Абыз (1)

20 Тамыз 2014, 03:31

Абыз – ертеде дәстүрлі ортада елдің тәу ету жосын- жоралғыларына басшылық жасайтын, беделді тұлға.

Абыз – ертеде дәстүрлі ортада елдің тәу ету жосын- жоралғыларына басшылық жасайтын, әрі жаугершілік жағдайында санкция іспеттес «жол болсын» бата да беретін, жорамал, болжау да жасайтын және ежелден орныққан әлеуметтік тәртіптің ілкімді нормалары мен принциптерін жетік меңгерген беделді тұлға.

 

Абыздың ел басқару жүйесіндегі және тіршілік цикліне байланысты сан алуан салттар, ғұрыптар, наным-сенімдер, жосын-жоралғыларды атқару саласындағы айырықша рөлі оны қоғамның барлық саласындағы аса беделді әлеуметтік тұлға етті. Сондай-ақ, А. әскери жорықтарда ұрыс барысына әсер ету, оған құдіретті күш дарыту және қарсы жақтың күшін әлсіретуге бағытталған арнайы магиялық шараларды атқарды. Деректерге қарағанда, А. жеке-дара әлеуметтік-діни категория ретінде ерте орта ғасырда қалыптасқан сияқты. Алайда, қазақы ортада А.-дың функциясына ұқсас міндеттерді бақсы, жырау, жауырыншы, жадашы атқара беретін болған (толығырақ қ. Бақсы; Жауырыншы). Фольклоршы Е.Тұрсынов байырғы әскери болжаушы-абыз қызметін кейіннен жырау типі алмастырған дейді. Қазақтағы А.-дың қызметі аса күрделі синкретті сипатта болды. Бұл жайтты Абайдың төмендегі сипаттамасы да дәлелдейді: «Құтайба атты кісі Қашқарға шейін келіп, халықты исламға көндіргенде бұлар мұсылман болдық депті. Сөйтсе де, бұрыннан бақсы-балгерлерге иланып, отқа, шыраққа табынатын әдеттерімен исламды тез түсініп кете алмапты. Ол кезде шала-пұла хат таныған кісісі болса, оны «абыз» дейді екен. Ол А. демек, әуелде шаман дініндегілердің өз молдасына қоятын аты екен».

Ежелгі бақсы-жыраулардың бір тобы А. деп аталған дейді академик Ә.Х.Марғұлан (Нысан абыз, Құрманбай абыз, Сабырбай абыз, тағы басқалар). А.-дың ерекшелігі ескі заманның хаттарын, жазылған сөздерін тани білген, тасқа, ағашқа, теріге түсірген жазуларын оқи білген. Далада тасқа түсірген жазулар кездессе, ол жердің қазақтары оны пәлен А.-ға көрсет деп отыратын болған.

Қазақта «киіз кітап» дейтін ұғым толығымен А. аттары- мен байланысты (толығырақ қ. Киіз кітап). «А.-дар бір жерде отырмайды, ылғи тау-тасты аралап, тасқа жазу түсіріп, ескі жазуларды оқып жүреді, жирен атқа мініп ел қыдырып, қобыз тартып, сарын айтып, сәуегейлік құрып жүретін болған. Қазақ А.-дарының бір ерекшелігі олар сахарада әр заманда үстем болған салт-сананы біріктіріп (тәңірі, будда діні, мани), олардың аралас (синкретті) түрін қолданған», – деп жазды Ә.Марғұлан. Бұрын-соңғы А.-дардың негізгі қызметі – ханның, қолбасшының төңірегінде болып сәуегейлік, болжаушылық жасау. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жинаған дерегінде әйгілі Наурызбай төреге Иман абыз айтты дейтін төмендегідей жыр жолдары қалған:

Арқаны жүзі сары орыс алар,

Қудалап қара топырақ қоныс алар.

Сары қазы, сары қымыз, нан орнына,

Картоп жеп қатын бала бір қуанар.

 

Бұзау-торпақ, тайыншаға,

Жүк артылар деп еді.

Қарап тұрған жігітке,

Қыз артылар деп еді.

Көкек айы болғанда,

Кемпір күйлер деп еді.

Егіншінің қатыны,

Байын билер деп еді.

«Тоған басы мұрап» – деп,

Арық шығар деп еді.

Сол арықтың ішінен,

Ыңғайы жоқ жаманның,

Пышағы мен шақпағы,

Қалып шығар деп еді.

Бес қойға алған өгізді,

Тегін дерсің деп еді.

Жалаңаяқ сарттарды,

«Бегім!» дерсің деп еді.

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу: