«Адал сайлау үшін»: Сайлауға қатысты түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр

22 Қазан 2022, 15:33 2704

Қатысушылар сайлау заңнамасын уақытылы түсіндірудің маңыздылығына тоқталды

Алматы қаласындағы Тұран университетінде «ҚР сайлау процесінің заманауи шындықтары және ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру» тақырыбы аясында кездесу өтті, деп хабарлайды El.kz.

Кездесудің модераторы «Құқықтану және халықаралық құқық» кафедрасының меңгерушісі, доцент Жәмиля Оспанова болды.

Отырыста профессор, «Адал сайлау үшін» штабының мүшесі Ермек Абдрасулов сайлау процесі мен құқықтың өзекті мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталып, түсіндірме жұмысын жүргізді. Ал штаб мүшесі, Қазақстан заңгерлер одағы Астана филиалының төрағасы Серік Беркамалов заңда көзделген азаматтардың сайлау бостандығын қамтамасыз ету кепілдіктері жайлы айтып берді.

ҚР Президенттігіне кандидаттардың және олардың сенім білдірілген адамдарының үгіт-насихат жұмыстары аудиторияның қызығушылығын тудырды. Қатысушылар сайлау заңнамасын уақытылы түсіндірудің маңыздылығына тоқталып, университет қабырғасында өткізілген ауқымды іс-шараға қолдау білдіріп, алғыстарын жаудырды.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Қазақстан заңгерлер одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің базасында «Адал сайлау үшін» штабы құрылған болатын. Оның мақсаты – конституциялық реформа ережелерін жария өрісте заң қоғамдастығының құқықтық сүйемелдеу, сайлау заңнамасының негізгі ережелерін түсіндіру, сайлау процесіне қатысушыларға құқықтық көмек көрсету.

 

EL.KZ
Бөлісу: