасты. А. және оған байланысты композициялық сюжеттер қазақы ортада үлгілі социумдық қатынастың моделі ретінде дәріптелінді.

Әдеб.: Сарай Ә. Адам Ата // ҚҰЭ. 1-том. Алматы: Қазақ энциклопе- диясы, 1998; Көпеев М.Ж. Шығармалар жинағы. 4-том. Павлодар: ЭКО ҒӨФ, 2007; ҚР МОМ – материалдарынан; ОМЭЭ – материалдарынан.

 

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу: