Абзал Құспан: АЭС-ті бейтарап және дамыған елдер салса екен

1 Қыркүйек 2023, 15:36 1042

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі жалпыұлттық референдум арқылы шешілетінін айтты. Мәжіліс депутаты Абзал Құспан кулуарда осы мәселеге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жолдауда біраз маңызды мәселе көтерілді ғой. Соның ішінде атом электр станциясын салуға қатысты. Ұлттық құрылтай өткізілетін болды, сол кезде азаматтардың пікірі ескерілетін болды. Қазірдің өзінде жеке азаматтарды былай қойғанда, депутаттардың өздерінің пікірі екіге жарылады. Бірі қолдайды, бірі қарсы деген сияқты. Сондықтан да бұл өте маңызды. Бүкіл халық қатысып, өзінің пікірін айтып, елдің шешімімен қабылдануы керек, - деді Абзал Құспан.

Кулуарда БАҚ өкілдері депутаттан «АЭС құрылысы бойынша референдумда қай мемлекет салуы керек?» деген екінші сұрақ болуы керек пе екенін сұрады.

Иә, бұл өте маңызды. Шыны керек, біздің елімізге қатысты дамыған елдердің, соның ішінде кейін қауіпсіздік мағынасын да қандай да бір қауіп тудырмайтын ел салуы керек. Оны қазір болжап айту қиын. Бірақ өз басым екінші сұрақ болуы керек деп есептеймін, - деді мәжілісмен.

Осы тұста АЭС-ті қай ел салу керек деген заңды сұрақ туындайды.

Қазір болжап бір нәрсе айту қиындау. Мен тек өзімнің депутат ретінде бір ғана ұстанымым бар. Франция сияқты бейтарап және дамыған елдер салса екен деймін, - деп қысқа қайырды депутат.

Сондай-ақ мәжілісмен Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылуына қатысты пікір білдірді.

Бірқатары білетін шығар, адвокаттық қызметімде Ислам Әбішев деген 10 жыл Су ресурстары комитетін басқарған азаматты қорғаған болатынмын. Сол кезде су шаруашылығымен байланысты көптеген проблемамен бетпе-бет келдім. Ол кісінің айтқан бір сөзі есімде қалған. Ислам Әбішев Су ресурстары комитетін басқарып тұрған кезінде «Өзбекстанда заңсыз су қоймасы салынып жатыр, заңсыз болатын себебі көрші елдер су қоймасын салған кезде міндетті түрде шекаралас екінші мемлекеттің келісімін алуы керек» деп дабыл қағып, Үкіметке жазады. Сөйтіп айналып келгенде бұл мәселені шешу комитет төрағасы ретінде өзіне келгенін айтқан болатын. Өз алдына министрлік болып құрылуы керек дегенді мен ең алғаш рет су саласының маманы Ислам Әбішевтен осыдан 3-4 жыл бұрын естіген едім, - деді Абзал Құспан.

Миражан Махан
Бөлісу: