Адам саудасына байланысты 37 қылмыс анықталды

3 Сәуір 2023, 12:06 807
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Заңның жеке жобасы әзірленуде, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
 
Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз брифингінде ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов мәлімдеді.
Оның айтуынша, адам саудасына қатысты қылмыстық кодекстің 8 бабы бойынша ең жоғары жауапкершілік бар. Кінәлінің мүлкі тәркіленіп, 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
 
«Өткен жылы адам саудасының 168 құрбанына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілді. Мұндай көмек қылмыстық іс қозғау фактісінің болуына қарамастан көрсетіледі. Бүгінде мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Заңның жеке жобасы әзірленуде», – деді ол.
 
Қазіргі уақытта заң жобасы Үкіметтің қарауында, Парламентке енгізу ағымдағы жылдың сәуір айында жоспарланып отыр. Ол өз кезегінде министрліктің бұл бағыт бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.
 
«Атап айтқанда, шаруа, фермер қожалықтары, мәжбүрлі еңбекті анықтау үшін құрылыс объектілері, қонақ үйлер, жыныстық пайдалану фактілерінің жолын кесу үшін монша кешендері тексеріледі. Сондай-ақ адам және кәмелетке толмағандар саудасын анықтау үшін интернет желісіне мониторинг жүргізіледі. «Stop Трафигі» кезекті жедел алдын алу шарасы өткізілді. Операция кезінде полицейлер адам саудасына байланысты 37 қылмысты анықтады. Оның ішінде пайдалану мақсатында заңсыз бас бостандығынан айыру бойынша 1 факті, адам саудасына қатысты 8 факті, оның ішінде кәмелетке толмағандар бойынша 4, жезөкшелікпен айналысуға тартудың 8 фактісі тіркелді. Сонымен қатар 1 кәмелетке толмағанды және 20 жәбірленушіні ұстау, жеңгетайлық фактілері бар», – деді Қанат Нұрмағамбетов.
 
Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: