Адам саудасы туралы заңға өзгеріс енгізіледі

27 Маусым, 13:48 651

Сенаттың жалпы отырысында адам саудасына қатысты ілеспе заңдар екінші оқылымда қаралды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адам саудасына, вандализм көрінісіне және бөтеннің мүлкін бүлдіруге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне адам саудасына, вандализм көрінісіне және бөтеннің мүлкін бүлдіруге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар екінші оқылымда мақұлданды. 

Сенатор Мұрат Қадырбек жоғарыда аталған заңдардың Мемлекет басшысының тапсырмасын және адам құқықтары саласындағы халықаралық-құқықтық стандарттардың талаптарын іске асыруға бағытталғанын атап өтті. 

Бірінші ілеспе заңымен Қылмыстық кодекске «адамды қанау» және басқа да ұғымдарды Біріккен Ұлттар ұйымының Палермо хаттамасына сәйкес келтіруге,  қылмыстардың жаңа санаты – адам саудасына байланысты қылмыстарды және олар бойынша тараптардың татуласуын болдырмауды, сондай-ақ көрінеу кәмелетке толмаған адам көрсететін жезөкшелік қызметті, сексуалдық сипаттағы өзге де қызметті алғаны үшін жауапкершілікті қарастыратын және басқа да нормалар енгізіледі. Сонымен қатар, жәбірленушілердің өтемақы алуға құқығы бар қылмыстар тізбесін кеңейтуге қатысты «Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы» заңға өзгерістер көзделеді,  - деді Мұрат Қадырбек.

Бұдан басқа сенатор ілеспе заңдар шеңберінде «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыруға және қоғамдық тәртіпті нығайтуға бағытталған вандализм, бұзақылық және бөтеннің мүлкін қасақана жойғаны үшін жазаны қатаңдату жөніндегі түзетулер енгізілетінін айтты. 

Айта кетейік, бұған дейін Сенатта адам саудасына қатысты заңның қаралғаны жайлы жазған едік.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: